Рухани экспансияның өзегі – аударма

0
49 қаралды
Көркем тәржіма жанрына жете көңіл бөлетін кез әлдеқашан келіп жетті. Әдебиеттің бір парасы саналатын аударма жанры қазақта дәл осы кезеңде кенжелеп тұр. Түп негізінде аударма – әдебиеттің дәл жүрегі мен жаны болмағанымен, қан тамырындай қасиетті жанр. Аудармасыз әлем әдебиеті тұл.
Қазақстан үшін әлемге танылу дәуірі бас­та­лып кетті. «Әдебиеті мен өнері ұлы бол­май, ұлт ұлы болмайды» – деген Ғабит Мү­сіре­пов­тің абыздық сөзі құны аспандап тұр­ған ке­зеңге аяқ бастық.
Бұл турасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет сай­лауалды сөзінде «Өз қазанымызда қайнай бер­мей, сыртқа шығу қажет. Аудармамен ай­налысу, басқа мемлекеттермен әдеби деле­га­ция алмасу, кітап алмасу, барыс-келіс, халық­аралық кітап көрмелері мен әдеби форумдарға белсене қатысу аса қажет, халықаралық ын­тымақтастықпен байланыстарды барынша да­мытуға күш салмақпыз. Көрші елдермен Әде­биет күндерін өткізу жайын да қайта жан­дандыру ойда бар»,– деп атап көрсетті.
Осы орайда неміс көркем тәржімасы төңі­регіндегі ойды ортаға салуды жөн көрдім. Жал­пы алғанда, белгілі бір туындыны неміс­шеге яки немісшеден ана тілімізге аудару бар да, оны баспадан шығару бар. Алматыдағы Гете-Институт аударманың кең қанат жаюына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Әлемнің 80 мемлекетінде Гете-Институтын ашқан Герма­ния мемлекеті сол арқылы өз мәдениетінің, оның ішінде төл әдебиетінің өзге тілдерге, ал өзге тілдердің немісшеге аударылуына аса мүд­делі.
Бұған 2014 жылы аудармашылар Таңсұлу Рахымбаева, Иман Естаев және Салтанат Әшірова бірлесе аударған жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының (әдеби редакторы Герд Хайденрайх) неміс тілінде жарық көруі дәлел болса керек. Германиядағы Дюссельдорф театрының осы шығарманы сах­налауы – қазақтың көркем шығармасының ардақталғаны. Таяуда ғана өмірден өткен белгілі аудармашы Әділбек Әлжанов Абайдың «Ескендір» поэмасын неміс тілінде сөйлеткені көзіқарақты оқырманға мәлім. Тізе берсе, аударылып жатқан шығармалар баршылық.
2006 жылы марқұм, белгілі аудармашы Кеңес Юсуповтың жетекшілігімен жарық көріп келген «Әлем әдебиеті» журналында қан­шама әлемдік деңгейдегі тамаша жауһар дү­ниелер жарияланып келді. Осы журналға жа­рияланған аудармашы Шолпан Байнешова не­місшеден аударған И.В.Гетенің «Жас Вер­тер­дің басынан кешкен қасіреттері» атты шы­­ғармасы таңдай қақтырды. Бірақ сол ба­сылымның бертін жабылуы ақылға қоным­сыз.
Өткен жылы танымал қазақ жазушылары Ра­хымжан Отарбаевтың «Мона Лиза», «Қы­тайдан жеткен сәлемдеме», «Сатқын» және Ай­гүл Кемелбаеваның «Ереймен мен Ақы­най», «Шашты» атты әңгімелері неміс тіліне түп­негізінен аударылды. Бұл жинақ тікелей Гете-Институттың қолдауымен «Атамұра» бас­пасынан жарық көріп, Германияның үл­кен кітапханаларына жіберілді.
Өз басым бұрынғы отандасымыз, дрез­ден­дік неміс жазушысы Элеонора Хуммельдің «Бер­лин балықтары» романын, неміс балалар ер­те­гілер топтамасын, көптеген новел­ла­ларды, детективтерді неміс тілінен қазақшаға тікелей аудардым. Детектив демекші, Қадыр Мырза-Әлі ақын кезінде «Қазақтың бір жа­маны үй салмаған, бір жақсысы түрме сал­ма­ған» дегені есте. Бірақ уақыт өте келе екеуі де тұрғызылды. Заман өзгерді. Бірақ қазақ қа­ламгерлері бұл жанрға бара қоймады. Тіптен қа­былдай да қоймады. Баяғыда ел ішіндегі ұры-қары тентекті аузы дуалы ақсақалдардың өздері-ақ жөнге салып отырған ғой. Бәлкім, қа­зақ табиғатына қылмыс жат болып көрінер. Не­місшеден тікелей аударған 20 детектив қа­зақ әдебиетінің қоржынын толтырмаса, ор­тайтпайтыны хақ.
Қазір көркем туындыны орыс тілінен ау­дарып, ешкімді таңқалдыра алмасымыз анық. Ал әлем өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан, Бет­ховен мен Бах, Рентген мен Кох, Дизель, Гете және Шиллерді берген неміс халқының ана тілінен тікелей аударылатын көркем шы­ғар­маны әрдайым қолдау — қазақ оқырма­ны­ның таным көкжиегін кеңейтіп, әлем әдебие­тіне құлаш сермеуге алып келетіні сөзсіз.
Гете-Институт әр кез неміс тілінің аудар­машыларының басын қосып, Германиядан неміс қаламгерлерін, Мәскеудің Горький атын­дағы Әдебиет институтынан білікті ма­мандарды арнайы шақыртып, аударманың ке­лелі мәселелерін сөз етуі, шеберлік сабақтарын өткізуді дәстүрге айналдыруы құп­тарлық. Мұның өзі талаптанған аудар­ма­шыға, «Төлтума мен телтуманың тұтасуы, ав­тор мен аудармашының бір авторға айналуы тәр­жіма өнерінің тылсым сырына терең үңілу ке­рек екеніне ұқтыра түсетіндігінде» (Сауыт­бек Абдрахманов) дерлік тәржімашының шеберлігінің шыңдалуына үлкен көмек.
Қазір Алматыдағы Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар уни­верситетінде неміс тілі факультеті түгілі, бө­лімнің алынып тасталынуы миға қоным­сыз. Ал еліміздің өзге жоғары оқу орын­да­рын­­дағы аударма ісі бөлімдерінің оқыту­шы­лары қай сөздікке иек артады екен деген ой туындайды. Өйткені, еліміз Тәуелсіздік ал­ға­лы бері «Үлкен неміс-қазақ» және «Үлкен қазақ-неміс сөздіктері», «Түсіндірме сөздік» шық­қан жоқ. Неге десеңіз, ана тілімізде «компью­тер», «сканер», «уикенд» сияқты бес мың анг­лицизм қолданыста жүр. Интер­на­ционал сөздерді біздер ешқашан сөздік қо­ры­мыздан шығарып тастай алмаймыз. Кері­сінше, сол арқылы тіліміз замана көшіне ілеседі, әрі толыға түседі. Мәселен, Цюрихтегі Лорен аудармашылар үйінің кітапханасы әлем тіл­дерінің «Үлкен сөздіктерінен» көз сүрінеді. Қазақ тіліне және қазақ тілінен аударатын ұлттық аудармашы даярлаймын десек, сөздік шығару ісін кешеуілдетуге әсте болмас.
Ал балалар әдебиетіне келсек, мұнда да өз­ге тілден аударылатын ертегілердің, таным­дық дүниелердің берері мол. Бұл ретте қазіргі заманғы неміс балалар ертегілерінен ала­ты­нымыз көп.
Дамыған елдерде, тіптен Балтық жаға­лауын­дағы Литваның өзінде аудармашылар әлдеқашан өз мемлекетіндегі Жазушылар ода­ғына мүше болып табылады. Ал бізде әлі күн­ге бұл мәселеге үстірт қарап келеміз. Тіп­тен Аудармашылар ұйымының болмауы ойға қонымсыз. Біле-білсек, қай елдің болмасын әдебиеті мен мәдениеті тек сол аудармашы­лардың арқасында таныс-біліс болып жатқан жоқ па?! Аударманың ішінде көркем тәржіма, оның ішінде әлем тілдерінен аударатын тікелей тәржіма қолдау көріп жатса, өзге елді де мойындаған қазақ, өзгеге де өзін әде­биетімен мойындатарына күмән жоқ. Өйткені, Швейцарияға аудармамен айна­лысуға грантпен барған (Аудармашылар үйіне) сапа­рымда бұған әбден көзім жетті. Олар үшін біз әлі де беймәлім елміз. Оларға әдебиетіміз таңсық. Салт-сана, дәстүріміз таңсық. Аудар­маның ақсауынан кітап дүкендерінде қазақ классиктерінің шығар­маларын шаммен іздеп таппайсың.
Мейлі, дамыған, мейлі дамуы кешеуілде­ген ұлт болсын, табиғат қашанда ұлы жазу­шыларды тудырып отырады. Ал олардың асыл-жауһарлары өзге тілдерге тек аударма­шының арқасында ғана танылады. Ал бізде қаламгерлерді бағалау мүшәйра, ақындар айтысы, прозалық шығармалардың бәйгесін ұйымдастырудан әріге аспайды. Ал аударма жанрына көз жұма қарап келеміз.
Германияда ай сайын жер-жерде ақын-жазушылар оқырманмен жүздесіп, жаңа шы­ғармаларынан үзінділер оқып жатады. Ондай басқосуларға төрткүл дүниеден кеп жататын көркем шығарма тәржімашылары арнайы ша­қырылады. Сол аудармашы белгілі бір шы­ғарманы өз тіліне аударуға ықылас танытып жатса, қуана келіседі. Баспа үйлерінің өкіл­дері сол кітаптарды аудармашыларға сыйға тар­тады. Оның осы жобамен алаңсыз айна­лысуына жағдай туғызып, грантпен Аудар­машылар үйінде бір ай, тіптен бір жылға дейін тұрып, алаңсыз аударуына мүмкіндік туғыза­ды. Өзге тілге аударылған шығарманың бас­па­дан жарық көруіне қаржылай қолдау та­нытады. Ал бізде ше?
Егер биіктен қарағанда, әлем кеңістігінде әде­биет көші келе жатыр десек, қазақ әдебиеті со­ның бел ортасында. Өкініштісі, жан дүние­ні байытар рухани қазынаны аударатын тәр­жімашыларға қолдаудың жоқтығынан қазақ әдебиетін білетіндер жоқтың қасы. Оған өзге емес, өзіміз кінәлі. Дамыған елдермен тере­зе­мізді теңестірудің бір ұшы аудармада жатыр. Олай болса, аударма жанры да рухани экс­пан­сияның өзегінде болса игі.Рауза МҰСАБАЕВА,
аудармашы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қосу