«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН»

0
100 қаралды

Наурыздың 29 күні Қарағандыны Мағжан ЖҰМАБАЕВ жырларының жалыны жылытты. Ұлы Мағжанның 125 жылдық мерейтойын алғашқылардың бірі болып Қарағанды гуманитарлық колледжі бастады.

Мағжан ақынның «Күннен туған бала­мын, жарқыраймын жанамын» дегеніндей, оқу орны білім алушыларының санасына ұлттық тәрбиенің жарығын сіңіріп-ақ келеді. Ұлтының уызына жарып өскен басшы билеген жер ғана осындай болса керек-ті. Оқу ордасында ақын шығарма­шылығына арналған әдеби кеш өтті. 30-40 студент саханаға кезек-кезек шығып, ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Әрі Жұмабаев шығармашылығына әдеби шолу жасалды. Мағжан, Сәкен рухымен сырласқан оқу орны басшысы Есжан Әміре өзін тағы бір қырынан танытты.
Тарихта Мағжан сөзін жазды дейтін ән­дер көп, ақынның өз әндері де бар. Солар­дың шығу тарихына байланысты қисынды деректер айтылып, әндері шырқалды. Оны орындаушылар да колледж студенттері. Қонақ ретінде ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстан Жазу­шылар одағы Қарағанды филиалының директоры, ақын, жазушы Серік Сағынтай, белгілі ақын Руслан Нұрбай, аймақтық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Жанат Жаңқашұлы, жазушы Алмаз Мырзахмет сияқты Қарағанды руханиятының жампоздары қатысты. Дәл осы күні жыл сайын мұнда Серік Ақсұң­қарұлының туған күнінде ақынмен кездесу өтетін. М.Жұмабаев туралы «Сен түрмеден Түркі рухын шығарсаң, Біз де мәзбіз шек-қарынды шығарып», – деді ақын Серік Ақсұңқарұлы.
«Мен жастарға сенемін» деген Мағжан – Алаш баласына азаттықтың түбі бір туарын білген. Мағжандар көксеп өткен азаттығымыз баянды болғай!..
Жәнібек ӘЛИМАН.
Қарағанды.

Пікір қосу