Әлем ақындары – Астанада
24.08.2018
1743
0

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының ұйымдастыруымен Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай, тамыз айының 26-30 күндері «Ақ Ордалы Астана» атты халықаралық поэзия кеші өтеді.
Әлемнің бірнеше елінен келетін шетелдік ақындар Астананың бүгінгі келісті келбетін, айшықты ажары мен сәулетті сұлулығын тамашалап, жырдан шашу шашады. Сонымен қатар еліміздің «Бурабай», «Баянауыл» секілді ғажайып өлкелерін аралап, қазақтың дархан пейілінен шөл қандырмақ.
Бұл шараның тағы бір үлкен жетістігі – шетел ақындары мен қазақ қаламгерлері арасында шығармашылық байланысқа ұласар бауырластық пен достық көпірі салынбақ.
Айтулы шараға қатысушы шетелдік ақындармен таныса отырыңыздар.


Оуянг Ю, Қытай 

Аустралия  Қытай ақыны, екі тілде – қытай және ағылшын тілдерінде жазады. Жетпістен астам жыр жинағының авторы. Аустралияда тұрады, Шанхай университетінде сабақ береді және поэтикалық семинар жүргізеді. Қазақстан ақындарының шығармаларын аударған.

Осында Жаңбыр

Жаңбыр
Құйып тұр,
Жел де, желемік те жоқ,
Сіркіреп төгіліп тұр тамшылар.
Биік қабаттан емес,
Аспаннан секіріп жатқандай.
Жаңбыр осылай
Өліп жатыр ма-ай?


Джон Глендей, Шотландия
Шотланд ақыны, 1952 жылы туған. «Ал­ма­ның елесі», «Undark», «Дән», «Алтын ар­қау» кітаптарының авторы. Шотланд өнер кеңе­сі сыйлығының, Халықаралық Гриффин сый­лығының лауреаты. Өлеңдері ХХ ғасыр­дағы шотланд поэзиясының антологиясына, ХХ ғасырдағы ағылшын поэзиясының антологиясына енген. Қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері мен «Натюрморт» поэмасын ағылшын тіліне аударып жариялаған.

Арал жыры

Анам жүзін көрмегелі көп болды,
Тіпті әкемнің есімі де жоқ есте.
Бұлай ұмыту өткенді –
Менің ақыл-есімді сақтау емес пе?
Бейтаныс жанның күлкісі,
көршімнің өлім-қазасы,
жарымның күдер үзуі,
қызымның қайғы-азасы
бәрі айналды елеске…
Бұлай ұмыту дүниені –
Менің тынысымның ашылуы емес пе?
Арып-ашқан қария дария,
Мүжи-мүжи жағалауын жоқ етсе…
Бұлай ұмыту әлемді –
Бізге тиген бостандық сол емес пе?


Юкка Маллинен, Финляндия
1950 жылы туған. Фин ақыны, журналист, эссеші. Ресей, Беларусь, Орталық Азия, Европаның көптеген ақындарының, атап айтқанда, Иосиф Бродскийдің өлеңдерін, сондай-ақ, Владимир Сорокин, Виктор Ерофеевтің прозасын аударған. Бірнеше эссе жинақтарын шығарған. Өлеңдері қазақ, орыс, эстон, литва, швед тілдеріне аударылған.

ҚАСҚЫР ЕМЕС

Мен оларды теңемеймін қасқырға,
Жатады олар қасқырлардың астында.
Қасқыр деген – қайтпас, қайсар қаһарман,
Өлімменен тайталасқан қашаннан.
Қасқырлардың өмірі мен өлімі –
Адал айқас. Мықты өзіне сенімі.
Бұл қаланың тұрғындарын не деймін,
Қасқырға емес, қорқауларға теңеймін.


Хусто Хорке Падрон, Испания
Ақын, Испан ПЕН-клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы. Хусто Хорке Падрон – испан тілі Король академиясының «Фастенрат» сыйлығын Федерико Гарсиа Лоркадан кейін алған тарихтағы екінші ақын.

ҚАЖУ
(Үзінді)

Шаршадым.
Қатты шаршадым.
Күнде-күнде өлуден шаршадым.
Өзімді қуғында жүрген адамдай
сезінуден шаршадым.
Біреуге билік жүргізуден шаршадым.
Жеңілуден, тоналудан, керең болудан,
ұмыт қалудан, сатқындықтан шаршадым.


Сергей Мнацаканян, Ресей
Мәскеуде туған, көптеген өлең, эссе кітаптарының авторы, «Литературная газетаның» көп жыл бойғы шолушысы. 2014 жылы Алматыдағы «Жібек жолы» баспасынан XX ғасырдағы орыс ғұламаларының біріне арналған «Великий Валюн, или Скорбная жизнь Валентина Петровича Катаева. Роман-цитата» атты кітабы жарыққа шықты. Ақынның кітаптары жалпы саны екі жүз елу мыңға жуық данамен жарық көрген.

Романс

Сүйкімді әйел, жайланасың,
Тұл кеңістік танып қал!
Көлеңкеге айналасың –
Көлеңкеде жарық бар!
Қас-қағым сәт ұмытылмайды,
Сол бір мұңды шақтарың.
Күзгі көңіл бір тынбайды,
Қасіреті қап-қалың.
Сүйкімді әйел, Қанатты арман,
Жүрек жиі соғып тұр.
Бұл беттерде парақталған
Екі ғұмыр тоңып тұр…


Хадаа Сендоо, Моңғолия
Ақын және аудармашы. Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда тұрады. 1989 жылдан бері он бес өлең кітабын шығарды, ал 2006 жылы Дүниежүзілік поэтикалық альманахтың негізін қалаған, қазір Бас редакторы. Оған Индия, АҚШ, Канада, Грекия, Қытай және Ресейде поэтикалық сыйлықтар, сондай-ақ, Моңғолия Жазушылар одағының сыйлығы табыс етілген.

КӨШПЕНДІЛЕР

Гобидің сағымында
Мұнар Күнге қош десіп,
Бақташы Түйесін жетектеп,
Итін ертіп, Қалың құмды көшті есіп.
Менің сапарымнан алыс дейсің бе
Олардың сапары?
Мына шексіз Гобидің
Ең биік өркешті таулары
Көк тіреп жатады.
Биік тау дегенім –
Моңғолдың киіз үйі екен,
Көзімді шел басып,
Мен қайда қарағам?
Менің жүрегімдегі
Империя со қалпы,
Қуатты күйі екен,
Құрылған қалпындай жаңадан.
О, менің еңселі аспандай ақ үйім,
Шаңырағыңнан Күн сүйіп,
Уығыңнан сәуле тараған.
Сен болсаң деп едім,
Өлер тәнімнің Нұрсыз жанары
Соңғы нүктесі қадаған.


Максим Замшев, Ресей
1972 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Гнесиндер атындағы музыка училищесін және А.М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Қазіргі кезде «Литературная газетаның» Бас редакторы. «Никола Вапцаров» халықаралық сыйлығының, Дмитрий Кедрин атындағы сыйлықтың лауреаты. 2008 жылы РФ Президентінің жарлығымен II дәрежелі «Отан алдындағы қызметі үшін» медаль-орденімен марапатталды. Шешен Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

* * *

Жерге алыс жұмақ құшағы,
Құпия перде – құр елес.
Кейіпкер ажал құшады,
Әйтпесе пьеса – түк емес.
Алмалар! Тыңдап қарашы,
Мендегі тасқын тылсымды…
Тәуірі осы шамасы,
Әуендер үнсіз күрсінді.
Көлеңкем емес бойға дәл,
Шапандарымды шешейін.
Көретін түс пен ойға обал,
Басқаның бәрі әшейін.
Басқаның бәрі биікте,
Басқаның бәрі өрледі.
Сүймей де көрді, сүйіп те,
Кетті адам, қайтып келмеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір