Заманауи аранжировака мәселелері
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Абай атамыз айтқандай, музыка адам өмірінің ажырамас бөлігі. Тіпті әнсіз, күйсіз өмірімізді елестету қиын. Қазақ даласында сонау
VIII ғасырдың өзінде-ақ музыкалық мәдениет ән түрінде (вокалды музыка) және күй түрінде (аспаптық музыка) көрініс тауып, музыкалық жанрлар сараланып үлгерді. Тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі дала жұртшылығының жан серігі болған ән өнерінің қоғамдық-әлеуметтік сипаты, тәрбиелік мәні халқымыздың санасынан бір сәт тысқары қалған емес.
Біздің санамызға «музыканың тілі ортақ, музыка – интернационалдық өнер, жақсы музыка кез келген ұлтқа түсінікті» деп келетін ұшқары пікірлер сіңіріліп келді. Нағыз төлтума музыканың тілі сөйлеу тіліне қарағанда ұлттың болмысына көп жақын. Тарих зобалаңына тап болып, сырт күштің экспансиясына ұшыраған ұлттың ең алдымен өмір салты ассимиляцияға ұшырайды. Сонан соң тұрмыс-тіршілігі, киген киімі, моральдық-этикалық нормалары сырттан ықпал еткен өктем күшке мойын ұсынып еліктейді. Ұлттық қасиеттен ең соңғы ассимиляцияға түсетін – музыка. Әлеуметтік-тарихи жағдай халықтың болмысын өзгертпей қоймайды. Қазіргі ақпараттар ағымы, урбанизация мен рухани ассимиляция үрдісі бұрын-соңғыдан ерек қарқын алды. Ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен музыка өнері бұл шаблонға еліктеуден шет қалған жоқ. Еуропаның классикалық музыка үлгісі қазақ даласына ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында келді. А.Затаевич қазақтың 1000 әнін жинастырып, нотаға түсіріп жинақ қып шығарып, қазақтың музыка мәдениетіне өшпестей еңбек сіңірді. А.Жұбанов 1934 жылы ең алғаш қазақтың халық аспаптар оркес-
трін ұйымдастырып, қазақтың классикалық кәсіби музыка өнерінің негізін қалады. Міне, осы тұстан бастап музыкалық шығарманы өңдеу, яғни аранжировка, оркестровка түсініктері біздің музыка мәдениетімізге ене бастады.
Оркестрлік музыка өнерінде шығарманы өңдеу, аранжировкалау қажеттілігі табиғи заңдылық. Өйткені, белгілі бір шығарманы оркестрмен орындау үшін, ол шығарманы оркестрге лайықтап өңдеу, аранжировкалау, аспаптандыру (инструментовка), оркестрлендіру (оркестровка) қажет. Аранжировка (француздың arranger деген сөзі. Сөзбе-сөз аударғанда – ретке келтіру) деген мағына береді. Яғни музыка тілінде, музыкалық шығарманы автордың нұсқасына қарағанда, орындаудың басқа түріне бейімдеу, өңдеу. Нақтылап айтқанда, музыкалық шығарманы бастапқы түріне қарағанда өңдеп, айрықша етіп көрсету өнері. Оркестрлеуден ерекшелігі, музыкалық материалдың түпнұсқасын дамыту үшін қолданылатын түрлі әдістер – гармониясын өзгерту, транспозиция және модуляциялар қолдану, қосымша кіріспе, аяқтау сияқты жаңа музыкалық материалдар пайдалану. Аранжировканы оркестрлендіру немесе аспаптандыру деп те түсініп жатады. Меніңше, бұл әрқайсысы әр түрлі ұғымдар. Аспаптандыру – ноталық материалды белгілі бір аспаптық құрамы бар ансамбльге не оркестрге түсіру болса, яғни музыкалық шығарманы орындаудың бір түрінен (домбыраны фортепьяноның сүйемелімен орындауды) басқа түрге (оркестрмен сүйемелдеуге) бейімдеу. Яғни фортепьяно орындайтын партияны, оркестрдегі аспаптардың дауысына лайықтау.
Бүгінгі күні елімізде оркестрлік музыка өнері өте жоғары деңгейде дамыды деп айтуға толық негіз бар. Алғаш кәсіби музыкалық білім ошақтары ашылғалы бері Қазақстанда қазақтың халық аспаптар оркестрімен қатар симфониялық, опералық симфониялық, үрлемелі аспаптар, эстрадалық-симфониялық, орыстың халық аспаптар оркестрлері,камералық-симфониялық, джаз оркестрлері, хор капелласы, вокалды-эстрадалық ансамбльдер, 1980 жылдардан бері қарай фольклорлық ансамбльдер мен оркестрлер көптеп ашылды. Қазір әрбір облыс орталықтары түгілі, әрбір қалалар мен аудандарда, ауылдарда да өнер ұжымдары баршылық. Бұл – аранжировка, яғни шығарманы өңдеу өнері де дамығанын көрсетеді. Музыкалық шығармаларды өңдеудің бірнеше түрі болады. Шығармаларды үлкен оркестрлерге – халық аспаптар, симфониялық, эстрадалық-симфониялық, камералық, үрлемелі оркестрлеріне арнап өңдеу, бұл классикалық үлгісі. Фольклорлық, вокалды-эстрадалық ансамбльдерге, квартет, квинтет, секстеттерге арнап әндер, күйлер, аспаптық шығармалар өңдеу, т.с.с.
Елімізде 1970-ші жылдары алғаш вокалды-эстрадалық ансамбльдер пайда болғаннан бастап эстрадалық музыканың даму үрдісі қарқын алды. Бұл ретте елімізге белгілі вокалды-эстрадалық аспаптар ансамбльдерінің алғашқы қарлығашы «Дос-Мұқасан» ансамблін айтуға болады. Дос-Мұқасан ансамблі қазақтың халық әндерінің бояуы мен нақышын бұзбастан заман талабына сәйкестендіріп бейімдей білді. Оның ерекшелігінің сыры да осында. Мысалы, ансамбль дүниежүзіне әйгілі ливерпульдық «Битлз» тобының стиліне қазақтың халық әні «Құдашаны» бейімдеп, өңдеп халыққа тарту етті. Атақты «Гүлдер», «Айгүл» ансамбльдері де қазақ эстрадасының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Аталған ансамбльдердің орындауында эстрадаға лайықтап өңделген көптеген халық әндері халық жүрегінен орын алды. 1980 жылдың бас кезінде «Арай» ансамблі қазақ эстрадасын жаңа кәсіби деңгейге көтерді. Фольклоршы ғалым, профессор Болат Сарыбаевтың баласы Талғат Болатұлы Сарыбаев домбыра аспабына Құрманғазының «Адай», қобыз аспабына Ықыластың «Жез киік» күйлерін және көптеген халық әндерін ұлттық нақышын сақтай отырып «Арай» ансамбліне арнап өңдеп түсірді. Талғаттың төл туындысы М.Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Наурыз» әні әлі күнге дейін Наурыз мерекесінің көркін кіргізіп, гимніне айналғандай. Оның сыры әннің өңделу тәсілінде қазақтың ұлттық нақышының сақталуында жатыр. Бұл – композитордың кәсіби шеберлігімен қатар, ұлттық музыка аясында тәрбиеленгендігінің, биік талғамының айғағы.
Сол 1980 жылдардың орта тұсында вокалды аспаптар ансамбльдерінің аспаптық құрамында электронды синтезатор аспабы пайда бола бастады. Синтезатордың бұрынғы ионика аспабынан айырмашылығы, бір синтезаторға эстрадалық, симфониялық, джаз және басқа да оркестрлердегі барлық аспаптардың дыбыстары және синтезделген дыбыстар жинақталған. Үлкен сахнада жүрген кәсіби эстрадалық ансамбльдер осы синтезаторды кеңінен пайдалана бастады. Нәтижесінде оркестрлік аспаптардың дауыстары синтез дыбыстармен алмастырылды. Өйткені, жаңа дыбыстар, барлық аспаптардың дауыстары қол астыңда, шығарманы өңдеу ыңғайлы. Оның үстіне гастрольдік сапарларға шығып тұратын ұжымдарға экономикалық жағынан тиімді болды. Бір музыкант бірнеше аспаптың оркестрлік партиясын ойнайтын болды. Сөйтіп, 1990 жылдың бас кезінде елімізге шет елдерден қол жетімді синтезаторлық аспап қаптады. Бұрынғы оншақты өнерпаздың басын қосқан вокалды-аспаптық эстрадалық ансамбльдер тарқап, орнын синтезатор ойнайтын және ән айтатын екі адам басты. Міне, арзанқол аранжировканың дәуірі осылай басталған еді. Кейін 1990 жылдың орта тұсынан бастап түрлі компьютерлік музыкалық бағдарламалардың (Sonar, Cubase, Nuendo) пайда болуымен компьютермен аранжировка жасау үрдісі кең етек жайды. Аталған бағдарламалар синтезаторды ығыстырып, қазақ эстрада өнерінде фонограмма дәуірі басталып кетті. Барлық әншілер жаппай эстрадалық ән орындауға көшті. Өйткені, бұрын домбырамен ән салып жүрген әншілердің оркестрдің сүйе-
мелімен ән айтатындары некен-саяқ еді. Оркестрмен ән айтатын әншілер көбінесе эстрадалық және классикалық вокалды бітірген әншілер болатын. Компьютермен аранжировка жасау үрдісі, әншілердің барлығын,тіпті театр актерлерін де эстрада әншісі етті. Оның себебі, жеке концертін, яки шығармашылық кешін өткізетін әншіге концертке үлкен оркестрді қатыстыру материалдық жағынан өте тиімсіз. Біріншіден, барлық шығармаларын оркестрге лайықтап аранжировка жасату қажет. Ол дегеніміз – партитура жазу, партитура дайын болған соң әрбір аспапқа жеке-жеке партияларын көшіру керек. Екіншіден, оркестрмен дайындалу жұмысы. Кез келген оркестр бір әншінің жеке шығармашылық кешіне дайындыққа көп уақыт бөле алмайды. Өйткені, өздерінің басқа да шығармашылық жоспарлары бар. Үшіншіден, бұл шаруа өте көп уақытты алады және қымбатқа түседі. Міне, сондықтан компьютерлік техниканың дамуы, компьютерлік аранжировка кез келген дарынды-дарынсыз, білімді-білімсіз әншілерге, атаққұмар өнерпаздарға, таланты болсын-болмасын, дауысы болсын-болмасын үлкен сахнаға даңғыл жол ашып берді. Сөйтіп, фонограмманың, минидискінің дәуірі басталып кетті. Ал компьютерлік аранжировка үлкен бизнеске айналды. Компьютерлік аранжировкамен жоғарыда аталған музыкалық бағдарламаларды меңгерген, аздаған музыкалық қабілеті бар кез келген адам айналысатын болды. Олардың басым бөлігінің ешқандай музыкалық білімдері жоқ, тіпті нота танымайтындар. Әйтеуір гитарада үш аккордпен ән айта алатындар аранжировкамен айналысатын болды. Бұл үрдіс қазақтың эстрадалық өнеріне залалын тигізбей қоймады. Бір сахнада қазақ өнерінің мэтрларымен бірге арзанқол студиялардың арқасында танымал болған той-думандарда жүретін әншісымақтар қатар ән салатын болды. Олар қазақ радиосы мен телеарналарын жаулап алды. Нәтижесінде қазақ эстрадасының сапасын түсіріп жіберді. Қазір қазақ радиосын тыңдау мүмкін емес. Бұл жағдай тыңдарманның да талғамына кері әсерін тигізері сөзсіз.
Осы жерде компьютерлік аранжировка турасында аздаған түсінік бере кетейік. Компьютерлік аранжировканың, яғни компьютермен музыкалық шығарманы өңдеудің оркестрлік аранжировкадан айырмашылығы өте көп. Белгілі бір оркестрге арналып жасалған музыкалық аранжировка жанды оркестрмен тамаша дыбысталса, тура сол музыкалық аранжировка виртуалды дауыстармен анық шықпайды. Сондықтан белгіленген ережелерді сақтамай жай ғана аранжировка жасай салу жеткіліксіз. Жасалған аранжировка өз кәсіби деңгейінде дыбысталуы үшін оның ережелері, заңдылықтары сақталуы шарт. Қандай жағдайда да компьютерлік аранжировка басым бөлігінде техникалық және музыкалық мүмкіншіліктерге ие. Компьютер сапалы аранжировка жасаумен, фонограммалар жазумен қатар сіздің барлық шығармашылық қиялдарыңызды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан шығармашылық адамдарға өзінің бар талантын, дарынын қолданатын жер табылады.
Аранжировка жазудың әрбір адам білуі тиіс өзіндік заңдылықтары мен ережелері бар. Музыкалық шығарманы өңдеуші, аранжирока жазушының ең алдымен болашақ композиция турасындағы идеясы болуы шарт. Идеясыз толыққанды дүние тудыру мүмкін емес. Аранжировка жазушы шығарманың фактурасын білуі керек, яғни ансамбльдің, болмаса оркестрдің аспаптарын дұрыс топтастыра білуі қажет. Ол үшін барлық аспаптардың дыбыстарын, дыбысталу заңдылыған, дыбыс ауқымын жатқа біліп, әр аспапқа, аспаптық топқа тән партияларды меңгеруі шарт. Әрбір аспаптың дыбысын ести білу, оны тыңдап сараптап, шығармада қанша аспаптың дыбысы бар және әрбір аспаптың дыбыс тембрін атқаратын функциясына сараптама жасауды үйрену қажет.
Жинақтай келгенде аранжировка жазушы түрлі музыкалық ағымдар мен стильдерді ажырата білуі, ең бастысы драматургиядан хабары болуы керек.
Аранжировка жасаушы компьютерлік техниканы қанша жақсы меңгергенімен музыкалық сауаты жоқ, кәсіби тұрғыдан жетілмеген болса халыққа шала-шарпы музыкалық дүниені ұсынуды тоқтатпайды. Ал халық кәсіби музыканың дәмін татпаса, жақсы-жаманды ажыратпай талғам төмендей бермек.
Самат Мәлімбай,
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Өнер, мәдениет және спорт институты
Музыкалық білім және хореография
кафедрасының аға оқытушысы,
дирижер, композитор,
ҚР мәдениет қайраткері.