«Жолаушы», қайда барасың?..
21.04.2017
1780
0

Еркін ЖАППАСҰЛЫ


Әлде біз тозып, заман озып ба­ра ма, әлде біз кетіліп, қоғам же­тіліп бара ма, бұрынғы «Мыл­қау­дың астына, соқырдың қолына түспе» дейтін есті ескертуді қазір «по­лиция мен дәрігердің қолына түспе» деген сесті ескертпемен ауыс­тыра пайдаланатын болып жүр­міз. Әрине, бұлай дейтіндей әр өзгерістің себеп-салдары болады ғой. Мысалы, кезінде «Милиция – қорғаның» делінетін… Оның сон­дай ишарасы да байқалатын. Бұл күндері Жүргенов атындағы Өнер академиясы еншілеп отыр­ған ғимараттан ҚазҰУ-дың жаңа қалашығына алғаш қоныс аудар­ған жылдары (әрине, студент ке­зі­мізде) қалалық «ұрдажықтар» кеш­құрым аялдамадан тосып алып, біздің біріміздің басымызды жарып, екіншіміздің қолымызды сындырған (ұл, қыз демей) жағ­дай­лар бастан өтті. Сонда милиция расында да қорғанымыз болды. Талай соққыдан арашалады. Олар­ға ұйымдасып, «жауап» беруді де үйретті. Үшінші, төртінші курс­тарда сессияларды сәтті тапсырып, «бусаныңқырап» жүрген уа­қыттарда басқалармен шатысып қалмаңдар деп МАИ қыз­мет­кер­лерінің үш аяқты мотоциклдің люл­касына салып, жатақха­на­мыз­­ға бірнеше дүркін жеткізіп сал­ған кездері де болды.

Ал қазіргі полиция қорғаны­мызға емес қорлаушыға айналған. («Полиция» деген атының өзі кісі шошырлық қой). Таяуда мені жұ­мыс орныма жеткізіп салуға әкеле жатқан жеңіл автокөлікті МАИ қыз­меткерлері бағдаршамының са­рысы өшпей қозғалыс жасадың де­ген сылтаумен тоқтатып, жүр­гізушінің 15 мың теңгесін айыппұл деп қағып алды. Өздерінің түстері қатал, өңдері суық. Жүргізушіні аяп, іске араласуға бейіл таныта бастап едім, екіншісі мені тапжыл­дырмады.
– Бұлардың мына әрекеттері ұят­сыздық екен, – деп едім жол­се­рігім:
– «Жебірлер» атанған бұларды ешуақытта жеңе алмайсыз. Сұра­ғандарын беріп құтылмасаң, нан тауып жүрген «праваңды» бірнеше жылға «лечить» ете салады, – деп те­рең күрсінді.
Шіліңгір шілде айының орта ше­ні болатын. «Қызылорда – Семей» бағытындағы пойыз шағын бе­кетке тоқтай қалғанда қоларба сүй­реткен саудагерлерден бір бө­телке сыра сатып алған төрт бала­сы­мен келе жатқан жолаушыны тәр­тіп полицейлері тоқтатып, он мың бес жүз теңге айыппұл тө­лейсің деп шырылдатты.
– Не үшін? – дейді ол.
– Қоғамдық орында сыра іш­кенің үшін, – дейді «әзірейіл­дер».
– Мен әлі тығынын да ашқан жоқ­пын ғой. Оның үстіне мына жер қандай қоғамдық орын? Иен дала емес пе, – деп шыр-пыр бола­ды азамат.
– Бәрібір ішесің ғой, сатып ал­ған соң, – деп дікектейді шен­ді­лер.
– Ендеше осыны сатқандарды ұс­тап, неге жазаламайсыңдар?
Олар жердің жыртығына кір­гендей жоқ болған.
– Қане, көрсетші!..
– Жаңа мен сатып алып жат­қан­да қасында тұрдыңдар ғой.
Шендінің екіншісі:
– Онымен салғыласып не қы­ла­сың, бес мың теңге бере салсаң­шы, он мың айыппұл тартқанша, – деп жолаушы жігіттің құлағына сыбыр­лап әлек.
– Мен бұл сыраны үйге барған­ша ішкізбеймін, – деп сөзге араласты «айыпталушының» әйелі.
– Тәртіп бұзушыны жақта­ға­ныңыз үшін сіз де «айыппұл» тө­лей­сіз, – деп жармасты полиция. Қол­дарында өздері «Тәртіп сақтау кодексі» деп таныстыратын жұл­ма-жұлма қағаздары бар. Ақыры қоймай жүріп сыра сатып алған жолаушыны 5 мың теңгеге «жы­ғып», тыныш тапты. Көңілдері «жай­ланып» бара жатып «жанал­ғыштар»:
– Енді сыраңызды іше беріңіз, – дейді мәз болып.
– Мыналарыңыз нағыз тонаушылар ғой, – дейміз вагонның жол­серігіне.
– Осындай әрекеттермен бұлар бір бағыттың өзінде-ақ 60-70 мың теңге пайда табады, – дейді ол.
– Сонда бұларға тыйым салар ешкім жоқ па? – дейміз біз.
– Өздері тәртіп сақшылары ғой. Негізінде олар пойыз жүргін­шілерінің қауіпсіздігін сақтауы керек, құқықтарын керісінше пай­далануға дағдыланып кеткендер ғой, – дейді самарқау ғана.
Алматыдағы Абылайхан даң­ғы­лы бойында ескі «Аудидың» жүр­гізушісін «айыппұл» төлетуге жа­нал­қымға алып тұрған МАИ қыз­меткерлеріне осы даңғылдың бойы­мен бағдаршамдарға да қара­май газды барынша басып қойып, жұлдызша ағып бара жатқан екі су­пержиптті нұсқап:
– Аналарды тоқтатып, неге жөнге салмайсыздар? – дейміз.
– Оларды ұстаймын деп, өзіңіз ұсталып кетесіз. «Еркетотайлар» ғой, – дейді үш шенді.
– Мына жүргізушілерді неге қи­найсыңдар?
– Бұл біздің шаруамыз, ара­лас­паңыз. Болмаса өзіңізді «ұшын­­дырып» жібереміз, – дейді көз­де­рін алайтысып. Әрине, жөні­мізге кеттік.
Аялдамада, қасымызда бірін-бірі қалжыңдай түрткілесіп екі сту­дент жүрді. Екіншісінің ақ көй­легінің төсқалтасындағы сыртынан «көз арбаған» болмашы ақ­шасын саусағымен түрте нұс­қап:
– Мынаны бөлісейік те, – деп тұрғанда қастарынан өтіп бара жат­қан үш тәртіп полициясы олар­ға келіп жармасты.
– Сен біреудің қалтасына неге қол сұғасың? – дейді олардың бірі.
– Өз курстасым ғой, қалжың­да­сып тұрмыз, – деп арашаға түсті екіншісі.
– Қоғамдық орындарда тәртіп бұзып, бүйтіп ойнауға болмайды, – дейді аға лейтенант сұрланып.
– Олар өз бауырларымыз ғой, тиіс­пей-ақ қойсаңдаршы, – деп едік:
– Біз сізден жөн, ақыл сұра­май­мыз, тыныш, жөніңізге ба­рыңыз, – деп салды. Қолшоқ­пар­лары­мен сес көрсетеді:
– Ағайындас адамдармыз, бір-бірі­мізге тиісіп тұрған жоқпыз, – дегендеріне қарамастан жедел по­лиция машинасын шақыртып, екі студентті алды да кетті. Бірер күннен кейін хабарласқанымызда әке-шешелерін шақыртып, олар­дың әрқайсысына 150 мың тең­ге­ден «айыппұл» төлетіпті. Бірі «тәр­тіп бұзғаны», екіншісі тәртіп бұз­ғанды «қорғағаны» үшін.
