Бір айда көркемсурет галереясына екі рет барды
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындала салысымен көпке созбай-ақ Жансейіт Түймебаев өзін өнерге жақын, өнер саласында жүрген қызметкерлердің мұң-мұқтажына бүйрегі бұратын әкім екенін байқатып үлгерді.
Өңір басшысының бір айда Шымкенттегі Көркемсурет галереясына екі рет ат басын бұруы осының айғағы. Кездесуге Қазақстанға еңбегі сіңірген өнер қайраткері, Сальвадор Дали атындағы Халықаралық жүлде мен «Тарлан» сыйлығының иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, дарабоз дарын иесі Ерболат Төлепбайдың қатысуы да «болар істің басына, жақсы келер қасына» деген халық даналығын ойға оралтты. «Өзім көптен бері Алматыда тұрамын. Соңғы 25 жылда әкімдердің тек суретшілермен арнайы кездесу өткізгенін естіген емеспін», – деді ол облыстың жаңа әкімінің қадамына айрықша ризашылығын білдіре отырып. Бұған дейін өңірдің зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын әңгіме құрып, сол жолы қылқалам шеберлерінің сөзіне құлақ түрген Жансейіт Қансейітұлы атқарушы билік тарапынан барынша қолдау көрсетуді атап айтты.
– Суретшілердің жаны қандай нәзік болса, олардың суреттері де сондай нәзік. Күтімді талап етеді. Яғни қылқалам шеберлерін алақанға салып күтуіміз керек. Сондықтан Оңтүстікте Көркемсурет галереясына арнап заманауи жаңа ғимарат салу жан-жақты қарастырылуда. Маманданған жаңа ғимарат салынған соң, күн тәртібіндегі мәселелер өз ретімен шешімін табады деп ойлаймын, – деп суретшілердің мерейін бір көтеріп қойды.
Оңтүстік – бейнелеу өнерінің кені десек, артық айтқанымыз емес. Бір ғана Төле би ауданынан КСРО Суретшілер одағына мүше 19 қылқалам шеберінің шыққаны уақтысында ауызға жиі алынатын. Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбай, қос өнердің тарланы Бексейіт Түлкиев, Құлагердің тағдырын құшқан Құрасбек Тыныбеков, қай-қайсысын алсаңыз қазақ бейнелеу өнерінің майталмандары есептеледі. Осы жиын барысында бейнелеу саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге талпыныс жасалғаны байқалды. Бұған дейін Оңтүстікте суретшілердің жағдайын жасауға бағытталған бірқатар жобалар қолға алынғанымен, бұдан бейнелеу өнерінің биікке көтеріліп кеткені шамалы екендігі ащы да болса ақиқат. Одақ кезінде қылқалам шеберлерінің құтты мекеніне айналған Суретшілер үйі қаңырап, ақыр аяғында сатылып кетті. Суретшілердің әлеуметтік мәселесі де өзекті. Кездесуде осындай маңызды мәселелер талқыға түсті. Облыс басшысы алдағы уақытта суретшілердің шеберханаларына арнайы барып, шығармашылық жұмыстарымен танысуға уақыт табатынына уәде берді. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне 88 қылқалам шебері қабылданған болса, солардың әрқайсысына арнайы шығармашылық досье жасақталмақ. Түпкі мақсат – өңірдегі көркемсурет өнерінің деңгейін халықаралық дәрежеге көтеріп, шетелдік галереяларда шымкенттік шеберлердің туындыларын қою. Сонымен бірге, Ерболат Төлепбай, Тоқболат Тоғысбаевтай талантты суретшілердің ізбасарларын даярлауға ерекше көңіл бөлінбек. Бұл бағытта да әкім ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Айталық, Шымкентте республикалық суретшілер конгресін өткізіп, шеберлік сағаттарын ұйымдастыру ісі қолға алынбақ. Облыс орталығындағы Көркемсурет колледжінде Ерболат Төлепбайдың арнайы сынып аудиториясын ашып, жас өрендерді шығармашылыққа баулу бағытында да нақты істер атқарылмақ. Айтпақшы, жиынға Түркияның Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің еліміздегі өкілі Али Ихсан Чаглар мырза да қатысты. Кездесуде ол түркітілдес елдердің бауырластығын нығайту мен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін сөз етті.
Оңтүстіктен түлеп ұшқан талант Ерболат Төлепбай да бірқатар құнды пікірімен бөлісіп, өнерді дамытудың жолдарына кеңірек тоқталды. Мәскеудегі әйгілі Третьяков галереясында жеке көрмесін ұйымдастырып, Орта Азия мен Қазақстанның қылқалам шеберлері үшін қиял саналған биікті бірінші болып бағындырған Е.Төлепбайдың толағай табыстарын тізбектеп айтып тауыса алмайсың. Кино саласындағы ең жоғарғы жетістік – «Оскарды» алу болса, көркемсурет саласының биік шыңы – Сальвадор Дали атындағы
Халықаралық жүлде болып есептеледі. Айтпақшы, Ерболат Төлепбай мен қазақтың талантты қылқалам шебері Тоқболат Тоғысбаев екеуі бір отбасында өрбіген ағалы-інілі екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Австралиялық сазгерлер Штраустар, неміс жазушылары Генрих пен Томас Манндар, голланд суретшілері Питер мен Ян Брейгелдер сияқты ғажайып құбылыс қазақтың да қанынан табылып, топырағынан жаралуы өмірлік оқшау фактілердің өзара ұқсастығы мен сабақтастығын, тамырластығын танытады. Басқосуда облыстағы Көркемсурет галереясын Тоқболат Тоғыс-баевтың атымен атау туралы ұсыныс айтылып, қолдау тапты.
Ғ. Қамытбекұлы.
Өнер дамып, өңір де өркендеп жатыр
«Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дейді халық даналығы. Иә, расында да қу тіршіліктің, нан табудың қамымен ғана жүретін емес, өнерге жанашырлық танытатын, мәдениет қызметкерлерінің қасынан табылатын әкімі бар ел бақытты. Өнерге бүйрегі бұратын әкімнің бітім болмысы бөлек, өресі биік, абырой-беделі асқақ.
Мен ғұмыр бойы өнер саласында оқытушылық, басшылық қызметпен айналысып келемін. Шымкент педагогикалық институтындағы сурет кафедрасының меңгерушісі, Иассауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлімшесіндегі Өнер факультетінің деканы қызметтетін атқарып, 2007-2010 жылдары облыстық Мәдениет басқармасының басшысы болдым. Бұдан кейінгі жылдары Шымкенттегі қылқалам шеберлерінің қарашаңырағы атанған Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжіне жетекшілік жасадым. Мәслихат депутаты ретінде де елдің мұң-мұқтажын тыңдап, атқарушы биліктегілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедім. Өңірдегі кескіндеме өнерінің жай-күйі, осы саладағы азаматтардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы маған жақсы таныс. Ал қылқалам шеберлері арасында мұң-мұқтаж дегеніңіз көп. Мұның бәрін шағын мақалада тізіп шығу мүмкін емес дүние.
Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне кіріскен бойда өнерге жақын азамат екендігін аңғартты. Бұған дейін де зиялылығымен танылып жүрген азаматтың бұл пейіліне жалпы көпшілік сүйсініп қалды. Жансейіт Қансейітұлы келген бойда зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, олардың талап-тілегін, пікірін тыңдады. Бұдан кейін жергілікті және осы өңірде туып-өскен, халықаралық деңгейде танылған суретшілерді шақырып, еркін пікір алмасу өткізді. Екі арадағы әңгімеде қылқалам шеберлерінің әлеуметтік жағдайы мәселесі көтерілді. Сондай-ақ, жергілікті суретшілердің туындыларын бейнелеу өнері музейінің қорына сатып алу жайында сөз қозғалды. Проблемаларға қанық болған аймақ басшысы облыста заманауи талаптарға сай жаңадан Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясының салынатынын да жеткізді. Шеберлік сабақтарын ұйымдастыру мәселесі де айтылды. Бұл тек өңірдегі Суретшілер одағына мүше 90-ға жуық қылқалам шеберінің ғана емес, жалпы өңірдің өнер саласына көрсетілген құрмет деп білемін.
Жансейіт Түймебаев соңғы апталарда ауыл шаруашылығына баса көңіл бөлуде. Шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру үшін шаруалардың алдына барып, түсіндіру жұмыстарының басы-қасында жүр. Кәсіпкерлік, туризмді дамыту да ерекше назар алынуда. Әкім жуырда жас кәсіпкерлермен кездесіп, олармен еркін пікір алмасты. Еркін пікір алмасу, елдің көкейіндегісін білу… Қай уақытта да ел басқарған әкімге қажетті ең басты қасиет осы емес пе? Өнер саласы дамып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы да өркендеп жатқаны қуантады.
Айдар Ниязов,
өнертану ғылымының докторы.