ӘУЕЗОВТІҢ ӘУЕЗДІ ҮНІ
17.08.2022
739
0

Заманымыздың заңғар жазушысы болған Мұхтар Әуезовтің әуезді үнін есту бақыты бізге, балаң студенттерге сонау өткен ғасырда Шымкент педагогикалық институтында (қазір М.Әуезов атындағы университет) оқып жүрген кезімізде бұйырды. Әдебиет кафедрасының меңгерушісі болған тамаша ұстаз, білімді де білікті ғалым Әбіш Байтанаевтың (кейін М.Әуезовтің жетекшілігімен докторлық диссертация қорғады) зор енбегін атап айтуға тиіспіз. Сол кісі ұйымдастырған әдебиет үйірмесінің бір шоғыр түлектері – марқұм Үсен Шойбеков,  Мамытбек Қалдыбаев, Яһуда Амандықов, Мухтар Шаханов, Сұлтанқұл Саметов, Көпбосын Панзабеков, Молдахмет Қаназов, (ішінде біз де бармыз) сынды қазақ әдебиеті саласында елеулі еңбек етіп жүрген қаламгерлер.

Ұлы жазушы «Абай» эпопеясын бітірген соң қазіргі ауыл өмірін суреттейтін сүбелі бір шығармаға кірісіп кетеді. «Бүгінде мен, – деп жазды М.Әуезов «Литературная газетада» (аударған Зейнолла Қабдолов) – Қазақстандағы бір облыстың өміріне, шындығына сүйеніп, жаңа роман жазып жүрмін. Менің «геройларым» мал да бағады, мақта да өсіреді, әйтеуір шаруашылық пен мәдениет құрылыстарының бәріне араласады». Бұл облыс Оңтүстік Қазақстан облысы болып шықты. Сондықтан да алпысыншы жылдары Шымкент қаласына жиі келетін. Бірінші болып бас сұғатын мекемесі біздің пединститут пен облыстық газеттің редакциясы болатын. Өйткені екеуі де жас әдебиетшілердің қайнап жатқан қазаны еді. Редакцияда Әділбек Омаров бас редактор, Мыңбай Ілесов, Нәмет Сүлейменов секілді тәжірибелі журналистер қызмет ететін. Мұхтар Шахановтың тұңғыш өлеңдері (М.Ілесовтың алғысөзімен) «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланды. Содан оны Шерхан Мұртаза оңтүстіктегі тілшісі етіп, жұмысқа қабылдайды. Байтанаевтың ұсынысымен ол біздің институтқа сырттай оқуға түседі де, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Қазір шығармалары дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылып, есімі Шыңғыс Айт­матовпен бірге аталып жүр.
Бір күні Әбіш ағамыз үйірме мүшелерін жинап алып: «Мен Мұхаңмен келістім, ол кісінің бізге жиі келіп жүргенін пайдаланып: «Абай жолы» эпопеясы бойынша үлкен бір ғылыми-конференция ұйымдастырсақ», – деп едім, ол кісі қолдап отыр. Оған сендер қалай қарайсыңдар? Келіссеңдер, баяндамашы өздерің боласындар. Мен барлығыңды жақсы білемін. Қолдарыңнан келеді. Тақырыпты Мұхаңның өзі таңдап әкелетін болды. Сол тақырып бойынша пікірлесіп, келіссеңдер соны әрқайсыңа бөліп береміз. Бұған не дейсіңдер?» – деді. Біз уралап қол соқтық. Бір айдан соң Мұхаң әкелген тақырыптарды (ол кісінің өзінің қатысуымен) бөлісіп алдық.
Мұхаң әр келген сайын бәрімізді жинап алып, баяндамалардың жағдайын біліп, қажетті сұрақтарымызға: «Ой, пәлі… е!» – дей отырып, әуезді де жұмсақ үнімен ерінбей-жалықпай жауап беретін. Жанынан қалмай жүретін Гүлзай ұстазымыздың: «Сұрақ қойып Мұхаңды көп шаршатпаңдар!» – дегеніне қарамай, «Ой, пәле!.. Гүлзай-ау, мұндай сәтті кездесу үнемі бола бермейді ғой… қайта мен қуаныштымын! Көздерінде жанып тұрған от, кеуделерінде буырқанған жалын жатқанын қалай білмей тұрсың? Соны өшіріп, сөндіріп алмайық! Әдебиеттің келешек жампоздары осылар емес пе?!» – деп, жұмсақ қайыратын.
Келесі бір кездесуін жазбақ романының нобайы, онда көтерілетін мәселер төңірегіне арнады. Бұл жолғы кездесуге институттың барлық студенттері мен ұстаздар қауымы түгел жиналды. Мұхаң сөзін бастап кетті. «Аяулы Абайыммен қош айтысқаныма міне екі жыл. Содан бері бүгінгі шындықтан шығарма жазсам деген ойдан бір күн ажырап көрген емеспін. Тарихи тақырыптан бүгінгі шындыққа бір-ақ секіру, шұғыл ауысу қаншалық қиын екенін, көп нәрсені қайта қарау қажет болатынын айтып жату артық. Алғашқы бетте анық қызыл әсерлер, қым-қиғаш ойлар, бұрын кездеспеген қиындықтар қоршауында қалғаным бар. Бір мәселені шешсем, екінші мәселе, бір қиындықтан өтсем, екінші қиындық алдыма көлденең тартыла берді.
…Жазылар романымнын бас қаһарманының бірі – обкомның бірінші секретары, лениншіл орыс коммунисі. Ол өмірдің биік белестерінен өтіп, жан-жүрегі жақсы, жарқын қасиетке молыққан, адам баласын ардақтай білуді үйренген, оның бақыты мен қайғысын, күлкісі мен көз жасын ұғына білетін адам», – дей келе, басқа да кейіпкерлерінің адами қасиеттерін жайып салды.
Кейін роман «Өскен өркен» деген атпен 1962 жылы басылып шықты. Біз одан жазушы бізге күні бұрын айтқан – обком секретары Ниль Петрович Карповты, Жандосты, Әсияны, Айсұлуды, Арманды, Ильясты, Нұрбүбіні, жауыз Сағитты көрдік. Романның соңында Орталық партия комитетінің мәжіліс залында (аудан, облыс, республика басшылары бас қосқан жиналыста) Н.П.Карпов ұзақ сөз сөйлейді. Жетістіктерден гөрі орын алған кемшіліктерге көбірек тоқталады: «…Күндіз де, түнде де шешіне алмай інге кіргендей сең-сең тонының астына кіріп, екі-үш жасар, бес жасар балаларын бауырына тығып өз денесімен жылытып, суық үйде дірдек қағады. Алты ай қыста жуынатын монша жоқ…» – дей келе, малшыларға жағдай жасау керектігін жіпке тізгендей етіп баяндап шығады. Осыған байланысты мәжіліс тарихи қаулы қабылдайды. Қаулыда малшыларға барлық тұрмыстық, мәдени шаралар жасау керектігі айтылады. Романда айтылған қаулыны ескеріп, Қазақстан Орталық партия комитеті оны іс жүзіне асыру үшін көптеген шаралар қабылдады. Шопандар өмірін жақсартуға оның көп пайдасы тиді.
Бұл қаулының Қазақстан бойынша қалай іске асқанының куәгерінің бірі – менмін. Алматы облысы Жамбыл ауданы «Ақсеңгір» тәжірибе шаруашылығында республикада тұңғыш рет ірілендірілген шопандар бригадасы құрылды. Оны Толыбай ақсақал басқарды. Артынша «Дегерес» совхозында Социалистік Еңбек Ері Шопан Жандыбаевтың басқаруында «Құрдастар» бригадасы құрылды. Оның бағдарламасын жасаған Жамбыл ауданында орналасқан Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері еді. Мен ол кезде аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетінде редактордың орынбасары болып істейтінмін. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Аймұхамбет Мансұров шақырып алып, осы бригаданың тәжірибесін аудан көлемінде насихаттайтын мақалалар жариялауға тапсырма берді. Ғылыми-зерт­теу институтына барып, бағдарламамен егжей-тегжейлі таныстым, ғалымдармен сөйлестім. Бригада құрылған шаруашылықтарға барып, шопандар өмірімен таныстым. Соның нәтижесінде «Құрдастар» атты повесім дүниеге келді. Ол «Жалын» баспасынан басылып шықты.
Ұлы Мұхаңның бұл романы жай ғана оқылып қоймай, мал шаруашылығында жүрген адамдардың да тұрмыстық, мәдени-рухани өміріне көп жаңалық әкелгенін айту ләзім. Роман осынысымен құнды.
Конференция 1960 жылдың 1 маусымында Шымкенттің үш мың орындық Металлургтер Сарайында сағат 10-да басталды. Екі күнге жоспарланған жиын бір-ақ күнде өтті. Өйткені Мұхаңның әлі бармаған аудандары бар екен. Сол жаққа аттанбақ. Бұрын келісіліп қойыпты.
Жиын алдында Мұхаң жақында ғана Америкаға барып қайтқан сапары жайында бір сағаттай төгілте сөйледі. Арасында «Нью-Йорк таймс» газетінде басылып шыққан суреттерін көрсетіп, оның астына жазылған таныстыру сөздерін қазақшалап айтып беріп, жұртты бір күлдіріп алды. Олесь Гончардың суретінің астына: «Біздің футболистерге ұқсайды», Л.Леоновтың суретіне: «Шаштаразға ұқсайды», С.Щипачевты: «Кеңсе қызметкеріне ұқсайды», ал мені: «Ертедегі шығыс ойшылдарын, данышпандарын еске түсіреді», – деп жазыпты.
Мұхаң студенттер баяндамасын мұқият тыңдады. Әбіш ағайымыз Мамытбек Қалдыбаев екеумізге сол кезде жасы сексеннен асқан Абайдың немере келіні Қамашты (Әбубәкір әйелі) қолтықтап жүруді тапсырған еді. Сондықтан біз де төрде Қамаш апамыздың жанында отырдық. Баяндаманы ол кісі де зер сала тыңдады. Анда-санда Мұхаңа: «Неге Шүкіманды Әйгерім еткенсің? Қодар жазықты еді ғой, оны жазықсыз етіпсің?» – деген сияқты сұрақтар қойылып, жазушы бұл сауалдарға жиынның ең соңында тоқталып өтті. Оның себептерін түсіндірді. Келген оқырмандарға, облыс басшыларына, институт ұстаздарына, баяндама жасаған студенттерге рақметін айтты. Бірақ жазмыштан озмыш жоқ, бір жылдан соң одақтық баспасөз Ұлы жазушы жүрегінің тоқтап қалғанын қайғыра отырып хабарлады.
Қазақ әдебиетінің бір бәйтерегі құлап түсті. Сіз тірісіз, Мұха! Биыл 125 жасқа келіп отырсыз. Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Қазақ барда, «Абай жолы» трилогиясы барда сіз мәңгі жасайсыз.
Сіздің әуезді үніңіз жүрегіміздің нәзік қылын шертіп, сізге деген сүйіспеншілімізді бұрынғыдан да арттыра түспек.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір