Рухтың үшінші құбылысы
Бақытжан САТЕРШИНОВ,
философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор
Әдетте, «зиялылық» ұғымының мәнін орыстың «интеллигентный» сөзінің мағынасымен сәйкестендіреміз. Яғни ол жоғары білімділікті, мәдениеттілікті, сонымен қатар ұқыптылықты, сыпайылықты және т.б. білдіреді. Қоғамның «қаймағы» саналатын бұл әлеуметтік топ классикалық әдебиет пен өнерді терең меңгерген, әлемдік өркениеттің інжу-маржандары туралы еркін көсіле алады, театрға жиі барып тұрады, бұқаралық ақпарат құралдарынан бой көрсетіп қояды. Ғылым мен білім беру, философия мен поэзия, әдебиет пен өнер салаларының көрнекті өкілдері зиялы қауымды құрайды.
Дегенмен, біздің ойымызша, зиялы адам өз шығармашылығының тарсаласынан, кабинеттің тар аясынан тысқа шығып, халықты алыс қашықтықтан сүйіп қана қоймай, онымен етене араласып, қоғамдық қызметпен біте-қайнасып, белсенділік танытуы қажет. Зиялы адам бастапқыда түйеге тән көнбістікпен білім мен тәжірибені барынша жинақтайды. Оның барысында кәсіби сала мен қоғамдық өмірдегі келеңсіздіктерге мейлінше төзімділік көрсеткенімен, күндердің күні шыдамның шегі бифуркациялық нүктеге жеткенде оның рухы арыстанға айналады да, ол қайраткерлік жолға түседі.
Ф. Ницшенің философиясында айтылғандай, рухтың үшінші құбылысы рия дегенді білмейтін жас сәбиге тән шынайы жасампаздықпен сипатталады. Замананың илеуіне көнбейтін, жаңа дағды әкелетін мұндай біртуар тұлғалардың қатарына қазақ арасынан Абай мен Шәкәрімді, Мұқағали мен Шәмшіні жатқызуға болатын шығар.
Зиялылықтың өлшемдері, меніңше, жоғарыда аталған сипаттармен ғана шектелмейді. Зиялы адам шыншыл, турашыл, кеңпейілді жәуәнмәрт, әділ әрі адал болуы керек. Осы рухани қасиеттермен қоса, ең бастысы, иманды болуы тиіс. Мұндай сапалар оның бойынан табылмаса, зиялының «зиянды» болып шығуы әбден мүмкін. Алысқа бармай-ақ кеңестік кезеңде ортаңқол «дарындылардың» арқасында қазақтың аңқау да жалтақ, мақтаншақ та қуыс кеуде бейнесі қағаз бен экранның бетіне шығып кеткені белгілі.Қазір де «көңілділер» мен «тапқырлар» арзан ойынмен күлкінің қадірін кетіруде.
Ғылыми-көпшілік әдебиеттерде қазақ халқының зиялы қауымының қалыптасуын жиырмасыншы ғасырдың басында ұлттық ояну қозғалысымен байланыстырады. Шындығында Алаш қозғалысы мен үкіметін құрған қайраткерлерді нағыз зиялылар деп есептеуге болады, өйткені бұл арыстардың ұлт үшін еткен еңбектері ұшан-теңіз. Бүгінгі күні дәл осы деңгейдегі зиялы қауымның тапшылығы бар сияқты. Десек те, Берік Әбдіғали, Айдос Сарым тәрізді азаматтарды жаңа генерациядағы жас зиялы қауымның санатына жатқызуға болады.Қазақтың данасы Абай «әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дегенінде жалпы адамдықтың өлшемін айтып кеткендей.