ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫ
19.08.2025
60
0

Бүгінде үшінші мегаполис медицинасына әлем жұртшылығы таңырқай қарайды. Оның өзіндік сырлары да бар. Күн сәулет­ті шаһардағы заманауи үлгідегі жаңа ауруханалар, цифрлық фармация, жедел жәрдем қызметінің жаңғыруы, халықаралық деңгейдегі оталар, ағза ауыстырып салудың алуан түрлері былайғы жұрт­ты тамсандырып келеді. Елімізде адам денсаулығынан, адам тағдырынан басқа күрделі мәселе болмауы керек. Осы тұрғыда адами капиталға салынған инвестиция еселеп қайырым қайтаруда.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы алдағы төрт жылға арнап даму бағдарламасын жасаған. Осы бағдарлама аясында заманауи мекемелер салынып, қолданыста барларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлемдік деңгейдегі медициналық құрал-жабдықтармен қамту көзделген. Бұларға қосымша ана мен бала денсаулығына барынша көңіл бөлінуі тиіс. Осы жауапты міндет­терді жүзеге асыру үшін мамандар шетелдерде білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арт­тыруға ұмтылып жүр.
Қазіргі күні Шымкент шаһары шалқар айдын теңіз сияқты. Оның аумағы барынша кеңейген. Шаһардың шет аймақтарына жедел жәрдем машиналары оңайлықпен бара алмайды. Барғанмен науқас үйін таба алмайды. Сондықтан қаланың шет аймақтарына де­йін медициналық көмектің қолжетімдігі қарастырылып, жедел жәрдемнің жылдамдығы ескерілген. Қала аумағының кеңеюіне байланысты қайталана беретін көшелердің атауларын бірыңғайландыру жұмыстары жүргізілді.
Үшінші мегаполис медицинасында тың серпіліс бар. Орфандық аурулардан бастап күрделі ауруларға де­йін емдеу бағасы қолжетімді, қалта көтереді. Әрине, қала тұрғындарының өмір сапасын арт­тыру жолында атқарылып жатқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қоғамның әрбір мүшеміз – біздің басты байлығымыз. Сол үшін олардың әрқайсының денсаулығына мұқият қарау – дәрігерлердің басты борышы.
Бүгінде шаһарда тұрғындарға бастапқы медициналық көмек көрсететін 60 емхана бар. Соның 14-і мемлекет­тік те, 46-сы – жекеменшік. Мемлекет­тік емханалар 600 мыңға жуық адамға, ал жекеменшік емханалар 653 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. 2025 жылғы мамыр айындағы есеп бойынша, қала халқының саны 1258504 адамға жеткен. Бұлардың арасында 14 жасқа де­йінгілері – 418945, 15 пен 17 жас аралығындағылар – 74270, ал 18 жастан жоғары жандар 765288 санды құрайды. Көріп отырсыздар, осы көрсеткіштің өзі медицина саласындағы мамандардың жүктемесі мен жауапкершілігі қаншалықты екенін аңғартады. Үлкен қала болғаннан ке­йін жауапкершілік те ауқымды. Мұнда құрсақ көтерген әйелдер де, алғашқы перзент­терін өмірге әкелуге дайындалып жүрген келіншектер де жеткілікті. Түрлі диагнозбен арнайы есепте тұратын әйелдердің күтімі мен уақтылы емі де назардан тыс қалмауға тиіс.
Осы және тағы басқа проблемаларды шешу үшін соңғы үш жыл көлемінде 14 жаңа емхана салынып, пайдалануға берілді. Осының нәтижесінде емханалардың жүктемесі 25 мыңнан 21 мың адамға азайған. Мұның өзі тұрғындарға медициналық көмек көрсету жұмыстарын әдәуір жеңілдет­ті. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табады.
Былтыр денсаулық сақтау ұйымдарын Ұлт­тық аккредитациялаудан өткізу жұмыстары күшейтілген болатын. Тексеру қорытындысында 87 медициналық мекеменің 51-і тиісті талаптарға сай деп танылды. Қалған медициналық мекемелер көрсетілген кемшіліктерді түзету жолында күресіп жатыр. Солардың ішінде сенімгерлік басқаруға берілген екі емхана мемлекет меншігіне қайтарылған. Мұның өзі халыққа сапалы да тиімді қызмет көрсету жұмыстарын жеңілдетіп қана қоймай, оң нәтижесін беріп үлгерді.
Заман ағымына сай медициналық техникаларды жаңартып отыру – басты міндет­тердің бірі. Осыны ескерген Денсаулық сақтау басқармасы 4 миллиярд теңгеге заманауи құрал-жабдықтар сатып алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда жабдықтау көрсеткіші 83,8 пайыздан 87,6 пайызға өскенін айғақтайды. Бұған қосымша жедел жәрдем қызметінің сапасын арт­тыру мақсатында заманауи 23 арнайы көлік сатып алынды. Жыл аяғына де­йін тағы да 25 арнайы көлік сатып алу жоспарланып отыр.
Ана мен бала денсаулығын күзету, өлім-жітімді азайту – медицина саласының негізгі бір көрсеткіші. Алып шаһарда алғашқы үш айда ана өлімі тіркелмеген. Бала өлімі алдыңғы жылдармен салыстырғанда кәдімгідей аз. Мұның өзі ана мен бала денсаулығын күзетудегі оң нәтижен. Алты айдың көрсеткіші бойынша өлім-жітім 14,3 пайызға азайған.
Бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары күшейіп тұр. Бұл үлкендерде де, кішілерде де кез­деседі. Қалалық медицина саласы тұрғындарды осы аурудан сақтандыру, аурудың алдын алу жұмыстарын барынша күшейткен. Осының нәтижесінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын қаза 0,6 пайызға қысқарыпты.
Қазақтың атам заманнан зардап шегіп келе жатқан ауруларының бірі – құрт ауруы, яғни туберкулез. Қаншама сақтандыру жұмыстары жүргізілсе де құрт ауруының құрығына түсіп қалатындар бар. Міне, қала медицинасы осы кеселмен түпкілікті күресуде. Соның нәтижесінде туберкулез таяқшаларынан қаза табатындар 33 пайызға кеміген. Алайда туберкулезбен қайта ауырғандар да азаймай отыр. Бұл – сақтық ережелерін ескермеуден туатын кесел. Бұған қосымша жарақат­тан қайтыс болғандар саны 4,2 пайызға төмендеген. Әйтсе де қатерлі ісік әлі де бой бермей келеді. Бұған тұрғындардың уақтылы жаппай медициналық тексеруден өтпей, немқұрайлылық танытуын бір себеп ретінде айтуға болады. Осының салдарынан онкологиялық аурулар 5 пайызға өскен. Дерт түрінің ұлғаюына экологиялық жағдайлар да әсер етуі мүмкін.
Қалада қан айналымы жүйесі ауруларынан шағымданатындар баршылық. Бірақ жүйелі медициналық көмек көрсету арқылы осы аурумен тіркелгендер де 7,4 пайызға азайды. Тыныс алу органдарының аурушаңдығы 2,3 пайызға төмендеген. Иә, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы қол қусырып қарап отырған жоқ. Соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстар мен ізденістер, мамандар біліктілігін арт­тыру арқылы нақты нәтижелер бой көрсете бастаған. «Алдағы уақыт­тарда да халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында аянбай еңбек ете береміз», – дейді шымкент­тік дәрігерлер.
Енді қоғам болған соң, үлкен мемлекет болған соң ел арасында түрлі сырқат­ты адамдар кез­деседі. Бұл рет­те бізде бөтен адам болмауы тиіс. «Қазақ­стан халқына» қоғамдық қоры мен жергілікті бюджет есебінен орфандық дертке шалдыққан азамат­тарды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, қымбат дәрілермен қамтамасыз ету басты назарға алынған. Денсаулық сақтау саласындағы тең қолжетімділік қағидаты осылай жүзеге асырылуда. Бұған қосымша корпоративтік әлеумет­тік даму қорлары арқылы да балалар мен ересектерге қажет­ті көмек көрсетіліп келе жатқанын қосыңыз.
Аптап ыстық бүгінде әлем халқын дүрліктіріп тұр. Онсыз да жазы аса ыстық болатын Шымкент­те талтүсте далаға қойған ыдысқа жұмыртқа қуырып алатындай күндер болды. Тамыз айында да ыстықтың беті қайтпайды деседі ауа райын бақылаушылар. Міне, осы кезеңде жедел жәрдем көмегіне жүгінетіндер саны шамадан тыс көбейеді. Иә, халықтың денсаулығын сақтау жолындағы ең маңызды әрекет­тің бірі – медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі. Осы орайда Шымкент қаласындағы жедел жәрдем медициналық жәрдем көрсету станциялары жыл сайын жүйелі түрде жаңарып, қызмет көрсету сапасын арт­тыруда. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына» өзгерістер енгізгенін айта кеткеніміз жөн. Жаңа тәртіпке сай жеңілдіктің 4-санатындағы шақыртулар, яғни шұғыл әрі өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар жұмыс күндері таңғы сағат 8:00-ден 19:00-ге де­йін бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары жанындағы мобильді бригадалармен орындалады. Бұл жедел жәрдем бригадаларының жұмыстарын жеңілдетіп, жүктемелерін азайтуға септігін тигізеді.
Жалпы, мобильді бригадалар шақыртылған жерге 60 минут­тың ішінде жетуі тиіс. Бұл – норма. Науқастың жағдайына қарай бұдан да тезірек баруға болады, әрине. Қазір қалалық Жедел Медициналық Көмек станциясында 146 арнайы көлік бар. Жайшылықта науқастарға қарай 100 көлік жіберілсе, қауырт кезеңде, яғни аурулар асқынған аса ыстық күндерде тәулігіне 120-дан астам арнайы көлік тыным таппайды. Медициналық көмекті жүріп бара жатқанда да жасай беретін заманауи көліктер де жеткілікті. Бұларға қосымша төтенше жағдайлар орын алғанда жолға шығатын техникалар да бар. 20 көлік жалға алынған. Олар кешкі 19:00-ден түнгі 01:00-ге де­йін жұмыс істейді.
Науқастардың тезірек сауығып кетуі, әлбет­те, дәрі-дәрмектің жеткілікті болуына байланысты. Бұл рет­те «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы аса маңызды дәрі-дәрмектердің мол болуын қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде қаладағы 73 медициналық ұжым дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарды осы серіктестік арқылы уақтылы алып жүр. Бұл орайда дәрі-дәрмек өндіруші зауыт­тармен келісім-шарт­тар жасалған. Осы келісім-шарт­тардың негізінде дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтардың бағасы тұрақты. Сонымен қатар барлық емханаларда дәрілік зат­тардың екі айлық қоры бар. «Бірлескен жұмыс нәтижесінде дәрілік зат­тар тапшылығы болмайды», – деседі қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылары.
Сайып келгенде, үшінші мегаполис медицинасы жыл сайын дамып келеді. Осында келіп ота жасатып кеткен шетелдіктер жөнінде әңгіме де бірқыдыру. Мұның барлығы медицина саласы мамандарының біліктілігін дәлелдейді.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Шымкент қаласы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір