Өлмес сөздің өлшемі
12.05.2017
1737
0

Әр дәуір­де өмір сүрген сөз өнері алыптарынан қалған дүниелерді оқып отырып, дәл бүгін жазыл­ғандай әсерде боласыз. Қанша жыл, тіпті ғасыр өтсе де, олардың ойлы сөздері өз өңін бермеген. «Хан айтқан сөзді қара да айтады…» дегенде де, қазақ сөз өнерін игеру кез келгеннің басына қона салатын бақ емес екенін аңғартқандай. Адам баласымен бірге жасасып келе жатқан өмір шындығын ешбір боямасыз шебер суреттеу, оны жан-дүниесімен сезіну, ертеңіне қырағылықпен қарап, орамды ой айту – тек сөздің киесін ұға білген жанға ғана бұйыратын несібе. Бүгінде халыққа, келер  ұрпаққа қызмет етіп, соңына өлмес, ескірмес сөз қалдырамыз деп талпынатындар аз емес. Десек те, солардың көркем әдебиет­тегі, сөз өнеріндегі алар орнын, үлес-салмағын анықтайтын өлшем не деген сауал төңірегінде ой қозғаған едік.


Өмірзақ Айтбаев,
ҚР ҰҒА академигі

ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ТІЛ ТУРАЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ

Шынында, адам баласының адам­дық қалпын қалыптастыратын ең басты байлық – тіл туралы тол­ғанбаған жан жоқ шығар. Бүгін мен сол пікір қозғаушылардың біра­зы­мен тілдесіп, рухани әлемді қайта бір шарлап шыққандай болдым. Енді әңгімені сол дана ойлы тұл­ға­лардың қайсысының қай айт­қанын ал­ға салудың мәнісін біліңкіремей то­сылып отырған да жайым бар. Әйт­се де, ең әуелі әңгіме ана тілі жайын­да болғандықтан, сол жайын­дағы толғауларды біртіндеп тіл­ге тиек ете бастайын.
«…кімде-кім ана тілін білмесе, мың жерден брахман кітабын жаттап алғанымен, өз ортасы үшін көр­генсіз болып көрінеді», – дейді П.М.Карамзин. Ауыр сөз, оның салмағын сезетіндер бар, былқ ет­пейтіндер де жетіп жатыр.
Ал А.С.Пушкин бір жолы былай депті: «Біздің ғажайып тіліміз ша­ла сауаттылар мен шалағай жаз­ғыштардың қаламынан оп-оңай жүдеп-жадап шыға келеді. Сөз танымастай өзгереді. Грамматика пы­шырайды, орфография тілдің тек тамыры көрінгеннің додасына түсуде».
«…өз ана тіліне немқұрайлы қа­райтын адам хайуанмен бірдей, оның ана тіліне деген немкеттілігі өз халқының өткеніне, қазіргісі мен келешегіне деген немкет­тілік­пен сабақтасып жатады. Сондықтан да ондайлар өте зиянды», – деп өсиет қалдырған екен К.Паустов­с­кий.
Ана тілі туралы қазақтың ұлы­лары да тебіреніп сөз қозғаған.
М.Әуезовтің мына сөзі әрбір қазақ­тың есінде болуға тиісті пікір деп біле­мін. Ол: «Бұл дәуірде өз тілін, әде­бие­тін білмеген, қадірлемеген адам то­лық мәнді интеллигент емес деу­ге де болады, себебі, ол қандайлық ма­мандық білімі болса, рухани ой тәр­биесінде сыңаржақ азамат болады. Тегінде қай ма­ман­дық саласында жүрген адам болса да шын ин­теллигент дәрежесіне жету үшін тілді, әдебиетті білу жал­пы­лығы ор­тақ шарт», – деп толғана­ды.
Халық Қаһарманы Б.Момыш­ұлы ана тіліміз жайында тіпті со­­ғыс жылдарының өзінде алаң­­дап, тұшымды пікір өр­біткен. Қараңыз: «Тілімізді ұмы­та баста­ған­дардың са­ны­ның көбеюіне тәрбие жұ­­­мы­сындағы осалды­ғы­мызбен бірге іс-қағаз­да­рының, қызмет басын­дағы, қоғамдық орын­­­дардағы түрлі жиын мен салтанаттардың бір тілде жүргізілуі де кінәлі», – деп күй­зеліпті батыр аға. Сөз зер­гері Ғ.Мүсіреповтің «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жа­саған, жасап келе жатқан халықтың мәң­гілігінің мәңгілік мә­селесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады», – деген сөзі қазақ зия­лыларының жазуда ұс­танатын темірқазығы сияқ­ты көп көкейде ұялап қалды. Ғабең бұл ойын «Тіл­ден биік асқар жоқ, тілден ас­қан бай­­лық жоқ, тілден терең теңіз жоқ», – деп тереңдете түседі.
Ана тілінің бүкіл байлығын ғы­лыми тұрғыда талдай отырып, оны тұтынудың, таза сақтаудың, дамытудың жолдарын тарата тү­сін­діруде Ахаң атқарған шаруа ұшан-теңіз. Оның «Тіл құралдары», «Тіл жұмсары» әсіресе «Әдебиет танытқыш» атты еңбектері мен «Қа­зақ» газетінде жарияланған ма­қалалары бүгінгі мына біздерге аманат ретінде қалдырған таптырмас үлгілер. Соларға үнемі назар аудара отыру мемлекеттік тіліміз­дің әлуеттене түсуіне сеп болар еді. Бі­рер үлгі: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ  деп мәдени жұрттардың ті­ліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін ара­ластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айырылып қалуы ықтимал. Сон­дық­тан мәдени жұрттардың тілін­дегі әдебиеттерін, ғылыми кітапта­рын қазақ тіліне аударғанда пән сөз­дерінің даярлығына қы­зықпай, ана тілімізді қарастырып сөз табуымыз керек, сонда біздің әде­бие­тіміздің тілі таза болып, жоғарыда ай­тылған талғау салтының шарты орын­­далған болады», – дейді
