ШӨЖЕ АҚЫНДЫ РЕСЕЙЛІКТЕР ДЕ МОЙЫНДАҒАН
18.06.2019
1351
1

Шөже Қаржаубайұлы Көкшетауда қонақ болып, Атығай Қарауылдың бір байының үйінде шілдеханада әңгіме айтып отырғанында көрші Керейдің старшина ауылнайы оның сөздерін жақтырмай қалады. Қымызға бөртіп алған ауылнай оны: «Құндыздай жылтыраған сусыл­дақ қырғыз», – деп кекетіп, жақын жердегі Ақбас көлге кісі жіберіп, немере бөлесі Орынбай ақынды алдырып, сонымен айтыстырмақ болады. Екі көзі зағип болса да, кісіні дауысынан танитын сезімтал ақын көптен көрмеген Орынбаймен төс қағыстырып сәлемдеседі.

Әлгі Керей старшинасы:
– Ореке, «шәуілдек жоқта, қораға доңыз қорсылдайды» дегендей, қызыл ит мінген қызба қыр­ғыз қымызға масайып, бізді басынып барады, – дейді. Орынбай ескі таныс, қадірмен ағасы болғандықтан, Шөжемен айтысудан тартыншақтайды:
– Қойыңдар ондайды, Шөкең беталды лағып сөйлемейді. Оны асау тайға арқан салғандай әуреле­меңдер, – дейді.
Әрі инабат сақтап, «ұлы импровизатор» деп қадір тұтып, Жетісуда Түбек бастаған он жеті ақынымен Ыстылардың әйдік асында үш күн айтысып, оларды жеңіп шыққанын айтады.
– Мен Шөкеңнен бір мүшел кішімін. Бұл талант иесін қазақтың оқығандары Шоқан, Құнанбай, Жамантай, Тәттімбет, ақындары Жанақ, Түбек, Сүйін­бай, Кемпірбай, Балта, Дина, Біржан, Арыстанбай, Ақан сері «дүлдүл шәйір» деп сыйлайды, – дейді.
Сонда Шөже елге қарап:
– Менің айтыскер ақын, сазгер, домбырашы, қобызшы, діни шежіреші екенім рас. Ал, Орынбай – жиен бауырым, әмбебап, сегіз қырлы, бір сырлы да­рын. Ол отты жырды жебедей ататын тапқыр ақын ғана емес, сазгер, сырнайшы әрі күміс көмей әнші. Қазақтың аңыз-эпостарын бірнеше күн-түн жырлайтын атақты жыршы, – дегенде:
– Пәй, шаң тигізбей мақтауына қарағанда Бай­қожаның ақын ұлынан Шөже қартың қорқады-ау… – деп, Керейдің кердеңбай ше­неунігі Шөжеге тағы да тиісе сөйлеп, енді Орынбайды дәріптеуге көшті.
Орынбай жаратылысында жалған қолпаштауды жек көретін ақын еді.
Кенеттен қабақ түйіп, жанары бөріге түсетін қырандай от шашып:
– Ау, ағайындар, ауыл итінің құйрығы қайқы. Сіздер «қияс өгіз шыбындаса жарма сындырады» де­гендей тамаша отырыстың шырқын бұзбаңыздар. Онан да Шөжедей ұлы импровизатордың ғибратты сөздерін тыңдап, қазақтың ұлттық абыройын көтерер ақылман шәйірді ұрпаққа өнеге тұтыңдар, – дейді.
Сонда Шөже:
– «Бұра сөйлеген күлуге жақсы, тура сөйлеген ел ортасында жарқылдап жүруге жақсы» дегендей, қадірлі жамағат, аға-бауыр, інішектер теріс пиғылдан аулақ болыңыздар! Сіздер үшін аса қызықты болса, біздер Орынбай екеуміз өлеңмен қағыта сәлемдесіп көрейік. Соны тыңдаңыздар, – дейді.
Шөже:
Алыстан ат терлетіп Шөже келді,
Атығай – Қарауылды кезе келді.
Орынбай атың мәшһүр орысқа да,
Сағынып көрісейік, безеп тілді.
Орынбай:
Ауылға хош келдің бе, Шөже дархан!?
Кезіңде тап болдым ба қартаң тартқан.
Жеңіліп, жеңу деген ойымда жоқ,
Айтыссаң боламыз ғой әуре-сарсаң.
Шөже:
Орынбай, сен де шешен, мен де шешен,
Басып айт, тосып айтпай мені жеңсең.
Соқырдың шеңгеліне түспе деген,
Бір түссең, құтылмайсың аман-есен.
Орынбай:
Дегенде дауыл соқты, тына қалды,
Алтынды тастан бөліп, сынап алды.
Зағипсың, жасың әйдік аяймын ғой,
Әйтпесе берер едім сыбағаңды.
Шөже:
Орынбай, мен сезімтал, сен көреген,
Сонда сен сыбағама не берер ең?
Бірін бер, екі көздің мені аясаң,
Бір басқа жалғыз көз де жетер деген.
Керейдің ауылнайы кенеттен даурығып, манадан Орынбайдың шашбауын көтеріп отырса, енді жалт беріп:
– Орынбай бала, сен жеңілдің. Мен көрші әскери бекіністен дәрігер шақырамын. Сенің бір көзіңе доктор операция жасап, Шөкеңе салып береді, – деді.
Манадан үнсіз отырған ауыл қариясы сөзге араласты:
– Ау, халайық, көзге операция жасау оңай дейсің бе? Оны үш күндік жол – Семей шаһарындағы тәжірибелі маман дәрігер ғана жасайды.
Қымыз сапырып отырған әйел:
– Әй, қайным-ау, айтылған сөз – атылған оқ қой, – дейді. Қарсыласының аузынан шыққан қызыл сөзді баққан Шөкен «Сыбаға» деген үлкен сый-сияпаттың астары бар. Ақынның шеберлігі сол – бұл арада ауыспалы, кекесін мағынада айтылып тұр. Шөже өзінің жасы үлкен қария екенін білдіріп, бұл ауылға – Орынбай еліне қонақ екенін ескерте келе: «Сыбағама не бересің?» – деп жанды жерден ұстайды. Орынсыз айтылған сөзінен ұсталып қалған Орынбай өзінің жеңілгенін мойындайды. Ол Шөжемен бұрын да бірнеше рет айтысып, жеңілсе де, бір-екі рет тең түссе де, оған өзі масаттанбайды. Дегенмен Орынбай терлеп-тепшіп қысылып қалады. Қалтасынан құрғақ бет орамалын алып, әуелі Шөженің маңдайын, сосын өз бетін сүртіп:
– Ой, Шөже жезде, сіз менің айтыстағы ұлағатты ұстазымсыз ғой. Көзімді бере алмаймын, жаңағы қа­рия айтқандай, жанарды ауыстыру оңай шаруа емес қой. Жанарымның жарқылы түскен Петроградтағы патшаның тойының тартуы, – деп қымбат патсайы шапанды иығына жауып:
– Балдызыңыз сіздің уыздай дәмді, балдай тәтті жарқ еткен жолдарыңыздан әркез үйреніп, өзіңдей әруақты, арқалы шәйірден жеңілгенімнің өзін мәртебе санаймын!..

Аманжол ҚАНАФИЯҰЛЫ,
Алматы облысы
Талғар ауданы
Бесқайнар селосы

(толық нұсқасын газеттің №24 (3658) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.08.2020 | 19:59

Тамаша

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір