Ұлттық руханият жанашыры
Қазақ елінің руханиятына сүбелі үлес қосып, өзінің өнегелі ісімен көпке үлгі көрсетумен келе жатқан белгілі азамат, танымал заңгер, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараұлына жұртшылық «Руханият жанашыры» деген бағасын әлдеқашан беріп те қойған. «Руханият жанашыры» деген тіркестің астарына тереңірек үңілсек, бұл атауды иеленудің кім-кімге де оңай болмайтынын түсінер едік. Себебі, бұл – «руханият әлемінің демеушісі» деген сөз. Ал демеушілік жасау үшін қыруар қаражат көзі керек екені белгілі. Ал қазіргі ақшаны пір тұтқан қоғамда біреу біреуге өсімсіз бір теңге де ақша бермейтінін бәріміз білеміз. Берген жағдайда да, оны орнымен үйлестіретін, керек жеріне жұмсай алатын адам көп емес-ау.
Кейбір байлар жеке басының қуанышы үшін миллиардтап ақша шашып жатады, бірақ оның елге, руханият дүниесіне пайдасы болмауы мүмкін. Бір күндік қызық үшін сонша ақшаны суға ағызып жіберіп отырған мырзалардың әрекеті – самауырды 25 сомдық қағаз ақшамен қайнатқан баяғы бәсекешіл байлардың орынсыз шашпалығын қайталау емес пе? Екеуінің де көздегені – арзан атақ! Бұл небәрі қазақтың «Атың шықпаса, жер өрте!» деген мақалымен мәндес мысал ғана және ақылдың ісі емес. Ақылды болсаң, Бекет секілді елге қайыр қыл! Сонда жақсы атыңды елдің өзі-ақ шығарады.
Біле білсек, қазақтың шалқар байлық – рухани қазынасы тіл! Ұлттың ұйытқысы да тіл, ұлттық жады да тіл. Музыканың өзі де тап тілдей түсінік бере алмайды, сыр түйінін тіл секілді шеше алмайды. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің: «Ұлттың тілі — сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?», – деуі сондықтан болар. Қазіргідей тұнығымыз лайланып, өз қаракөздеріміз бір-бірімен өзге тілде шүлдірлесетін жағдайға жеткен заманда ең әуелі тілге қамқорлық керек. Ал біздің асыл тіліміздің алтын тамыры әдебиетімізде. Демек, әдебиетке жанашырлық жасау керек. Осыны іске асырып, талай жазушының мұрасын жарыққа шығаруға мұрындық болған Бекет Тұрғараұлын парасат иесі демей көріңізші.
Елбасымыздың: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», – деген сөзін оқығанда есімізге еріксіз Бекең сынды азаматтар түседі. Бұл кісіні бүкіл Қазақстандағы ұлттың, руханияттың жалғыз жанашыры деуден аулақпыз, дегенмен аты алдымен еске түсетін санаулы тұлғалар қатарынан ойып орын алғаны даусыз.
«Халықтың жаны әдебиет пен өнер десек, сіз сол әдебиеттің жалынды жанашырысыз. Басқа сан сатылы мемлекеттік қызметіңізді айтпағанда, осы жанашырлығыңызбен ғана талай жұрттың жүрегіне жол таптыңыз.
Бір кісі – бір кісіні, көп болса он кісіні қуанта алады. Ал жүз кісіні кім қуантады? 1000 адамды қуанту кімнің қолынан келеді? Осы ғажайып іс Сіздің қолыңыздан келіп отыр», – дейді, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аты аңызға айналған кітаптарымен бірнеше ұрпақтың өкілі сусындап өскен Әзілхан Нұршайықов.
Марқұм, майдангер жазушының шын көңілден ырзалық білдіріп, алғысын айту себебі Бекең жеңістің 60 жылдығы құрметіне аталған жазушының 10 томдық шығармалар жинағын тегін шығарып, тарту етіпті.
«Кешегілердің еңбегін елемеген, бүгінгілердің көңіліне қарамаған, ертеңгілерді қарық қылып жарытпас», – деп Әбіш ағамыз айтпақшы, қазақтың әрбір қалталы азаматы Бекең тындырған істің ширегін істей алса да, жаман болмас еді. Өкініштісі, Бекеттің үлгісін жалғастырушылар қатары аз, бірақ жоқ та емес. Әр аймақтың өзіне белгілі сахиы – өз Атымтай жомарты бар екенін көріп, естіп жүрміз. Бірақ көпшілігі өз аймағы, дәлірек айтсақ, өз руы, жүзімен шектеліп қалады да, ортақ қазақтық ұлы мақсатқа бірігіп күш жұмылдыра алмайды. Мүмкін бұл істі басқаратын кісі керек шығар.
Мысалы, жазушы Думан Рамазан өзінің бір сұхбатында: «Мен бірде Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб бей Өміроғлымен әдебиет туралы ұзақ сырласқаным бар. Сонда Орхан Памуктың әлемдік деңгейге қалай көтеріліп, Нобель сыйлығын қалай алғанын сұрадым. Ол кісі Орхан мырзаға бір қаржылық топтардың қатты қолдау көрсеткенін, алаңсыз жазумен айналысуға жағдай жасағанын және сол жазғандарын сиясы кеппей жатып, шетел тілдеріне аудартып, кең көлемде насихат жұмыстарын жүргізгенін айтты.
«Орхан Памук – әлемдегі өте бір ықпалды топтың әдеби жобасы» деді. Мен оған имандай сендім. Әрине, Орхан Памуктың өзі де дарынды жазушы. Бірақ әлемге танылу үшін қазақ түгіл, түрікке де құр дарын аздық етеді. Орхан Памукты әлемдік сахнаға алып шыққандай қазақтың дарынды ақын-жазушыларына ірі қаржылық топтардың қолдауы ауадай қажет.Сонда ғана әлемге кең танылып, Нобель сыйлығын алатын қазақ қаламгерлері шығуы мүмкін», – дейді.
Түріктің парасатты байлары өз халқына деген патриоттық сезімін осылай білдіріпті. Елінің талантты жазушысын қолдау арқылы өз елінің мәртебесін әлем деңгейіне көтеріп отыр. Ал біздің қазақ байлары өздерінің туған еліне деген патриоттығын қандай іспен дәлелдеп келеді?! Олардың руханиятқа, руханият өкілдеріне жанашырлығы неге байқала бермейді?! Алдарында үлгі болып жүрген Бекет ағаларының өнегесін неге үйренбейді? Қазақты өзгелерге танытудың бір жолы төл әдебиетімізді шет тілдеріне аударып, өзге халықтарға насихаттау емес пе? Дүниедегі тілдік қоры бай халықтың бірі – қазақтың әдебиеті де бай. Құдайға шүкір, Орхан Памукті он орап алмаса да, бес орайтын жазушы қазақта жетеді, бірақ олардың түріктің қалталы, әрі саналы мырзаларындай демеушілері жоқ.
Әбіш Кекілбаев «Басына қарулы қаратау күн туып, бәрінен айрылса да, ел мен ер намыстан айырылмасын. Тек намыс қана ер мен елді ездіктен де, есерліктен де сақтай алады» демеп пе еді? Осындай мысалдарды оқыған соң, бізде сол намыс жағы жеткіліксіздеу ме деп қаласың. Міне, әңгіме қайда жатыр.
Пірмен аттас болуының Бекеңнің парасаты мол азамат болып қалыптасуына шарапаты тиді ме екен? Оның бойындағы қазаққа пайдамды тигізсем дейтін ізгі ниет – патриот азаматтың жүрегін нұрға толтырып тұратын көз болуы да мүмкін ғой. «Ұлттық мүдде, ұлттық тілден, яки қазақша ойлап, қазақша сөйлеуден, өз ұлтына, өз тіліне деген мақтаныш сезімнен, ұлттық намыстан бастау алады. Ол үшін санадағы сілкініс қажет. Сол сілкіністі жасайтын ең алдымен қаламгер қауым емес пе?», – деуінен оның ой-парасаты кемел тұлға екенін болжау қиын емес.
Лауазымды орынтаққа қолы жеткен әр қазақ халқына Бекеңдей қызмет ете алса, руханият жағдайы қазіргіден жақсырақ болмас па еді? Қазақтың тілін, ғұрпын, тарихын бір кісідей білсе де, өзінен жоғары шендіге қарайлап, қайтсем орнымды сақтап қалам деп қаймығумен жүргендер азаматтық парызды қалай өтемек? Өз басын күйттеуден басқа жұмысы жоқ жан ұлттық мүддені қайтпек? Ұлттық мүддені ұғыну үшін қандай өре, қандай жүрек, қандай сезім керек екенін озық ойлы оқырманға айтып жатудың қажеті бола қоймас.
Бекет Тұрғараұлы мұрындық болған бір игі шаруа – оның «Маңғыстау ақын-жазушыларының 50 томдығын» шығаруға атсалысуы. Облысқа басшы болып тұрған аз ғана уақытта көптеген игі істерді қолға алып, елдің алғысын алған Бауыржан Мұхамеджановтың кеңесшісі қызметін атқарған Бекеңнің бастамасымен уақытында көрінбей тасада қалып қойған қаншама маңғыстаулық сөз иелерінің шығармалары жарыққа шықты. Өндірісті аймақ саналатын Маңғыстау өңірінде мұнша ақын-жазушы барын жергілікті елдің өзі осы 50 томдық арқылы танып білді десек, асыра айтқандық болмас. Біз әдебиеттің ғана мәселесін айттық, ал оның руханиятқа істеген жанашырлығы бір әдебиетпен шектелмегені белгілі.
«Батпан-батпан байлық тек жер астында ғана емес, ел көкірегінде де тұнып тұр. Сүйенерге жарайтын жақсы мен жайсаң тек жер астында жатқан жоқ, жер үстінде де жүр», – деген сөзді данамыз Әбіш Кекілбаев осы Бекең секілді қадау-қадау тұлғаларды көріп айтқан болар деген ой келеді. Халқымыздың «Жақсыда жаттық жоқ» дейтін даналық сөзі бар. Осы сөздің растығын қазақ даласының төрт тарабына тең танылып, оңтүстік-теріскей, шығыс-батыс деп алаламай, барша қазаққа бірдей туыстық көзбен қарауымен келе жатқан Бекеңнің үлгісі бәрімізге сабақ боларлық өнеге демеске бола ма?
Оның «Мен жұрттың жүзіне емес, жүрегіне қараймын!» деген сөзі әр қазақ азаматына ұран болғандай қанатты сөз екен. Жері кең болғанмен саны аз жұртымыздың руға бөлінуі – атағы әлемге таныла бастаған ұлттың елдігіне нұқсан келтіріп, берекесін кетіретін кесірлі әдет. Айналасындағы қызметтес, пікірлес жандарға біртұтас бірлікті ту етудің үлгісін көрсетіп жүрген Бекеңдей азаматтар қатары толыға берсе екен деп тілейміз. Қазақтай данышпан халықтың елдік іс, мәңгілік мұраты жолында білімі мен білігін бірдей жұмсап, тәуелсіздігімізді баянды етуге ерен еңбек сіңіріп, талмай тер төгіп келе жатқан Бекеттей ұлдары тұрғанда көк туымыздың тұғыры берік, еліміздің мәртебесі биік болары хақ.
Қазақ қашаннан ауызбірлікті ту етіп, әділ билікке жүгінген кемел ойлы, кемеңгер халық. Кемеңгер елге тұлға болу – екінің бірінің пешенесіне жазылмайтын абырой. Осы абыройды азамат атына лайық ұстап, бүтін елді бөліп-жармай бәрін өзім дейтін Бекең секілді қазақ көп те болмауы мүмкін, бірақ әр заманда болған. Біздің заманымыздың ел арасынан еңсесі көтеріліп, аты шыққан бірегей азамат Бекет Тұрғараұлы. Елді Елбасы нұсқаған ортақ мақсатқа, озық ұсынысқа ұйытатын осындай тұлғалар. Ұлты ұстаз тұтқан Әбекеңнің: «Қазақ қай заманда да азамат таба алмай емес, барларының басын қоса алмай, оларды орнымен жұмсап, орнымен қызықтай алмай, өз сыбағасынан өзі қағылып, өз қолын өзі кесумен, өз жолын өзі байлаумен келеді», – дейтіні содан да болар. Негізі біртұтас қазақ баласының Бекет аға секілді қазақшыл, ұйымшыл бола білсе ғана төбедегісі келіп, ауыздағысынан айырылмасы анық.
Дүниеге келген әр адам өзінің туған жеріне, өскен еліне қарыздар болса, әрбір саналы азамат қамшының сабындай қысқа өмірде сол қарызын өзіне парыз санап, қолынан келгенінше халқына қызмет етуге талпынады. Осындай талпыныс оны түбінде елжанды азаматқа, елінің арқа сүйер ардақты ақсақалына, үлгі тұтар абыройлы тұлғасына айналдырады. Бұндай белеске көтерілген адам әрқашан өз мүддесінен ел мүддесін биік қояды, өз абыройынан гөрі ел абыройын көбірек ойлайды.
Батыр Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «Жұрттың көбіне ақыл берілгенмен, жүрек бәріне бірдей берілмегенін» ескерсек, бұл әрине, тек үлкен жүректі жанның қолынан келетінін түсіну қиын емес. Ондай үлкен жүрек иесінің маңына көп үйір болады. Себебі, Елдің жақсысы да сол, жақыны да сол!
Жеті ондықтың биігіне көтерілген Бекеңе: халқыңызға жақсылық жасаудан шаршамаңыз, жақсы аға! – дейміз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.