ЖАҚСЫЛЫҚ ҚАЗЫМҰРАТТЫҢ «АҚ КӨЙЛЕГІ»
11.08.2021
1182
1

Қолына қалам ұстаған адамға уақыттың өзі «Жаз, жаз» деп пайдалы бұйрық беріп тұратын сияқты. Үлкен әдебиеттердің ықпалы ма, жоқ әлде ізденістің нәтижиесі ме, қазір поэзиямыз бен прозамыз қатар өсіп келеді. Бірін-бірі қуалап келеді, кәдімгі Мағжанның «Толқынды толқын қуады» дегеніндей. Проза жазып жүрген жастардың тебінін байқау үшін, олардың не жазып жүргенін оқу міндет сияқты. Бұдан бұрын поэзия майданында «сүрен» салған ақын Жақсылық Қазымұратұлының «Ақ көйлек» деген әңгімесін оқып болған соң,  «өзіндік иісі бар шығарманың біріне кездескен екенмін» деген ізгі ойда қалдым. Әңгіме – тартымды, ойлы.    

Бізге бәрін баяндап беретін – иендегі қыстауда қатар отырған екі үйдің ойын баласы Ақсәуле мен кейіпкер. Әңгіме кейіпкердің Ақсәулені күтуінен басталады. Қалай күтеді, оқып көрелік: «Құм төбенің шығыс жақ бүйіріндегі Ақсәуленің үй жағына жалтақ-жалтақ қарай беремін. «Апыр­­-ай, кеше бірдеңеге ренжіп қалды ма?» — деймін, өз-өзіме күбірлеп, «жоқ, неге ренжиді?» деймін өзімді ақтап. Шынымен де ренжитін жөні жоқ. Әбден көз байланарда ертең жолығатынымызды айтып қоштастық, тіпті кетерімде әріп танымасам да жанымнан тастамайтын ағамнан қалған «Әліппені» оған беріп: «Мынаны бүгін түнде сен «оқи тұр»  дедім, бұған ол қатты қуанып: «Көп рақмет, анам шамды ұзағырақ сөндірмей тұра тұрса, біраз суреттерін қайталап көріп шығатын едім», — деді. Сөйткен Ақсәуле әлі жоқ». Оқиға ары қарай өрбіп, Ақсәуленің кіші әкесі Жұмабектің түрмеден қашып келгені, ағасының оны түнде үйіне қондырып, таңертең қамыстың арасына жасырғаны, ол ара пана болмаған соң, ескі құдыққа су толтырып, соған жасырғаны сөз болады. Кейіпкер үйдің төбесіндегі кішкентай тесіктен көкшіл аспанға қарап жатып, кенет бір жұлдыздың ағып түскенін көреді. Әңгімені оқып отырып осы тұсқа келгенде, ауыр күрсінесіз. Әрине, сіз қазақы таныммен ойлай алсаңыз. Неге дерсіз, әлгінде бір жұлдыз ағып түсті ғой. Ол қазақ салтында жақсылықтың нышаны емес. Түрмеден қашқан Жұмабек бейбақтың дәм-тұзы таяды деген сөз. Автор бұл сәтті: «Атам аққан жұлдыз көрсе: «Жердің бір пұшпағында бір адам қайтыс болды», деп бетін сипайтын еді, сол есіме түсіп қараңғы түнде мен де бетімді сипадым. Алақаныма жып-жылы жас құйылды. Өзен бойындағы қамыс сыңсып, таң атқанша жылап шықты», – деп жазады. Сөйлемнің соңғы жағын қайталап оқыңызшы: «Өзен бойындағы… жылап шықты», – дейді. Бұл сөйлемді қазақ пен табиғаттың арасындағы тар шеңбермен емес, адамзат пен табиғат арасындағы ішкі үндестікті меңзейтін сөйлем деп түсіну керек сияқты. Яғни, адамның досы да, жоқшысы да  – табиғат. Әйтпесе, бір Жұмабек үшін қамыстың сыңсып, тіпті таң атқанша өксік атып несі бар? Автор осы жалғыз сөйлем арқылы оқырманға ой тастайды. «Жұмабектің хәлін ойлап, туыстары түнімен жылап шықты» деп жазуға да болар еді, бірақ олай емес… Жазушының басына іс түскен адам мен ұлы табиғатты етене етіп суреттеуі –  сезгірлік һәм ойлылық. Адам өмірге келгенде де, өмірден қайтқанда да, ең алдымен табиғат құшақ жая қарсы алады, жоқтайды. .Хәкім Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!» дегенін еске алыңыз. Бұл да табиғаттың жоқтауын, азасын меңзеп тұрғандай. Толстой: «Бақыттың алғашқы шарттарының бірі – адам мен табиғаттың арасындағы байланыстың үзілмеуі» дейді. Рас-ау. «Ақ көйлекте» өлім мен өмір арасындағы оқиғалар көзбен көргендей нанымды бейнеленеді. «Кенет мылтық шаңқ ете қалды», –  деген жалғыз сөйлем Ақсәуленің көкесі Жұмабектің полицейлер тарапынан мерт болғанын аңғартады. Сол сәтте түрмеде жұмыс істеп, тапқан ақшасына ағасының қызы Ақсәулеге әдемі ақ көйлек сатып әкеліп берген Жұмабектің кескін-келбеті көз алдыңда тұра қалады. Көзінен жалын шашқан, мейірімді жігіт қалпында. «Ақсәуле, көйлегіңді киіп көрсетші көкеңе, – деді. Мен бұрышта ілулі тұрған көйлекті киіп, шамның жарығына таядым. Дір-дір еткен ернін әрең икемге келтіріп, қинала сөйледі:

– Сәл кең болып қалар ма екен деп уайымдап едім. Көз мөлшерім қателеспепті. Келе ғой, маңдайыңнан иіскейін, – деп көңілденіп қалды». Осы диалогты оқысаңыз, құдды Жұмабек Ақсәулеге сатып алған көйлегін жеткізіп беру үшін түрмеден қашқандай әсер береді. Чарльз Диккенстің «Екі қала туралы аңыз» атты шығармасында түрмеден қашуға байланысты: «Бұл іс мен бұрын істеген істерден әлде қайда ізгі, әрі керемет демалыс болды», – деген жол бар. Ағылшынның проза маршалы еркіндіктің ең ізгі демалыс екенін айтып тұр. Ал Жақсылық Қазымұраттың қаламы да Чарльз атайдан еш қалыспайды. «Ақсәуле көйлегіңді киіп көрсетші көкеңе…» –  деген сөйлемде біз іздеген мейірім мен махаббат, еркіндік пен шексіздік сайран салып тұр емес пе?! Жұмабек үшін Ақсәуленің ақ көйлегін құп жарастырып киіп жүруінің өзі бостандықтан да қымбат болмақ.

   Әңгіме соңында кейіпкер Ақсәулені Жұмабек көкесі ұсталған жерге ертіп барады. Ақсәуленің үміті – Көкесінің тірі қалуында. Мына жарық жалғанда баланың арман-аңсарынан, баланың үмітінен артық қандай ұлы күш бар? «Ештеңе жоқ» деп жауап береріңізге сенімдімін. Бірақ… Жұмабек әлдеқашан өлген еді. «Бір сабауқұйрық кесіртке жорғалап келіп, бізге қарап сәл тұрды да қаша жөнелді. Соның ізіне қарап тұрып қабыршықтанып кеуіп қалған қанға көзім түсті, адымдап барып аяғыммен баса қойдым. Едәуір қан ұйыпты, құммен көміп жасырып үлгердім».  Кейде жақсы шығарманы оқып отырып, кейіпкермен бірге қуанып, бірге жылайсың. Әрине, бұл жазушының қалам қуаты мен шеберлігіне байланысты. Қазымұратұлының «Ақ көйлегі» бізді  осындай аласапыран күйге түсірді. Бір адамның тарихы арқылы бір ұлттың тұтас өмірі алдыңнан шығады. Әсіресе, шығармадағы ағалы-інілі екеуінің өмір үшін күресі, жанталасы көңіліңді құздан құлағандай күйге жетелейді. Інісін аман алып қалу үшін ағасының оны суық құдыққа салып қоюы қай жетіскен заманның тірлігі дейсіз? Тірі қалу үшін адам не істемейді? «Жылынып алайын деп келдім», –  деп селк-селк етіп тұрған Жұмабектің бейнесін көз алдыңызға тағы бір елестетіңізші, ол – қатыгез ғасырдан, өктем саясаттан, жалмауыз биліктен жапа шеккен қазақ емес пе?! Иә, сол. Тіпті, олай демеген күннің өзінде ұлтты құрайтын жеке адамның қоғамнан көрген теперіші деуге толық негіз бар. «Ақсәуле көз алдымда есейіп кетті. Кеше ғана менімен асыр салып бірге ойнаған Ақсәуле емес», –  дейді бірде. Біздің болашақ туралы алаңдайтын сәтіміз – балаң  шағымызды артқа қалдырған күніміз. Сұм соғыс, зілзала, әділетсіздік пен диктаторлық жүйе жаһандағы қаншама сәбиді ерте есейтіп жіберді. Ақсәуле соның біреуі ғана.

«Ақсәуле үп-үлкен адамға ұқсап маңдайымнан сүйіп амандасты.

 Көйлегім әдемі ме екен? – деді.

Әрине, құп жарасып тұр, – дедім.

Сенің де аяқ киімің әдемі екен, – деді жымия күліп, сәлден соң жеңіл басып сыныбына кіріп кетті. Аяғында жаңа туфли жарқ-жұрқ етеді.

Мен Биікқұмның басында Жұмабек көкенің төгілген қанын басып тұрғандай табаным ұйып сілейіп қалдым». Әңгіме, яғни Жақсылық Қазымұратұлының «Ақсәулесі» осылай аяқталады. Оймен аяқталған шығарма сәтімен біткен іс сияқты оң әсер береді. Ақсәуленің кіршіксіз жаны ақ қағаз бетінен анық көрініп, сәуле шашып тұрғандай… Не айтарыңды білмей қаласың. Бір жақсы туынды оқығаныңды айтып, өзіңмен пікірлес бір-екі адамға сыр шертесің. Ары қарай тағы үнсіздік… Біз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамда жақсы шығарма жазғаннан гөрі жұртты еліртіп, биге шақыратын той әнін жазған абзал. Сол абырой әкелетін іске айналды. Жасың да, жасамысың да сол топта, сол алаңда билеп жүр. «Ақ көйлектің» тілі жеңіл, әр сөзі орнымен берілгенін де айта кеткен дұрыс сияқты. Автор сөз іздеп, ой қуалап, қиялға беріліп, сарсаңға түспейді. Өмірде болған немесе естіген оқиғаны өзіндік бояуымен қағазға түсірді. «Сөз ізденуім «Шығанақтың» тұсында басталды» дейтін Ғабиден Мұстафинның әрекеті біздің Жақсылықта басқаша тәсілмен берілгендей. Ол – сөзді іздеп емес, сәтімен пайдалана білген жазушы. Жақсы әңгіме жаза алған жазушы жұрт сүйіп оқитын повесть, роман да жаза алады. Біз Жақсылық Қазымұратұлының қалам қуатынан соны байқай алдық. Бұндайда «Теңіздің дәмі тамшыдан» деген халық даналығын алға тартып, өзімізге үміт сыйлағымыз келетіні шын. Оның «Ақ көйлегі» толығып, көлемденіп, роман болып жатса, тағы да оқырман ретінде қол соғамыз. Қазірше айтар аз сөзіміз осы.

                                                                                                                 Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.08.2021 | 18:19

Неге біржақты пікір? Жетпей тұрған тұстары жоқ па сонда бұл шығарманың?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір