«ПАРАСАТ МАЙДАНЫ»
Қазақстан телеарналарында көретін түк қалмады, арзан күлкі, мәнсіз мағынасыз шоу-дырдуға толып кетті деп ренжіп жүргендер көп. Еріксіз неге бұлай болды екен деген ойға қаласыз. Салиқалы пайым мен салмақты пікірді қорытуға қоғам дайын емес пе? Бәлкім, көрерменнің сансыраған санасын түрткілеп оятып, парасат бигіне жетелейтіндей өнім ұсына алатын кәсіби шебер телемамандар жетіспейтін шығар? Әлде біздің қоғамға ақылды көрерменнің қажеті жоқ па? Бұл туралы нақты байлам жасау қиын. Бір білетінім, әркім өзіне керегін іздейді. «Қазақстан» телеарнасында көзіқарақты, қазақтың тарихы мен мәдениетінен, ұлттық дүниетанымынан хабары бар көрермен тұшынып қарайтын үш -төрт хабар бар, солардың бірі турасында аз-кем тоқталып өтейін.
«Парасат майданы». Естеріңізде болса, жазушы Төлен Әбдіктің осы аттас кітабы бар. Ал мынау – телехабардың атауы. Иә, қателескен жоқсыз, дәл сол Төлен ағамыздың ұлы Дархан Әбдік осы хабарды жүргізеді. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деп Дарханның өзі шын пейілімен айтуын айтқанымен, телетуындының бұлай аталуының «жаман балаға» еш қатысы жоқ. Әр әке Дархандай-ақ «жаман бала» тәрбиелей алса, қоғам демей-ақ қояйыншы, телевизия саласы парасаттың хош иісі аңқыған телеөнімдермен толысар еді деп ойлаймын. Осы күндері бұл сала шашасына шаң жұқтырмайтын сужүйрік мамандар мен отарланған сананың бодандық ноқтасын сыпыратындай батыл ойлы хабарға шөліркеп тұрғаны баршаға аян.
Жә, енді «Парасат майданына» көшейік. Басқаны қайдам, өз басым осы хабарды қарағанда, адамзат ғұмырындағы сан сауалдардың шырмауына шатылып, шарқ ұрған жан дүниемде рухани қопарылыс пайда болатынын сезінем. Жүргізушінің жаратылысынан қалыптасып, менмұндалай жарқырап тұратын ішкі парасатынан, қалың ұйқыда маужырап жатқан мынау бейқам қоғам өмірінен оқ бойы озық тұрған бекзат болмысынан шарапатқа бөленем. Көкейде жүрген көп сұрақтың жауабын тауып, жаным жайланады. Өзін де, өзгені де маза бермей түрткілейтін, жетекке жарамағанды жебеп әкететін жасампаз әрі тегеурінді қуат бұл. Интеллект, ішкі мәдениет, өзекті тақырып, тіл тазалығы, терең ой, кәсіби шеберлік – бәрі осында. Қоғамда қордаланған мәселенің мән-жайын мәнісіне келтіре талдап-талқылау, елеп-екшеу тамсануға лайық десем, сенермісіз? Хабардың ерекшелігі де сонда, автор адамзат тарихындағы айтулы бір құбылысты лейтмотив етіп алады да, бүгінгі көрініспен ұштастыра отырып ой өрбітеді. Кеше мен бүгінді тоқайластыра тоғыстырады. Ел тарихындағы көпшілікке беймәлім кезеңдердің шындығын, рухани, мәдени экспансия, тонау, жою, жымысқы отарлау кесапатының бүге-шігесін жасқанбастан жайратып жайып салады. Ұлттың тарихи жады неге біртұтам, неге әлі күнге құлдық санадан арыла алмай, әлдекімдерге жалтақтаумен келеміз деген сауалдарға жауап іздейді. Рухани жаңғыру ұлт тарихындағы шындықтың бетін ашудан басталуы керек деп шырылдайды. Сатқындық пен екіжүзділік жайлаған қоғам өркениет көшіне ілесе алмайды, адам жеке басқа емес, адамзаттық құндылықтарға табынуы керек, сонда ғана болашаққа нық сеніммен қадам жасай алады деп толғанады. Онымен қоймай, «бұл неге бұлай болды?», «енді не істеуге болады?» деген сауал тастайды. Студия қонағының қоярда жанын қоймай отырып, осы көп «негелердің» жауабын суыртпақтап суырып алады. Жауаптан жалтару мүмкін емес. Оған жібермейді. Нақты да бұлтартпас сауалдармен жүгендеп тастайды. Дархан тарапынан дөп қойылатын сауалдардың қасында студиядағы төбеден төніп тұрған қуатты прожекторлардың жарығы да көмескілене түсетіндей. Алда-жалда тақырыптан тайғақтап бара жатса, қайбір журналистер секілді сөйлеушіні кілт тоқтатып, шорт кесіп, ойынан жаңылдырмайды. Жұмсақ қана жебеп әкеліп, байқатпай жөнге салып жібереді. Құдды жүрісі білінбейтін су жорға секілді. Кейбір телехабарға тән көзбояушылық, көп тележүргізушіге тән жасандылық жоқ. Өмірімде табиғилықтан өткен сұлулықты, алаулаған намыс пен жалындаған рухтан асқан құдіретті көрмеппін!
«Парасат майданы» қай тақырыпты қозғамасын, ешкімнің жағасына жармасып, намысына тимейді. Ащы тілмен қуырып ашындырмайды, мәселені ушықтырмайды. Көрерменнің шыдамына ши жүгіртіп, езіп отырып алмайды. Тереңнен толғап, ағынан жарыла ақтарыла отырып, айтпағын тобықтай түйіп, кесіп-пішіп, тап-тұйнақтай етіп, майын тамыза жеткізегенде айызың қанары анық.
Басым бөлігі жалаң сұхбатқа құрылатын мұндай телехабарды телевизиялық тілмен «говорящая голова» деп қояды. Оның тартымдылығы, маңыздылығы көп жағдайда жүргізуші өресінің биіктігіне, кез келген саладағы сұхбаттасынан бір бас жоғары тұруына, үндеместің өзін сайрата білуіне байланысты. Бұл тіпті, барлық тележүргізушіге тән шарттылық десе де болады. Бар саналы ғұмырын осы салада өткізген тәжірибелі тележурналист ретінде мен сізге мынаны айтайын. Телехабар тізгінін ұстаған маман үшін ол да аз. Кейбір жүргізушінің болмысында әңгімелесіп отырған адамын ғана емес, телеэкранның ар жағындағы көрерменді де «есінен тандыра» байлап-матап ұстайтын, көзге көрінбейтін сиқырлы қуат болады. Бұл – екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін қасиет.
Парасат майданында енді қайтып ешкімге есе жібермес үшін қилы-қилы заманның қым-қуыт қалтарыстарында тағдыры талқыға түскен қазақ деген халықтың көмескілене түскен тарихи жадын су бүркіп оятып, ұлттық рухын жаңғыртатын дәп осындай телеөнім дәп қазіргі кезеңде ауадай қажет.
Тек бағдарлама эфирге тым кеш берілетіндіктен оны салмақты бағдарлама іздеп жүрген көп адам көре алмай қалады.
Гүлмәрия Барманбекова,
ардагер тележурналист.