ЖАҚСЫЛЫҚ СОЗІ
14.10.2016
2215
0

ba-aevБұдан жиырма үш жыл бұрын өмірден өткен жазушының адамдар арасындағы қарым-қатынас пен журналистік қызмет барысындағы жауапкершілік туралы ойы бүгінгі қалам ұстаған қауымды бейжай қалдырмас. Жақсының аузынан шыққан бір ауыз сөз адам баласының жер бетіндегі ең құнды дүниесі адамгершілік екенін ұқтырады.

 

Жақсылық ТҮМЕНБАЕВ

Адамның кейбір қызықты сәт­­тері болады: Күнделікті тір­ші­лік­тің күйбеңі арасында кейде әл­деқашан естіген бір сөзің, әл­де­қашан көрген бір қылығың ойыңа сап ете түседі. Баяғыда бір жүздескен адамыңның жалт еткен ерекше бір кейпі көз алдыңа келе қалатыны бар. Содан сол бір ауыз сөз, сол бір қылық, әлгі бір кейіп көпке дейін ой-сезі­міңді әл­дилеп, тербейді де жүреді, іш­пей-жемей рахат бір күйге бөле­несің. Осындай сәтті сыйлаған адам­­ның тірі болса басқан ізін, о дү­­ниелік болса аруағын айна­луға бар­сың. Өйткені, мұндай сәт адам басында көп бола бермес.

Адам өміріне талшық болатын азық көп. Соның ішінде мей­лі бала күніңде естігенің бо­лар немесе оң мен солыңа барлай қа­рап, өз кере­гіңді жүрегіңнің қой­нау-қойнауына тығып ала бас­таған бозбала шағың­да есті­ге­нің шығар, бәлкім одан да кейін, жақсыны да, жаманды да қалт жібермейтін естияр кезіңде құлағың шалған болар. Әйтеуір кө­кірегіңде тұнып жатқан сезім көз­ін, тұла бойыңда қыз-қыз қай­­на­ған жігер көзін, санаңда ірге теп­кен парасат көзін ашып жі­бе­ретін Жақсының сөзінің, жа­дыңда өмір бойы жаңғырып тұрар жақсы сөздің орны бөлек. Сол туралы айтсам ба деп ем.

Өз күші мен қабілетін жыға танып-біле алмаған сыңайдағы дү­дәмалдық, өмірлік мамандығы бойын­ша алғашқы қадамын жа­са­ған әрбір адамда бола беретін шы­­ғар. Ондай екіұдай күй, әсі­ре­се, журналист ағайындар­дың ба­­сында көбірек болса керек. Га­зетке бір-екі хабар-ошары шық­қан бойда «мен бәленмін», «мен түгенмін» деп жүре­тіндерге дауа жоқ, ал өз маман­дығына байсалды, жауапкер­шілік­пен қарайтын­дар өйте алмайды. Әрбір материалын жазғаннан кейін «осы қалай болып шығар екен» деп жү­рексінген сезімнен қашан га­зет­тің ыстық-суығына шыңдалып шыққанға дейін, тіпті өмір бойы арыла алмайтын журналистер көп. Ал редакция табал­ды­рығын алғаш аттаған кездегі «мүсә­пір­лікті» тіпті айтпаңыз.

Алпысыншы жылдардың екін­­ші жартысына ауған тұста қа­зақ  университетінің журна­лис­­­тика факультетінің үшінші курсында оқитын екі жігіт Қы­зыл­­орда облыстық «Ленин жолы» га­зетіне өндірістік тәжі­рибе алу­ға бардық. Бізді әуелгі күні редак­тордың орын­­басары қабылдаған, редак­тор­дың өзін біразға дейін сыртынан ғана көзіміз шалып қалып жүр­ді. Редакторды тап он­дай ша­ғын, жа­саң болады деп ойла­маған едім. Бұл кісі жас жа­ғынан да, тұла-бітім жағынан да менің қия­лымдағы заңғар редак­торға жете алмай жатты. Сонда да болса ол кісі сонадайдан көрін­генде қарсы жолығуға жүрек дауаламайды, кездескен бір есікке зып берем.

Арада бірнеше күн өткенде ре­дакция қызметкерлері «летучка, летучка» десіп көтеріле кетіп жатты. Оған қатысамыз деген дәмеміз жоқ екі бозым сопайып қала бер­генбіз. Бір кезде редак­тор­дың хатшы қызы келіп: – Сіз­дерді «ле­туч­каға» шақырып жатыр, – дегенде абыржығанымыз сон­дай, редактор­дың кабинетіне қы­сылып-қым­тырылып кірдік.

– Жігіттер, сендер «летучкадан» қалмаңдар, ертеңгі жур­на­лист­сіңдер, осының бәрі тәжіри­бе, – деді редактор жылы шы­рай­мен іш тарта қарап.

Жігіттер кезек-кезек шығып, өз­дері кезекші болған номер туралы пікірлерін айтып жатты, одан соң басқалар сөйледі. Ең соңында редактор орнынан тұрды. Ол бір аптадағы бес но­мер­ді түгелдей шолып өтті, мақ­таған да, сынаған да материалы болды. Сөзін аяқтай келе бір сын ма­қалаға ерекше тоқ­талған. Бай­қауымша, сын бір жақ­ты жа­зыл­ған екен, объектіні мұқа­туға ар­нал­ғандай, ұсақ-тү­йекті тізіп, адам­ның жеке басына тіл тигізуге дейін барыпты. Мұндай қылық­тың жалғыз сол күнгі әңгіме болып отырған автор емес, басқа бір­қатар журналистерге ортақ еке­нін айта келіп, редактор жалпы тұжырым жасады.

– Жолдастар, журналистің ойы әрқашан таза болуға тиіс, – де­ді.

Тазалық! Дәл сол күнге дейін осы ұғым туралы жете ойлан­ба­ға­ным, ойлансам да мән берме­ге­нім өзіме анық. Содан болар, ре­дакция деп аталатын үлкен шаңырақтың астында отырып сол кәсіптің азуы алты қарыс кә­нігі шеберлері арасына алғаш түс­кенде естігенімнен де шығар, маған осы сөздер төтенше қат­ты әсер етті. Көпке дейін жатсам- тұрсам ойымнан кетпей жүрді. Жур­налист деген «Құдайдың» бір атын­дай көріп жүргенімде мына кісі, оған тағы зіл батпан салмақ қо­сып берді емес пе! Осы бір ауыз сөз­бен бірге оны айтқан редактор­дың – Ұзақ Бағаев­тың (суретте) есімі де менің жүре­гімнен берік ірге тепкен. Қазір де оның есімін есіме ал­ған сайын әлгі сөздер орала ке­теді.

Редактор ағаның ой-тұжыры­мының парқына сол кезде толық түсініп алдым десем асылық болар еді, әрине. Олай болса, осы күн­ге дейін ойымды қозғай да бер­мес еді ғой. Қысқа тұжырса­м о­ның меңзе­гені мынау секілді: ге­зетті біз халық тілі, қоғам тілі деп жүрміз ғой, коллективтік ой, кол­лективтік ақылшы дейміз. Ен­деше, әр жер – әр жерден бір тұмсығы көрініп қала­тын сұғанақ жеке мүдденің газеттің төрт беті­нің бір пұшпағы­нан да сығалауға да хақы жоқ екен. Әлде­біреуді мұ­қатып қалуға, тағы біреу­ден есе қайтаруға, басқа біреуді жал­ған марапаттап, жағынуға ты­рыс­қан журналистің қарекеті – сол жеке мүдде, күйкі ойдың кө­рі­нісі, қаламынан шыққан аз сөздің көп­тің еншісіне айналарын түсін­бегендік. Ал оған – жол жоқ! «Жур­налистің ойы таза болу­ға тиіс!».

Біз енді құлағымыз қалқиып «летучкадан» қалмайтын бол­ған­­быз. Редактордың сөзін елең­дей күтіп отырамыз. Өйткені, жалпы сөз саптауында жалтылдақ бояу болмайтын Ұзекеңнің сәл кі­бір­тіктеп, ар-арасында «я, я» деп қойып асықпай баяндап шығатын пікірлерінің ішінде, қо­ламта арасынан шыға келетін сексеуілдің шоғындай қоздаған ойлар көп еді. Және бір байқаға­ным: газет ма­териалының сапасын, жалпы  журналистік шебер­лік туралы айтыр тұрып, ол қи­­сы­нын тауып, адамгершілік, адам жаны деген ұғымға соғып өте­тін.

Күнделікті газеттің шағын жанр­ларын айналдырып жүрген бір жас журналист фельетон жазыпты. Сол фельетонға Ұзекең ег­жей-тегжейлі тоқталды, сүйі­ніш­пен әңгімелейді. Әуелі – жур­налистік кәсіп тұрғысынан кел­ген.

– Шын журналист газеттің әр жанрында күшін байқап көру ке­рек, – деді ол, – шаруашылық ба­бындағы суреттеме, репортаждарды сүйкете салып, соны қа­на­ғат тұтатындар – олар әлі журналист емес. Соның ішінде, әсіресе, фельетон секілді қиын жанрда қа­лам тарту жақсы, өте жақсы. Өсер журналистің ісі.

Сонан соң ол ойын басқа өріс­ке бұрды.

– Мен осы фельетонды оқы­ғанда ондағы әңгіме болған кісіні сонша жаман адам деп танығаным жоқ, – деді, – аңғалдау адам ба деп қалдым, сол аңғалдығынан опық жеген. Жаның ашиды, бі­рақ жек көрмейсің. Қысқасы, адам көрініп тұр. Міне, бұл фе­лье­тон­шы­ның шеберлігі. Біз әдетте кем­шілігін тапсақ болды, жоқты-барды үйіп-төгіп қаралауға бейім тұрамыз ғой. Бірақ сол кемшілігі бар адамның да жан жүрек иесі екенін ескере бермейміз, жанына жар салға­нымызды байқамай­мыз.

– Ал біздің жас фельетоншы си­пай қамшылап отырып-ақ ай­та­рын жеткізіпті. Маған оның со­нысы ұнады, қалам мәдениеті ұна­ды. Осылай жазуға үйрену ке­рек!

Кемшілігі ашылып, фелье­тон­ға объект болып отырған адам­ның өзіне осындай қам­қор­лықпен қа­рау, адам жанын аялай білу­ге ша­қыру үлкен парасаттың бел­гісі ғой.

Өзіме байланысты бір жәйтті айта кетейін. Мақтан үшін емес, Ұзе­кеңнің журналистік, адам­гер­­шілік мұратына қатысты бол­ған­дықтан.

Сол өндірістік тәжірибе ке­зінде мен өз күшімді байқап көр­мек болып, бір-бірімен байланысты үш очерк жазып ұсындым. Редак­тордың орын­басары оқып ұнатты да Ұзе­кеңе өткізді. Ол біраз уақыт ұстаған. «Не дер екен» деп тағатым қалмай жүрді. Бір күні шақыртты-ау. Әдеттегідей жып-жылы шыраймен қарсы алды.

– Очерктеріңді оқыдым, – деді бірден, – ұнады. Бірақ бәрін бірдей бере алмаспыз. Ол басын оң жағына сәл қисайтып, жұмсақ жы­миды. – Басқа да жігіттер бар ғой… Сен көңіліңе алма, бірақ. Очерк­теріңнің бәрі де жақсы. Бір сүйсінгенім – адам жанына үңілу­ге бейім екенсің. Біз көбін сырттан мадақтауға бе­йімбіз ғой. Ол сәл мүдіріп ойланып отырды да, – Сен… сен журналист бола­сың, – деп мен күтпеген тұжырым жасады.

Жақсы сөзді кім жек көрсін, әсіресе, алмағайып жас кезіңде. Мар­­қайып қалдым. Кейіннен, бірақ. Ойымды оның соңғы тұ­жы­рымы емес, «адам жанына үңі­лу­ге бейім екенсің» дегені ау­дара берді. Оның аузынан бұрын да естіген сөзім. Сонда бұл оның әр кезде көкейінде тұратын, ойын әбден баурап алған ұғым бол­ды ғой. Я, адам жаны, оның та­залығы, парасаты – Ұзекеңнің журналистік творчествосының ал­тын өзегі екенін кейін білдім. Бір кітабының аты да нақ осылай – «Замандастың жан сұлу­лы­ғы».

Адалдықты, тазалықты ұлық­таған ағаның бір әңгімесі есімде, күйзеле отырып айтып еді. Ол кі­сі Қызылордада барша қазаққа әйгілі қаһарман ақын Зейнолла Шү­кір­овпен көрші тұрған, екеуі дос еді. Ұзекең Талдықорған об­лыстық газетіне редактор болып ауысып кө­шер алдында Зекең до­сына үйінен дәм татырған. Екеуі шахмат ойнап отырып, әң­гіме шертті. Бір сәт сөз екеуіне ор­тақ бір белгілі азаматқа тірел­ген. Ұзекеңнің қа­бағы шытылып кетті, жүзіне көлеңке ұялады.

– Білесіз ғой, Зеке, ол екеуміз бір­ге оқыған дос едік, – деді Ұзе­кең айтар әңгімесінен қинал­ған­дай сөзін үзіп-үзіп. – Осында бей­­таныс ортаға жіберілгенімде облыстың бір беделді жігіті курс­тас досым деп арқамды тауға сүйе­гендей келіп едім… Өз басыма жамандығы бол­ған жоқ. Бірақ қыз­мет бабында талай рет жолымыз түйісті. Сонда… ол ылғи қа­­­раны жақтап шыға берді. Ал­ғашқысына мән бермей қойып едім, кейін… көңілім қалды. Мі­не. Жөндеп қоштаса да алма­дық.

Екеуі шахмат тақтасын біразға дейін ұмытып, өз ойларымен бо­лып кетті. Зекеңнің де көзінің ал­­­­­­ды күңгірт тартқан. Ортақ та­ныс­­та­рының қылығына қаралай қи­на­лып отырған еді. Екеуінің сол қалпы бүкіл мазмұнымен кө­кі­регіме біржола ұялап қалып­ты.

Ұзақ ағаның қарапайым да ма­­ғыналы сөздерін осы соңғы тың­дауым екен. Ол өз өрісінің жайлауына енді берік ірге тепкен кезінде мәңгі сапарға асығыс аттанып кетті. Енді ойласам, мен онымен әдетте, естелік жазушылар айта беретіндей дәрежеде жақын болдым деп айта алмайды екем. Бірақ аға бейнесі жақыннан бетер ыстық. Бәрі де оның та­за­лықты, ізгілікті ұлықтаған жақсы сө­зінің шарапаты. Жақсылық сө­зінің…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір