«Шәмші» элегиясы

0
177 қаралды

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған тұлғалық спектакльдердің қатарына премьерасы 2017 жылы 1-3 желтоқсанда өткен «Шәмші» элегиясы енді. Абай, Сәкен, Мұқағали, Әміре, Зере бейнесі сахналанып, репертуарда жүріп жатқан бұл театр қазақ вальсінің падишахы атанған Шәмші Қалдаяқов әлемін жарық еткізіп, жаңғыртуға ұмтылды. Элегия авторы – белгілі лирик ақын Серік Тұрғынбекұлы. Ақын қолтаңбасына жан бітірген режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов болса, екеуі бірлескен қос спектакль – «Мұқағали» мен «Шәмші» – суреткерлік жаратылыс туралы. Жер мен көктің арасын қиял-сезімі жалғап жатқан дарын иелерінің сырын ұғуға, көркем жадын тануға құштарлық тұнған қос спектакльдің ерекше сәтті шығуына қоюшы режиссер Болат Ұзақовтың сіңірген еңбегі ересен.

Сондықтан Серік Тұрғын­бек­ұлы спектакльді тапсырған күні қою­шы режиссерге ағынан жары­лып, ініге риза көңілін бүкпесіз біл­дірді: «Мен Болатқа сенгенмін. Мұ­қағалиға барған адам Шәмшіге бар­мауы мүмкін емес. Режиссер мүл­де басқа дүние жасады. Шәмші мен ән егіз ғой. Спектакльдің жаңа­шыл­дығы сонда, елге, жас буынға қа­пысыз ұнайтын көркем дүние туған. Ән құдіретін әкелген, әннің үс­темдігін көрсетуге ниет еткен.».
Композициясы эмоционалды-поэ­тикалық, жанры моноспек­так­ль­ге бұратын «Шәмші» – ә дегеннен жастық сезімнің шалқарына ай­на­лып, құс қауырсын сұлулық үйіріліп ке­те барады; жас өскін, бал құрақ жас­тардың оң әсері анық көрінеді, жас­тар табиғи харизмасымен спек­такльді қанаттандырып жібергені анық.
Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген қайраткері, хор­мейстр, театр спектакльдерінің ши­рек ғасырлық аранжировкасын ж­а­сап келе жатқан музыка маманы Аман­тай Жұмашевтың кәсіби шеберлігі айдай жарқырап, жұл­дызы жарқырай түскен қойылым. Бұл үлкен музыкалық спектакль, Шәм­шінің бақыты, дара болудың жаз­мышын беру. Пьесаның басын­да Естай, соңында Естай бейнесі бар. Шәмші Естайдың «Хорлан» ат­ты әнін жауһар дүние деп өте сүйіп бағалаған. Мұқағали жыры Шәм­ші тұлғасын аша түседі. Сол ар­қылы дәстүрге адалдық сақтал­ған.
Спектакльдің қоюшы суретшісі, Қа­зақстанның мәдениет қайраткері Қа­нат Мақсұтов, музыкамен көр­кемдеген Олжас Жақыпбек, ба­лет­мейстер Адыл Эркинбаев, киім суретшісі Алма Сырбаева.
Талқылау үстінде театрдың көр­кемдік жетекшісі Талғат Теменов: «Пье­сада драматургия жоқтың қа­сы. Режиссура басым. Хореграф Сал­танат Жолымбаеваның еңбегі өте тамаша», – деп нақты баға бер­гені көкейге қонады. Элегияда көп­шілік көріністері көз тартарлық шық­қан. Театрға жаңа алынған та­лантты жастар тобы негізгі труппа ажа­рына ажар қосқанымен артық.
Қаллеки театры артистерінің во­калдық таланты жарқырай көрін­ді. Жеке дауыста Гаухар Жүсіпова та­маша ән салды, Жасұлан Ерболат пен Шахмұрат Ордабаевтың мықты тенор екені ашылды. Шәмшінің му­засын скрипкашы Маржаннұр Жо­мартқызы беріле ойнайды.
Естайдың «Хорлан» атты клас­сикалық әніне ғашық болған ұлы ком­позитор Шәмшінің былайғы жұрт түсіне қоймайтын жан шалқуы мен қуанышпен қатар жүретін қайғы-мұңын элегия авторлары ән арқылы беруді мақсат еткені білінді. Су­ретші, хореография, бәрі-бәрі үй­лесімді қосылған біртұтас ұжым­дық қойылым болып шықты. Қал­леки театрына жаңа туынды, жаңа түр, жаңа леп келді. Конфликт жоқ, дәуір колориті бар. Абстракция, нос­тальгия тұнып тұр, өйткені су­реткерлік табиғатына бұл ұғымдар жат деп ешкім дауласа алмайды. Бірде от, бірде мұз болып аласұрған Шәмшіні қоюшы режиссер Болат Ұзақов ойшыл дәрежеге көтерген.
Басты рөлді сомдаған белгілі ар­тист, ҚР еңбек сіңірген қайрат­ке­рі Нүркен Өтеуілов Шәмшіні көзі жас­қа шыланып, жан-жүрегімен ой­нады. «Шәмшінің жалғыздығын, жан айқайын түсінуге барымды сал­дым. Шәмші ұзақ жылдар га­раж­да өмір сүргенде, анасының жер­леуіне келе алмай қалғанда не ой­лады?! Мен үшін жұмбақтың кө­кесі. Ана туралы керемет ән жазды. Шәм­ші ішкі еркіндігі мықты адам. Дер­бес, тәуелсіз, ешкімге бағын­бай­­ды. Оған сән-салтанат, жайлы жағ­­дай, дүние-мүлік керек емес. Аз­ға қанағат ұстайды. Қара­пайым­дылық пен ұлылықтың түйісуі бір Шәмшінің бойынан табылды. Онда осы қасиет қатар бар. Кей адамның ұлылығын көрсек, қарапайым­ды­лы­ғын көре алмаймыз. Қара­пайым­дығын көрсек, ұлылы­ғын көре ал­маймыз. Бүкіл дүние оның өзінде тұр. Ол өмірдің ғажап екенін білді. Ар­зан дүниеге қызықпауы содан. Сол қоғамда өмір сүрген қазақтар­дың биік рухы аты аңызға айналған композиторда бар. Шәмші қазақ­тың асыл рухын бір жерге түйістіре біл­ді», – деді Нүркен.
Шәмші Қалдаяқов бейнесі қа­зақ драматургиясы үшін көп ва­риантты. Бұрынырақта белгілі ақын Исраил Сапарбаев «Сыған сере­на­дасы» драмасын сахнаға шығарды.
Баянын 1957 жылдан бастайтын «Шәмшінің жүрегі» атты кітап ав­торы, белгілі өнер зерттеушісі, ком­пози­тор Илья Жақанов «Шәмшінің қай әні қалай туғаны – менің көз ал­дымда. Шәмшінің өмірі ешқан­дай рахаты жоқ беймаза жылдар еді»,– деп жазады. Элегия автор­лары буырқанған сұлу ән әлемінің ер­кесі таңдаулы еркесі дарын иесі­нің тірлікте икемсіз, тағдыры өзге­ше жан екенін көрсетуге күш салып баққан.
Белгілі жазушы Серік Байхо­нов­тың «Жадымның жаңғырығы» атты кітабының «Тірі жәдігер» атты тарауында 1980 жылдардағы Шәм­ші Қалдаяқовтың портреті бар: «Анда-санда консерватория маңы­нан біздің ауылдың әнұраны іс­пет­тес «Сыр сұлуы» атты әнінің авторы Шәкеңді, «ішімдік ішуден алдына жан салмайды» деген атағы жер жа­рып тұрған Шәмші Қалдаяқов­ты көріп қалам. Қашан көрсең де ине-жіптен жаңа шыққандай су жаңа киім киіп, жараған сұлуторы аттай бо­лып жүреді. Соған қарағанда Шә­кеңнің «атасынан қалмаған ас­пен» біржола қош айтысып жүрген кезі болса керек».

P.S. 2018 жылы 8 наурыз күні Қаллеки театрында «Шәмші» элегиясы қойылды. Аншлагпен өтетін әр спектакльді көрермен қауым сүйіп қабылдауында шек жоқ. Бұл жолы спектакль біткен мезетте залдан екі жас сахнаға атып шығып, дөңгелене вальс билеп кетті. Театрда мұндай қылыққа рұқсат жоқ, той-думан емес. Спектакльдің жүрек тербейтін, адам баласының рухани әлемін аспандататын құнарлы дүние екенін осыдан-ақ түсіну қиын болмас.
«Шәмші» – шетелдік фестивальдарға алып баруға бек лайық пьеса!

Айгүл Кемелбаева

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.