Мұхтар Әуезовтің оңтүстіктегі кездесулері
02.06.2017
3220
0

Заманымыздың заңғар да ұлы жазушысы М.Әуезов туралы сөз шолақ қайырыл­масы ақиқат. Өйткені, Мұхтар десек Абай, Абай десек Мұхтардың еске түсетіні олардың танымы мен тағылы­мының тереңдігінде болар. Ұлылардың, тектілердің бірін-бірі толықтырып, үндесіп, астасып жататыны әлімсақтан белгілі. Шығармалары алпысқа тарта шет ел тіліне аударылып, әлемде қазақ деген ел барын, оның Абайдай ұлы ақыны бар екенін паш еткен заңғар жазушымыз – осы Мұхтар Әуезов. Өзін ұлы ұстаз тұтып, шығармаларына бас ұрып,сол шығар­ма­лардың шетел оқыр­мандарына жетуіне қолғабысын тигізіп жүретін әдебиеттегі шәкірті, қырғыздың жас жазушысы Шыңғыс Айтматовқа деген Мұхаңның пейілі алабөтен еді. «Таланттың өзі төбе көрсетпесе, оны тану қиын», – деп Сәбит Мұқанов айтқандай, Шыңғыс Айтматов елуінші жылдардың өзінде-ақ «төбе» көрсетіп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген. Мұқаңның арқасында оның «Жәмиласын» қырғыздардан бұрын қазақтар «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») арқылы оқып, «Ана – Жер-Ана» повесі негізінде жасалған спектаклі әкем­театрда алғаш қойылғаны жұрттың есінде. Міне, мұны ұлылар үндестігі десе де болғандай. «Ерулікке қарулық» дегендей, Шыңғыс Айтматов та ұлы талант есімін өзінің төлқұжатына балады: «Менің шетелге шығарда төлқұжатым­дай қастерлеп, өзіммен бірге ала кететін екі ұлы есім бар.
Бірі – Манас та, екіншісі – М.Әуезов. Мен әрқашан да сол екеуінің әруағына сыйынып жүремін». Ұлы Мұқаң жайлы Н.Тихонов, М.Шолохов, А.Фадеев, Л.Соболев, Н.Погодин, А.Корнейчук, Берды Кербабаев, Мехти Гусейн, Луи Арагон, Андре Стиль, Бенжамен Матип, т.б. әлем мойындаған тіл өнерінің шеберлері қалдырып кеткен жазбалар өз алдына бір төбе. Әлі де зерттелуін тосып отырған дүниелер олар.

Ұлылардың соңында В.Крыловтың «Пілге үрген қандендерінің» де жүретіні белгілі жай. КСРО заманында Грузияның бір жазушысымен қатар Лениндік сый­лық­қа ұсынылған И.Есенберлиннің «Көш­пенділер» трилогиясы туралы тара­ған мына бір әзіл ел есінде: Грузия халқы бір ұшақ жалдап, ішін неше түрлі гүлге толтырып жазушысын қолдауға Мәскеуге аттандырады. Ал біз ше?! Қазақтар қайт­тік?.. Олардан қалыспай біз де ұшақ жал­дап­пыз. Бірақ оның ішін гүлге емес «Есенберлин кітабына сыйлық берілмесін! Ол бая­ғы заманды дәріптейді…» – деп, арыз-хат­пен толтырдық. Нәтиже белгілі! Есен­берлинді сыйлықтан қақтық.
Ұлы жырау Жамбылдың да тонын қа­ғып көрдік. Қазақта ондай ақын жоқ. Га­зет-журналдарға шығып жүргендерінің бә­рін жазған Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев, Т.Жа­роков, Қ.Тоғызақов, П.Кузнецов деп соқ­тық. Мәскеу білдіртпей тексеру ұйым­дас­тырды. Арыздың бәрі жалған болып шық­ты. «Өсектен аман қалған өлілердің бірі жоқ, ал одан сау қалатын бүгіндері тірі жоқ» деген фәлсапа әлі де шаң беріп қа­лып жүр. Қожа Ахмет Иассауиді, Абайды өз болмысында қабылдамай жүргендерге не дауа?! Ал Шәкәрімді де «кришнайт­тық­тар» иемденіп алуға тырысады. Осылардың бәріне тосқауыл қойып, баспасөзде өз ұстанымын білдірген филология ғылы­м­­ының кандидаты, абайтанушы ғалым Жабал Шойымбеттің батыл әрекетіне тәнті болғанымыз бар.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары ба­тырлар жырының бәрін кертартпа шы­ғар­малар деп, шабуыл ұйымдастырылып жат­қан тұста ұлы Мұхтардың өз мәдени мұраларымызбен қоса қырғыздың «Манасын» қызғыштай қорып, оның халықтық екенін бүкіл түркологтардың алдында ақтап шығуының өзі не тұрады?! Сөйтіп, «қызыл империяның» қыспағынан өзге ұлттар әдебиетін де құтқаруға бар күш-жігерін салды. Ұлттық әдебиеттің, жат идеологияның жетегінде кетпеуіне қатаң қадағалай білді. Мұхтар сияқты ұлтжанды қалам қайраткерлері болмағанда бүгінгі тәуелсіздігіміздің тағдыры не болар еді.
Заңғар жазушыны өз ұлтымыз ғана емес, өзге ұлт өкілдері неге құрмет тұта­ды. Өйткені, оның ірі суреткерлігін былай қой­ған­да, адами болмысы да, адамгершілік қасиеті де­ жұрттың бәріне үлгі-өнеге. Ол «ұлық бол­саң – кішік болды» қатаң ұстанған тұлға. Ауырып, науқасы жанына қатты ба­тып жүрсе де жас студент Шәрбану Құмарова­ның дипломдық жұмысына шұқшия қарап, оны қорғатуға бар ынта-жігерін салуы немесе ақын әрі ғалым, ғылым докторы, халық жазушысы атанған Тұрсынхан Абдрахманованы ерте танып, сонау Семейден Алматыға алдыртуы әркімнің бо­йынан табыла бермейтін ұлағатты қа­сиеттер. Студент Сәкен Жүні­совтің бойынан ла­пыл­даған жалын көріп, оны ғылым жолына бағыттамақ болған әкелік қам­қорлығы ше… Ол Сәкен жазу­шы­лық жолды таңдап, артына өшпес із қалдырды. Халықтың «сері Сәкені, пері Сәкені» атанды. Мына бір қызық жай сол кездегілердің есінде болар. Сері Сәкен студент кезінде-ақ көп­теген басқосулар мен той-томалақтарда асаба болып, жалындап жүреді екен. Мұ­қаң Сәкен бас­қарған бір мықтының тойына шақыр­тылады. Тойға сәл кешігіп ке­леді. Жұрт орындарына жайғасып алған.Мұқаңның «көзқамандардың» нысанасына ілігіп жүрген кезі болса керек. Үй иелері Мұқаңа төрден орын іздестіріп жатқанда ол кісі төменгі жақтағы бір бос орынға отыра кетеді. Қаламгерді төрдегі «мық­ты­лар» көздеріне де ілгілері келмейді. Қатты сасқан Сәкен дауыстап: «Мұқаң төмен отырып қалды-ау», – депті, үй иесіне қа­рап желкесін қасып. Қозғалған бір адам жоқ. «Мұқаңнан ұят болды-ау!», – дейді та­ғы да даусын қаттырақ шығарып. Ас­пи­рантының ұялғаннан қан сорпаға түскенін байқап қалған Мұқаң: «Сәкен, шырағым, ниет-көңіл оңды! Мен отырған жерді төр са­насаң болды», – дейді. (Ш.Сариев. «Мұх­тар Әуезов және төр» «Жұлдыз» жур­на­лы, №4. 1987 ж.). Осылай бір от­басының боса­ғасында отырып-ақ қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің төріне шығарған ұлы тұл­ғаның кішіпейілдігі ұрпақтарға мәң­гілік өнеге болса керек.
