РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
26.05.2017
1287
0

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан Мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы,
Бас мүфти


Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асы­ға күткен мүбәрак рамазан айы­ның келуімен құттық­тай­мын!
Рамазан – он екі айдың сұл­та­ны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.
Рамазан – Алланың мейірімі тө­гіліп, жұмақтың есігі айқара ашы­латын, иманды күшейтуге мүм­кіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.
Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қай­тарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге беріле­тін сый мен сауап, құрмет пен ма­рапат пайғамбарлар мен періш­телерге де белгісіз.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Ора­за – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана бере­мін…», – деп оразаның қадірі мен қа­сиетін, мәні мен маңызын баян­даған.
Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дү­ни­е­мізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосым­ша құлшылықтары, жасаған қайы­рымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани  тұрғыдан сезін­ген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондық­тан.
Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза жан мен тәнді рухани та­зартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пен­делердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұр­пайы сөздерін естісе де: «Мен ора­замын», – деген бір ауыз сөзбен нәп­сісіне тоқтау салып, сабыр сақ­тайды. Ал сабыр иесіне бері­ле­тін сый – жәннат.
Денсаулығына байланысты не­месе кәрілік жетіп, ораза ұстауға ша­масы жетпеген адамдар ауыз бе­кіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғам­­-
ба­ры­мыз Мұхаммед (оған Алла­ның са­лауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жа­зады…», – деген.

Қадірлі жамағат!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында хал­қы­мызды ұлттық құндылықтарды құр­меттеуге, туған жерді көркей­ту­ге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн бойымыздағы ру­хани құндылықты жаңғыртуға үн­деді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаңғы­руы­мызға септігін тигізіп, има­­ны­мыз­ды күшейтуге мүмкін­дік туғы­за­тын қадірі мен қасиеті мол ай.
Ендеше, рақым айы – рамазан құт­ты болсын! Ұстаған оразамыз, жа­саған дұға-тілектеріміз, құл­шы­лық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл бол­ғай! Алла Тағала отбасымызға аман­дық, жұмысымызға береке-бір­лік нәсіп еткей!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жа­ратушы Иеміз баршамызды ора­задан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!


Қазақстан Мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы,
Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ
қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа
ҮНДЕУІ

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті отандастар!
Баршаңызға қасиетті Рамазан айының қарсаңында жыл сайын­ғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын!
Өздеріңізге белгілі, еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қа­зақ­­стан облыстарындағы отандастарымыз айтып келмейтін табиғи су тасқынынан едәуір зардап шекті. Қаншама бауыр­ла­ры­мыздың үйі су астында қалып, материалдық шығынға ұшырады. Осыған орай, жомарт жандар мен қайырымды кәсіпкерлер табиғи апаттан үй-күйсіз шарасыз қал­ған тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмегін аямауда.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы да жанашыр жамағаттың демеушілігімен «Қайы­рым­дылық керуені» акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйым­дар жеткізді. Кәсіпкер азаматтарды осы бағыттағы қа­йы­­рымдылық жұмыстарға бе­л­сене атсалысуға шақыра­мын.

Қадірлі бауырлар!
Асыл дініміз Исламда «садақа жария» деген қасиетті ұғым бар. Қо­ғамның, халықтың игілігі үш­ін жасалған сауапты істерді, атап айтқанда, мешіт-медресе, ауру­хана, бала-бақша, спорт кешен­де­рін тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздырту, т.б. игі амал­­дарды «садақа жария» деп атаймыз. Міне, бұл ізгі  іс-шара­лар халықтың игілігі үшін жасал­ған сауапты амалдар. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы облыстарда «Қайырымдылық мекемесін» ашып, жергілікті жас буынға діни һәм зайырлы білім беріп, имандылыққа тәрбие­леу­мен қатар тұрмысы төмен отбасы­ла­рына әлеуметтік көмек көр­сету­де.
Меценаттар мен кәсіпкер аза­мат­тарды жалпы жұршылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұ­мы­сына белсене араласып, жа­нашырлық танытуға шақырамын. Өйткені, рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед­тен (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын) бір кісі: «Уа, Ал­ла­ның Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.
Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бай-дәулетті азаматтарды жағдайы төмен тұр­ғындарға көмек көрсетуге үндеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасына үн қосу барша­мыз­дың азаматтық борышымызға айналуы қажет деп есептеймін.

Құрметті қазақстандықтар!
Қоғамда кісі ақысын жеу, бала­ны аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азамат­тар арасындағы қатыгездік жағ­дайлар, арақ-шарапқа тәуел­ді­лік, отбасындағы келіспеу­шілік, террорлық оқиғалар сынды жалпы адамгершілік құн­дылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұр­ғыдан аздырып, елдің ты­ныш­тығын бұзып, қоршаған орта мен бүкіл қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман әрекеттерге жұрт болып жұмылып, қарсы күресуіміз керек. Бүгінгідей бірлігіміздің ар­қа­сында мұндай жағымсыз, жаман оқиғалардың жолын кесе аламыз.

Ардақты ағайын!
Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен же­сір­ге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.
Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөл­ше­ріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселе­ніп жазылады.
Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыс­тық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдас­ты­рылса, тойлар ішімдіксіз өт­кізіл­се, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тіле­гімді білдіремін. Осынау жақсы амал­дар рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр.
Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті рамазанда жаса­ған ­ам­ал­дарымыз бен ізгі ниеттері­мізді Алла Тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз еліміздің болашағы жар­қын, әрбір игі бастамаларымыз баянды болғай! Әумин!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір