Бейшара (мөлтек әңгіме)
03.02.2017
5614
1

Алматы. Жазғытұры. Бақтар гүлдеп, ағаштар бүр жарған ерке мамыр. Перзентхана. Үшінші қабат. Шарадай мұңлы көздерінен аққан моншақтай жас бетін жуып кеткен Айнұр терезенің жанында үнсіз тұр. Қолында жаңа туған нәрестесі. Ернін тістеп, қымқырып алған. Бейкүнә сәби анасының қос жанарынан төккен жасынан бейхабар… Айнұр бір байламға келді ме, әлде көзіндегі жас бітті ме, әйтеуір тоқтады. Жақындап барып, қолындағы сәбиді терезе жақтауына жанастыра далаға қаратты. Сәбиге кең дүниені тұңғыш рет көрсетті. Кенет өңі сұрланып, жаңа ғана аянышты хәлде көрінген Айнұр енді сұрапыл кейіпке енді. Қатулы қабақ, қанталаған көз, нәрестені шошытты ма, ол шыңғыра жөнелді. Бірақ сәбидің жан дауысы Айнұрдың жүзіне жылу ұялата алмады. Ол сұрланған қалпы терезенің сыртқы түбіне қарай төне түсті…

***
Былтыр жазда Сәкен мен Айнұр жүз­де­сіп, бір-біріне ын­тық бола бас­таған. Екеуі­нің таныстығына көп болмаса да, сезім «самалына» ессіз арбалып қал­ған-ды. Өздері мұны «шын ма­хаб­бат» деп бағалап жүрген-ді. Бір күні Сәкен күтпеген жерден:
– Айнұртай, саған деген махаббатым мені өзіңе ынтыққан сайын ын­тықтыра түсуде. Сенің жа­ның­нан бір сәтке де кеткім келмейді. Са­ған еріксіз байланып қал­ған­дай­мын. Әне-міне, үйленудің ал­дын­да тұрмыз. Саған қалай жет­кіз­сем екен?.. Менің жаным бүгінгі түн­ді сенің қасыңда өткізгенді қа­лап тұр, – деді. Сәкеннің сөзі тұр­пайы көрінгенімен, Айнұрға бір жа­ғынан ұнағандай болды. Десе де, бір рет бетінен қайтармақ болып:
– Сәкеш, мұның не? Қалай тү­сіну­ге болады? Ұят емес пе? Мені сүйе­тініңді білем, бірақ үйленбей жа­тып бірге түнеуге болмайды ғой, – де­ді Айнұр өңін сәл ғана бұзып. Ай­тарын айтып алып «қап, енді үн­демей қалмаса болар еді» деп ой­лады ішінен. «О заманда, бұ заман қыз атаулы бір айтқаннан еш­теңеге келісім бермеген. Тағы бір айтайын, келісер, келіспесе бас­қасы…» деп ойлады да:
– Айым-ау, мен сенің ештеңеңді тартып алайын деген ойдан аулақ­пын. Неге сонша қабақ шыттың? Жәй ғана қасыңда болғанды қалап ем… Менің өтінішімді жерде қал­дыр­машы?! – деді ол жалынышты түр жасап. Осы сөздер Айнұрдың да ойына дөп түскендей еді… «Неде бол­са келісейін, бірақ түнде тиіс­пеймін деген уәдесін алып алайын» деген ойға бекіді. Сүйкімді жүзі­мен, тәтті күлкісімен бір жымиды да:
– Сәкеш? – деді сыбырлаң­қы­рап.
– Ау, күнім!
– Қасыңда жәй ғана жатамын, са­ған тиіспеймін деп уәде бер­сең, барайын, – деді.
– Күнім-ау, мен арсыз емеспін! Се­нің көңіліңе тиіп, қалауыңнан тыс еш нәрсе істемеймін ғой.
– Уәде ме?
– Уәде, күнім, уәде!