Мінеки, полиция қыз­мет­керлерінің қайсыбіреулерінің жұрт­шылыққа жасап жүрген «қайы­рымдарының» түрі осындай. Енді кезінде:
Ақ халатты абзал жандар, ақ жан­дар,
Көңілдері көгілдір көк, пәк жандар, –
деп әнге қосқан ақ халаттылардың ауылына қарай қиыстайық.
…Шынтағымды кәрі талға оң­дырмай ұрып алдым. Екі-үш күн­нің ішінде істі де кетті. Сол­қыл­дайды, сыздайды. Қызмет орнына жа­қындау жердегі «Шұғыл жедел жәр­дем көрсету орталығы» деп маң­дайшасында айқайлата жар­намаланған жазуы «менмұндалап» тұрған орталыққа бардым. Есіктен кіргеннен дәл осы ауруға тікелей қатысы бар деген жігіт ағасы:
– Жолдамасыз неге келесің? – деп айқайға басты. Бір кабинетте тізе түйістіріп, өсекті боздатып отыр­ған екі сарықарын әйелдің әң­гімелеріне кедергі жасасам керек, шошқаның басын көргендей оды­райысты. Ісіп тұрған шынта­ғым­ды көрсеттім. Екі бұтты екі жақ­қа жіберіп отырған жуан қара­сы қолымды сипап та көрместен:
– Ішіне қанды ірің толып кеткен, ақшаң бар ма, әкел! Шіріген қол­ды кесіп тастау керек, – деп соқ­ты.
– УЗИ, рентген дегендер болмаушы ма еді, тексеріңіздерші, – деймін.
– Несіне тексереміз, көрініп тұр ғой, кесе салу керек, – дейді шарықтабақтай сары беттісі. Бұ­рыла беріп, анадай жердегі «Рентген кабинетке» көзім түсті. Қазақ қыз-келіншектері екен. «Түсіріп бе­ре қойыңыздаршы», – деп жа­лын­дым.
– Аға, ана отырғанар байқап қал­са, нанымыздан қағып, без тергізіп жібереді, жақындамаңыз. Болмаса, жаңа өзіңіз барғандардан жолдама алып келіңіз, – деп бұр­қылдайды ондағылар. Шуыл­да­сып-дуылдасып жүргенде арғы жақ­тан Серега есімді жап-жас орыс жігіті шықты. Жақындап ке­ліп:
– Агашка, қандай проблема? – деді. Ісіп кеткен шынтағымды көр­сетіп, травматолог әріп­тес­те­рінің «іріңдеп кеткен, кесу керек» дегендерін айтып едім, жүгіріп барып шеткі бөлмеден стол, орын­дық алып келіп, мені отырғызып, тағы бір бөлмеден ұзын, қазмойын ап­парат «жетектеп» әкелді. Ауыр­ған жерімді олай да былай да аунатып түсіріп, компьютерлік таза дискіге шынтағымның суретін көшіріп жазып:
– Агашка уайымдамаңыз, бәрі та­за. Тек қатты соғылған екен, сіңі­рі жаншылған, әлі-ақ жақсы бо­лып кетеді, – деп есіктің сырты­на дейін шығарып салды.
«Рахметтен» басқа қолына еш­теңе ұстата алмадым.
Мың сан шаруалардың бірімен №7 ауруханаға бардым. Орта жас­тағы азамат «аһ» ұрып, айқайлап, жанын қоярға жер таппай қиналып жатыр. Аурудың әбден қажытқаны жүнжіп, жүдеген түрінен аңғары­лып-ақ жатыр. Қасында үш бірдей «ақ халатты абзал жандар» қар­қыл­дай күлісіп, терлеп-тепшіп шай ішіп отыр. Ауруға назарларын да аударар емес.
– Тыныштандыратын укол, дәрі-дәрмек берсеңіздерші, өзде­рің секілді адам баласы ғой, аясаң­даршы, – дейміз.
– Ой, мұндайлардың күніге «пә­леншесі» келеді, қайсыбіріне бәйек боламыз, – дейді еш жеріне «қыстырғысы» да келмей отырған бас­шысымағы.
– Жәрдем көрсету міндеттерің емес пе, «Гиппократ антын» қа­был­дағандарың қайда? – дейміз.
– Анттан гөрі ішіп отырған шайы­мыздағы қантымыз дәмдірек болып тұр, – дейді ол. Оның «сөзді тауып» айтқанын қолпаштап, қа­сындағылар мәз. Осы сәт аурудың туысқаны ма екен, салиқалылау болса да әбіржіңкіреп жүрген жігіт келіп етжеңділеу ақ халаттының құлағына әлденені сыбырлап, қалтасына оралған қағаз салуы мұң екен:
– Қыздар, қоларбамен мына ау­руды палатаға апарып жатқы­зып, тезірек күтімге алыңдар! – деп бұйырды ол. Екі қыз зыр жү­гір­ді.
– Теміржүректілерді қалай илік­тірдіңіз? – деймін, таңданған кейіп танытып.
– Жетпіс бес мың теңге көрік­ше қыздырды ғой, – дейді шар­шаң­қы үнмен.
– Ақша билеген заман болды ғой, – дейміз.
Ана бір тапалтақ қушыкеш айы-күні жеткен әйелін босан­дыруға бір айлық еңбекақысын бергенін тіліне тиек етіп тұр.
– Кеудесіне «Социалистік Ең­бек Ері» деген алтын жұлдызды тағып, айналасындағыларды мен­сініңкіремей, шалқалап тұрған жуанмойын, бұжыр қарадан Ба­уыржан Момышұлы атамыз: «Мы­на батырлықты не үшін алдың?» – деп сұрапты. Анау: «Жүз биеден жүз құлын алғаным үшін» деп ші­реніпті. Сонда от ауызды Баукең: «Айғыр шапты, бие тапты, ал сен қандай үлес қостың деген екен» деп анекдоттың ұштығын шыға­рып едім қушыкеш:
– Ойбай аға, бұл «әңгімеңізді» дәрі­герлердің құлағы шалмасын. Әйелімнің босанатын күні тағы да таяу еді, «босандырмай» қойып жүрер, – деп қылжаққа бұрды.
…Көз ауруына тап болдым. Ота жасату керек дейді. Ол да ақша. Жиыр­маға жуық «анализдер» тапсыруға жетпіс мыңның желкесі қиыл­ды. Арғысын өздеріңіз де ша­малаған шығарсыздар. Ана бір қа­зақ апасы:
– Жиған ақшам «анализдер» тапсыруға жеткенімен ота жасату­ға жетпей қалады. Енді, міне, көз көрімі тым төмендеп кеткен соң үшінші рет қамданып жатырмын, – дейді.
Үйелмелі-сүйелмелі үш баласын жетектеген жас келіншек тек­серуші дәрігерден шығып келе жатып:
– Ондай ақшаны балаларым­ның аузынан қанша жырмаласам да таба алмаспын. Бір басқа жарты көз де жетер, – деп, түңіліп барады.
–­ «Бір басқа бір көз де…» деп жату­шы еді, сіздің «бір басқа жарты көзіңізді…» қалай түсінсек екен? – дейміз сөзге тартып.
– Ақшаның жоқтығынан сол көз­ді емдетуді тоқтатқам. Қазір ештеңе көрмейді. Мына екінші көз де 45-ақ пайыз көреді. Соны ай­тып тұрғаным ғой, – дейді жа­ны жабырқай қиналыс танытып.
«Осындай аурумен Кеңес к­е­зін­де ауруханада үш ай емдел­генім­де үш тиын да төлетпеп еді», – деймін мен өзіме өзім сөйлеп. Өз-өзіме сөйлеп тұрғанымды естіп қалған «менмұңдас» жігіті:
– Дәрігерлер байқап қалса, ақы­лы психауруханасына алып ке­теді, жыбырлап сөйлей бермеңіз, – дейді шыны аралас қалжыңға сүйеп.
– Расында да полициялар мен дә­рігердің қолына түсірмесін! – деп күңкілдедім мен тағы. – Қо­ға­мымыз «жетілген» екен-ау!..
Сіздер не дейсіздер!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір