Ескегі бөлек Ескен

0
57 қаралды
Ескен Елубаевтың өмірден озғанына да жыл толыпты… Университетке түскеніміздің 55 жылдығына жиналғанда көріппін соңғы рет. Бастама көтеріп, қонағасы берген де Дулат Исабеков еді.
ҚазМҰУ-дың бұрынғы бас ғи­ма­ратында қазір Өнер академиясы ор­наласыпты. Бірақ, біз маң­дай­ша­ға қараған жоқпыз. Үйреншікті ау­дито­рияларымызға бұрынғыдай өзімізді шәкірт сезініп кірдік. Бі­рін­­ші курстағы кураторымыз Мыр­­­затай Жолдасбеков ағай қолына жур­нал алып, сол елу баланы тү­ген­де­ді. Уақыт шіркін өз дегенін істе­мей тұра ма? Біраз қатарларымыз о дү­ниелік болып кетіпті. Алла ша­ра­патын тигізсін деп дастарханға отыр­ғанда алдымен солардың ру­хы­на құран бағыштатып, бет си­па­дық. Ал, жер басып жүргеніміздің де кейбіреуі аурулы-сырқаулы болып келе алмады, келгендердің ішін­де сенің жүзің сынық көрінді, Ес­кен! Бұрынғыдай әзіл айтып, ел­ді бір күлдіріп алмадың. Сұлық сә­лем­десіп, аман-саулық сұрастың да қой­дың. 75-ке келсең де өңіңді бер­мей жүруші едің, аққұба жүзің қара­бар­қын тартқандай көрінді. Айық­пас дерттің салған ізі-ау… Бі­рақ ең­­­сең биік, етің де әлі қаша қой­ма­ған сияқты еді. Сондықтан Алла шипасын берсе, жарығың әзір таусыла қоймас деп үміттендім өзім­ше.
Сен өмірден озардан бірер күн бұ­рын даусыңды соңғы рет естідім. Қы­зың Ақмаралдан телефон құ­лақ­шасын алған соң, көп сөзге бар­мастан ақырғы сапарға бет ал­ға­ныңды сездіріп, менімен бақұл­дас­тың да, жұбату жауабымды күтпестен «қош, қош» деп телефон құлақшасын қоя салдың. «Даусы әлі жігерлі сияқты ғой, демек күш-қуаты бар», – деп жұбаттым өзімді. Бі­рақ, олай емес екен. Бірнеше күн­нен кейін телефон шалғанымда Ақ­маралдың «папам қайтыс болды» деген шарасыз үнін естідім. Жазушылар одағы күш-қайрат көр­сетіп, Тынымбай Нұрмаған­бе­тов­тей қаламдас досың ет бауыры езі­ліп жүріп артыңды жақсы жө­нелт­ті. «Құдайға шүкір қызы да, ұлы да есін жиды ғой», – деп іштей шү­­кір еттім.
Оқу бітірген соң мен күнде шы­ғатын газеттерде жұмыс істеп жүр­дім. Сен болсаң, көбіне бала­лар­ға арналған «Қазақстан пио­нері» газеті мен «Балдырған» журналында, баспаларда еңбек еттің. Оның үстіне екеуміз екі қалада тұр­дық. Сондықтан мақалам шы­ғар­м­ашылығың, қызметің жайлы емес. Сенің мол мұраңды зерттеп, оқыр­мандарға кеңінен ашып, талдап беретін балалар поэзиясының сыншы-зерттеушісі әлі-ақ шығар. Ал мен сонау студенттік шағыңды, қала берді анда-санда кездескенде көңілімде қалған керім әсерлерді ғана жазамын. 1961 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық уни­вер­ситеттің филология факуль­те­ті­нің қазақ бөліміне түскен елу ба­ланың ішінен сегізімізді бөліп шы­ғарды. Себебі – сегізіміздің де ең­бек өтіліміз жоқ, мектеп қабыр­ға­сынан екі-үш ай бұрын ғана шық­қан өрімтал едік. Сондықтан күн­діз өндірісте істеп, «өмір көріп», кеш­ке оқуға тиіс екенбіз.
Негізінде он бала болуымыз ке­рек еді. Кейін білдік, Әлібек Мейір­беков денсаулығына байланысты күндізгі оқуға жіберіліпті. Ал, Сауық Жақанова сырттай ауысып, келесі жылы арамызға қайта қо­сылды. Кейін өзінің Жетісайына орал­ған Әлібек біраз өлеңдер жи­на­ғын берді. Ал, Қазақстанның қай­­раткері, атақты диктор Сауық Жа­қанованың үні радиодан күні бү­гінге дейін саңқылдап тұр.
Қалған сегізіміздің ішінен Ес­кен Елубаев деген бала ерекшеленіп тұр­ды. Өйткені бізге қарағанда де­не­сі де кесек, мұртын қыра баста­ға­ны байқалады. Сөйтсек мектепті екі жыл бұрын бітіргенімен «еңбек кі­­тапшаң жоқ» деп оны біздің қа­та­рымызға қосып жіберіпті.
Мырзатай ағай бәрімізді қазіргі «Ата­кенттен» сәл төменірек орна­лас­қан №8 құрылыс-монтаж бас­қар­­­масының кеңсесіне алып келді. Кең­се төлқұжатымызға осы құры­лыс ұйымына жұмысқа тұрға­ны­мыз­ды куәландыратын штамп бас­ты. Сөйтіп, біздің әрі студенттік, әрі жұмысшылық күндеріміз бас­тал­ды.
Көп ұзамай Мәрия деген бір қы­зымыз тұрмысқа шығып, Алматыдан кетіп қалды. Енді төрт ұл, үш қыз. Ескеннен бөлек Әбіш Аязбеков және Бауыржан Жалмиев дейтін балалар, Дәржан Базарбаева, Гүлбаршын Бекмұратова, Жаңыл­сын Нұрлыбаева деген қыз­дар кешкі оқуымыз бен күндізгі жұ­мысымызды ұштастырып жүріп жат­тық. Жоғары курсқа келгенде Дәр­жан журналистика бөлімінде оқи­тын қазіргі белгілі жазушы Бе­рік Шахановпен отау құрды. Гүл­баршын да кейін танымал спорт журналисі болған Рабат Жәнібеков­ке тұрмысқа шықты.
Ал бірінші курста біз ойын ба­ла­сынан сәл-ақ ілгері едік. Жатақ­ха­наның дәліздерінде ойнақ салып ке­тетін кездеріміз болатын. Сөйте тұ­ра таңғы сағат 6-да тұрып бүгінгі Жа­роков көшесіндегі тұрғын үйдің құ­рылысына жұмысқа келеміз. Жа­сы үлкен, әрі орысшасы тәуір Ес­кен бригадиріміз сияқты. Құ­рылыс инженерімен сөйлесіп, бізді жұ­мысқа бөліп жатады. Істейтін жұ­мыстарымыз лай тасу, қоқыс та­залау, кірпіш әперіп тұру, дә­не­керлеушінің асай-мүсейін көтеріп беру. Жұмыстан бір сағат ерте шы­ға­мыз. Кәмелеттік жасқа тол­ма­ға­ны­мыз бар, әрі бас ғимаратта кешкі са­ғат 6-да басталатын сабаққа үл­геруіміз керек. Ал, сабақтан сағат түн­гі 10-да шығамыз. Шығамыз да қа­сымыздағы қазіргі Қабанбай көшесінің бойындағы нан дүкеніне жү­гіреміз. Ол сағат 11-де жабылады. Соған дейін үлгеріп қалуымыз ке­­рек. Ол кезде бағасы алты тиын­дық көлемі әжептәуір бәліш болатын. Қарынға қанағат. Ал 14 тиын­дық лепешкаға ақшаң жетсе, тіпті керемет! Сөйтіп газды судың бір ста­канымен соғып алып, автокөлік жүр­мейтін Виноградов көшесіне (қа­зіргі Қарасай көшесі) түсіп алып, жатақхана қайдасың деп тар­та­тынбыз. Шіркін жастық-ай! Кейде тамақты да, басқаны да ұмы­тып қазіргі Абылай хан мен Қа­банбай көшелерінің қиылысын­да­ғы балалар мен жасөспірімдер ки­нотеатрынан кино көретінбіз. Сөй­тіп жатаққа түнгі сағат 12-де ға­на оралар едік.
Дегенмен бірінші курста біз үшін ең қызықтысы жұмыс та емес, лек­­ция да емес, жатақхана болды. Өйт­­кені үшінші курстың студент­те­­рімен тұрдық. Олардың әңгіме­ле­рі бізге кейбір министрлік қыз­­меткерінің берген сабағынан әл­­деқайда әсерлі болды. Қалай әсер­­лі болмасын, біз сол кезде бо­ла­шақ үлкен жазушылар Марал Ыс­қақбай мен Кәрібай Ахметбе­ков­ті тыңдап жүріппіз. Екеуі жұбы ай­рылмастай дос еді. Тағы бір қы­зы­лордалық Зәкім деген бала болды. Ортадағы жапсарластырып қойыл­ған екі төсекте үшеуі жататын. Марал ағамыз біз үшін қазына. Ба­тыстың кез келген жазушысы, олар­дың шығармалары туралы майын тамызып әңгімелеп береді. Ол кісі айтқан жазушыларды оқи бас­тағанымыз бізге көп пайда берді. Өйткені кейін олардың денін оқу бағдарламасынан ұшыраттық.
Ал, Кәрібай ағамыз әзілкеш еді. Сту­денттік өмірдің небір қызық оқиғаларын айтып, аузымыздың суын ағызатын. «Үш жылда бір-ақ рет жеңілген атақты боксшымыз», – деп таныстырды бөлмеге кірген курстасын Кәр-ағаң. Соншама уа­қытта бір-ақ рет жеңілу деген ке­ремет қой. Біз әлгінің бойы-басына таңдана қараймыз. Әбден бізді таңдандырып алған соң Кәр-ағаң «Рас, рингке үш жылда бір-ақ рет шыққан», – деп сылқ еткізе салады. Мұнда күлмегенде қайда күлесің.
Кейде бөлмеге Өтежан Нұ­р­ға­лиев келеді. Біз мектепте оқып жүр­­генде Өтежанның өлеңдері жиі ба­­сылып тұрды. Жас ақынның та­лан­ты жайлы әңгімелер де ести­тін­біз. Сол Өтежан әлі студент екен. Бас ғимараттың акт залында өткен үл­кен жиналыста алғаш мінбеден көр­дім. Өлең оқыған жоқ. Жалпы, бұл саяси-идеологиялық жиын еді. Ол сөзін жиналыс төрінде отырған Қазақстан Комсомолы Орталық Ко­митетінің хатшысы Камал Смайы­ловқа арнап айтты. «Сіз қай жерде сөйлесеңіз де мені оқудан шығып кеткен студент ретінде сы­най­сыз. Менің аты-жөнімді баян­дамаңыздан алып тастайтын уақыт жетті деп ойламайсыз ба? Өйткені сіздің дерегіңіз ескірді. Мен әлде­қа­шан оқуыма қайтып кіргенмін. Тіпті, кілең беске оқып жүрмін. Сенбесеңіз, қасыңызда отырған «де­канымыз Тауман Амандосовтан сұ­раңыз», – деп шүйіле сөйлеген.
«Мен Розаға арнап өлең шығар­дым», – деді бір келгенінде Өтекең. Ро­за өздерімен бірге оқитын қыз, Сә­кен Жүнісовтің қарындасы.
Біз, әрине, ақынның теңеуіне таң­данып, зілсіз әзіліне күлеміз. Ал ол болса, ары қарай орыс ақын­да­рының өмірінен небір қызық де­р­ектер айтып кетеді. Біз осылай жо­ғары курспен бөлмелес болға­ны­мыздың арқасында көп білім жи­надық.
Стипендия алған күні ағала­ры­мыз біраз желпінеді. Бірақ, ондай күн­дер ұзаққа созылмайды. Ақ­ша­лары тез таусылып, біздерден бірін­ші курстықтардан қарыз ала бас­тай­ды. Біз де «жоқ» дегенді біл­­­­мейміз. Соңғы тиынымызды бө­лі­сіп, өзіміз де «отырып» қалатын ке­зі­міз болады. Жағдай осыған жет­кенде Ескен: «Қой, ауылға барып қайтпаса, болмады», – деп жолға жиналатын. Ол, Отар стансасынан еді. Пойызбен үш сағаттық қана жол. Сенбіде кетіп, жексенбі күні қай­тып оралады. Ескен үйінен кел­ді дегенше бөлмеге береке кі­реді…
Оқуға да, жұмысқа да алаңсыз кі­рісеміз. Бірақ жұмыс бізге
ең­бе­к­­ақыны өте аз төледі. Әйтеуір жарытпады. Күн суып, қар түскен соң жұмыс басына келіп жағда­йы­мызды көрген Мырзатай ағай күйі­ніп: «Жа­рытып ештеңе төлемесе, мына суық­та жұмысқа шықпай-ақ қойың­дар. Бәрібір сендерді ешкім оқу­дан шығара алмайды», – деді. Сол сөз себеп болып, қыста жұмысты тоқ­тат­тық. Бізді іздеген де ешкім бол­мады. Осылай бірінші курсты бі­тіріп, өзіміздің үйірімізге қо­сыл­дық.
Ескен, Дулат, Әділ Дүйсенбек бә­ріміз бір бөлмеде тұрдық. Енді ой­лап отырсам, бұл бәріміздің шы­ғармашылыққа шындап бет бұрған ке­зіміз екен ғой. Көбіне бірдеңе жа­зып, не оқып отырамыз. Бұндай кез­де бөлмеде шыбынның ызыңы ес­тілетін десем, артық емес. «Қазақ әде­биеті» газетінде алғашқы «Үш жү­рек» атты әңгімесін жариялаған Дулат «Жолда» атты әңгімесін жаз­ды осы кезде. Бұл әңгімесі жинаққа енді. Содан соң ол «Шойынқұлаққа» кірісті. Көбіне, жатақхананың жер­төлесіне түсіп кетеді. Оның дә­лізі жап-жарық. Бір үстел және орын­дық тұратын. Міне, сол үстел­ге отырып алып түннің бір уағына дейін сілтейді. Кейде мен қызық үшін төмен түсіп көріп қайтамын.
Ал, Әділ бөлмедегі үстелді ием­денеді. Сонда отырып өлең бұр­қы­ра­тады. «Жұлдыз» журналының ке­­зекті санына бір өлеңі жария­лан­ған соң тіпті қанаттанып алды. Сол өлеңнің бірі «Шопан таңы» деп атал­ды. Ол өлең ауылында бір-екі жыл қой бағып келіп оқуға түскен жал­ғыз Әділ­дің ғана емес, алпы­сын­шы жыл­дардағы бозбалалар­дың бар­шасының көңіліндегі кө­рі­­ністер.
Кейде бөлмеге курстасымыз Ма­рат Отаралиев кіреді. Көтеріңкі көңіл­мен кіреді. Марат та респуб­ли­калық басылымдарға өлеңдері жа­риялана бастаған. Бірақ, оның сту­денттер арасындағы даңқы жа­рияланбаған өлеңімен шықты. Ол өлең мынау:
Көмбеңдер мені өлгенде,
Көмуге мені бола ма?
Шалықтап жүрген өр кеуде
Сияр ма, сірә, молаға?Сөнер-ау рас күн сәулем,
Бірақ та қайдан от өлсін.
Өкіріп көрден тұрсам мен,
Өзің де шошып кетерсің.

Қылықты сол бір ұнатам,
Сонымен жаным көрікті.
Ол аздай түртіп оятам,
Жанымда жатқан өлікті.

Өліктер сосын ұғысып,
Ұғысып бірге мың тілек,
Содан соң аздап сыра ішіп,
Оқимын өлең күркіреп.

Өлікке басқа бақ қайда?
Жылынар өлең отынан.
Ақын деп таңдай қаққанда,
Мас болып мүлгіп отырам.

Асылы мені көмбеңдер,
Айтатын басқа ойым бар.
Қаңғып бір жүріп өлгенде,
Араққа салып қойыңдар!
Ол өзі бұл өлеңді Т.Шевчен­ко­ның «Өсиетінен» тудырдым дейтін. Со­лай екені көрініп те тұр. Бірақ, бұл жалаң еліктеу емес. Бұл сыра ішіп бұрқырап жүрген өмірді дә­ріп­теу де емес.
Өмірдің ащысын да, тұшысын да татқан жасымда қазір ойлап отыр­сам, бұл өлең Мараттың жүре­гін­­дегі жарылыс екен-ау? Қоғам­да­ғы ғаламат әділетсіздікпен бет­пе-бет келген әр ақынның жү­­­регінде жа­рылыс болады. Бірақ сол жарылыс әр ақынның шығарма­шы­лы­ғында әртүрлі көрініс береді. Марат ақынның жүрегіндегі жарылыс осылай көрініс берген.
Ал Ескен Елубайдың бұл ақын­дардан табиғаты бөлек. Оның жү­регі Мараттың жүрегіндей жарылмайды. «Па, шіркін, таңым неткен сүйіктісің», – деп Әділ құсап тамсанбайды да. Бір қарағанда прозашы Дулат құсап жол үстінде кездескен арлы мен арсызды, ұятты мен ұят­сыз­ды, қайырымды мен қаты­гезді, тәр­биелі мен тәрбиесізді өмір сы­ны­на салып, «Адам» деген аса күр­делі құбылыстың қыртыс-қат­па­рын ашудың машақатынан өзін ау­лақ ұстағандай болып жүреді. Есе­сіне Ескен балаларды Дулат су­реттеп отырған үлкен өмірге дайын­дады. Ол біздердің ортамызда жүргенімен өмір бойы балалар әле­мінде өмір сүрді. Бізге әзіл тас­тап қойып, өзі сол балалар әлемін жан серігі етіпті. Ес-ағаңның көп адам­мен араласпай оңашалау жүр­генді қалайтыны содан болса керек. Біле білген адамға балалар әле­мі­нен артық әлем бар ма? Бірақ, бұн­дай адам бала тірлікті болып қа­лады деген сөз емес. Керісінше, үл­кендер әлеміне араласқан адам­дардың қартайғанша бала көңілін сақ­тап қалуы ерекше қасиет. Сон­дықтан да балалар әлемін жырлап, жыр­ларында жүрегі езіліп, махаббаты сезіліп тұрады. Ол балалармен бірге сүйінеді, қуанады, ойланады, ойнайды, ренжісе де шәй ора­мал кепкендей тез жадырайды. Оның төсегі шифонердің қал­қа­сын­­да тұрушы еді. Сол төсегінде оты­­рып жазатын. Жылдар өтті. Үл­кен ақын атанды. Енді оның та­лантына өнердің өзге түрлерінен де сұраныс түсе бастады. Ол қуыршақ театрына арнап пьесалар, киноға арнап сценарийлер жазды. Бірақ, бәрібір балалар әлемінен айнымады.
1964 жылдан студенттік құры­лыс отрядтары жасақталды. Үшін­ші курсты бітірген жылы Солтүстік Қа­зақстан облысына аттандық. Сулы деген стансадан түсіріп, әр шаруа­шылыққа таратып жіберді. Біз Тимирязев ауданының бір кең­шарына бөліндік. Алғашқы күні жа­татын жай, төсек-орын дайын бол­май клубтың маңында ошарылып қалдық. Кеңшардың бізге жауап­­ты адамдары не істерін біл­мей жүргенде амалды осындағы бір қазақ жігіті тапты. «Бұл кеңшарда бес-алты қазақ үй бар. Соларға бө­лініп қонып шығыңдар», – деді ол. Та­­нымайтын үйге қалай барамыз? – Өзім ертіп барып орналастырамын, – деп ол жаңағы бес-алты үй­­дің иелері кімдер екенін айтты. Біреуі бас зоотехник екен. «Біз сол үйге барамыз», – деді Ескен бірден. Сөйтті де баратын балаларды топтады. Баяғы кешкі оқитындардан Бауыржан Жалмиев екеуміз, арамызда бірінші курсты бітіргендер де бар еді. Солардың бірі жерлесім, әрі сыныптасым Рафаэль Ниязбеков болатын. Пойызда осы курстан ақын Жұматай Жақыпбаев та купелес болып келген. Өзі менімен түй­дей құрдас екен. Ескен дереу осы бе­сеуімізді бөліп алып, бас зоо­тех­ник­тің үйіне тарттық. «Сендерге ет жегізем», – деп қояды қуа­қы­ла­нып.
Бас зоотехник бір текті салын­ған шағын ғана үйде тұрады екен. Отыздың ішіндегі келбетті жігіт. Жұбайы да, анасы да жатсынбай жақсы қарсы алды. Бірақ, Ескеннің ойлағаны болмады. Алдымызға ар­қа қазақтарының дәстүрімен ет то­лы астау қойылған жоқ. Кәдімгі өзі­міздің ауылда соғым таусылған кез­де жейтін нансалма келді. Үс­тін­де ұсақтап тураған шөкім еті бар. Таңдансақ та, сыр бермеуге ты­рыс­тық. Дегенмен, біздің жайы­мыз­ды үй иесінің өзі ұқты. Бәрі­мізден жекелеп сұрады. Бауыржан ақ­төбелік, қалғанымыз Алматы мен Жамбыл облысынан едік. «Мен Алматыда оқу бітіріп, сендер­дің облыстарыңда практикадан өт­тім. Онда мал көп. Әсіресе, уақ мал. Демек, зоотехниктің үйі етсіз бол­майды. Ал, біз астыққа негіз­дел­ген шаруашылықпыз. Осыдан бір-екі шақырым жерде тауарлы-сүт фермамыз бар. Сондағы ірі қа­раның анда-санда біреуін сойып, теңдей үлесіп аламыз. Сондық­тан осы берген дәмді қанағат тұ­тың­дар», – деді.
Әрине, бәріміз сыпайылық біл­ді­ріп жатырмыз. Дегенмен, Жұ­ма­тай­­дың езуіне мысқыл үйіріліп, Ес­кенге қарады. Ескен оған «тыныш отыр» дегендей қабағын түйіп қа­далды. «Жасыңыз үлкен ғой, дәм­­­нен алдымен сіз ауыз тиіңіз», – деп Жұматай езуіндегі мысқылды емеу­рінмен ғана жеткізді. Әзілді әде­мі қабылдайтын Ес-ағаң жадырап күліп алды да, қолындағы қа­сы­ғын жайпақ табаққа созды.
Дегенмен, Ес-ағаңның бізді таңдап бөліп алуының пайдасы да тиді. Таңертең клубқа қарай өтіп ба­ра жатқанымызда кеңсенің ал­ды­нан бір кісі қайырылды. Прораб екен. Оған осындағы кейбір нысан­дарды қысқа әзірлейтін құры­лыс­тан хабары бар жұмысшылар керек екен. «Біз құрылыстың не екенін бі­­ле­міз», – деді Ескен. «Бірінші курс­та құрылыста жұмыс істеп жү­ріп оқы­­­ғанбыз». Сонымен не керек, бас­­­­шылықтың ұйғарымымен осы бе­сеуміз құрылыс бөліміне жібе­ріл­дік. Тіпті, орнымыз да бөлек бол­ды. Бір пәтердің кеңдеу бөлме­сіне бес тө­секті сықастырып қойып берді.
Біз жұмысқа ұйқымызды әбден қан­дырып, сағат 9-да келеміз. «Құ­ры­­­лыста істегенбіз», – деп ұрандат­қа­нымызбен жайымыз белгілі. Ол кезде істегеніміз қара жұмыс болатын, мына жерде шын шебер керек. Сол шеберлік ешқайсымызда жоқ. Бри­гадиріміз Ес-ағаң «істейік» деп бізді құлшындырғанымен өзі көп нәрсенің көзін таба алмайды. Жұ­­матай да ағашты шегелегеннен гөрі айналасындағыларды сөзбен шегелегенге бейім. «О, өмір қолың емес, мойның емес денеңмін, Пушкин емес, Горький емес, Әлімжанов Еленмін», – деп жұмысқа бар пейлім­мен кірісіп кеткен мені бір көтерме­леп қояды. Содан соң ынта-шынта­сын салып жұмыс істеп жатқан Ра­­­фаэльді мақтайды. Рафаэльдің азан шақырып қойған аты Рәпілбек болатын. Оны «Рафаэль», – деп Жұ­ма­тай атады алғаш. Жұматайдың ау­­зы дуалы болды. Сол Рәпілбек қа­­­­­лың қазаққа Рафаэль ақын болып танылды кейін.
Күндер осылай өтіп жатты. Кеш­­кі тамақтан соң қол бос. Ауысымнан шыққан қырмандағы ұл-қыздармен қосылып, көл жағалап қыдырамыз. Түрлі ойындар ойнаймыз. Ал кейде төсе­гі­мізде отырып алып әркім өз тір­лігімен ай­налысады. Мен көбі­не кітап оқи­мын. Үш ақын өлең жазады. Бәріміздің қағазға үңіліп қалғаны­мызды көр­ген Бауыржан: «Бәрің ақын-жазу­шысыңдар (Сол жазда «Таңғы шық» атты жинақта менің тұңғыш «Ән сыры» атты әң­гімем жарық көр­­ген)». «Ендеше мен музыка шы­ға­ра­мын» деп, қо­лына таяқша алып, соны тербетіп отыратын.
Жұматай өзін ақын ретінде оқыр­­манына кең танытқан «Ләйла» цик­­ліне дейін қыздар туралы көп­те­ген әзіл өлеңдер шығарған.
Ал Рафаэль болса әзілден гөрі ба­­­балар рухына бойлап кетіп:
– Бабам менің жақсыны көп тізіпті,
Желге төсін айқара өпкізіпті.
Бір садақтың бір оғын егескенде,
Он жүзіктің көзінен өткізіпті.
Кәсіп етті білмедім өзге немен,
Атағына өмірі сөз келмеген.
Түсірсе ол түсірген бір-ақ атып,
Өзгелердей екі рет көздемеген, –
деп шамырқанады.
Студент Рәпілдің студенттер ара­­сында сұрапыл ақын атанып жүр­ген кезі еді бұл.
