ЖАЛҒЫЗДАР МЕКЕНІ
Дүниежүзі халқы урбандалып бара жатқан бүгінгі күні қала мен қалалық өмір салты біздің негізгі тақырыбымызға айналып келеді. Қаланың басты проблемасының бірі жалғыздық екенін қала социологиясын зерттеуші мамандар да, адам табиғатына үңілген қаламгер қауым да айтудайын айтып, жазудайын жазып-ақ келеді. Үлкен орталықтарға ағылған америкалықтардың қалалық болуға ұмтылысы, отбасылық құндылықтардың өзгерісі мен өзімшілдігін романдарының негізгі тақырыбына айналдырған Теодор Драйзердің кейіпкерлері де жалғыз еді. Ол енді АҚШ-тағы проблема ғой деп жүргенімізбен, сол жалғыздық тақырыбы, жалғыздардың өзімшілдігі мен көптің жалғыздана түсуі мәселесі бүгінгі күні біздің де өміріміздің өзегіне айнала түскендей.
Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмасындағы кейіпкерлер де – жалғыздар. Әрқайсысы өзін ғана қасірет көрген, сұмдық зәбір-запа шеккен деп есептеп, тек қана өзін аяйды, өзіне ғана жаны ашиды. Сөйтеді де өзгелердің неге өзіне жаны ашып, неге өзіне ғана көмектеспейтінін айтып шағынады. Өзгенің жанына үңіліп, оның да өз аяулысы, өз қасірет-қайғысы бар екенін тіптен түсінгісі келмейді. Өйткені, өзгеге қамқорлық жасау әрекеті оның түсінігінде жоқ, уәде – Құдай аты екені ойына кіріп те шықпайды. Жақын туысқа, бауырға деген өкпе жинала-жинала келіп, кекке айналған, сөйтіп, бауырмалдықтың орнын біртіндеп жеккөрініш басып, көп ішіндегі жалғыздарға айналғанын аңғармаған.
Олардың бауыр екенін, туыс екенін ұмыттырмайтын бір орын бар. Ол – қара шаңырақ. Бір кездері бірі ауырса екіншісі түнімен көз ілмей күзетіп шыққан, бірі қиналса екіншісінің жаны үзіліп түсуге бейіл, осы күні сол бауырмалдықтың жіңішке жібі үзілуге шақ қалған бір үйдің балаларын әзірге біріктіріп тұрған, қандас екенін қайыра еске салатын орын – осы Үлкен үй. Бұл қара шаңырақта отырған жаны нәзік, арманшыл, сол арманшылдығынан (ғарышкер болам деп – ағаш басына шығып, ұшуға талпынып, жазым болып, мүгедектің арбасына таңылған) зиян шеккен Мақсат пен ұлын ұяға, қызын қияға қондырса да қолын жылы суға мала алмаған және бейнетінің зейнетін сұрау ойына да кіріп шықпаған Ана – мейірім атаулының жалғыз ұясындай. Бір кездегі бауырмалдықты, татулықты, ізгілікті қайта аңсаған Мақсаттың бар ойы – бағзы тату-тәтті өмірге оралу…
Бір отбасындағы оқиға арқылы қоғамның дертіне үңілген бұл драма бұдан жиырма жыл бұрын жазылса да, бүгін де өзінің өзектілігін әлі жоғалтпаған. Әрине, жиырма жыл бұрын жазылғанын байқататын тұстар бар…
Біздің айтқымыз келетіні – мейірім мен ізгілік те күтімді қажет ететіні жайлы әңгіме. «Күтімсіз гүл де солады, ағаш та қурайды. Мейірім нәрін молынан сіңірген мәуелі ағаш жемісін көбірек салады. Күре тамырдан тараған қуат күшін әр бұта өзіне қажетті мөлшерде ғана қабылдай алмаса, жапырақ сарғаяды, бұта да сынады, алып ағаш та құлайды. Адам да солай… Береке-бірлік, татулық болмаған отбасында жүректің жылуы қайдан болсын?!» Сірә, Мұрат Ахмановтың қойылымы осы ойды меңзесе керек… Шынымен, кіл жалғыздар мекеніндегі мейірім мен бауырмалдықты аялай алмай жүр ме екенбіз?..
ПІКІРЛЕР1