СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШПЕСЕК…
Әлімізге қарамай, осы төңіректегі мәселелерді қашаннан-ақ қозғап жүрміз ғой. «Көксандығыңыздың» (теледидар) көп болса отыз пайызы ғана пайдалы, қалғаны қас дұшпаннан бетер. Дедік. Баяғыда. Ғаламторыңыз арамторланып алып, саналарды жаппай жаулай бастағанда, «Өркениет пен көркемниет» дегенді мәністедік. Шырылдап. Өкінішке қарай, біз пақырыңыздың шырыл-пырылымыз кімге дәрі…
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы
Ғаламтордың арамторлығын айтушылар арамтер. Жазылып та жатыр. Амал қанша. Қазіргі кезеңдегі кеселдердің, кесір-кесапаттардың бәрі көркемдік-эстетикалық тәлім-тәрбиенің кері кетуінен. Интернет итермелеп итжүректендірді. Бірнеше ұрпақты. Сайттар саналарды жаулап, улап жатыр. Кітаптан, көркем әдебиеттен әдейілеп безіндіру бар. Дегенмен…
Оңтүстікте сөзден іске көшудің әжептеуір әрекеттері байқалады. Облыстық «Отырар» кітапханасында «Оқырмандар отауы» жұмыс істейді. Осы отаудың батыл бастамаларын Пушкин атындағы облыстық және Абай атындағы қалалық кітапханалар қолдап, жалғастырып әкетеді. Үшеуінің үйлесімді тірлігін Қайрат Рысқұлбеков атындағы жасөспірімдер және Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханалары да қолдап, қуаттап отырады. Осылайша бірнеше жоғары және арнаулы орта оқу орындары, ондаған мектептер көркем әдебиетке, кітапқа бірте-бірте бетбұрыс жасауда. Түлкібас ауданында төрт-бес жылдан бері арнайы оқулар ұйымдастырылып келеді.
Егер ерен еңбектен, талапшылдықтан қашпаса, шынайы құлшыныс болса, кітапханашылар мен мұғалімдер ағартушылық парыздарын патриоттықпен сезінсе, балаларды баурай білсе, біраз нәрселер тындыра алады екен. Құры босқа құрыдық дей берсек, құрдымға кетуіміз мүмкін.
Бір кездері КазГУ-іңіздің филология факультетіндегі Сагалович дейтұғын сұлу апайымыз атақты шығармаларды кинофильмдер бойынша заулататындарға «екі» қойып, кітаптан оқығаны білініп тұратындарға риясыз ризалық танытатын. Дәл қазір барлық мектептер мен өзге де оқу орындарында тап осындай талап қою қажет-ақ. Қытайда, т.б. бірқатар елдерде ғаламтордың арамторлығына шектеу қоятын заңдар қабылданғалы қашан. Қазақтың қозғалар түрі жоқ.
Біз тағы да біразырақ бұрын, әлімізге қарамай, «Абайды оқы, орында!» деген мәселе көтердік. Хакімнің: «…барлық нәрсенің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады» дегенін ең алдымен жүзелеуге тиіспіз. Интернет жөнінде де сөзден іске көшпесек, боққа батқанымыз – батқан.