Шашылып сырым жатыр ақ парақта…
21.04.2017
1970
0

Роза СЕЙІЛХАН


***
Ерке күндер су болып еріп кеткен,
Қайран сәттер, әрнеге еліктеткен.
Кикілжіңін өмірдің ұмыттырды,
Сұлулығы тамсантқан елік көктем.

Шырқалады бөктерде шаттық әні,
Олай-бұлай бір сезім шапқылады.
Түрлі-түсті гүлдермен әшекейлеп,
Тау бұрымын етекке лақтырады.

Көлеңкесі күрсініп күн тілеген,
Бүлдіргені ұмсынып нұр тілеген.
Әлі жүрмін көзіңнен аққан жасты,
Жүрегіммен жұп-жұмсақ сүртіп, Өлең!

Болды кезім налыған, өкпелеген,
Дәл өзіңдей білгенім, жоқ көреген.
Сенің сұлбаң сияқты көрінеді,
Көтерілген күн көзі көктемеден.

Өзің құйдың жүрекке тәтті әніңді,
Тым өзгеше атырып ақ таңымды.
Жаурағанда жанымды жылытатын,
Көктем келді, келді де таққа мінді.

***
Сар далада ойнайды сұлу сағым,
Еске түсті тағы да құлын шағым.
Бала күнім көзіме елестейді,
Әлдилеген әндетіп қуыршағын.

Көз алдымнан өтеді тізбектеліп,
Қуантса ғой, сол күндер іздеп келіп.
Бүгінгінің аңсары өткені емес,
Қазіргінің арманы – қызмет, көлік.

Бұлдырайды бұлыңғыр бұлағай күн,
Үйірінен адасқан құралаймын.
Көзі түзу болса екен, Құдайымның,
Өзге ештеңе өтініп, сұрамаймын.

Жанарымды өбеді бір мұң келіп,
Құдіреті-ай, ал кейде күлгім келіп.
Налығанмен, тырысып бағам рас,
Жарық күнді көбірек сүргім келіп.

Сар далада ойнаса сұлу сағым,
Еске түсе береді құлын шағым.
Қай тасада қалды екен, бала кезім,
Отыратын әлдилеп қуыршағын.

***
Сені ойладым көзімді көлбеп бір мұң,
Сағынышты жүректен тербеп тұрмын.
Жанарда тек елесің, өзің жоқсың,
Жалғыздықтан жырымды ермек қылдым.

Жеміс салды алма ағаш бүршік атқан,
Жауабы жоқ шаршадым кіл сұрақтан.
Менің жаным өзіңе таза еді ғой,
Қылаң берген секілді кірсіз ақ таң.

Кешірімшіл едім мен, кешір, десең,
Кінәлі де емессің, несін кешем.
Кеудемдегі маздаған қызуы оттың,
Өртеп кетер болмайды өшірмесең.

Маздасыншы, қоздасын жанған шырақ,
Күн кешеміз, қайтеміз жалғаншылап.
Қинайтыны несі екен санадағы,
Өзің жайлы жауапсыз қалған сұрақ.

МИЗАМКӨК

Өтті ғой, мына бастан неше көктем,
Көктем-ау, көк көрпесін төсеп өткен.
Жанымның жапырағын бүр атқызып,
Көзімнің көлшіктерін нөсер еткен.

Ақылға ақыл қосқан ақ таң күліп,
Жүректің күйі бөлек жатқан жылып.
Шашылып сырым жатыр ақ парақта,
Салғанмен бағынбайтын батпан құлып.

Доспын деп көлгірсиді біреу келіп,
Асқынған дертім жырмен жүр емделіп.
«Келші», – деп Құсқанатын өпкен таулар,
Көрінді бұлт ішінен күреңденіп.
Өлердей күнге ғашық  Мизамкөктей,
Үмітпен мен де өмірді сүрем келіп.

Мизамкөк үсігенмен өлмейді екен,
Күн нұрын ұзағынан көрмейді екен.
Жайқалып қар астынан қылтиғанмен,
Өзге бір өсімдіктей өнбейді екен.

Бұл көктем ерте келіп қалған ба деп,
Сағынып сарылып ек, армандап ек.
Алданып қалғаныңа қапы қалып,
Өзімше шағым айттым жалғанға кеп.

Тәңірім жаратты екен қалай бәрін,
Аралап жүргендер аз ар аймағын.
Жарыққа ұмтылмайтын жанды көрсем,
Мизамкөк, неге екенін сені ойладым…

РОЗА ГҮЛІ немесе ГҮЛНАЗЫМ

Көкек дейтін ол кезде сәуір айын,
Ұмытылған шақ еді сарыуайым.
Қыстан қалған малтаны талмайтын кеп,
Тақылдатып балалар таңылайын.

Жанған шамдар секілді бір шырақтан,
Шал-кемпірді табушы ек күншуақтан.
Жылдың осы мезгілі қандай ғажап,
Қандай керім тал-ағаш бүршік атқан.

Туыппын сол сәуірдің самалында,
Деуші еді әжем: «отың бар жанарыңда».
25-і жарық күн ашыпты есік,
Анашымның тоңы еріп қабағында.

Әкем болса шаттықтан жарылардай,
Дос-жаранға той қыпты жаны қалмай.
Гүлназым деп қойыпты есімімді,
Жеребе дегеннің бір мәні бардай.

Гүлназымын иіскеп, еміреніп,
Бесік жырын айтыпты тебіреніп.
Үш ұлдан соң туылған қыз баланы,
Қонған бақ деп түсінген төріне еніп.

Содан әкем бет алған тауға қарай,
Сәуле төгіп алдынан арман-арай.
Роза гүлін көреді қалың өскен,
Жұпар исі жағады жанға қалай.

Аруындай көктемнің мың бұралып,
Кетті бәлкім, ол-дағы мұңды жанып.
Өзгертем деп атымды шешіпті әкем,
Көрініске мұндағы шын қуанып.

Роза гүлі қауызын жарған жаңа,
Бәзбіреуге бәлкім ол арман ғана.
Биік шыңды өзіне бағындырып,
Сұлулығын паш еткен заңғарда да.

Қайта қойып сонымен есімімді,
Құптар депсің туыс-дос шешіміңді.
Бес жылдан соң тағы да анашыма,
Тербетуді жазыпты бесігімді.

Шат көңілге жаныңды бөлегесін,
Қайта шашты дос, құрдас жеребесін.
Жүзге жуық аттардың арасынан,
Қолға түскен Гүлназым деген есім.
«Қанша үмітті үмітке жалғап жүріп,
Қыз сүюді келіп ем арман қылып.
Құдіреті-ай Құдайдың», – депті әкеміз,
Мына қызық қойды-ау деп таңғалдырып.

Өмір өзін үйретті ұғынуды,
Сағынасың жанға сол жылы күнді.
Шын жанашыр адамым болған соң ба,
Арқа тұтам қазір сол сіңілімді.

***
Мен сені іздей, іздей,
Шаршағам сенемісің.
Үмітті үзбей, үзбей,
Көз жылап, күледі ішім.

Таң әлі атпаған ба?!
Ұқпайды санам оны.
Сендей жан жоқ ғаламда,
Түн айтқан маған оны.

Түн де айтқан,
Айтқан жұлдыз,
Сезімнің гүл екенін,
Гүл бақтан қайтқан бір қыз,
Білдің бе, жыр екенін.

Білмей жоқ дал ма екенсің?
Түкті де, ештеңені.
Адамға сабыр, ақыл,
Неліктен кеш келеді.

***
Жаным жүдеді
Шаршадым бәрінен,
Сағыныштардың  бәрі азап екен.
Тіршіліктерден бітпейтін
Жүгірістерден  зәрезап екем.

Жаныма не керек енді,
Көз алдым тұман ба, қалай.
Жақындатудан жалыққам рас,
Үмітті шыдамға қарай.

Күз күлді терезе жақтан
Естідім сыбдырын оның.
Білгенмен, барлығы да үнсіз,
Заманның шындығы жоғын.

Ызыңы шағады миды,
Көшеде қаптаған көлік.
Сыртыңнан сөгеді дұшпан,
Бетіңе мақтаған болып.

Жалықтым, аярлығынан,
Адамның, заманның бүгін.
Абайлап басатын болғам,
Өмірдің табалдырығын.

***
Жастығымды жылдарым алып кетті,
Құры кетпей тағдырға налып кетті.
Тұтануға шақ тұр ем, қапияда,
Күл-қоқыс қып жанымды жағып кетті.

Қайта оралмай күндерім нағып кетті,
Жанарымнан тамшы боп тамып кетті.
Қараулығы, сұмдығы шаш-етектен,
Мына өмірден көңілім қалып кетті.

Жүрегімді ауыртты, демім бітті,
Көңілімді кім ұғар менің күпті.
Қапастағы тұтқындай аласұрам,
Күте-күте шаршаған жеңілдікті.

Өмір қайда, баяғы мағыналы,
Неге жаным сол күнді сағынады.
Ың-шыңы жоқ кетсем бе құла дүзге,
Жасып қалған жанымды жанығалы.

Жан дүнием тұр неге өксігелі,
Қашан осы білмеймін ес кіреді.
Түрін, түсін білмейтін жүрегімнен,
Түсініксіз бір дауыс естіледі.

Жалғас, жалғас, жалғасшы, тіршілігім,
Жеткізсем деп жүргенде бір шыбығын,
Жайқалғанша сол шыбық тамыр жайып,
Шуағыңды тоқтатпай тұршы, күнім.

ПІКІР ҚОСУ