Қазақы дүниетаным темірқазығы

0
392 қаралды

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөз қазақ жеріне бүгінгідей көп ұлттың табаны тие қоймаған тұста айтылғанымен, бүгінгі күннің үдесінен толық шығып тұр. Ұлт та жеке адам сияқты. Өзіңді ұмытып адамзатты сүю мүмкін бе? Өз басының бағасы мен қадірін біле алмаса өзгені де жарылқай алмайды.Ұлттың өзін тануы оның тамыры тереңде жатқан бабалар салып кеткен дүниетанымдық ұстанымдарына үңілуден, соған қайта оралудан басталатыны анық. Қазақ дүниетанымының ХХІ ғасырдағы бейнесі қандай, темірқазығы не деген тақырыпта «Отбасы хрестоматиясы» сериясының жоба авторы Санжар КЕРІМБАЙ мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұхан ИСАХАНҒА бірқатар сауалдар қойдық.

– Қазақ халқының тарихына үңілсек, оның танымына өзге ұлт дү­ниетанымы қатты әсер еткенін бай­қаймыз. ХХ ғасырда орыстың, одан кейін арабтың, кейінгі жыл­да­ры батыс елдерінің екпіні қар­қын­дап келеді. Жалпы, қазақ дү­ние­танымының темірқазығы деп біз нені танимыз?
Санжар КЕРІМБАЙ:
– Менің жеке көзқарасым бойын­­ша өзге ұлттың дүние­та­ны­мы қазаққа әсер еткен жоқ. ХХ ғасырда басқа жұрттың ық­па­лы болды десек, онда орыстың мі­незі емес, коммунистік идеоло­гия сіңді деп білем. Коммунистік идеологияны большевиктер қа­заққа ғана емес, Ресейдегі орыс­тардың өзіне де зорлап таңды. Олар да репрессияға ұшырап, шір­кеулері қиратылып, поптары атылып кетті. Орыс халқы да та­лай рухани һәм мәдени бай­лығын жоғалтты. Мыңдаған зиялы элитасынан айрылды. Ресей жұ­рты қазір де КСРО дәуірін аң­сай­тын басшыларынан зардап ше­гіп отыр. Сондықтан КСРО ке­зінде орыс мектепте оқыған қа­зақтарға орыс дүниетанымы жұқ­ты деп ойламаймын. Менің­ше, бәріне советтік таным жұқты. Бұл таным бойынша: «адамның рухани болмысы есепке алынбайды. Себебі, жаратушы Құдірет жоқ. Өлген соң өмір жоқ. Ендеше, ба­рынша осы жерде жырғап қалу керек. Мақсатқа жету жолында ая­нып қалуға болмайды. Ымы­раға келу деген атымен жоқ. Бізге қо­сыласың немесе өлті­реміз». Бі­рақ мұндай идеоло­гия­ның зия­нын біз ғана емес, КСРО құра­мын­да болған барлық ел әліге дейін тартып отыр. Әзірге бо­льше­виктер шеңгелінен Грузия, Украина және Балтық елдері ғана құты­лып келеді. Қырғызстан қай­та-қайта төңкеріс жасап, бос­тандық үшін күресіп жатыр. Со­веттік тәсілмен ел басқарудың дә­лелі осы. Борис Ельциннен бас­қа бірде-бір мемлекет басшысы би­лігін өз еркімен басқаға өткізіп бер­ген жоқ.
«Арабтың дүниетанымы» деген де меніңше дұрыс емес. Дұ­ры­сы – Сауд Арабиясының мем­ле­кет­тік діні саналатын уахабизм идея­сы шығар. Діннің бұл тарма­ғы да бізге табиғи жолмен жұқ­пай­ды. Ол да коммунистік таным сияқ­ты жоғарының ықпалымен, неше түрлі қитұрқы жолдармен жос­парлы түрде танылып жатыр. Тәуелсіздік алғалы бұл діннің қау­пі туралы дабыл жеткілікті қа­ғылды. Көзі ашық зиялы жұрт­тың бір парасы уахабизмге тос­қауыл қою туралы билікке талай рет хат жазды. Бәрі де нәтижесіз. Қ­азір бұл діни таным кедергісіз на­сихатталуда. Ал Батыстың ық­палы дегенмен келісе алмаймын. Керісінше қазақ жастары өз еріктерімен Батысқа мойын бұра бас­тады. АҚШ-тың, яки болмаса Еу­ропа елдерінің Қазақстанға сая­си, яки мәдени ықпалын мақ­сатты түрде арттырып жатқанын байқамадым. Ал мемлекет «Бо­ла­шақ» жобасымен 20 жылдан бе­рі жастардың Батыс елдерінде бі­лім алуына жол ашты. Қазір тек қа­заққа ғана тән, қайталанбас дү­ниетаным бар дегенге толық ке­ліспеймін. Кез келген халық­тың дүниетанымы жалпыадам­зат­тық гуманистік идеяға негіз­дел­генде ғана өміршең болады. Мі­не, мынау қазақтың темірқа­зы­ғы деп ештеңені көрсете ал­май­сың. Нені ұстасаң да ол бүкіл адам­затқа ортақ құндылық болып шығады. Айырмашылығы әлем­ге ортақ осы алтын идеяны әр этнос ана тілінде өзінше жет­кізеді. Мысалы, өркениеттің кө­шін бастаған елдің бәрі мем­ле­кет­ті көгертетін екі кредоны не­гізгі ұран етіп алған. Олар: Әділ­дік және адам теңдігі. Бә­рінің Ата заңы «Бүкіл адам ұрпағы тең» деп басталады. Енді осы прин­ципті қай халықтың дүние­та­нымы деп тануға болады? Ал бұл қағида қазаққа онсыз да бө­тен емес. Қарапайым «обал» мен «сауап­тан» басталатын гуманис­тік идеялар қазақ дүниетанымын­да Құдайға шүкір дегенге сыйып кет­кен. Мысалы, ұлтшыл қазақ­тар­дың 90 % «қазақтың рухани Те­мірқазығы – Абай!» дейді. Бі­рақ Абай да сол: Мейірім, Махаббат, Әділдік, Шапағат, Адал дос­тық деген сияқ­ты адамзаттық құн­дылық­тарды қазақша өлең­мен өрнектеп, жұртына ұсынды.


Мұхан ИСАХАН:
– Қазақ дүниетанымы темір­қа­зығының үш ұстыны бар деп бі­лемін. Бірінші ұстын деп – ұлты­мыз­дың жүріп өткен сүрлеуі, бай та­рихы мен шежіресі, яғни Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ, Алтын Ор­да, Қазақ хандығы дәуірлері және осы тарихи кезеңдерге қатысты жә­дігерлер мен фольклорлық қа­зыналарымызды айтар ем. Екін­ші ұстыны ретінде қазақ хал­қының тал бесіктен, жер бе­сікке дейінгі этнографиялық құн­дылықтары болып саналатын тұр­мыстық салт-дәстүрлері мен қо­ғамдық қатынасты реттеуші әдет-ғұрып заңдарын айтуға болады. Үшінші ұстыны деп – қазақ хал­қының тарихи һәм этно­г­ра­фия­лық құндылықтарымен біте-қай­насқан сенім-нанымы – Ха­на­фи мәзһабын көрсетуге бо­лады. Әрбір қазақ азаматы осы үш ұстынды жандүниесінің ті­реуіші ете алсақ, қазақ дүние­та­ны­мы өзінің темірқазығынан адас­пайды деп білемін. Кезінде Рад­лов: «Алты мың шақырым ай­мақты мекендейтін қазақ хал­қының дүниетанымы, ойлау жүйе­сі, салт-дәстүрі, мәдениеті, фо­льклоры, сенім-нанымы бір­дей. Бұл не деген біртұтастық?!» деп тамсанып жазған болатын. Яғни, жоғарыда айтқан үш ұстын­ды тиісті деңгейде ұлықтай біл­сек, ұлттық біртұтастығы­мы­з­ға селкеу түспейді деп білемін.
– Қазақы өмір-салт жаңа ға­сыр­да қалай қалыптасқаны жөн?
Санжар КЕРІМБАЙ:
– ХХІ ғасырда қазақтар әлем­нен бөлек кете алмайды. Барлық әлем халқы бастан кешкен про­цес­тен сөзсіз өтеді. Көшпенді кез­де қалыптасқан қазақтың салт-санасы сырттай өзгеріске ұшы­райды. Қалай да ақша тауып, тірі қалуға ұмтылып жанта­лас­қан тіршілікте ел-жұрт жағ­дай­ға бейімделіп кете береді. Сон­дықтан «ол былай қалып­тасуы керек» деп оны ешкім де қол­мен реттей алмайды. Мысалы, салт-дәстүріне бекем ел деп көбі Жа­понияны таниды. Сырттан қа­расаң солай. Барлық жерде жа­пон мәдениеті жайнап тұрады. Ішіне кірсең кәдімгі тіршілік үшін жанталас қоғамда қайнап жа­тыр. Бірақ барлық механизм заң арқылы реттеліп тұр. Ме­нің­ше, болашақта ақылды қазақтар даралығын сақтау үшін салт-са­на­­ның ішкі мәнін сіңіруге ұмты­ла­­ды. Ең қызығы, Еуропаның гу­­ма­нист ғалымдары осы құбы­лыс­ты ХІХ ғасырдың аяғында-ақ барлап, барлық құндылықтың ішкі мазмұнын сақтап қалу үшін күресті. Осы себепті де мен рухани мәселені ЛОГОС идеясына әкеп тірейтін Логотерапия ілі­міне бұрылып кеттім. Яғни бір құн­дылықты сақтап қалғың келсе оның сыртқы формасын емес, іш­кі мәні мен мазмұнын ұстап қалу керек. Сол кезде қазақтың да дүниетанымы өзінше өмір сүре алады.
Мұхан ИСАХАН:
– Қазақ өмір салт жаңа ға­сыр­да қалалық мәдениетке бейім­делуі шарт. Бұлай деуімнің се­бебі, біз қалада қазақы ғұмыр ке­шудің нақты үлгісін әлі қа­лып­тастырған жоқпыз. Қалалық қа­з­ақтың өмір сүру парадигмасы бел­гіленбегендіктен де урбанизация үдерісі талай қазақтың өзін-өзі жоғалтуына әкеп соқ­тыруда. Ауылдан қалаға келген қазақтың жақсысы имандылық жо­лын ұстанамын деп діни жа­ма­ғаттарға барып кіреді. Осының не­гізінде ол салафит болып шығуы да әбден мүмкін. Ал ауылдан қалаға келген қазақтың жа­маны оңай жолмен ақша тап­қысы келіп, қылмыстық топтарға барып қосылады немесе екі жеп биге шыққысы келіп, жемқорлық жолдың құрбанына айналып жатады. Қалада, тіпті қарапайым ауылда өткізетін жиындарды өт­кізудің үлгісі жоқ. Біз осы ол­қы­лықтың орнын толтыруымыз ке­рек. Көрші өзбек ағайындарда қа­лалық өмір сүру ғұрпын бел­гі­леуді махалла (көше) ақсақал­да­ры­ның құзіретіне берілген. Ма­хал­лада қуанышты той немесе қа­ралы жиын өтетін болса, ол ақ­сақалдар бекіткен ұлттық құн­ды­­лықтарға негізделген үлгіге сай жүзеге асады. Бізге де осы ба­­­ғыт­та жұмыс істеу керек тәріз­ді.
– Мың өліп, мың тірілген қа­зақ­тың батырлық туралы түсінігі әлі де жоңғарды жеңген образда сақ­талып қалғандай. Одан бергі та­рихта да қазақтың «мың өлген» тұсы болды. Сол кезеңде оны алға сүйреген, «тірілткен» рухын кейін­гі ұрпаққа таныта алып жүрміз бе?
Санжар КЕРІМБАЙ:
– Тарихында мың өліп, мың ті­рілген қазақтың рухын алға сүй­реп отыратын ерекше, қазақ­қа ғана тән, басқа елде жоқ си­қыр­лы бір идея болды деп сана­май­мын. Барлық әлем жұрты сияқ­ты қазақтар да табиғаттың заңы­на сәйкес тарихта қалу үшін жан­таласты. Ол кезде қазақтар әлі жаппай геноцидке ұшыра­ма­ған. Ұлттық Генофонды бай кез еді. Сондықтан экспансияның бар­лық түріне шамасы келгенше қар­сылық танытты. Зобалаң ту­ғанға (1928-ден кейінгі нәубеттер) дейін қазақтың ауыз әдебиеті бұрын­ғы жүйемен жайнап тұрған. Бе­сік жырынан бастап батырлық жыр­лар, мақал-мәтел, ән, күй, жыр, діни қисса мен дастан адам­ның ең биік рухани қасиеттерін шың­дап, намысын қайрап отыра­тын. Яғни ол кезде «Ел үшін құр­бан болсаң, мәңгілік жасайсың» деген кредо санаға жүйелі түрде сіңе беретін. КСРО кезінде бұл құн­дылықтың бәрі құрыды. Кі­тап­тар өртелді. Ишандар атылды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 25 жылдан асты. Бірақ осы құн­ды­лықтарды көтеріп, оқу жүйе­сіне ендіретін бірде-бір не мәде­ниет, не білім министрі шық­­пады.Қазақ ұлтының өмір бойы өн­дір­ген рухани құндылықтарын орта мек­тепке ендірсе елдің есін жинауы демде жүзеге асатын процесс. Біз қазір керісінше КСРО ке­зінде жазылған оқулықтарға зар боп қалдық. 1991 жылы бұл проб­леманы көзін тауып шеше ала­тын бір ғана тұлға болған. Ол – Өзбекәлі Жәнібек. КСРО кезін­де мәдени майданда танылған ми­нистр Жәнібеков керісінше Қа­зақстан егемендігін алған соң жұ­мыссыз қалды. Ол кісі рухани кү­ресін өлген соң да жалғас­тыр­ған. Қайтыс болған соң денесін Ал­матыдағы Кеңсайға емес, Шәуіл­дірдегі Арыстан Баб қоры­мы­на жерлеткен. Ал қазір қазақ­тың жанын тірілтіп, рухына жі­гер сыйлайтын бұл құн­ды­­лық­­тарды жи­нап-теріп, барынша насихаттап жатқан бір ғана адамды біле­мін. Ол – Ғалым Доскен ағамыз! Ол кісі басқаратын «ЕЛ» прод­ю­сер­лік орталығы қазақ мәдение­тіне қатысты барлық құндылықты таспаға басып, дискі етіп шыға­рып, шамасы келгенше таратып жа­тыр. Бірақ бұл істі мемлекет дең­гейінде қолға алмаған соң оның ықпалы әлсіз болады.
Мұхан ИСАХАН:
– Біз эпостық жырлары­мыз­да­ғы Алпамыс, Қобыланды, Ер Төс­тік, Арқалық және т.б. батыр­ла­ры­мыз­бен қатар, тарихи де­­рек­тердегі Томирис, Ширақ, Мөде тәңір­құты, Күл­тегін, Білге қаған, Едіге би, Ке­рей мен Жәнібек, Қасым, Хақ­назар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Абы­­лай, Кенесары, Есет, Жан­қожа, Сыз­дық және одан бертін­дегі Алаш қайраткерлерін де наси­хаттау арқылы ұлт рухын тіріл­туі­міз­ге болады. Дегенмен, қазіргі жаһан­дану дәуірінде батырлардан көрі зиялы азаматтарды көбі­рек үлгі тұтқан жөн сияқ­ты. Зия­­лылық туралы Мұстафа Шо­­қай: «Ұлттық зиялылар қа­тары­на тек өз халқының саяси, экономи­ка­лық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адам­дар ғана кiре алады. Зиялы­лар­дың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар бол­ған халық бұқара­сын бiрлес­тiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бө­лiгi зиялылардың үстiне жүк­те­ледi», – деп зиялы­лық­тың мә­нін ашып көрсеткен еді. Бұрын қазақ халқы ұлтқа қыз­мет еткен тұлға­лар­ды «ер», «аза­мат», «сабаз», «батыр», «бек», «би», «хан», «қай­ғы», «ақын-жы­рау», «игі-жақсы», «құт», «сақи», «сүлей», «камил инсан», «жәуан мәрт» және т.б. атаулармен атаған. Қа­зіргі күні халықтың жоғын жоқ­тап, барын ұқсатып кәдеге асыра білген қайраткер һәм кемел ойдың иесін – зиялы деп атай­­мыз. Бізге қазір осы зиялы­лық­ты кеңірек насихаттау керек деп білемін.
– Сіздің ойыңызша, халықтың ру­хани көңіл-күйін алға жете­лей­тін қан­дай күш? Осы күшті ны­ғайту­дың жолы қандай?
Санжар КЕРІМБАЙ:
– Мәдени кеңістікте тоқырап, қо­ғамда жаппай қолданысқа түс­пеген тілді бөтен ел тұрмақ, сол ұлт­тың өзі де меңгеруге құлықты бол­майды. Ал қолданысқа еніп құ­нарланған тіл ғылым, білім, тың мәдениет пен әдебиет туғыз­бай қоймайды. Барлық мәселе тіл­дің өзегінде жатқан жалпы­­
а­дам­заттық құндылықтың ті­рілуі­­не барып тіреледі. Виктор Фран­кл­дың ойымен айтқанда, тіл құндылық емес. Ол логосты сайрататын сайман! Мәдение­тің­де мән қалмаса, ана тіл де қау­қарсыз бо­лып қалады.
Мұхан ИСАХАН:
– Тәуелсіздіктен кейін дінге ер­­кіндік берілгеннен халықтың ис­ламға деген бетбұрысы кү­шей­ді. Бұрын молда дегенде дем салып, мәйіт жуушы кісі есімізге түсетін. Қазір дін уағызшылары қо­ғамның кірін жуушы идео­лог­тарға айналып үлгерді. Бұдан кейін де халықтың дінге деген ықы­ласы артпаса, кемімек емес. Ха­лықтың осы ықыласын дұрыс ар­наға бұра алсақ, келешегіміз жар­қын. Әгәрәки, халықтың тау қопарар бұл ынтасы теріс бағытқа бұрылса, онда ел болудан қала­мыз ба деп күдіктенем. Демек, біз халыққа өзіміздің төл діни арнамызды анықтап беруіміз керек. Әсілі, қазақтың бүкіл болмысы ис­лам құндылықтарымен біте-қай­насып жатыр. Ислам мен ұлт­тық құндылықтар қатар өрі­ліп, мәдени құбылысқа айналып, біздің бітім-болмысымызды құ­рап отыр. Яғни қазақты таны­ғы­мыз келсе, исламды тануымыз ке­рек десек, асыра айтқандық емес. Осы себептен де исламды кә­демізге жарату – ел рухания­ты­ның басты бағыты болады деп ойлаймын. ХХІ ғасыр немесе үшін­ші мыңжылдықтың басы ал­пауыт елдердің «ислам терр­о­риз­мі» деген қолдан жасаған Хақ дінді қаралауға негізделген ис­ламфобтық ойын жүргізуінен бас­талды. Қазіргі күн тәртібінен түс­пей тұрған әл-Кайда, талибан, Боко-Харам, ДАИШ, ән-Нусра, салафизм т.б. діни ағым­дар алпауыттар іске қосып отыр­ған ис­ламфобтық көп ойын­дардың бірі. Соңғы жылдары осы өрт­тер­дің жалыны біздің елімізді шарпып, билік пен халықтың үлкен алаңдаушы­лығын тудырып отыр. Әсіресе, біздің жақын көрші­лері­міз осы «измдерді» өз пайдасына жа­ратып қалуды, қажет болса осы ойындар арқылы еліміздің іш­кі ахуалына араласқысы ке­леді. Біз осы қитұрқы ойындарда сан соғып қалмас үшін рухани һәм саяси имунитетімізді кү­шей­туі­міз керек.

Түйін.:

Біз бұдан бұрын әлемге дәл қазіргідей есігімізді айқара ашып көрмеп ек. Ал қазір ашық тұрған есіктен елге келушілер де, елден жыраққа шығушылар да көп. Әр қадамымызда өзге жұртпен бетпе-бет келіп жүрміз. Заманның көші бізге өзге жұртты тани жүріп, өзімізге үңілудің жолын көрсетіп тұрғандай. «Жатты жанынан түңілдірер» өзімізге деген «сыйластығымыз» арта беретінінен үміттіміз.

Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА.

Пікір қосу