Екі ел кинематографистері арасындағы алтын көпір
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына Қытай киносы фестивалі және ШҰАА киносы күндері аясында Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы ақпарат, баспасөз және телерадио басқарма басшысы Уан Шычен бастаған бір топ қытай кинематографистері келді.
Қытай кинематографистерін «Қазақфильм» Эксперттік кеңесінің тең төрағасы Бекболат Шекеров және қазақ киносының мэтрлері Асанәлі Әшімов, Сатыбалды Нарымбетов және де Қазақстан кинематографистері қарсы алды. Қытайдан келген қонақтарға киностудия аумағында экскурсия жасалып, «Қазақ хандығы» сериалының декорациясы, түсірілім алаңдары, костюм қоймасы, таспа-зертханалық кешені көрсетілді. Сондай-ақ, қонақтарға «Мұзбалақ» толық метражды анимациялық фильмінің трейлері көрсетілді. Экскурсия соңынан «Дөңгелек үстелде» бірлесіп, жұмыс жасау туралы мәселелер кеңінен талқыланды.
– Тоғызыншы маусым күні Қытай баспасөз, кино, радио және телекөрсетілім мәселелері бойынша мемлекеттік әкімшілік пен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі арасында кино өндірісі саласы бойынша Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат бойынша біздің мемлекеттердің кинематографистері бірлескен жобалар жасауға мүмкіндік алады. «Қазақфильм» киностудиясында «Композитор» атты Қазақстан – Қытай бірлескен жобасын іске қосылғанын атап айтқым келеді. Бұл жоба екі ел кинематографистері арасындағы алтын көпір болады деп үміттенемін, – деді, «Қазақфильмнің» Эксперттік кеңесінің тең төрағасы Бекболат Шекеров.
ШҰАА ақпарат, баспасөз және телерадио басқарма басшысы Уан Шычен: «Тарихы мол киностудияны көруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Және бірлескен жобалар туралы ұсыныстарыңызды қарастыруға дайын екенімізді атап өткім келеді».
«Дөңгелек үстел» барысында Қазақстан мен Қытай кинематографиясындағы мәселелер мен жетістіктер талқыланды. Кинодраматург Нұрлан Санжар қытайлық әріптестеріне Жібек жолы туралы жоба жасау жайындағы ұсынысын айтты. Ұлты қазақ қытайлық актер Данияр Толқын «Қазақфильмнің» «Тұмар» кинокартинасының кастингіне қатысты.
Алматы қаласында Қытай кино фестивалі аясында «Kinopark 11 IMAX 3D» кинотеатрында ШҰАА киносы күндерінің салтанатты ашылу рәсімі 10 маусымда өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – кинематография саласындағы екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту, сондай-ақ, қытайдың қазіргі киносымен қазақ көрермендерін таныстыру.
Алматыда өткен бұл іс-шараға Қытайдан үлкен делегация келді. Олардың ішінде ШҰАА ақпарат, баспасөз және телерадио басқарма басшысының орынбасары Лю Е, «Шыңжаң» киностудиясының басшысының орынбасары Мұрат Мәмет, продюсер Табыс Жақия, актерлер: Данияр Толқын, Құндыз-ай Таш, Абдукерім Аблиз, Ділшат Барат және басқалар бар.
Шыңжаң кино күндері ашылуында «Ақшаның әлегі» кинокомедиясы көрсетілді. Сондай ақ, іс-шара аясында «Арман асуы» (реж. Су Лей); «Гүлбике» және «Шынайы махаббат» (реж. Шерзат Яқұб) кинокартиналары көрсетіледі.