Пен-клубтың дәстүрлі сыйлығы
14.04.2017
1662
0

Өткен  аптада Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақ ПЕН-клуб мүшелері 2016 жылды қорытындылап, қазақ ПЕН-клубының биылғы лауреаттары марапатталды. Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлық белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуезовке, Ю.Казаков атындағы сыйлық Шұға Нұрпейісоваға табыс­талды. Ал ПЕН-клубтың Бас жүлдесі, М.Әуезов атындағы сыйлық белгілі жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлының  «Тар кезең» романының орысша басылып шыққан нұсқасына берілді.  Романды белгілі орыс жазушысы, Мәскеудегі «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин тәржімалаған. Сырым Датұлы тұлғасы мен өміріне арналған «Тар кезең» тарихи романының авторы 2014 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауре­аты атанған болатын.

ПЕН-клубтың биылғы дәстүрлі жиынына қазақ әдебиетінің қос корифейі Әбдіжәміл Нұрпейіс пен Олжас Сүлейменов қатысып, ПЕН-клубтың беделді мәдени институтқа айналғанын айрықша атап өтіп, оң бағаларын берді. Тәуелсіздік алғалы жиырма бес жылда бұл ұйымның төралқасында екінші мәрте орын алдым деген О.Сүлейменов ПЕН-клубтың мәртебелі мәдени институтқа айналғанын тілге тиек етті.
Ұлттық кітапханада өткен конференцияда ПЕН-клуб президенті Бигелді Ғабдуллин әдеби ұйымның 2016 жылғы атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. «Өткен жылы Нью-Йорктегі беделді баспадан (Metropolіtan Classіcs) осы әдеби ұйымның тапсырысы бойынша Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй», Олжас Сүлейменовтің «Сөз коды» кітаптары жарық көрді. Өкінішке қарай, Әбіш ағамыз романым ағылшын тілінде шықса ғой деп жүр еді, көре алмай кетті», – деді Бигелді Ғабдуллин. Сондай-ақ, ПЕН-клуб президен­тінің айтуынша, жас жазушылардың шығармашылығына арналған «Нақты қадам» атты жаңа прозалық шығармалар жинағы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. Сонымен қатар, ағылшын тіліне аударылған  еңбектер АҚШ-тың іргелі кітапханасына, Қазақстанның мәдениеті мен тілі оқытылатын университеттер мен колледждеріне, орталық баспаларға, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне және еліміздің БҰҰ-дағы өкілдігіне арнайы шығарылған басылымдар табыс етілген.
ПЕН-клубтың қазақ секциясының жетекшісі, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп баспасөзде жарияланған ПЕН-клуб мүшелерінің шығармашылығы туралы баяндама жасады. «Өткен жылы «Жұлдыз» журналына Серік Байхоновтың «Алып пен Қалып» атты эссе-элегиясы жарық көрді. Формалық жаңалығымен өзгешеленген шығарма халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейіс адами болмысы мен қаламгерлік қырын жақсы ашып көрсеткен.  Өткен жылы Герольд Белгердің әңгімелер жинағы Лондонда жарық көрді», – дейді.  Сондай-ақ, ПЕН-клубтың белсенді мүшелерінің қазақ қоғамында қордаланған мәселелерге қатысты батыл пікірлер айтып жүргенін де атап өтті.
Бұдан бөлек, конференцияда Қазақ ПЕН-клубының вице-президенті болып Нұртөре Жүсіп пен Фархат Тамендаров сайланды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір