ҚҰМДА ТУЫП, ҚҰМДА ӨСКЕН…
09.11.2018
2892
0

Қазаққа біткен бір қасиет – өнерге, ұлттық руханиятқа араласқан перзенттерінің көбі ауылдан шығады. Біз білетін өнер тарланы Оңталап Нұрмаханов пошташының баласы еді. Білеміз, ауыл баласы кеш ер жетеді, қала баласы тез есейеді. Себебі, екеуінің ортасы екі түрлі. Оңталаптың да тағдыры көптеген қатарластарындай әуелден-ақ шырғалаңмен басталыпты.

Қала баласы мектепке үйінен қатынап оқыса, Оңталап үш ауылдың мектебін бірінен-біріне көшіп жүріп бітірген. Бастауыштың екі сыныбын құмға бөккен «Құмбазарда», сегізді «Шөмішкөлде», тоғыз, онды «Қызылжарда». Содан Алматыдағы құрылыс техникумына түсіп, ойдағыдай бітірген соң жолдаманы Арал ауданына берген. Алақандай Аралда құрылысшы тосып отырған мекеме қайдан болсын? Азамат болуға талпынған жас өрен жұмыс іздеп біраз уақыт жүреді. Аралдан жоғары білімді Жәдігер
(Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романының кейіпкері) жұмыс таба алмағанда, бұл бала қайдан тапсын?
Жә, сонымен мамандығы бойынша жұмысқа тұрудан күдерін үзген ол Аралда ойға батып келе жатқанында алдынан қала жұрты Ақтөкең атандырған Төлебай кездескен. Жағдайға қаныққан Ақтөкең Оңталапты ертіп, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жасекенов Құдайбергенге барып: «Талай жасты қатарға қостың ғой. Осы баланы да көрсең қайтеді», – десе керек.
Құдекең дипломды құрылысшыны киномеханиктің оқуына оқытып алады. Содан Оңталап алғашқы еңбек жолын Арал аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб киномеханигі болудан бастайды. Дегенмен кино қоюмен алданып жүре бермепті. Жатпай-тұрмай ізденіп, тәлімгер басшының арқасында аудан өнерпаздарының ортасында бұл да ашыла түскен.
– Сен, Оңталап, бірден орнықты режиссер бола қоймаған шығарсың. Жоғары білімді маман емессің. Аудандық халық театрында «Тамаша» әзіл-сықақ отауының негізін қаладың және сценарист-режиссері болдың. Дегенмен бұл дәрежеге жеткізген ұстазың бар шығар? – дегенімде,
– Бар болғанда қандай! – деп көңілденіп қоя берді. – Әуелгі ұстазым Әбілхан Маханов болды. Иманды болғыр, нағыз сегіз қырлы дейтіннің өзі еді. Жырау және жыршы, әнші және сахна артисі, іштен оқып туған дипломсыз режиссер еді. Жалғыз мен емес, Әбекең ауданда бәріміздің әкеміздей болды. Тек, заман ауыртпа­лығынан оқи алмай қалған. «Әлемге болды әйгілі Әбдіжәміл жазған «Қан мен тер» деп дастан жазған Әбекең ғой! Ол кісінің ауданның мәдени өміріне сіңірген еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Ал, жолымызды ашқан, әрине, Құдайберген аға ғой.
Оңталап сол Қ.Жасекеновтің жөн сілтеуімен Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесінің режиссер бөлімін сырттай оқып бітірген. Аудандық мәдениет үйінің режиссері болып бекіген соң жаңа мамандығы бойынша талпынып көрді. 1985-1990 жылдары Т.Аxтановтың «Күшік күйеу», Қ.Мұхамеджановтың «Ой, жігіттер-ай», С.Адамбековтың «Алтын табақтағы жылан», Р.Сей­сенбаевтың «Қашқын», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» спектакльдерін сахналады. Құмда туып, құм кешіп өскен ауыл баласының еңбегі жанды.
Ауданда режиссер бола жүріп қазалылық Жетіскен Мәкенәлімен, жалағаштық Алтай Көшеровпен, атақты Лена Әбдіқалықовамен айтысып, ақындар айтысында да бағын сынап көрген. Ақтөбеде болған айтыста жеңімпаз да болған. «Өнерді үйрен де, жирен» демекші, енді ол айтысты қойып, өлең жазуға көшеді. «Қорқыт-қобыз» атты өлең кітабын шығарады.
Оңталап – шығармашылық кәсіпте де, өмірде де асықпайтын адам. Ойға алғанын үндемей жүріп бітіретін жайсаңның өзі. Амандық болса, екі бірдей өлеңдер жинағы жарық көретін күн де алыс емес.
Жылда мамыр айы туысымен облыс орталығында халық театрларының өнер жарысы өтетін дәстүр бар. Сондай бір байқауда бірінші орын алған Оңталап Нұрмахановтың қойылымдарына сүйсінген облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Аралдың жалғыз режиссерін орталыққа алдыруды тапсырған. Мәдениет басқармасы­ның басшысы Жаңыл Оңталапты Қызылордаға орнықты­рып, халық шаруашылығын дамыту орталығының көркемдік жетекшілігіне тағайындады. Оңталап енді тіпті тыным таппай, облыстық, республикалық, халықаралық мәдени шараларды өткізу ісіне кірісіп кеткен.
Атап айтқанда, Елбасының Сыр еліне келген сапарының мәдени шараларын өткізіп, «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық конференциясы құрметіне гала-концерт дайындады. Облыстың Астанада өткен мәдениет және өнер күндеріне «Қорқыт. Қобыз. Қызыл­орда» театрландырылған қойылымын алып барды. Мәдениетті қолдау жылында «Тарих. Таным. Мәдениет» тақырыбымен ашылу және жабылу салтанатының, жыршы-жыраулардың «Ғасырлар үні» конкурсының, түркі тілді елдердің балалар шығармаларының «Қорқыт және ұлы дала сазы» фольклорлық өнер фестивальдері­нің сценарийлерін жазып, режиссерлік қойылымдарын дайындап көрермендер алдына шығарды.
Енді көп ұзатпады, мәдениет басқармасы Оңталапты Н.Бекежанов атындағы облыстық театрдың режиссері қызметіне ауыстырды. Осы өнер ордасында ол Р. Отар­баев­тың «Қандыкек» трагедиясын, Л.Егенбердиеваның «Егіздер», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» мело­драмаларын, Ә.Таразидің «Люстра» фантасма­гориясын, М.Ахманов пен А.Тоқмановтың «Ескі дос немесе делдал қарға» ертегісін, С.Ахметтің «Келіндер көтерілісі» комедиясын сахналап, көпшілік талқысына ұсынды. Бұл еңбектерін де облыс жұртшылығы жылы қабылдады.
Өмірде өте қарапайым, болдым-толдым демейтін, ізденуден жалықпайтын, еңбектене беруден ерінбейтін осы өнер торысы сахналық қойылымдарды дайындай жүре, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының режиссерлік бөлімін сырттай оқып бітіріп алды. Театрдан кейін «Қазақстан – Қызылорда» телекомпаниясының шақыруымен телевизия саласында да айтарлықтай қол-таңбасын қалдырды. Онда редактор бола жүріп «Жеті өнер», «Дейді-дейді, дейді екен» телехабарларын көрсетті және «Әпсана», «Бір келіншек», «Ұшар» телефильмдерінің сценарийін өзі жазып, өзі түсірген. Бұл туындылары облыс телевизиясының Алтын қорында сақтаулы. Жылда бір-екі рет облыс көрермендеріне көрсетіп тұрады.
Екеуміз әңгімелесіп отырғанда бір жасыл түсті кітапқа көзім түсті. Қыртысы әжептәуір қалың екен. «Мәдениетім – мәртебем» деген әп-әдемі кітап. Редакторы: «Бұл – автордың үздік танылған сценарийлер топтамасы. Барлық деңгейдегі мәдени іс-шаралар дайындайтын сценаристер мен режиссерлердің көмекші құрал ретінда пайдалануына болады» депті. Қызығып парақтай бастағанымда, Оңталаптың жүйкесін жеп жазған сценарийлерінің жобасы өзінің 60 жасынан да асып кеткен екен. Демек, бұл азамат өмірін ойланып-толғанып, тынымсыз қиялдаумен өткізіп келеді екен-ау, – дедім ойыма жүгініп.
Оңталап жүректі елжіретіп қозғаған бір сценарийін жарық сәулелі дүниеден ерте кеткен қыршындар: Серік Өтеуов, Нұрберген Тастаев, Сұраған Мырзаев, Ниетолла Раманқұлов, Бекұзақ Тәңірбер­геновты еске алу кешіне арнап жазыпты. Бұл бес арыс Сыр бойының талантты ақындары еді. Сен, Оңталап, өмірден озған осы аяулыларымызды осы еңбегіңмен ортамызға алып келдің. Сенің бұл ісіңді замандастарың ұмытпас. Сахнадан бесеуінің де төл дауысын естіп, дидарласқандай болдық.
Есімнен туған елім бір кеткен жоқ,
Ақ туын адалдықтың кірлеткем жоқ.
Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ, – деп, Бекұзақ ақынның театр төрінде көзі тірі кезіндегідей домбыра­сының күмбірі мен баяғыдай жыр төккен дауысы саңқылдап тұрды… Сонда біз теңіздей толқып отыр­ғанбыз.
Қандай жігіттер еді…
Рахмет саған, Оңталап!
– Облыстың мәдениеті мен өнерінің дамуына 40 жыл үзбей сіңірген еңбегің еленіп, сен «Қазақстанның мәдениет қайраткері» мәртебесіне ие болдың. Облыс әкімінің стипендиясын екі рет алдың. Және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапат­талдың. Сахна шымылдығының айқара ашылғанына екі жыл енді толған Қызылорда қалалық театрының көр­кем­дік жетекшісі әрі тұңғыш директоры болып тағайындал­дың. Қысқа мерзімде қала көрермендеріне үш спектакль көрсетіп үлгердің. Тағы да жаңа қойылым дайындап жүрген боларсың? – дегенімде, кәдімгідей аңқиып отыратын қалпымен Оңталап аз-кем ойланып алып:
– Ұсынған еңбектерім – жалғыз менің жеткен жетістіктерім емес. Аралда да, облыс орталығында да мені желеп-жебеушілерім шын ықыласымен қолдады. Қызылорданың облыстық театрында жұмыс істеген жылдарымда театрдың бас суретшісі Серік Пірмаханов, бас режиссері Ерғали Оразымбетов менің жанашыр ұстазым болды. Осы театрда сахнаның бұрын мен ашпаған сырлары мен алуан сиқырлы қырларын зердеме тоқи жүріп, іздене жүріп ерінбей үйрендім. Мен – өмірдің өзінен де және ұстаздарымнан да үйреніп тәрбиеленген, олардың көз алдында өскен режиссермін, – деді.
Дұрыс айттың, Оңталап. Сен Қазалы жерінен басталып, сонау Шалқарға дейін бірімен-бірі құйрықтасып жатқан аткөпір ұлы құмда туып, құм көшкінін кешіп өскен жансебілсің. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан болат жолдың бойындағы «Құм­базардың» ақ шағыл құмына қаның тамған құбажон дала перзентісің. Өнер жолына түскен саған және өзің сияқты азаматтардың жолына нұр жаусын! Сенің баспада кезегін күтіп жатқан «Парадария сақтары» және «Қарлығаш құсым» жыр жинақтарыңның тезірек жарық көруіне бәріміз де шын жүректен тілектеспіз.

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ

Қызылорда қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір