Неге?

0
435 қаралды

Бақыт Беделхан


Түрмесіз далада қорасыз қой бағып, мылтықсыз аң аулап, саятшылық құрған. Есігіне ала жіп байлап алты айшылық жолға алаңсыз шығып жүре беретін Қазақтың даласы да, санасы да үрей билеген түрмеге айналып барады… Неге?

***
Орысша ойлаймыз… Арапша Құдайға құлшылық етеміз… Латынша дыбыс таңбалаймыз… сарт-сауанның тамағын жеп…. Сосын, жатып алып Қазақша қайғырамыз. Неге?!.

***
Сауда-саттықты өмірлік кәсібіне айналдырған өзге жұрттар бірін-бірі сата қоймайды. Ал, иен даланы еркін жайлап келсе де, бақыр тиын жұмсап, саудаласуды намыс көретін қазақ – сатқындыққа жақын.
Неге?

***
Өзіміз де сөзіміз де жансыз қуыршаққа айналып, әлеуметтік желінің кесірінен әлем-жәлем дүниеге жұтылып бара жатқанымызды – «Адамзаттың ғылымдағы жетістігі…», – деп жетім өкпеміз желпілдеп жетісіп жүрміз. Неге?

***
Біліп тұрған нәрсесін: «Құдай біледі», – деп қолынан келіп тұрғанды: «Құдай қылдырмады», – деп уәдесін бұзып алып: «Алла қаламады», – деп бар дүниесін бергісі келмесе: «Құдай бергізбеді», – деп өтірік топас бола қалу – діндар боп көрінгендердің арасында сәнге айналып барады.
Неге?

***
Көп өтіріктің арасынан шындық – шыңға біткен шынар сияқты анығырақ көрініп тұрады. Ал, көп шындықтың арасынан ақиқатты табу – өте қиын. Неге?…

***
Бай кедейді жек көреді, кедей байды жақтырмайды. Бірақ бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды. Неге?…

***
…«Қабыл Абылды қызғаныш пен іштарлығы асқынып, ашу үстінде өлтірді» деген діни аңызға сенсек, екі рет қайта жаралып мың мәрте қайта туып келе жатқан адамзаттың ашуы әлі басыла қойған жоқ!… Неге?

***
Періште мен періште таласпайды.
Сайтан мен сайтан салғыласпайды.
Ал, адам мен адам әлі күнге бір-бірімен түсінісе алмай келеді…
Неге?
***
«Базарда жүріп жинаған байлығыммен – білімге жеттім, мансапты болдым, зиялымын…», – дегендерге сенеміз. Ал «Мен түбі – біліміммен байлыққа жетемін…», – дегендерге күдікпен қараймыз. Неге?!

***
Ақын мен батыр бірікпесе, рух көрмейсің. Онсыз «ұлтым», «жұртым» дегеннен, түк көрмейсің.
Неге?!

***
Өзіміз түсіне алмаған дүниені: «Түсініксіз…», – деп тұқыртамызда, ал, түсінікті дүниені менсінбей құртамыз. Неге?..

***
Жалғанды: «Жалған», – деп айтып аламыз да, сол – Жалғаның ішінде өзімізді-өзіміз өтірік алдап, ақиқат іздеп жүріп өліп кетеміз.
Неге?

***
Өмір деген – қату адамға қатты, тату адамға тәтті. Неге?..

***
«Жетім жыласа, маңдайынан сипайтын ел бар», – дейміз. «Жесір жыласа, қатын ғып алар ер бар», – дейміз. Ешкімі жоқ, ешкімге керексіз боп қалған қарттар егіліп жыласа, қор санаймыз.
Неге?

***
Шешесі баласына: «жылама!», – деп ұрысса, зілсіз. Ал баласы, шешесіне: «Жыламашы!», – деп жұбатса да ауыр. Неге?..

***
Қазіргі заманның балалары бесіктен белі шықпай жатып, ақылды. Есіктен аяғы шықпай жатып данышпан… Әкелері алақанын ысқылап, «ақылды бол…» дейді. Менің әкем «ақылды бол» деп айтып көрмепті. Өле-өлгенше, аузынан тастамаған жалғыз ауыз батасы – Адам бол, балам! Неге?…

***
Қариялардың сөзін де өзін де қадыр тұтудан қалдық. Қадіріне жеткеніміз сол – бір-бір үйдің тірі экспонатына айналдырдық…
Неге?!.

***
…«Әкесі өлгенді де естіртеді». Бірақ кім өлтіргенін айту – міндет емес…
Неге?

***
…Адамдардың мың түрлі өлімінің себептері – ақырзаманның мың түрлі мысалдары сияқты.
Неге?

***
Аспандағы Айды сатып алардай ақшасы бар адамдар өзі сиятын екі метр жерді ойлауға қорқады.
Неге?..

***
«Мына сөзіңнің жаны бар екен», – дейді қазақ. Бабаларымыз сөздің де жанын нұрландырып сөйлеген-ау, шамасы. Сөз түгілі, қазір кейбір пенделердің ойының өзі өлік сасып тұрады.
Неге?…

***
Ақталып сөйлеген адамның бәрі ақылды көрінеді. Ал, ақтарылып сөйлеген адам – ақымақ сияқты боп тұрады. Неге?..

***
Ешкімді менсінбейтін адамның өзі туралы пікірі өте әдемі болады.
Неге?..

***
Бес күндік… Қамшының сабындай… Қас-қағым… Өтміш… Жалған… Арман… Қайран… деген сөздердің мән-мағынасын түсіндіргенде данышпансимыз. Шынтуайтында, өмірге екі рет келетін адамша екіленіп тұрамыз. Неге?..

***
Біреу қайнап жүріп ортайғанын байқайды…
Біреу ойлап жүріп, қартайғанын байқайды…
Біреу ойнап жүріп, Оман-дәрияны шайқайды.
Неге?!.

***
Орта ғасырдағы гректерде «қарыз ер адамның басы шабылсын» деген заң бар екен.Себебі, қарыз адам – біріншіден, жағдай, сылтау айтқыш… екіншіден, жалтақ, өтірікші келеді… үшіншіден, өтірік айтқан адам – елін, жерін, отанын сатады – деген екен. Ал, біз – таңертең тұрып алып басымыздың амандығы үшін ғана: «тәуба!», – дейміз. Неге?..

***
Сөз қадірі – адамның өз қадірі.сөз құдіреті – адамның өз құдіреті.
…Десек те, өз бетімізді аямай, кісі бетін шиедей қыламыз. Неге?…

***
«Айналайын» деген сөзді айта алмайтын адамдардың бәрі маған мейірімсіз боп көрінеді. Неге?..

***
Қорқыт көрден қашады, Иассауи көрге қашады;
біреуі бақтан қашты, біреуі сордан қашты.
Неге?..

***
Саясатты сайқал – дейміз де, өзіміз сол сайқалдың жолында періште болғымыз келеді. Неге?!

***
Мен – періште болсам, ажалмен арпалысып нем бар?..

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.