Көп ұзамай жүздерінде күлкі, ерін­дері түйісіп, сезімдері арбалып екеуі қонақ үйге кірді. 313 бөлме. Қонақ үйдің жатын орнына Сәкен жамбастай жатып, әңгіме бастады. Айнұр әдептілік танытып, жатын орын­ның бір шетіне сызылып отыра кетті. Әңгіме бірер сағатқа жал­ғасты. Әңгімелері­нің қызықты әл­де қызықсыз болғанын да олар ажы­ратып жатпады. Өйткені екеуінің бойын да, ойын да басқа бір әлем өзі­мен әкетіп қалған еді. Сәкеннің аш нәпсісі Айнұрдың аппақ жүзді, ақ тамағын, жұқа көйлек ішінен «шерт­кен» қос анарын кезіп кеткен еді. Қыз да жұтынып отыр. Өмірінде еркекпен оңаша қалып көрмеген Айнұрдың бойын белгісіз ойлар қау­малап алған. Ата-ана, ар-ұят де­ген ұғым­дар айдалада қалғандай. «Еш­теңеге қарамай бас салса екен» де­ген ой келді қызға. Бірақ артынша өз ойынан өзі шошып, дір ете түс­ті. Осы діріл ұятсыз істің басталуына сеп болғандай-ақ еді. Сәтті оң­тайлы пайдаланып, құшақтап тұ­рып, «не болды, жаным?» деп ер­нін ерніне тигізіп күбірледі Сә­кен. Күткені орындалғандай-ақ жұ­тынып,қыз да биязы қалып та­ны­тып, «ештеңе» деді еріндері Сә­­­кеннің ернін жыбыр еткізіп. Ақыл тұсауланды. Ұят торға то­ғытылды. Сезімнің ноқта­сы сыпырылды. Екеуі ақ тө­сектің үстін­де аймаласа кетті. Дүние­ні ұмы­­­тып, ләззат тұң­ғиы­ғы­­­на екеуі де сүңгіп жо­­ға­ла бер­ді…
…Алматы. Перзентхана. Үшінші қабат. Моншақтай көз­де­рінен аққан жас етегін жуып, ең­кілдеген Айнұр терезенің жанында әлі тұр.Қолында жаңа туған нә­ресте. Ішінде күйік, күнә, ыза, өкі­ніш. Әттең… шара жоқ. Өзінің, Сә­кеннің бейшаралығына күйі­не­ді. Санасы сан-саққа жүгі­ре­ді, бірақ ештеңеге байыз таба алар емес… Терезе жанындағы шарасыз үшінші күн. Шешім қабылдауға батылы жет­пейді. Көп ойланып, ақыры бір бай­ламға келді. Күнә үстіне күнә жа­мамақ ойы бар. Бейшара сәби сез­ді ме, жалынышты үнмен шың­ғы­ра жөнелді. Айнұр долдана ісі­ніп, сәбиді терезеден лақтырмақ бо­лып бір оқталды да, жүрегі дір ете қалып, дереу ол ойынан айныды… Мүмкін, Сәкен баласына келер деген бір әлсіз үміт жылт етті көңіл түкпірінен. «Бірақ ол арсыз, опа­сыз адам ғой, келмеуі де мүм­кін» деді күркірей күңіренген тағы бір дауыс­ты елес.
– Саған айтқам жоқ па.., мен се­ні сүймейді екем, менікі ет пен те­рінің арасындағы бір желік екен… – алайда Айнұр бұл ойды лезде жөргегінде тұншықтырып таста­ғы­сы келді.
«Жо-жоқ, ол менің босан­ға­ным­­ды білсе, өзінің ұлды болғанын естісе, әлгідей қиямпұрыс пікі­рі­нен қайтады. Ол келеді, мен ойла­ған­дай ол қаныпезер жігіт емес».
Айнұр әзірше осы ойға тоқтай тұру­ға бекінді. Енді баласы екеуі Сәкенді күтеді. Осылай істегендері дұрыс. «Ұлым, солай ма?!» деді ол нә­рестенің құлағына ып-ыстық демімен сыбырлап. Ойында ештеңе жоқ періште сәби қол-аяғын тыр­баңдатыпқойып, мұрындары пысылдап, ұйқысын жалғастырды.

Жетібай Рақымберді,
әл-Фараби атындағы
№145 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

ПІКІРЛЕР1
нур 10.02.2017 | 08:39

Иа, озекти такырыптардын бири екен…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір