Сапалы білім берудің ғылыми негізі жасалды
20 маусым күні Алматы қаласында «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің баспасөз орталығында Қазақстан педагогика ғылымы Академиясының баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз мәслихатына жиналған қауым «Қазақстанда орта білім берудің жағдайы және оның сапасын көтеру жолдары» атты өзекті мәселені ортаға салды. Аталған жиынға Қазақстан Еңбек Ері, Қазақ КСР халыққа білім беру үздігі Аягүл МИРАЗОВА, педагогика ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Шәркүл ТАУБАЕВА, EDTECH-KZ Халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, филология ғылымының кандидаты, профессор, «Қайнар» университетінің проректоры Фаузия СӘМЕТОВА қатысып, журналистерге орта білім беруге байланысты сауалдарға жауап берді. Ғалым-компаративист Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ Отандық білім беру жүйесінің дамуы мен әлемнің жетекші елдерінің білім жүйелерін зерттеу нәтижесінде Қазақстан Республикасында Орта білім беру сапасын көтерудің ғылыми негізін дайындады. Соның негізінде, Орта білім беру сапасын көтерудің Кешендік бағдарламасын жасау қажеттігін ұсынды. Бұл бағдарлама 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын Орта білім беру саласына қатысты толықтыратын болады.
М.ҚУАТҚЫЗЫ.