А.Бай­тұрсынұлы.
Үстіміздегі жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ма­қаласында «Біз алдағы бірнеше жыл­да гуманитарлық білімнің бар­лық бағыттары бойынша әлем­дегі ең жақсы 100 оқулықты әр түр­лі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз» деген ой­ды ортаға тастады. Ана тіліміздің өзіне тән заңдылықтарын сақтай отырып, аударма жасау барысында жоғарыда көрсеткенА.Байтұр­сынұлы принципін ұстануға тура келеді. Жоғарыда келтірілген үзінді мысалдардан қазақ сөзінің құдіреті мен қасиетін ұлы тұлғаларымыздың қалай қадір тұтқанын, қалай тұты­нып отырғанын білдік. Енді осы ой­ды мына бір аңыз әңгімемен де тұздықтасақ артық болмас дедік:
Ілгері де бір патша өз құлының іс­керлігіне масаттанып дос-жа­рандарының алдында мақтанғысы келеді:
– Тағамның ең тәттісін әкел деп жарлық беріпті құлына. Құл: «Құп болады, тақсыр!» депті де, аз­дан соң тілді пісіріп патшаның ал­дына қояды. Бұған аң-таң болған әмір­ші:
– Мұның не? – дейді.
– Тіл, тақсыр!
– Мен саған тағамның ең тәт­ті­­сін әкел деп едім ғой, естімедің бе?
– Тағамның тәттісі осы, тақсыр, – дейді құл міз бақпастан.
– М-м, солай де… ендеше тағам­ның ащысын алып кел! – депті хан құ­лын мазақ етпек оймен мыс­қыл­дап.
– Құп болады, тақсыр! – деп құл тағзым етіп шығып кетеді. Аз­дан соң қайта оралып, хан алдына та­бақ тартады. Ашып қалғанда хан­ның көзі табақта жатқан тілді кө­ріп ашу­дан жарылып кете жаздайды.
– Бұл не?
– Тіл, тақсыр!
– Көріп тұрмын, мәнісін түсін­дір.
– Тақсыр, сабыр етіңіз! Сіз та­ғам­­ның ащысын алып кел дедіңіз, алдыңызда тұрған тағамның ащысы – осы.
Құлдың мына қылығына қай­ран қалған патша сәл сабасына тү­сіп:
– Хо-о-ш! Мен саған тағамның тәт­­тісін әкел десем де, ащысын әкел десем де, тілді әкелдің. Бұл қай мазағың сенің? Айт, мұның мә­­нісін.
– Е-е-е, мәртебелі әміршім, за­маннан заман өткелі дүнияда тіл­ден тәтті нәрсе болмаған. Сап тү­зеген сансыз қол сөздің бал та­тыған шербетінен сусындап, сауыт сайманын тастап сенделіп кеткен. Қол астындағы пақырларын аяусыз қырып-жойған хан қо­лындағы қылыш та, сөз құдіретіне төтеп бе­ре алмай сілтенген күйінде тұ­рып қалған. Сансыз ғашық бір-бі­ріне ынтықтығын жеткізе алмай та­лай-талай сөз маржанын төгіс­кен. Міне, осындай оқиғаларға орай, бұл әлемде тілден шырын еш нәр­се жоқ деп түйдім, тақсыр. Ал ен­ді әлемде жамандық атау­лының бә­рі де тіл арқылы болады десем, оның да қисыны бар. Әр патша­лықтың арасында болып жататын жой­қын соғыс, әбес айтылған жал­ғыз ауыз сөздің құрбаны десем, қа­­тесіз. Адал достар, асыл жарлар, суық сөздің тәлкегіне тап болып, қай­та көріспес халге жетеді десем, қайтесіз «жаман адамның тілі ащы» деп тілден тепкі жеген зардап шек­кен адамдар айтса керек, та­ғам­ның ащысы тіл дегенімнің се­бебі осы еді. Тақсыр, мен осы ә­ң­гімені айтып отырған­ның өзінде Сіз екі түрлі сезімде болдыңыз. Ал­­­ғашында сүйсініп балбырап отыр­дыңыз, екіншісінде қаба­ғыңыз­ды қарс жауып, өзіңізден өзіңіз буырқана түстіңіз. Осы қы­лығыңыз да менің айтқандарымды қуаттап тұрған жоқ па?
Патша құлының дәлелді сөзіне тән­ті боп, оны азат еткен екен. Мі­не, тілдің құдіреті!


Светқали НҰРЖАН,
ақын

ӨЗ ЖҮРЕГІҢНЕН «ХӘЛ» ТАБУЫҢ ҚАЖЕТ

Әлқиссамызды Абайға жү­гі­ніп бастайықшы. Абай не дейді: «Алла өзгермес, адамзат күнде өз­герер…». Ендеше, сол «күнде өз­гер­гіш адамзат» өмір сүрген қоғамдар да толассыз өзгеріс үстінде. Уақыт пен Кеңістік аясындағы: кезең, дәуір, заман аталатын кате­го­рия­ларға тәуелді адам баласының өз қо­лымен орнатқан қоғамдары жер бе­тіне ғана емес, адам, ұлт, ұрпақ са­насына көбіне кеспірсіз ізін, ке­рек болса, қара таңбасын қалдыра отырып, тарих қойнауына жұтылу­да. Кешегі құндылық саналған нәр­селер бүгін қарасаң, жындылық қана! Ал сол жасанды құн­ды­лық­тарды насихаттау, дәріптеу жолында қаншама ғұмырлар сарп болды, нешеме ормандар оталып кетті! Ой­ласаң, басың айналады. Жалған сая­си оспадарсыздықтың қол­шоқ­парына айналғыш «атқа жеңіл тел­пекбайларды» айтпай-ақ қой­ған­да, әлгі зорлықпен таңылған сай­тани идеялардың «жарқын болашағына» шынымен сенген та­лай талантты тұлғалар әсіреңкі «қызғылт» ойындардың жалынына шарпылып жоқтыққа кеткені жасырын ба?! Мен меңзеп отырған советтік кезеңде сол заманның бү­кіл игілігін көрген, барлық жылы-жұмсағына қолы жеткен небір айтулы тұлғалардың елестері көз ал­дымызда көмескі тартып бара жат­қан жоқ па?! Демьян Бедныйларды айтпағанда, Горький мен Маяковскийлердің өзі «модадан» шығып қалғалы қашан… Ал оның есесіне сол қоғамнан барынша шет­қақпай көрген Бунин, Есенин, Ахматова, Пастернактардың даңқ-дәр­пі ескірер түрі көрінбейді. Қай­та күндер өтіп, уақыт жылжыған сайын олардың қалдырған мұра­лары әр қырынан жарқылдап сәу­лесін шашып бағуда. Қазақ әде­бие­тінде де осыған ұқсас мы­­салдарды көптеп келтіруге болар еді… Бірақ бұл жерде мысал маңызды емес, маңызды нәрсе – кезең, дәуір, заман, керек болса, уақыттың өзіне бағына бермейтін асқақ рухты Киелі Сөз деген нәрсенің болатын­дығы! Ол Киелі Сөздің әруағын – магадандар мен колымалардың суық ызғары да, оқпанына 9 мыс­қал қорғасын жасырған қандыауыз қара мылтықтың мұздай ұңғысы да қашыра алмайды! Олай болса, бар кілтипан осы жерде жатса керек.
Ендеше өзің айтқандай: «Ха­лыққа, келер ұрпаққа қызмет етіп, соңына өлмес, ескірмес сөз қалды­рам деп талпынатындар» табылып жатса, олар Құдайдың сүйегіне ек­кен талант дәнін ғана малданып қал­май, өткен даналар қыдырған мәңгілік бақшасына сапар шегіп, сол бақшаның асыл жемістерінен дәм татқандары дұрыс. Көз алдыңа елестетші, әр тасы бір-бірімен тіс­те­сіп жатқан, тылсыммен тілдескен ақар-шақар шыңдардың бір қал­тарыс қуысында жерасты мешіті бар. Сол мешіттің төбесінде Ай мүл­­гиді, ал төрінде балауыз шам­ның сәулесіне малтыған абыз отыр. Қолында әппақ қауырсын қа­ламы ақ қағаздың бетінде дірдек қағады. Тас-дәуіттегі қап-қара сия ақ қағазға Ақиқаттың күп-күрең қанындай жұғады…
Мен мұны неге айтып отырмын? Ақ қағазға ізін, жад-санаға мө­рін басқысы келген әр талант қор­шаған ортадан, қажет болса, қо­ғамнан әлгі абыз құсап алыстап кетуі керек. Әлбетте қиян түпкірден үңгір қазып алуға мұрғасы болмас, алайда санасымен Жалғыздық ше­гуі шарт. Сонда ғана оның рухы Құдайымен қауышады. Құдайымен қауышқан рухтан ғана шын асыл-зада дүниеге келеді. Ал бүгінгі сы­зыл­ған өлшемдер мен белгі­лен­ген мөлшерлердің шегінде жүріп бір­деңе тындырам деу – мәңгінің қия­лы…
Осындай әдебиет туралы, оның миссиясы мен мәңгілігі жайлы тал­қы-талас туа қалса, ойыма Мәу­лана Румидің мына сөзі оралады: «Қис­са­дағы мақсат: одан сабақ ал­мақ; әйтпесе, мұның бәрі саған құр хикая айтып беру үшін емес!.. Бұл – сені мен менің дәл осы сәттегі хә­ліміз…». Демек, Мәңгі­ліктің Ба­ғы­на өз көше­тіңді отырғызу үшін «жү­рек  ілімі­нің» әулиелері құсап өз жүрегіңнен «хәл» табуың қажет! Өз бойыңнан «хәл» таппай тұрып, тікенекті гүлден бал татпайтының анық…
Қолыңа қауырсын қалам алып, ақ қағазға төнген сәтте-ақ сенен ал­дымен ұйқы қашуы тиіс. «Хәл» тап­қан қаламгер күніне 4, асып кет­се 5 сағат ұйқыны қанағат қы­ла­ды. Сөйтейін демейді, өзінен-өзі сол күйге душар болады. Міне, бойын­да осындай өзгеріс болса, ол қа­ламгер өзінің хас мұратына қа­рай қадам басты деп есептесеңіз, қа­телеспейсіз. Мұндай сана сам­ғауына жетпесе, Әбіштің «Шыңы­рауы», Асқардың «Адасқағы», Мұх­тардың «Қыпшақ аруы», Тө­леннің «Парасат майданы», Темір­ханның «Көк түріктер сарыны», Иран-Ғайыптың «Бүтін адамы», Есен­ғалидың «Ғайша-Бибісі» жа­зы­лар ма еді?..
Мендік  пайым-парық сен айт­қан «өлшемді» осы маңнан іздей­ді…

Дайындаған
Гүлім СЫДЫҚОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір