ӘРКІМНІҢ МӘНІ ӘРҚАЛАЙ

0
190 қаралды

25 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін жариялап, мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілетін өзгерістердің мәнін түсіндірген еді. Президент Н.Ә.Назарбаев, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы 2017 жылғы 26 қаңтар – 2017 жылғы 26 ақпан ара­лы­ғын­да­ бүкіл­ха­лық­тық талқылауға шы­ғарыл­сын де­ген Жарлыққа қол қой­ған болатын.

Талқыға шыққан жобада қол­даныстағы Конс­ти­туция­ның 19 ба­­бына өз­геріс ен­гі­зіл­ген. Өзге­рі­с­­тер­дің дені билік тар­мақтары ара­сында өкі­лет­тілік­тер­ді бөлу мә­селе­леріне ба­ғыт­­тал­ған.
Одан өзге, Кон­с­­ти­туцияға ен­­гі­зілетін өз­ге­ріс­­тер жобасында аза­­маттардың мен­­шік құ­қына бай­­­ла­ныс­ты 26-шы бап­та­ғы «Қа­зақ­стан Респу­б­лика­сының аза­мат­­тары» деген ­сөзді «Әр­кім» де­ген сөзбен ауыс­тыру ұсы­­нылған. Нақтырақ айт­сақ, қол­даныстағы Конституцияның 26-шы бабының 1-ші тармағында «Қазақстан Респуб­ликасының аза­маттары заңды түрде алған қан­дай да болсын мүлкін жеке мен­ші­гін­де ұстай алады» делінген. Осы тар­мақты «Әркiм заңды түрде ал­ған қандай да болсын мүлкiн жеке мен­шiгiнде ұстай алады» деп өз­герту жо­басы тал­қыға шықты.
Енді 26-шы баптағы «Қазақ­стан Республи­касының азаматы» деген сөздің орнына ұсынылған «әр­кім» сөзінің мағынасына жеке тоқталар бол­сақ, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі Тіл комитеті бекіткен, 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2008, «Дайк-Пресс») «Әркім – кез келген кісі, кім көрін­ген» деген түсіндірме бе­рілген. Осы 26-шы бапта ұсы­ныл­ған өзгертулерге қатысты пікірлер көп айтылып жүр.
ҚР Парламенті Сенатының Кон­ституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай: «Әркім» дегенді Қ­а­зақ­станның азаматтары, шетелдік аза­маттар және азаматтығы жоқ адам­дар деп түсінуге тиіспіз. Неге біз еліміздің резиденті емес адам­ның немесе азаматтығы жоқ адам­ның мүлкінің сақ­талуын қамта­ма­сыз етпеуіміз керек? Мәселен, оның көлігі, киімі, компьютері бар. Мұның бәрі сол адам­ның мүл­кі болып саналады. Одан бас­қа, шетелдік азаматтар мұнда ин­вестиция әкеледі, ол да мүлік. Кел­ген инвестиция қорғалуы керек, оны Конституциямен сақ­тан­дырылуын қамтамасыз етілуі керек», – дей келе, 26-шы бап­тың 1-ші тар­­ма­ғына байланысты жер туралы пікір­таластың негізі жоқ еке­нін, өйт­кені, жер мәселесі бұл ере­жемен қарас­ты­рыл­майтынын айт­қан болатын.
Жер реформасы жөніндегі ко­миссияның Құқық мәселелері жө­ніндегі топ жетекшісі Мұхтар Тай­жан да Үкімет отырысында Кон­ституцияның 26-шы бабын өз­гертуге қатысты пікірін біл­ді­ріп: «Конс­ти­туциядағы өзгеріс­тер­ге сәйкес 26-шы бап өзгергелі жа­тыр. Менің ойымша, ол бапты сол қалпында қалдыру керек. Өйт­кені, бұл ұсыныс өте күмәнді»,– деген еді.
Талқылауға ұсынылған жоба­да­ғы өзгерістер жайлы заңгер Аб­зал Құспанға бірнеше сұрақтар қой­ған едік, жауаптар төмендегідей бол­ды…


 

Абзал ҚҰСПАН, адвокат,
Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі

– ҚР билік тармақтарының өкі­леттілігін бөлуге орай Конс­ти­ту­ция­ға кезекті рет өзгерістер жа­салуы­на қатысты құжатпен та­­нысып шық­тыңыз. Бұл өзге­ріс­тердің барлығы бірдей билік тар­мақ­­та­ры­ның өз­геруіне қатысты жасалуда де­ген пі­кір­мен келісесіз бе?
– Билік тармақтарын бөлуге ұсы­нылып отырған өзгерістер мен то­лықтыруларға қатысы жоқ баптар да бар. Мәселен, 26-шы баптың би­лік тармақтарын бөлуге еш қа­тысы жоқ. Конституцияға өзгеріс ен­гізу оңай-оспақ шаруа емес. Би­лік тармақтарына өзгеріс енгіздік пе, оны бөлек қарастыру керек. 26-шы бапқа өзгеріс енгізгіміз ке­ле ме, оны бөлек, екінші мәселе қы­лып көтеріп, ол өзгерістің не үшін қажет екенін жеке түсіндіріп, со­сын жеке өзгеріс енгізу қажет. Өйт­кені, ұсынылып отырған жо­ба­ға сәйкес, билік тармақтарын бөлу­ге қатысты өзгерістерге 26-шы баптың өзгерісі еш үйлеспейді.
– Ел арасында көп дау туғызған 26-шы бап туралы кеңірек тоқталып өтсек. «Әркім» сөзі Өзбекстан мен Ресей заңдарында да жазылғаны, мұ­ның ешқандай да қаупі жоқ еке­нін алға тартатындар бар. Құқықтық-заңдық тұрғыдан тал­дау жасасақ, «әркім» деген кім?
– Біріншіден, Өзбекстан мен Ресей бізге үлгі болатындай мемлекет пе? Екіншіден, ақыры өзге елге еліктегіміз келсе, Шығыс Еу­ропа елдерін де мысалға алайық. Олар­да «әркім» сөзі жоқ. Одан өзге, Исландия, Лихтенштейн, Да­­ния, Португалия мемлекет­те­рін­де шетел азаматтары және аза­маттығы жоқ адамдар меншік құ­қығына ие бола алатыны, алайда олардың құқығы арнайы заң­дар­мен шектелуі мүмкін екені жа­зылған. Румыния, Эстония, Словакия, Литва және бір кез­дегі КСРО құрамында болған елдердің басым бөлігі шетел аза­мат­тары және азаматтығы жоқ адам­дардың өз елдерінде меншік құқығына ие бола алмайтынын Конституциямен бекіткен. Соны­мен қатар, Еуропаның бірқатар ел­дері шетел азаматтары және аза­маттығы жоқ адамдар меншік құ­қығына ие бола алатын мен­шік­тер қатарынан жерді алып тас­таған. Іргеміздегі алпауыт Қы­тай билігі жерге байланысты же­ке­мен­шік құқығын енгізбей, тек қа­­на мемлекеттік меншікті қал­дыр­­ған.
Иә, Ресей Федерациясы Конс­ти­­туциясында «Әркім меншік құ­қығына ие бола алады» деп көрсеткен. Алайда, Ре­сей мен Қазақстанды салыс­тыру­ға мүлдем келмейді. Ресей федер­а­тивті құрылымдағы мемлекет. Қазақстан – унитарлы ел. Ресейдің дүниежүзіндегі кез келген елге қарсылық көрсете алатын, ар­миясы күшті, әскери қуатты, им­периялық амбициясы бар.
Енді келесі сұрағыңызға келер бол­сам, әркім деген – кез келген жан деген сөз. Ол Қазақстан азаматы да, шет ел азаматы да, Қа­зақ­стан азаматтығын алмаған адам да болуы мүмкін.
– Осы орайда «ҚР Конституция­сы Қазақстан азаматтарына арнап жа­зылған, демек, әркім деген Қа­зақ­стандық әр азамат деген сөз, оған шетел азаматтарының еш қа­тысы жоқ» деуге келе ме?
– Жоқ. Заңдық тұрғыдан ал­ған­да әркім деген сөз – ҚР азаматына да, азаматтығы жоқ адамға да, шетел азаматына да қатысты айтылады.
– Дәл осы бапта «әркім» сөзі қол­­данар болса, онда жердің де же­ке меншікке өтіп кететіні жайлы қау­пін білдіргендердің пікірімен қан­шалықты келісесіз? Осы орайда, бұл баптың жерге ешқандай да қа­тысы жоқ екенін айтатындар да бар. Ол жайында не дейсіз?
– Бұл баптың жерге тікелей қа­тысы бар. «Осы бап арқылы жер жекеменшікке өтіп кетеді деу бекер сөз» дегендермен заңгер ре­тін­де мүлдем келіспеймін. Жалпы, мү­лік деген сөздің ұғымы ҚР Аза­маттық кодексінің 115-ші, 117-ші бап­тарында айқын берілген. Аза­мат­тық кодекстің 115-бабында «Аза­маттық құқық объектiлерiнiң түр­лерi» туралы: «Мүлiктiк игi­лiк­тер мен құқықтарға (мүлiкке): зат­тар, ақша, соның iшiнде шетел валю­тасы, қаржы құралдары, жұ­мыс, қызмет, шығармашылық-ин­тел­лек­туалдық қызметтiң объек­тiге айналған нәтижелерi, фир­малық атаулар, тауарлық бел­гi­лер және бұйымды да­ра­лан­дыру­дың өзге де құралдары мү­лiк­тiк құқықтар мен басқа да мүлiк жа­тады» десе, осы кодекстің 117-ба­бында: «Жылжымайтын мү­лік­ке (жылжымайтын заттар) жер учас­келері, ғимараттар, құры­лыс­тар, көпжылдық екпелер және жер­мен тығыз байланысты өзге мү­лік, яғни орнынан олардың мақ­сатына сай емес шығынсыз ауыс­тыру мүмкін болмайтын объек­тілер жатады»; «Егер кондоминиум объектісінің құрамын­да­ғы пәтерлер және өзге де тұрғын үй-жайлар, сондай-ақ, тұрғын емес үй-жайлар дара (бөлек) меншікте болса, олар дербес жылжымайтын мүлік объектілері (түрлері) болып танылады»; «Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, ғарыш объек­тілері, магистральдық құ­быр­лардың желілік бөлігі де жылжымайтын заттарға теңестіріледі. Заңнамалық актілермен жылжымайтын заттарға өзге мүліктер де жатқызылуы мүмкін», – деп жер учаскелерін жылжымайтын мү­лік­ке жатқызады.
Демек, жер учаскелері жылжы­майтын мүлікке жатса, «әркім заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұс­тай алады» деек, «әркім жер учаскелерін де жеке меншікте ұстай алады» болып шықпай ма? Сондықтан 26-шы баптағы «әр­кім» сөзі енгізілмеуі керек деп есеп­теймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Ескерте кетер жайт, өзгерістер ұсы­нылған заң жобасына қатысты ұсыныс-пікірлер 2017 жылдың 26 ақпанына дейін қабылданады. Де­мек, әр азамат Конституцияға ен­гізілетін өзгерістерге қатысты өз ой-пікірін, ұсыныстарын хат тү­рінде «010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Үкімет үйі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкім­ші­лігінің Мемлекеттік құқық бө­лімі» мекенжайына, ал элек­трон­­ды түрде ap2017@akorda.kz. поштасына жолдауға болады.

Қарагөз СІМӘДІЛ.

Пікір қосу