Мұқаң мінезге бай адам болған. Сол бол­мысын біздер, Шымкент пединс­титут­тың студенттері, 1960 жылы ұстазымыз Әбіш Байтанаев бас болып ұйымдастырған (Мұқаңды және Оңтүстікте тұратын Абай ұрпақтарын қатыстыра отырып) «Абай» эпопеясы бойынша өткізілген оқу­шы­лар конференциясында байқадық. Ол кез­де ұлы жазушы Шымкент қаласына «Өскен өркен» романына материалдар жинау мақсатында жиі келетін. Бұл кон­фе­рен­цияға 4-5 ай бұрын дайындалдық. Оң­түстікке келген сайын ол кісінің бірін­ші болып бас сұғатын орны (мекемесі) біз­дің пединститут пен «Оңтүстік Қа­зақ­стан» газетінің редакциясы болатын. Бізге Абайтанудан сабақ та берді. Әдебиет үйір­месіне де қатысты. «Абай» романы бойынша жасалатын баяндамаларды Әбіш аға­мыз­бен ақылдаса отырып біздерге бөліп бер­ді. «Абай образы» М.Қалдыбаевқа, «Ро­манда кедейлер, жатақтар, жұмысшылар өкілдерінің көрінісі» Ш.Дәуренбековке, «Романдағы орыс әдебиеті мен мәде­ние­ті­нің тигізген әсері» Т.Ешенқұловқа, «Сол замандағы ауыл әйелдері» С.Сәрсеноваға, «Романның орыс тіліне аудармасы туралы кейбір ойлар» Д.Байтанаеваға, «Роман­да­ғы достық, ғашықтық мәселесі» А.Ің­кәр­бековке, «Романдағы кездесетін ұлттық әдет-ғұрыптар мен халықтық өнегелер» М.Боқаевқа, «Романдағы астарлы сөз және афоризмдер» Қ.Тұңғышбековке, «Роман әсерін тереңдете ой сала түсетін кейбір қа­сиеттер» Т.Бөртебаевқа, «Романның стиль­дік ерекшелігі» Я.Амандықовқа, «Ақын­дар мен әншілер образы және романның лирикалығы» Ү.Шойбековке, «Романдағы тың сөздер, жаңартыла қол­данылған сөздер, біріккен сөздер, қос сөз­дер» М.Байсейітовке міндеттелді.

Конференция өткізілетін күнді институт басшылары маусым айына бел­гілепті. Сол кезде Шымкенттегі ең зәу­лім ғимарат саналатын Металлургтер са­­р­айында өтетін болды. Белгіленген кү­ні біздер, баяндамашылар ерте бардық. Бі­рер сағат­тан соң шақырған құрметті қонақтарымыз келе бастады. Мұхтар Әуе­зовті ортаға алып, облыстық партия ко­ми­тетінің идеология жөніндегі секретары Қар­жаубек Жарқынбеков бастаған бір топ адам сахнаға шыға беріс жердегі біздер отыр­ған кең бөлмеге кіріп келді. Қолдары­на баяндамаларын ұстаған студенттер жа­мыраса сәлемдестік. Орталарында ж­а­сы 80-ге жақындап қалған бір кейуана бар. Ол кісіні құрметтеп төрге оздырды. «Бұл кісі Абайдың немере келіні Кәмалия әжелерің болады. Ақылбайдың Әубә­кі­рі­нің жұбайы. Ал мына кісі Мағрипа (Мәкен) апаларың. Тұрағұлдың қызы. Жанындағы құдай қосқан қосағы Ұлықбек Мұхамбет­жа­нов. Сол жағымдағы «Білекке білек» атты әңгіме-очеркті оқыған боларсыңдар, сондағы бас кейіпкер Жақыптың прото­ти­пі болған Жұмағұл Жұмаділов. Оң жа­ғымда отырған кісі сонау 1920 жылдары Се­мейде «Еңлік-Кебек» тұңғыш рет қойыл­ғанда Еңліктің рөлін ойнауға қыз тап­пай беті-аузын бояп, үстіне шағи көй­лек, дүрия шапан, басына кәмшат бөрік киіп Еңлік болып ойнаған аталарың Ахмет Әуезов. Оның маған қандай жақын­ды­ғы барын фамилиясы айтып тұр». Қо­нақтар мәз-мәйрам боп, біраз күлісіп алды. Мұқаң сөзін қайта жалғастырды. «Мына тұрған Ысқақтың ұрпақтары. Ке­летіндері болса, тағы таныстыра жатармын», – деді де Әбіш Байтанаев ағамызға бір­деңе деп сыбырлады. Ол кісі Мамытбек Қалдыбаев екеумізді шақырып алды да: Мына Кәмалия әжелеріңді алып жүретін «гид» боласыңдар! Қолтықтап жүресіңдер! Мезгілінде сусынын беріп, ана бөлмеге апа­рып шайын бергізіп, бар жағдайын жа­сау екеуіңе жүктеледі. Абайлаңдар! Құ­латып алып жүрмеңдер!», – деді.
Залдағы жұрт ду-ду қол соғып, Мұқаң­ды шақырып жатыр.
– Бастаймыз ба, Мұқа! Жүріңіз сахнаға, – деді Қ.Жарқынбеков ағамыз Мұқаңды қолтықтап. Кәмалия әжемізді жетелеген бізге: «Әжелеріңді бастап жүріңдер, жұрт­тың алдына алдымен сол кісі шықсын!», – деді.
– Жоқ, Мұқтар! Жұрт мені емес, сені т­­о­сып отыр ғой, – деді әжеміз.
– Үлкендердің алдын кесіп өт­пей­тінімді білесіз ғой. Алдымен сіз жүріңіз! –деп Мұқаң әженің арқасынан қақты.
– Әй, Мұқтар-ай, жас кезіңдегі бірбет­кей­лігің әлі қалмапты-ау, – деп есікке бет­теді. Қолындағы таяғының ұшы есік­ пен босаға арасындағы бір тесікке қыс­ты­рылып қалып, әжеміз біраз әуреге түсіп қалды. Әбіш ағамыз жүгіріп келіп таяқты суырып алып: «Ал енді абайлаңдар! Бірің ал­дында, бірің артында жүріңдер! – деп, тағы да тәптіштеді. Сахнаға шықтық. Зал­да ине шаншырлық орын жоқ. Жұрт орындарынан ду көтеріліп, қолдарын ұрғылап жатыр. Мұқаң шыққанда шапалақ тіпті күшейе түсті.
Жиынды ректордың ғылым және оқу жұмысы жөніндегі орынбасары П.Тілепов аш­ты. Келген құрметті қонақтармен таныстырды. Конференцияның жұмыс тәртібін түсіндірді. Көпшіліктің тілегімен сөз М.Әуезовке берілді. Ол кісі осының ал­дында ғана КСРО жазушыларының құра­мында Америкаға барып келген-ді. Мұ­қаң Абай жайлы, өзінің эпопеясы төңі­регінде қысқа қайырып, көбінесе Аме­ри­каға барған сапары жайлы әңгімеледі.Зал­да қанша мың адам отырса да, шы­бын­ның ызыңы естілмейді. Мұқаң үш сағатқа жуық сөйледі. Сөз маржандары түйдек-түйдек ағылып, ажарлы ойлар мен си­қыр­лы сөздер тау суындай ақтарылды. Зал­да жөткірінген, не қимылдаған бір адам жоқ. Бәрі сілтідей тына қалған. Сө­зінің соңына таман «Абай» романына қай­та оралды да, баяндама жасайтын сту­денттерге сәт-сапар тіледі. Сөзі «Абайға» ауысқан кезде ғана Кәмалия әжеміз: «Мұқ­тар-ау, кіта­быңда Әйгерім депсің, оның аты Шүкіман емес пе еді? Ал Қо­дардың ел алдында қара­бет болғаны да рас еді ғой, сен оны жазық­сыз адам етіпсің!» деген сынды бірер сұрақ қойды. Мұқаң асықпай жауап берді. Оның себептерін түсіндірді.
Америкаға төрт жазушы барған. Олар: Степан Щипачев (делегация басшысы) Леонид Леонов, Украинадан Олесь Гончар және Мұқаңның өзі. Мырзатай Жолдасбеков журналист Болат Бодаубаевқа берген бір сұхбатында («Егеменді Қазақстан» 27 қараша, 2013 ж.) алты адам барды деп жаңсақ кеткен. Ол кісі делегация құра­мына Л.Соболев, Корнейчук, С.Михалковтарды кіргізеді. Бұл жазушылар Мұқаң­мен бірге АҚШ-қа барған жоқ. Мұны Мұқаңның өзі былайша дәлелдейді. «Біз­дің делегацияда бас-аяғы төрт жазушы болғанымызда, со­ның екеуі орыс совет әдебиетінің ірі өкіл­дері Леонид Леонов пен өзі ақын, өзі делегация басшысы Степан Щипачев болатын. Делегацияның ендігі бір мүшесі Украин жазушылар ұйымының бастығы, белгілі роман жазушы Олесь Гончар және мен болатынмын» («Сапарлар, кездесулер, әсерлер». Құрастырған Серік Қирабаев. «Қа­зақстан баспасы» 1966 ж. 16-бет). Ам­е­рикаға өзімен бірге барған жазушылардың бәрі кездесулерде өздерін Мұқтар Әуезов­тің мысы басып, сүбелі сөз бен салмақты ойды сол кісінің айтатынын мойындайды.
Қаламдас досы Олесь Гончар: «Мұхтар Омарханұлы барынша мейірманды жан еді. Ол бір қарағанда-ақ жатырқау жайына қалып, өзіне соншалықты тартып үйіріп әке­тетін. Өмірде бірден-ақ сеніп, емін-ер­кін сөйлесіп, шүйіркелесіп, ұғынысып ке­тетін адамдарың болады ғой. Әуезов, мі­не, дәл сондай адам еді. Бұл оның адам­ға деген ізгі де игі тілегінен, сыпайы­лы­ғы­нан, ішкі мәдени парасатының мол­дығынан болар деп ойлаймын. Ол ойшыл адам еді. Құбылыстардың құпия сырын, мән-мағынасын ашуға тырысып, бар мә­селеге асықпай, саспай, ой көзімен бол­жап қарау оның тыңғылықты әдеті болатын. Жазушының осындай сыңайын әлекедей жаланып тұрған американ ре­портерлері бірден байқады. Олар Әуезовті бірден-ақ: «философ, Шығыстың данышпан ойшылы» деп атады. Содан соң ол осы атақты ие­лене жүріп бүкіл Американы аралады. («Біздің Мұхтар». «Жазушы» баспасы, 1976 ж. 69-70 бет).
Мұқаң Америкаға сапарын баяндап тұрып, сәл аялдап, портфелінен «Нью-Йорк таймс» газетінің бір номерін алып, жұрт­қа көрсетті. Төрт жазушының суреті жарияланып, астына қысқаша сипаттама беріліпті. Олесь Гончарды «біздің футболистерге ұқсайды», Щипачевты «орыстың кеңсе қызметкеріне ұқсайды», Л.Леоновты «біздің шаштаразшыларға ұқсайды», ал Мұхтар Әуезов болса, оның келісті келбеті Шығыстың данышпан ұлы ойшыл философтарын көз алдымызға елестетеді», – деп жазыпты. Олесь Гончардың Мұхаң туралы таныстыруы сол ағылшын газе­тінің бірінші бетінде берілген сипаттамадан алып тұрғаны көрініп тұр.
Конференция аралығындағы үзі­ліс­терде Мұқаңның қалың оқушыларына қолтаңба беруден қолы босаған жоқ. Мұ­қаңның жанынан қалмай, оны қолтығы­нан алып жүретін Гүлзай Смағұлова ұста­зы­мыз: «Мұқаң шаршады, кітаптарың­ды тастап кетіңдер, қол қойылған соң, ертең таратып беремін!», – дегеніне қарамай, біраз студенттер Мұқаңнан қолтаңба алып үлгердік. Маған «Тұрсынбек, бүгінгі кездесу кешінің естелігі болсын!» деп, Мұхтар Шахановқа «Бала Мұхтарға ата Мұх­тардан»… деп жазыпты. Мұхтар Ша­ханов ол кезде біздің институтта сырттай оқи­тын. Қала маңындағы «Жұлдыз» совхозында тракторист болып істей жүріп әдебиет үйірмесі болатын күні тракторын далаға тастап, жуынуға да шамасы келмей бірден үйірмеге келетін («Жұлдыз» Шымкенттен он шақты шақырымдай-тын). Әлі есімде, оны тұңғыш рет үйірмеге Мамытбек Қалдыбаев алып келді. Сол күні тер­леп-тепшіп тұрып «Сырдария», «Әб­діл­даға» деген өлеңдерін оқыды. Бәріміз қатты ұнаттық. Мен «Өлеңің өте тамаша екен, тастап кет. Үйірме газетіне жариялай­мыз», – дедім. Жарияланды. Ұстаздарымыз Әсілхан Оспанов, Мүсілім Қожықов келесі әдебиет үйірмесіне қатысып, Мұхтарға оң сапар тіледі. Үйірме жетекшісі Әбіш Байтанаев (ол кісі қазақ әдебиеті кафед­ра­сы­ның меңгерушісі болатын) М.Ша­хановқа осы институтқа оқуға түсуге кеңес берді. Бар­лық қамқорлықты өз мойнына алатынын ескертті. Солай болды да. Бір жылдан соң «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Мыңбай Ілесовтің алғы­сө­зімен «Лениншіл жас» газетінде бала Мұх­тардың бір топ өлеңдері суретімен жа­рия­ланды. Содан…содан… «бала» Мұх­тардың шығармалары қазір дүниежүзінің 60-тан аса тіліне аударылып, түрік әлемінің ең мық­ты ақынына айналып отыр. Бұл ұлы Мұх­тардың «бала» Мұхтарға берген ба­та­сы­ның қабыл болғандығының белгісі іс­пет­ті.
Мұхтар Әуезов жазушының жеке басы­мен шығармасындағы кейіпкерлері арасында алшақтық болмауын жиі ескеріп оты­ратын. Бірде сыншы Есмағамбет Ыс­май­ылов әдебиет жайлы баяндама жасап, ойын «Жазушылардың мінезі мен шығар­масы бірдей емес. Жазушы туралы әділ қорытынды тек шығармасына байланыс­ты болуы керек» деп қорытындылайды.. Мұ­хан бұл пікірге қарсы шығып: «Қазіргі жазушының жүріс-тұрысы мен шығармасы арасында алшақтық болуға жол жоқ. Өзі бұзақы, сотқар, жікшіл, өсекші адамның шы­ғармасынан жұрт қандай үлгі алмақ? Жазушының мінезі, құлқы өзі ардақтап, идеал етіп ұсынған кейіпкерлерінен алыс ке­те алмайды. Оның геройы өзі тудырып, тәр­биелеген ұл-қызындай. Әділ сын­шы­ болсаң бәріміздің шығармамыздан осыны аңғар!», – дейді. Әртістерге де: «Сахнаның әр­тісі болсаң бол, бірақ өмірдің әртісі болма!», – дегенді жиі айтады екен. Мұхаң бірдеңеге сүйсіне қалса құлай сүйсініп, ренжісе, түбегейлі ренжіген ғой.
Елуінші жылдардың басында Қасым Аманжолов эстет болып кетті, атамекені қазақ жерін тым артық бағалайды деген кінә тағылып, Жазушылар одағының жа­бық партия жиналысында көзінен жасы сор­ғалап тұрып өлең оқыған өр Қасымды қыз­ғыштай қорып, Мұхаң: «Мұны ілти­патқа алмасақ, тегі мұндар боп шығармыз», – дейді. Мұхаңның осы сөзінен сон жиналыс барысы басқа әуен алып, Қасымның көп «ірелмей» қалғаны бәрімізге мәлім. Осы жайдың куәсі болған Хамит Ерғалиев ағамыз: «Әлгі сөзден соң Мұхтардың бе­тіне қарасақ, үлкен көздері бір түрлі жасаурап тұр екен. Таза творчестволық айтыс­тарда алған бетінен қайтпайтын та­бан­ды тар­лан мұндайда әзиз анадан бе­тер мейі­рім­ді, ақкөңіл, әділ бола біле­тін­дігін одан кейін де неше дүркін байқап жүрдік. Ал та­лантты адам дүние салар күн туа қал­ғанда, Мұхаң басындағы мұң-шер­де тіпті шек болмаушы еді. Егіле сөйлер еді. Еңіреп тұрып жылар еді», – деп еске ала­ды.
Мұхаңның секретарь-машинисткасы болған Данабике Байқадамова: «Шолпан­ атада» Мұхаң Абай романын аяқтады. Романның Абай өлімімен аяқталатыны белгілі. Мұхаң көпке дейін қабағын қарс жауып алып ешкіммен сөйлеспей, бұрын болмаған оқшау мінез танытты. Көзі де жасаурай береді. Маған байқатпаған болып сүртіп алады. Көпке дейін Мұхаңнан бұл әрекетінің себебін сұрауға батылым бармады. Бірде ретін тауып сұрадым. Сонда Мұхаң: «Данаш-ау, Абай қайтыс болды емес пе?», – деп жауап берді», – деп қамы­ғатын. Суреткер өз шығармасына дәл осы­­лай жан дүниесімен, болмысымен бе­ріл­месе нағыз көркем шығарманың тууы да неғайбыл.
Мұхаң әзілмен қалжыңға да өте бай адам болған. Бірде Сырбай Мәуленовтің ба­сындағы бір таңбаны байқап қалып: «Сен өзің жасыңда тентек болғансың-ау дей­мін. Осы қалпыңда саған шидем шекпен кигізіп, беліңді қыл шылбырмен сы­қай буып, «Түйе палуан» деп бір дөңнің үсті­не отырғызса,құдай біледі бар ғой, қа­зақ-қырғыздан сенімен күресуге батылы ба­рып, ешкім шыға қоймас», – дейді.
Бірде Мәскеуде француздың атақты жазу­шысы Луи Арагонды қонаққа шақы­ра­ды. Ортамызда болыңыздар деп сонда қыз­мет бабымен жүрген Д.Қонаевты,
Қ.Сәт­баевты қоса шақырады. Мұхаңның өзі­нен бастап, келген қазақтардың бәрі ет­жеңді, бойшаң кісілер. Оларға ере келген бір жігіт те ұзын бойлы екен. Бұған таң­данған Луи Арагон: «Қазақтардың бәрі осы­лай бойшаң келе ме?», – дейді. Мұхаң «иә, біздің халқымыз осындай ірі тұлғалы келеді», – дейді жымиып. Осы кезде аласа бойлы тәпелтек, Қазақстандағы идеология жұмысының «құдайы» болып жүрген­ хат­шы кіріп келеді. Оның идеологияны бет­ке ұстап, қазақ халқына көп кесапат кел­тіргені белгілі. Мұхаң іле-шала әлгі сек­ретарға қарап: «Бұл біздің есепке кір­мейді», – деп қалжыңдап отырып, оны сөз­бен бауыздағаны ел арасына тез тарап кетеді.
Айта берсек, Мұхаң жайлы, Мұхаңның адамгершілік тағылымы жайлы әңгіме тау­сылмас мол қазына.
Сөзімнің соңында Мұхаңның Александр Фадеевпен болған мына бір сұхбатын келтіре кеткенді жөн көрдім. «Менің атам, – дейді Мұхаң, – ақылды балаларға мұра­ның қажеті жоқ, өздері де табады. Ал ақы­мақтарға қалдырудың қажеті жоқ, бәрі­бір шашып жібереді» дейтін. Фадеев күліп: «Се­нің атаң – данышпан адам ғой», – дейді. Мұ­хаң: «Иә, данышпан болған. Бірақ ол мені «Егер өз жаныңда бар жақсыны жас жет­кіншектің жүрегіне құймасаң, өзіңе ғана өкпеле, жақсылық аспаннан жаумайды, оған үйрету керек деп үйретті», – дей­ді.
Міне, Мұхаңның адамгершілік, кісілік т­а­ғылымынан үйренеріміз әлі де мол екені рас.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,
жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір