Бауыржан ұғымындағы патриотизм
26.05.2017
2281
0

Әуелде әке-шеше әлдиімен құлағымызға сіңірген «патриотизм» сөзі кей жерлерде бізді жалықтырып жіберген кездері де болыпты. «Киелі ұғымның қадірін қашырып алдым-ау!» деп қателігіңді түзетуге тырысып, енді өзгенің де көңіліне сол сөздің кепиетін «қондырамын» дегенің, сенімнен бұрын – әбестік. Өз жүрегіңмен түйсініп, алғаш алған «әсеріңнің» «астаң-кестеңін» шығармайынша сол түсінікке басқа қырынан қараймын деу де бекершілік-ау. Алдына жиі тартылатын астың өзінен шығып қалатын адам баласы болғандығымыздан ба екен, кейде қасиетті сөздің мағынасын білдім дегенімізбен, астарынан сыр суыртпақтауға тырыспаймыз. Күнделікті күйбең тіршіліктегі негізгі міндетіміз – оқу – жұмыс – демалыс… әрі қарай осылай жалғасып жүре береді. Ал өзімізге өзіміз есеп беріп, бірауық ойлануға келгенде – уақыт тапшы. Мен де өзімді «патриот» санап жүр едім. Ілгеріректе оқыған ескі кітапты қайта ашып, парақтай бастағанымда «сенім-қамалымның» қабырғасы шайқалып бара жатқандай күйде қалдым. Біз (онымен салыстырғанда!) түк те патриот емес екенбіз…

Қолыма қайдан түскені есімде жоқ, әйтеуір алғашқы оқыған шы­ғармам Әзілхан Нұршайықов­тың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы болды. Әлі қалыптасып үлгермеген балаң сананы бір сілкінтіп тастаған еді. Роман кейіпкерінің ізіне «шы­рақ» алып түскен ішкі әуестік содан кейін басталған. Бізді өзіне іңкәр еткен кейіпкер ертегілерде кездесе­тін Толағайлардан бөлек болып шықты. Ол қиялдан жасап алған «тау көтерген» алып­тар­­ға да, «Керқұла атты Кенде­бай­лар­ға» да ұқсамайды. Мүлде басқа. Және он­дай адам өмірде болыпты.
Ол кезде сұхбат дегеннің не еке­нін білмедік қой. Бұл кітапты қазір оқы­­саң автордың кейіп­кер­мен қа­тар отырып әңгі­ме­лескенін аңғар­ма­дым дегенге өзге түгіл, әуе­лі өзің сенбейсің. Ал бұл шығарманы (ба­лалықта) оқы­ған­да ондағы басты «рөлді» сомдаушы жазушының қиял-көк­жиегінен пайда болғандай әсер қал­дыр­ған. «Ке­йіпкердің» өз ті­лімен айтқанда «екі жүз же­ті рет ұрыс­қа кіріп, бес рет қор­шау­да қалғаны», Момышұлы ба­та­ль­оны­ның бес күн, бес түн жүріп қоршауды жарып шығып, Волоколамск қала­сы­нан өтіп бара жатқан сәті, «гос­питальға жібер­месе болмайды!», – деп қорқақтай берген дәрігерге «орындамасаң – ата­мын!», – деп ақырып, етпеттеп жат­қан күйінде өткір ұстарамен омыртқасындағы оқты алғызғаны (қақпанға түскен қасқырдың бір аяғын өзі шайнап, азаттыққа ұм­тылатынындай), бұйрыққа бой ұсынбаған сарбазды кірпік қақпай атқызғаны, бәрі-бәрі санамызда «Мұндай жан өмір­де болуы мүмкін бе?» деген сұ­рақ­ты туғызған. Бірақ кітап қа­һар­маны біз күткен­дей тауды да көтермеді, алты басты аждаһамен де айқасқан жоқ. Ол адамдармен қатар жүрді, тү­сінді, сезінді, солардай оққа ұшып, солардай жараланды. Іштей «Нағыз патриот осын­дай болады екен ғой!» де­ген­біз. Тіпті «кейіп­кер» аузынан шыққан «…мен еш кі­тапты сызып, белгі салып, оқы­ған кісі емеспін. Олай ету адамның ойын бөледі…», – деген сөзінен кейін оқыған шы­ғар­маларымызды қарын­­дашпен сызып немесе кітап парақтарының төменгі тұсын қайы­рып қою әде­ті­нен де біржолата арылғанбыз. Жо­ға­рыда айтылған көріністер сұр­а­пыл соғыстың су­реті еді ғой. Ал бей­біт күнде біз «пат­­­риотизм» ұғы­мын қалай түсін­дік? Әлде түсін­бе­дік пе?!
Үлкен өмірдің алғашқы қада­мын мектеп табалдырығынан ат­та­ғанымызда ұстаздан естіген бірінші лепес те, университет оқы­ту­шыларының (бәрінің емес,
әр­ине) жиі қайталайтыны (былайша айтқанда бізге «тапсырмасы») «па­триот болу» еді. Мұны олар, мей­­лі, қанша адал ниетімен айт­қанымен бірден жүрегімізге қона қоюы қиын екен. Патриотизмнің астарында ел­ді, жерді, Отан­­ды, ҚА­ЗАҚ­ТЫ сүю тү­сініктері жа­сырынып жат­­қан­дығын білсең де, мұн­дайда «бір нәр­се­ге көзіңді жет­кізуің үшін бі­реудің ол ту­ралы баянда­уымен қатар, оны өзің­нің де се­зі­ніп, ба­сың­нан өт­­ке­ріп көруің керек» деген прин­ципті ұс­та­нып алады екен­сің. Пат­ри­о­тизм­­ді ба­сыңнан қалай өткере­сің? Санаңды жайла­ған сан сауал­­­дың құдіретімен ой-қиялың­ның түкпірінен «бая­ғыда» сезінген (егер есіңде қалса!) сезім­де­рің­нің ұшқынын іздей бас­тайсың. Өйт­кені, жүрегіңде күн сайын «патриотизм алауы» жанып тұр­майды ғой. Сол «оттың» бір кез­дері оянған сәтін ойыңа оралта алсаң – олжа.
Бізде барлық нәрселерді күр­де­лендіріп түсіндіру әдеті қай кезден басталғанын білмеймін. Патрио­тизм­ді Гагариннің ғарышқа ұшуы­мен салыстырып жүргені­мізде ол ауылдағы әкеміздің он сотық же­ріне еккен егінімен байланысты бо­лып шықты. Бала ке­зі­мі­зде егін­ді қарғалардан қыз­ғыш­тай қорып, шарқ ұратынбыз. Сол сәттерде біз­ге қарғалардан асқан жау жоқтай  көрінген. Ызаланып, тас лақтырып қуып, жұдырықтай жерден құс біт­кенді аластайсың. Қылтиып шыға бас­таған егіннің бір түйірін де тұм­сықтыларға шо­қыт­қың кел­мейді. Алғашында ойын мен қызықтан айырған бұ­лар­ды жек көресің де, соңынан қызығына қалай түске­ніңді сезбей де қаласың. Содан бо­лар, келе-келе осыдан артық абы­ройлы міндет жоқтай көріне бас­таған. Кейін университетке оқуға түсіп, туған мекеннен жүз шақырым ұзап көр­ме­ген біз алты ай алшақта жүріп, тас қаладан қайтып  орал­ғанда әке­міздің сол кішкентай егіс­тік алқабы жүрегімізге біртүрлі жы­лы ұшы­расқан. Сол  маңнан  ес­кен  самал бетімізді сипап өткенде әже­міздің ала­қанындай ыстық әсер еткен. Жайылып жатқан жазық да­ла­ның ауасын терең жұтып, тоя сімір­генде өкпемізге жиналған «шаң­ды» тазартқандай еді. Осы сәт­те ту­ған жерге деген мақтаныш пен сүйіс­пеншіліктің (патриотизм) не еке­нін аздап сезінгендей бол­ған­быз.
Бәрібір алдымыздан бір күмән шыға берді. Онда тұрған не бар?! Балалықта күнде көретін әкеміздің егістік даласы (сол кезде мульт­фильм қарауымызға бұдан асқан «кедергі» жоқтай көрінетін), оған қоса ауылдың кіребері­сін­де көңіл құ­лазы­тарлық кей­іп­­­­тегі жұ­пы­ны үйлерге деген уақыт өте оянған сағыныш пен махаббатты қа­лайша «патриотизмге» теңеуге бо­лады? «Па­т­риотизм» деген үлкен ұғым! Бізге солай тү­сіндірген. Ол бала қия­лы­мызда ел үшін от кешіп, оған төн­ген қатерге қарсы мың­даған жаумен шайқасу, одан қалса сол жолда шаһит болу секілді елес­теген. Солай деп ұққанбыз. Сонда ішкі әле­мі­мізде «Шынайы патриот болу үшін міндетті түрде өлу керек екен ғой» деген түйсік те қылаң беріп қалған. Жоқ! Біз ешнәрсені де түсінбеппіз. «Патриотизм» де­ген­ді елді, жерді, ата-ананы, балаларды сүю ғана деп ұғыппыз. Бұл дұрыс та шығар?.. Бірақ… Бірақ Мо­мышұлы түсіні­гіндегі патриотизм басқашалау екен. Ол оның ха­лық аңыз қылып айтып жүрген жан жомарттығынан-ақ көрініп қа­латын.
Сол кездердегі бір айтыста жас жігітпен табан тіресіп қазақша айтысқан Надежда Лушниковаға төреші­лер­-
д­ің елеусіз берген сыяпатына намыстанып, әйе­­лі Кә­мәш екеуі орталарына алып, ювелир ма­газинінен таң­дап жү­ріп «Лира» мар­ка­лы алтын сағатты оның қо­лы­на тағып тұрып: « – Мұ­ны са­ған Бауыр­жанның бергені деме, адал жү­рек, асыл өнерің үшін саған қазақ халқының сый­лаға­ны деп біл, игілігіңе тақ, қара­ғым…», – деген Бауыр­жан­дық мі­нез­­ді жиі тілге алғанымызбен, жар­­ты ғасыр өтсе де балама таппай қи­­наламыз!
1957 жылы Мәскеуде өткен татар әдебиетінің онкүндігінде кіріс­пе сөзден кейін Сурков баян­да­ма­шыға сөз бере бергенінде залда отыр­ған қалың көпшіліктің арасы­нан « – Әмина ханум қайда, Алексей Алек­­сандро­вич? Президиум үсте­лінің басынан мен ол кі­сіні көре алмай тұр­мын», – деп саңқ ет­кен Бауыр­­жан Кеңес Ода­ғының Ба­тыры Мұса Жә­лел­дің жары Әми­наны құрмет­ті орнына ша­қыр­ға­нын­да, залда отырған жұрттың «Мұ­са Жәлел – Бауыржан Момыш­ұлы!», – деп қосыла дауыстап, ыр­ғақпен қол соққаны оның «болмашы» ғана дүниенің өзін байқап қоя­тын сезім­­тал­дығы мен әділет­тілігіне халық­­тың ілтипаты екен ғой де­ген­біз. Кейде осындай қара­пайым ғана іс-әрекеттің өзі адам бойын­дағы кісілік келбет пен ұл­тына де­ген махаббатын айқындап тұра­тын­дай.
«Біздің кезімізде адамдар ақ­ша­­ға құнықпайтын. Елге, жерге, Отанға деген сезімдері бөлекше еді», – деп бастайды үлкендер әң­гімесін. Ол кезеңдегі адамдардың ішкі сезімдерін әдеби кітаптардан оқып, аз да болса ұққандаймыз. Ал қазіргі жас буынның жанында жү­ріп, «елеусіздеу» ғана кейбір оқи­ғаларының үстінен түскенде, олар­дың өз жүрегіндегі патрио­тизм­нің қа­лай оянып жатқанын өздері де бай­қамай қалатынының куәсі боласың. Өйткені, олар жа­саған «кішкентай» әрекеттерінің мән-жайын түсіндіріп жатуға аса құш­тар емес.
Бірде Чехияда қоғамдық көлік ішінде оңашалау тұрған төрт қазақ студентінің түр-әлпетінен өзге ұлт­тан екендігін байқаған сол ел­дің азаматы төртеудің жанына жа­­қындап келіп, ағылшын тілін­де:
– Қай елдің өкілісіңдер? – деп сұрағанда төртеудің ішінен біреуі ғана тіл қатып, Қазақстаннан кел­ге­нін айтады. Орта жастан асқан чех азаматы үнсіз  тұрған үшеуі жақ­қа сұраулы жүзімен қадала қа­р­ап:
– Қазақстан әлі Ресейдің құ­ра­мын­­да ғой? – деп миығынан күледі. Әдеп сақтап, үнсіз тұрған үшеуі ағыл­шын тілінде сұрақ қой­ған кі­сі­нің өзінің білімсіздігін сол жер­де дәлелдеп бергенде ойланбай сөй­ле­ген сөзінен қысылған әлгі аза­мат­тың өзі үнсіз қалған. Сту­дент­тер оған жауап қайтармай, оңа­ша­ла­нып тұра беруіне де болатын еді. Бі­рақ өйткен жоқ. Кейде қо­з­ғау са­лар оқиғалар болмаса бойыңда  оя­на бастаған патрио­тизм­­ді бай­қамай да қалатындайсың. Сезімнің ең үлкені де туған ауы­­лың­нан бас­та­лып, туған же­ріңе, Отаныңа, со­ның бәрінің не­гізінде адамдарға деген махаббатта жатса керек.
Халықтық рухпен сусындаған қаһарманды қайта тілге алғанда оның өзіне бөлінген үкіметтің бес бөлмелі үйін қар­тай­ып қалған кейуанаға бергізген мәрт мінезінен батырдың бойын­да­ғы тағы бір қасиетіне риза бола­сың. Мұндай әре­кеттер сені де алға жетелеп, ай­на­лаңдағы өмір ажарланып, ты­нысың ашылғандай өз жүре­гіңдегі еркіндікті сезінесің. Біз бәріміз де «ел үшін жан беруде» патриотпыз. Көшеде кетіп бара жатқан екі адам­ның біріне «Отан үшін отқа түсесің бе?», – деп сұрақ қойсаңыз, ойланбастан «Иә!», – деп жауап береді. Ал бей­біт күнде жүрек көзімен көр­ме­сең тасада қа­лып қоятын «кіш­кен­тай» әре­кет­терге келгенде «Мен со­лай жасай алар ма едім?», – деген сұрақ­ты іштей өз-өзіңе қойғанда, то­сылың­қырап қалады екенсің. «Пат­­рио­тизм­нің» синонимдері көп, ма­­ғы­насы біреу болғанымен, ол әр­­кі­мнің жүрегіне әрқалай, әр түр­лі жағдайда орнығатын секілді кө­рі­­­неді.
Естеріңізде ме, Момышұлы кі­та­бының бір естелігінде ұрыс дала­сын­да жүгіріп келе жатқанында сна­ряд жарықшақтары ұшып, тура ал­дын­дағы солдаттың бір қолын жа­рала­ға­нын айтады ғой. Сонда ол етіне ілі­ніп, салбырап қалған өз қолын екін­­ші қолымен жұлып алып, лақ­ты­рып жібереді де, алға қарай жү­гі­ре береді. Солдаттың мұндай әре­ке­­тінен денесі түршіккен ба­тыр­дың өзі де,  бәлкім, осы сәтте пат­рио­тизм­ді мүлде басқа қырынан се­зін­ген болар?..

Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір