Мұңымды да, сырымды да саған айтам…
Тарихы тоқсан жылдан аса уақытты артқа тастаған Алматыдағы ең байырғы мектеп №12 Ш.Уәлиханов атындағы мамандандырылған гимназияда ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлымен кездесу өтті.
«Мұңымды да, сырымды да саған айтам…» атты әдеби кешке осы мектеп директоры, педагогика ғылымының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі Рахима Бөлекбайқызы, ҚР мәдениет қайраткері, әнші-композитор Қадырғали Көбентай, дәстүрлі әнші Саят Нұрғазин, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты. Кездесудің алғашқы бөлімінде оқушылар Маралтай Райымбекұлына арналған елге танымал ақындардың өлеңін оқыды. Кездесу қарсаңында ақынның шығармашылығымен терең танысқан 11 сынып оқушылары «Бір өлең» айдарымен өздеріне ұнаған өлеңдерін оқыса, енді бірі ақын өлеңдерінен алған әсерімен бөлісті. Шәкірттер өз пікірлерімен ғана бөлісіп қоймай, Маралтай ақынның шығармашылығы туралы Қазақстанның халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, халық әртісі Асанәлі Әшімов, әдебиетші-ғалым Бақытжан Майтанов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚЖО Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек сынды қаламгерлердің пікірлерін ауық-ауық айтып отырды. Жасөспірімдердің ақынға қойған сұрақтары да ерек. Оны кінәмшілдігінен шынайылығы басым Маралтай ақынның сұрақтардың кейбіріне жауап бергенде тосылып қалғанынан, болмаса «Мұның жауабын білмедім», – деп шын ниетімен айтқанынан байқауға болады. Сондай философиялық сұрақтың бірі – «Шын ақын 18 мың ғаламның тілін біледі», – депсіз. Осыны тарқатып айтып беріңізші», – деген сұрақ еді. Оған ақын «Қара жолда келе жатқанда құмырсқаны көріп, оны баспай айналып өтсеңіз, 18 мың ғаламның тілін білгеніңіз деп түсінем», – деп жауап берді. Оқушылардың ақын шығармашылығына жіті мән бергенін белгілі сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмір-Бектің «Маралтайдың түсі» шығармасын шағын көрініс етіп көрсеткенінен де байқадық.
Ақын мен оқушылар арасындағы сұхбатқа құрылған кеш соңында Маралтай Райымбекұлы осы кездесуге оқушыларды ыждаһатпен дайындаған ұстаздар мен мектеп директоры Рахима Бөлекбайқызына зор алғыс айтып, «Ел ішінде көп кешім өтті, бүгінгі кеш олардың барлығынан ерекше. Өйткені, жасөспірімдердің ықыласы мен ізденісі мені толқытты. Менің анам Сармолдаева Дариға Ақмедияқызы осы мектепте білім алған еді. Дәл қазір рисалат нұрына шомылып тұрғандай әсердемін. Жан дүнием тазарып, ерекше күйге бөлендім. Өз болмысымды ақтарып, осындағы қауымға, маған көрсеткеніңіз үшін, басымды иемін», – деп ағынан жарылды. Қасиетті қара шаңырақ Жазушылар одағы басқармасының атынан мектепке Абай Құнанбайұлының бюстін сыйға тартты. Өз кезегінде мектеп директоры Рахима Бөлекбайқызы ақын шығармаларының ерекшелігіне тоқталып, ақынға сый-сияпат көрсетті.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.