ҚОНАҚТЫҚ (Этнографиялық әңгіме)
Самат ИБРАИМ
Жазда әр құдық шағылды жағалай қонған құмдағы үйлер бір-бірін қонаққа шақырады. Бұл нағыз мереке десе болады. Мал сойылып, бауырсақ пісіріліп, құрт-ірімшік, шұбат, қымыз дайындалады. Мұндайда Абат ағам екеуміз әкеміз көрсеткен қойды соямыз, етін мүше-мүше етіп бөлеміз. Әр сүйекке қандай ет қалуы керектігіне қатты мән беріледі. Асығыс, жолаушы қонақтарға бағлан, марқа сойылады, бұл союға жеңіл әрі тез піседі. Ал қонаққа шақырудың жөні басқа, ондайда ісек немесе ту қой таңдалады. Бұл жолы қонақтарға арнап еділбай тұқымдас семіз ісекті сойдық. Анамыз қойдың ішек-қарнын аршып, қасымызда болады. Келетін қонақтардың әрқайсысына ұстаған сүйектерді іріктеп, бір табаққа салады. Асатын еттен қалғанын жеңілдеп тұздап, Сапура апама оны киіз үй жанындағы күркеге апаруды тапсырады. Мұнда оң жақ бұрышта айран, сүт сақталатын шұңқыр бар, соның түбіне жарты шелек су құйып ыза жасап, үстіне табақты қойып, бетін сулы шүберекпен жауып тастайды. Сонда ыссылық бармайды. Кешкісін самал жел соғып, құм ыстығы суыған кезде етті керме жіпке жаяды. Таңертеңгі салқында оны қайта табаққа салып, күркедегі орнына қояды. Сөйтіп, арада екі-үш күн өткенде ет әбден сорығып, кеуіп, қақталып, тұз сіңіп, қайда сақтауға да қолайлы болады.
Анам қойдың ашішегінен бізге домбыраға шек иіріп береді. Ол үшін алдымен ашішекті айналдырып бір мезгіл тұзды суға салып қояды, сосын тұз сіңген соң жерге қадалған жыңғыл таяқтарына кереді де, бос қабығын қамыспен қырып тазартады, сонда тек жұқа қабық сияқты тіні, яғни ішкі қыртысы ғана қалады, соны қатпай тұрып сынық сүйем қамысты ұшына байлап алып айналдыра иіре бұрау арқылы ширатады. Сосын күн түспейтін тұсқа кептіреді, сөйтіп, домбыра шегі де дайын болады. Домбыраға қойдың шегін таққанда қоңыр үнді келеді.
Сонымен жаңа ғана сойылған қойдың еті қазанға салынып, ақ самаурын дызылдап қайнай бастаған кезде, түске қарай күткен қонақтардың да төбелері көріне бастады. Қыстаудағы көршілеріміз Дәдеш атам, Танаш аға мен Қайша жеңгей, Қисмет күйші, Елемес нағашым мен зайыбы Меңеш апа, шопан Қосжан жезде мен Ағайша апай, бізге ағайын Стамғазы атамның балалары Қайырболат пен Темірболат ағалар келді.
Қонақтар ат-көліктерінен түсіп, үйге кіргесін төрге жастарына байланысты жайғасты. Әкем олардың әрқайсысымен жеке-жеке амандық-саулық сұрасты.
– Мал-жандарыңыз аман ба?
– Аман, өздерің амансыңдар ма?
– Аманбыз, жаз жайлауға шыққаннан бері көп араласа алмай қалдық, өздеріңізбен әңгімелесіп, жүздесейік деп қонақтыққа шақырып отырғанымыз ғой.
– Жөн, жөн, тіршілікте аралас-құралас болғанға не жетсін.
– Биыл жаңбыр жиі болып, жердің оты жақсы болып тұр.
– Амандық болса шабындық жаман емес, пішеніміз мол болатын түрі бар.
– Мал-жан дегеннен шығады, кеше Бегайдар ауылы жағынан келген бір кісі түйесін іздеп жүр, – деп Танаш аға әңгімеге араласты.
– Түр-түсі қандай?
– Алдыңғы өркеші сынық, артқы өркеші жардай, қамшылар жағында «Б» деген таңба басылған, тұмсығының үсті ақшыл, шудасы қарақоңыр екен.
– Мен кеше Қызыл үйге барғанмын, жолда баяғыда ат суарамын дегенде жездеміздің бөркі түсіп кеткен Мәжит құдықтың бер жағынан тура сондай түйені көрдім, – деп Елемес қасындағы Дәдеш атама бұрылды.
– Әй, сен қайдағы бөрікті айтып отырсың? – деп өзін жезде деп ойнайтын Елемеске Дәдеш қарт шүйліге кетті.
– Немене, ұмытып қалдыңыз ба, жезде, бұрнағы жылы Мәжит құдықтан ат суарамын деп бөркіңізді шыңырауға түсіріп алып, сақалды басыңызбен жалаңбас үйіңізге қайттыңыз емес пе. Жолда кездесіп қалып өзіңізден «бөркіңіз қайда?» деп сұрап едім, «бөркімді іздесең, Мәжит құдыққа бар» деген өзіңіз емес пе? Танаш барып үкіден балық аулағандай қауғамен әрең алыпты ғой, – деп Елемес кеңк-кеңк күлді.
– Тәйт, қайдағыны айтады екенсің, саған ем болмас, қайдағы жоқты еске түсіріп, – деп қарт қолын бір сілтеді. Бәрі күліп жатыр, қарттың өзі де күлді.
Шай дайын болды. Анам самаурынды әкелді, қасындағы шоқаяқта хош иісті үнді шайы демделген құман қайнап тұр. Дастарханға бауырсақ, құрт-ірімшік, қуырдақ қойылған. Шағылған шақпақ қант кәмпитпен араласып тарыдай шашылып жатыр. Кесе-кесе қаймақ, сары май, табадан жаңа ғана шыққан ыстық таба нан дастарқан сәнін келтіргендей. Шай ішу кезінде әңгіме қызады. Әрі құм адамдары бір емес, бірнеше самаурын күрең шай ішеді. Қонақтардың көңілі жадырап, жеңіл әзіл, қағытпа сөз, өткен-кеткен тарих, құм өңірінде болған атақты адамдар туралы аңыз, бәрі-бәрі айтыла бастайды.
Әңгіме ауаны тағы өзгереді.
– Қосжан жезде, совхоздың қойын баққаныңа қанша жыл болды? – деп Темірболат қозғалақтап алға қарай сәл емініп отырды.
– Биыл жиырма бес жыл.
– Апырай, аз уақыт емес қой. Әйтеуір үкімет пен партия еңбегіңді елеп жатыр ғой, Еңбек Қызыл Ту орденің бар.
Отырғандардың көзі Қосжанның сұр костюмінің өңіріндегі жарқыраған орденге қадалды.
– Бешпетіңді шешіп қойсайшы, борша-борша болып терлеп отырсың ғой.
– Енді бір секірсе, Еңбек Ері болайын деп тұр ғой.
– Несі бар, болады, Батыр атанғандар Қосжаннан артық дейсің бе?
– Биыл жүз саулықтан қанша қозы алдың?
– Жүзінен жүз жиырма бес.
– Жарайсың, оплатаға үкімет қанша қозы берді?
– Жиырма-отыз шақты.
– Жиырма ма, отыз ба, соның бірін сойып мына отырған біздерді қонаққа шақырмайсың ба?
Балдыздары жезделерін тақымдай бастады. Қосжан терлеп кетті.
– Шақырамын ғой.
– Биыл ит-құс бар дейді ғой, сен қонақтықта жүрсің, отарың аман болса болды, әйтеуір.
Қосжан ит-құс дегенде орнынан қозғалақтап кетті, сағатына қайта-қайта қарады. Отарды көмекшіге тапсырып кетіп еді, өзі жоқта қойға қасқыр шауып жүрмесін деп уайымдай бастағандай.
– Жә, жетер енді, күйеу балаға сонша тиіскендерің не, аман болса шақырады ғой, жайланып отырып, тамағын ішсін де, – деп Танаш аға інілерін сабырға шақырды.
Ет пен шайдың арасындағы үзілісте әңгіме бабына келіп қыза түсті.
Әңгімешілер Нарында өткен ақындар мен күйшілерге бір соқпай кетпейді. Төрде Дәдеш атамның оң жағында отырған қайратты қара шашын шалқасынан қайырған, қыр мұрынды, дембелше келген қараторы кісі Қисмет Меңдіғалиев деген дәулескер күйші, құмдағы көршіміздің бірі. Біздің Жамбыл атындағы сегізжылдық мектепте ұстаздық етеді. Әкесі Меңдіғали Сүлейменов атақты домбырашы, Құрманғазының шәкіртінің бірі. Әкелі-балалы екеуі сонау отызыншы жылдардың ішінде Құрманғазы атындағы оркестрдің іргесін қалаушылары қатарында болғанын жұрт аңыз етіп айтады. Қонақтар Меңдіғали ағаны сөзге тартып, әңгіме арнасын күй өнеріне бұрды.
– 1937 жылы мен жиырма жастамын, әкем екеумізді Смағұл Көшекбаев Алматыдан Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен іздеп келіп, астанаға алып кеткен еді. Сонымен жаңадан құрылған оркестрде жұмыс істедік. Қазақ елінің әр шалғайынан келген ылғи мықтылар екен. Бір-бірімізбен аз ғана уақыт ішінде туғандай болып кеттік. Содан Ұлы Отан соғысы басталып, мен майданға кеттім, әкем де ол жақтың ылғалды ауа райы жақпай әрі мен әскерге кеткесін елге оралды. Соғыстан аман-есен келгесін отбасы жағдайына байланысты Алматыға қайта бара алмадым, – деп Қисмет аға әңгімесін бір қайырды.
– Алматыға кетіп қалмағаныңыз қандай жақсы болды, әйтпесе күйіңізді тек патефондағы күйтабақтан ғана тыңдап отырар едік қой, – деп өзінің замандасы Елемес Қисекеңе әзілдеді. – Енді өзіңіз күй тартып жібермейсіз бе?
– Тартсам, тартайын, Құрекеңнен бастайын, – деді күйші.
– «Серперден» бастаңызшы.
– Бұл өте күрделі күй, Құрекеңнің өзі «Серперді» тартқанда өзіне-өзі риза бола қоймайтын деп әкем жарықтық айтып отырушы еді. Тартып көрейін.
Ол кезде құмдағы күйшілер домбырасын арқалап жүрмейді, әр үйде домбыра бар, сонымен кез келген күйді тарта береді. Кереге басында ілулі тұрған Мұрат ағам әкелген қоңыр домбыраны алып бердім. Күйші құлақ күйін келтірді. «Серпер» күйі басталып кетті. Ғаламат, жігерлі, жүрдек, кей жерінде байсалды, ойлы күй сазы киіз үйдің ішінде арнасынан аса ағылып жатыр. Күйші одан кейін Дәулеткерей, Салауаткерей, Жаңбырбай күйлерін төгілтті. Отырған қонақтар біресе мұңға берілді, біресе серпілді, біресе жадырады.
– Меңдіғали қартты көре қалдық қой, талай дәмдес те болдық, күйін де тыңдадық.
– Жарықтық күй тартқанда малдасын құрған күйі ілгері қозғала-қозғала төрден есікке дейін барып қалатын еді.
Қисмет күйші әкесінің Құрманғазыдан қандай күйлерді қандай жағдайда үйренгенін қызықты етіп әңгімелеп, отырғандарды ұйытты. Қолындағы домбыраны жас жігітке ұсынып:.
– Қайырболат, қарағым, енді сен тартшы, – деді.
– Аға, сіз тұрғанда домбыра ұстағаным қалай болар екен, – деп ол бірден тартына бастады. Бұл бұлдану не өзінің бағасын көтеру емес еді. Құм өңірінде небір мықты домбырашылар отырғанда жасы үлкені ғана күй тартады, қалғандары домбыраны қолға ұстамайды. Күй тартқан кісі өзінен жасы кішілерге «енді сен шертіп жібер» дегенде ғана қасиетті аспапқа қол созатынын көргенбіз.
– Ұстаз ағаңның өзі рұқсат беріп отыр ғой, тарта бер, қысылма, – деді жағалай отырғандар бір ауыздан.
Қайырболат шалқадан қайырған қара шашын салалы жіңішке саусақтарымен артқа қарай сілки тарап тастап, жеңін түргендей екі білегін сәл жоғары көтеріп қойып, домбыраны қолға алды. Динаның «Әсем қоңырын», Ерғалидың «Ел сағынғанын» ғана тартты.
– Алла разы болсын, Қайырболат.
– Өнерің үстем болсын.
– Қисекеңнің осындай шәкірттері Алматыға барып Айбастағы Есқалидың Әзидолласына серік болатын жігіттер ғой, – деген қошеметтер айтылып жатты.
Әңгіме арнасы енді жырауларға ауысты.
– Өткенде Дәрісқали молда Әбубәкір Кердерінің жырын айтты. Бала кезінде медреседе оқып жүргенде үйренген екен, ұзақ жырлады.
– Дәрсекең Шынияз ақынның правитель Мақашқа айтқан жырын бастан-аяқ біледі.
– Құдамыз Ғабдолла қарттың қызы Сәбила Нұрымның жырын мақаммен жырлайды ғой.
– Елде бұрын өткен ақын-жыраулар көп қой, шіркін, ондай жырларды жазып алу керек, біздің Бесқасқада Алмажан деген атақты ақын қыз болған, әкесін Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысты деп жазалаған хан мен билердің әділетсіздігін айтып, «Он екі биге айтқан» жырын бала кезімізде жаттағанбыз, – деп Елемес бір көтеріліп қойды.
Мектептегі оқулықтарында есімдері де, өлеңдері де жоқ, біз үшін бейтаныс бұл ақын-жырауларды бірінші рет естіп отырмыз. Олар неге оқулықта жоқ екен деген сұрақ көкейде тұрды. Үлкендердің әңгімесіне балалар араласпайды, оның мәнісін кейін сұрармын деп ойладым.
– Өткен жазда Астрахань жақта тұратын, кешегі отызыншы жылдардағы ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде сол жаққа көшіп кеткен немере ағайын Сапаралы қарт келіп кетті. Мына Елемес жырын тыңдады. Үлкен балам Мұрат бірталай жырын жазып алды ғой, – деді әкем.
Сонау жиырмасыншы жылдардың ішінде атақты әнші, сері болған, кейін банды атанған Аманғалиға болыстың деп әкемнің ағасы Құбашты Оралдың түрмесіне бір жыл қамап, босатады. Түрмеде жатып інісі Әйіпке жазған жыр хатын Сапаралы ата жатқа айтқанда Мұрат ағам жазып алғаны есімде. «Әйіпжан, торы атымды жемдедің бе, Мен жатырмын Текенің түрмесінде…» деп басталатыны есімде қалыпты, Оралды бұрын Теке деп атаған екен.
– Мына Қайша жеңгей жаңағы күйі тартылған Жаңбырбайдың туысы Насихат Сүгірұлының жақын қарындасы, өзі ақын ағасының жырын түгел жатқа біледі, – деп Темірболат тың тақырыпты қозғай қойды.
– Ендеше, Қайша, ағаңның жырынан толғап жібер.
– Ойбұй, төрде атам, қайнағаларым отырғанда жыр айтқаным дұрыс болмас енді, – деп жеңгеміз қысылғандай болды. Жеңгемді тұйықтан мен алып шықтым.
– Насихат жырын Талғат ағам айтсын, түгел біледі, мен де жаттағанмын, Қайша жеңгемнің айтқанынан үйренгенбіз, – дедім. Танаш аға мен Қайша жеңгейдің баласы Талғат: «кәне, нағашыдан бір жырлап жіберейік», – деп жырды заулата жөнелді.
«Еділ-Жайық екі су,
Айналасы қамыс көл,
Аштархан мен Оралдың
Екі арасы теміржол.
Төменгі жағы Гурьев
Байқағанға алыс жол,
Кіндік кесіп кір жуған
Мыңтөбе еді-ау туған жер…».
– Ой, дүние-ай, –
деген қарттың дауысы естілді.
«…Бір кісіге екі кісі
Қызыл жаға конвоймен
Сары есікті сарт ұрып
Өттік талай тергеуден,
Қисайған бақ оңар ма,
Әлі келеді көлбеумен…».
– Қайтсін-ай, айдауға кетіп бара жатқанда шығарғаны ғой.
Жыр толғауды тыңдап отырғандар бір сәт мұңайып қалғандай болды. Ол кезде халық жауы деп Насихаттың өлеңдерін оқуға тыйым салынған кез. Бірақ жұрт ақынды, жырларын да естен шығарған емес, оған бала болсақ та көз жеткізгенбіз. Үлкендер жағы Насихатты көргендерін, талай дәмдес болғанын, жігіттің сұңқары екенін әңгімеледі. Бізге сол кезде Насихат ақын елден ерекше жаратылған адам болып көз алдымызға елестеді. Талғатқа риза болып алғыстарын жаудырды.
Буы бұрқырап піскен ет салынған табақ та дастарқанға әкеліп қойылды.
Дәдеш атам дастарқанға бата етіп, алдына тартылған қойдың басын ұстады, оның құлағын кесіп балалардың кішісі, інім Байтаңат екеумізге берді. Өзі ауыз тиді. Сосын қасындағы Елемеске қарап:
– Мә, қу жақ, енді басты сен үлестір, – деді.
– Кейбіреулердің әкесі сексеннен асып, тоқсанға келгенше тірі жүреді, ал мен әкемнен жастай жетім қалдым ғой, бас ұстауға әбден қақым бар, –деген ол өткір бәкімен бастың құйқасын бөле бастады. Отырғандар мырс-мырс күлді, тоқсанға жақындаған Дәдеш атам мен елуге келіп қалған ұлы Танашты меңзеп отыр. Әкесі бар адамға бас ұстауға болмайды, оны ауылдың бес жасар баласына дейін біледі.
– Әкеңді ерте жалмаған өзіңнен көрмесең, енді, – деп әзілге риза болған Танаш аға басын шайқап, мәз болып шалқалай күледі.
– Күл, күл, сенің әзір бас ұстай қоятын түрің жоқ, – деп Елекең де есе жібермейді.
– Бұл қу жақты жеңе алмайсыңдар, кәне, ет алайық, – деген қарт табақтағы етке қол созды.
Ет асқанда табаққа «ұстаған-сүйек» ретімен салынады. Мәселен, сыйлы қонаққа тартылатын жамбастың, тоқпан жіліктің, ортан жіліктің, асық жіліктің еті мол болуы керек. Ақсақалға бас тартылады, ол бәкісін алып, құлақты балаларға береді. Дастарханда отырған өзгелерге көлеңкесі түсіп жүретін адамға кейінгілерге бас-көз бол деп көзді, әнші бол деп қызға таңдайды ұсынып, бастың құйқасын кесіп алып, өз қолымен дастарханда отырғандарға үлестіріп шығады. Қалғанын өзі мүжіп, не өзгеге ұсынып, ақсақалдық әңгімесін, басынан кешкен тәлім боларлық оқиғаларды қызықты етіп айтады. Ақсақалдан жасы кіші кейінгі отырғандардың жақын-туыстығына, құда-жекжаттығына байланысты ер адамдарға жамбас, кәрі жілік, тоқпан жілік, ортан жілік, асық жіліктер беріледі. Жастар үлесіне қабырға, омыртқа, мойын омыртқа, жауырын тиесілі болады. Әжелерге бастың жағы, әйелдерге, оның ішінде жеңгелерге, құдашаларға, келіндерге құйымшақ, шошақ омыртқа, бел омыртқа, ұлтабар ұсынылады. Күйеуге қойдың ең майлы жері төс беріледі. Балалар құлақ, сирақ, мойын омыртқа, жүрек, бөтеке алады. Бастың миы алынып, оны кеседегі сорпаға араластырып, тұздықпен бірге еттің үстіне салады. Ет туралып болғасын бас ұстаған қарт сол үй иесінің ағасы, туысы болса, ол алдымен «бісмилла» деп табақтан ауыз тиеді немесе үй иесінің өзі «ет алыңыздар» деп өзі бас болып табаққа қолын созады. Ал мұндай рәсімді сақтамай, бірден табаққа қол созған адам көргенсіз деп сөгіледі. Ет желініп болып сорпа келгенше сүйекті мүжу жалғаса береді. Сүйекті жақсы мүжісең, сұлу қызға үйленесің деген ырым бар, бойдақ жігіттерді жеңгелері «қайным, сүйекті дұрыстап мүжі» деп қағытады. Жауырынның шеміршегін жеуге, кеміруге болмайды, «нағашың өледі» деген тыйым бар.
Ет желініп бола бергенде төрдегі Дәдеш қарт қолына етті уыстап алып жас жігіттерге, балаларға асата бастады. Ет желінгенде ұялып, не қолы жетіңкіремей қалған жастар жағы ондай асатуды күтіп отырады. Асатушы да оны сезіп, желінбей қалған құйрық майды алақанына қаракесекпен араластыра әлгі жастың аузына тоса қояды. Асатылған етті шайнамай жұту керек. Темірболат ағамыз қасындағы Қосжан жездесіне қарап, «ал саған мен асата қояйын, күйеу болғасын ұялып ет жей алмаған шығарсың» деп жаны ашығансып қолымен дастарқандағы тобықты білдірмей іліп алып, ет-майды қарпып алып, қоярда-қоймай жездесінің аузына тоса қойды. Уыстағы еттің ішінде тобық барын сезіп қалған Қосекең де қу емес пе, асықпай асап, тобықты тілімен ұстап қалып, өтірік қақалып, шашалып, басқалардың зәресін алып, әбігерге түсірді. Қарттар жағы мұндайда ет асатқан ағамызға ұрсып, өлтіресің бе деп күйеудің қақалғанының өтірік-шынына көзі жетпей, ренжіген сыңай білдірді. Қосжан жездеге әйелі, яғни бізбен рулас апай күйеуі қақала бастағанда орнынан атып тұрып қасына жетіп барды, «байқамайсың ба, ет асап нең бар еді» деп шыр-пыры шықты. Өйткені, үйіне барғасын күйеуі «мен қақалып жатқанда төркініңнің төрінде міз бақпай отыра бердің ғой» деп күстәналайды.
Қойдың жілігін ұрып сындыратын жігіттер болады, бұл да дастархан басындағы күш сынасу, басқосуда көрсетілетін шағын қойылым, өнер десе болады. Қалаубай жездемнің сиырдың тоқпан жілігін қолына сулық орап алып ұрып сындырғанын көргенмін. Бұл өнер жігіттің күшін ғана емес, шеберлігін, шыдамын сынайды. Біреулер сындыра алмағасын намысқа тырысып қолын ауыртып алады. Бұл жолы Темірболат қойдың ортан жілігін бір ұрғанда сындыра алмай қалғанда тізерлес отырып, оның әр қимылын аңдып отырған жездесі Қосжан «қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлап нең бар» деп айтқаны сол еді, екінші ұрғанда жілік қақ бөлінді. Ал оған нағашы болып келетін Елемес «бізге тартса жілікті бір ұрғаннан быт-шытын шығарар еді» деп өзінің арғы атасы Кешубай батырды ауызға алды. «Кешубайға тартсаң, жалаңаш жауға тиерсің» деген сөз бар ғой, оны бәрің білесіңдер» деп Елекең қысық көзін шегірейтіп, арық көкірегі бір көтеріліп, бір басылып, тарамыс қолдарын сермелеп, кәдімгідей арқаланып кетті. Елемес өзі арық адам, бірақ қу тілді, сөзге шешен, тапқыр, табан астында тауып айтады. Әлгі жілікті сындырған Темірболат:
– Кешубайдың тұқымы мына Елемес болса, тұқымы да нашарлаған екен, – деді.
– Заманға қарай аздап азған шығармыз, бірақ ет кеткенімен, тіл мен жақ қалды, мықтылармен арпалысатын жүрек қалды, – деп жұртты тағы күлдіріп, өзі де кеңк-кеңк күлген Елекең жанындағы көпшікке жантая кетті.
Ал кейбір жігіттер бір ұрғанда жілікті қақ бөледі, ондайда оның ағаларының мерейі үстем болып, көкіректері көріктей болып көтеріліп, «баяғыда біздің пәленше деген атамыз құдыққа құлаған өгізді жалғыз өзі тартып шығарыпты, сонда қыл арқан шыдай алмай бырт-бырт үзілетін көрінеді, бұл сол сойдың тұқымы ғой» деп мақтанады.
Балалар қойдың асық жілігінен асық алуды күтіп отырады. Әсіресе ісектердің асығы ірі болады, оны қолға түсірген баладан олжалы ешкім жоқ. Әжелер асық жілікті бесіктегі немереме шүмек жасауға керек деп қағазға орап қалтасына салып алады. Ақсақал бата қылып, ас қайырады, денсаулық, амандық болсын, ақ мол болсын, дастарқан берекесі арта берсін тәрізді тілектер төгіледі. Соңынан бәрі «әумин» деп беттерін сипайды. Дастарқан жиылады, «сулық» деп аталатын ұзын сүлгілер қонақтардың алдына жайылады, ал қонақтардың қолына құман-шылапшынмен су құю менің міндетім. Ұзын шүмекті құман да ауыр, ішіндегі суды бәріне жеткізу керек, әрі қолдың майын алатындай ысқылтым болуы тиіс. Қолға су құюды қарттан бастау керек, сосын жасына қарай жылжисың, қателесуге болмайды, үлкенді аттап кетіп, жасының қолына су құйсаң біліксіздігің үшін ата-анаңа сөз келеді. Қолына бірінші болып су құйылған ақсақал «Алла разы болсын!» десе, қонақтың бірі «жасың ұзақ болсын», екіншісі «бақытты бол, көп жаса», үшіншісі «бай-бақуатты бол» деп батамен жарылқап тастайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз құлағымызға құйылып қалғандықтан ба, батаның орындалатынына имандай сенеміз, іштерінде ақынжанды қонақ болса, «Жамбылдың жасын, Сәкеннің сәнін, Күләштің әнін берсін» деп тақпақтатады. Қолға су құю рәсімі біткесін де ешкім орнынан тұра қоймайды. Тамақтарын басып, қысқа қайыратын әңгімені айтып, біраз отырады.
Бұл кезде анамыз да қонақтарға шұбараяқпен ақ көбігі бұрқыраған шұбат ұсынады. Алты-жеті жасар баланың бойындай ағаш күбіден құйылған шұбатты төрдегі қонақтардың қолына төкпей-шашпай жеткізу де менің міндетім. «Жаманнан жарты аяқ ас қалады» деген сөз бар, тауысып ішпегендерге әзіл-қалжың айтылып, сын садағына ілінеді. Ескерту алған байғұс қонақ жаман болғысы келмей, неде болса шұбараяқтағы шұбатты сарқып ішуге бел буады. Ондайда жұрттың көзі әлгі адамда болады, тауысып ішкеніне көзі жеткендер енді мақтай бастайды. «Бәсе, бұл жігіттің арғы атасы кезінде бір қойды бір өзі жеген ғой» деп қонақтың бірі ортаға сөз тастайды. Ол қу тілді пәле болса, «Ондай қойды сойып, ал жиен, осыны тауыс деп Елемес сияқты нағашы айта алар ма екен?» деп шіренеді.
– Сендер Баймен атаны айтып отырсыңдар ғой, баяғыда сол атамыз Аштарханнан інісі екеуі келе жатады. Нарын құмының жиегіне ілініп, бір ақбоз үйге сусын ішуге бұрылады. Үйдің көлеңкесінде семіздіктен жүре алмайтын, құйрығын жылжымалы қол арбаға салып қойған нән ісекті көреді. Атамыздың аузының суы құрып: «шіркін, осыны сойса ғой, түк қалдырмай жер едік», – дейді. Мұны естіп қалған үй иесі бай: «Шартым бар, егер осы қойды жеп тауыса алмасаңдар шыңырау құдық қазып бересіңдер», – дейді. Ағайынды екеуі бір-біріне қарайды, інісі жүрексінеді, «аға, одан да сусынымызды ішіп жайымызға жүре берейік», – дейді. Ағасы көнбейді: «сен көмектес, екеулеп тауысармыз, мынадай ісекті көзіміз қиып қалай тастап кетеміз», – деп алған бетінен қайтпайды. Ағайынды екеуі ісектің етін жеп тауысып жөндеріне кетеді. Амалы құрыған бай ұтылғанына ызаланып қала беріпті, – деп Дәдеш ақсақал әңгімесін бір қайырды.
– Шіркін, Баймен атамыз қойды айтасыз, тайдың етін жеп тауысқан ғой, әлгіндей бәс тіккенде екі жігіт тайдың етін турап отырыпты, сонда турағанды асап үлгеріп отырған атамыз қасындағыларға: «апыр-ай, мына жігіттер де ет турағыш екен» деп таңғалыпты деседі, – деп Темірболат сөзге араласады. Бәрі мәз болып күледі.
– Қазір баяғыдай емес, тұқым азып барады ғой, сол Байменнің тұқымы бір аяқ шұбатты әрең тауысты ғой, – деп Елемес қағытып, қарымта қайтарады.
Тағы да бата беріліп, ас қайырылады. Келген қонақтар атынан: «кел демек бар, кет демек жоқ деген, енді рұқсат болса, біз үйімізге қайтайық», – деп ақсақал бұл басқосудың нүктесін қояды. Үй иесі «қош келдіңіздер» деп қонақжайлылық кейіп танытады. Есік алдындағы тулақта қаз-қатар жиналған аяқ киім салу біз секілді балалардың міндеті. Үйден бірінші болып ақсақал, одан кейін үй иесі және басқа қонақтар шығады. Үйдің алдында тағы да әңгіме-дүкен құрып, тер басып, ат қазыққа қарай жүреді. Қонақтыққа жас баламен келе алмаған келінге «тамағы ісер» деп анам дайындаған сыбағасын, яғни піскен етті дорбаға салып енесінен беріп жібереді. Балаларға дәм болсын деп басқа апайларға қонақтықтың сарқытын ұсынады.
Біз, балалар сол кезде қонақтардың аттарын ерттеп, шылбырын ұстап тұрамыз. Көліктеріне мінгізіп, қоштасамыз. Аттылы, түйелі қонақтар құмның әр қиырындағы үйлерін бетке алып, адырлы құм ішіне сіңіп кете барады.