Ес-ағаң басын тауға да, тасқа да ұратын жігіт шағында да ол өзінің тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиер әзілін, ойнақы өлеңдерін жазды. Бәл­кім оның шығармаларының ара­сында қыздарға арналған ға­шықтық жырлары да бар шығар-ау. Мен әйтеуір оның махаббатының тұрақты болғанын жақсы білемін. Хи­мия факультетінде оқитын Әсия­мен қалай танысты, солай екеуі өмір бойы қол ұстасып жұбын жазбай өтті. Әсиямен біздің танысуымыз да есте қаларлықтай болды. Әбіш екеуміз жатақханамыздың қарсы бетіндегі «Никольский» базардан шықсақ, Ескен бір қызбен ке­леді екен. «Қазір мен оны қаты­ра­мын», – деді Әбіш. Сөйтті де «ай-шай» жоқ Ескеннің қасына ентелеп келіп: «Іздеп таппай қойып едім, сен тағып кетіпсің ғой; қане шеш, «галстугімді», – деп қиғылық салды. Ескенді осылай жаңадан та­ныс­­қан қызының алдында қысыл­дырмақ болғаны. Оған қысылатын Ескен бе, асықпай қарқ-қарқ күліп алды да:
– Әй, ана бұтыңдағы шалбар ме­нікі ғой, – деп өзіне жармасты. Орысшалау болса да Әсия достар­дың әзіліне түсінді.
Солай, Ескен әзілді айта біліп қа­на қоймай, көтере білетін. Тіпті көп адамның өз әзілін өзіне бұрып ж­іберіп, түк жұқтырмай тұра біле­тін кезі де болатын.
Рафаэль үшеуміз жатақхананың ау­ласында тұрғанбыз. Ескен қарап тұрмай Рафаэльді сөзбен шымшып ал­ды. Рафаэль ыза болып, тілдеп сал­д­ы. Ес-ағаң түк болмағандай «қа­тырдың, ә» деді қасымыздан өтіп бара жатқан екі қызды нұсқап. Сөйтіп, Рафаэльді әлгі екі қызды боқтаған етіп көрсетіп жіберді. Екі қыз Рафаэльге ашуланды, Рафаэль Ескенге ашуланып, шап-шәлекей болды, ал Ескен болса, миығынан күліп қойып қарап тұрды.
Алайда, қашан көрсе әзіл айтып ортасын күлкіге бөлеп, ал оңа­ша қалғанда балалықтың ауылына сапар шегіп, бүлдіршіндермен ғана сырласқанды ұнататын Ескен­нің бар болған-біткені осы деп келте пікірге келуге болмайды. Ес-ағаң­ның мақсатын орындамай бір ты­нбайтын табандылығы, қай­сар­лығы, керек болса, жүректілігі де жетіп жататын.
Жоғарыда сөз болған Солтүстік Қа­зақстанда бір күні кешкілік асханада шу шықты. Оны бастаған курстың старостасы, ал осындағы бри­гадиріміз Ермек Демешов. Ермек әскери борышын өтеген, өзі павлодарлық болғандықтан тың игерген ауылдардың да жай-күйін жақсы білетін еді. Ол бізге беретін та­мақтың сапасыздығына нара­зы­лық білдіріп, студенттерді де, жүр­гізу­шілермен бірдей тамақтандыру­ды талап етті. Көп ұзамай асханаға бір топ жергілікті жігіт кірді. Ішін­де сары шашы дудыраған біреуі қызу. Ең денелісі де, белсендісі де сол. Олар «бергенді ішіп-жеп» жай­ла­рыңа жүріңдер деп біздің ба­ла­лар­ға тиісе бастады. Тіпті, «сен мас­сың» деп бетіне сөйлеген бір қы­зы­мызды тірсегінен теуіп те жі­беріпті. Не керек, у-шу, ұмар-жұ­мар болып сыртқа шықтық. Ескен әлгі дәуді ұстап алды. «Қызда нең бар, қолың қышып жүрсе менімен тө­белес», – деді оған. «Сен төбелес де­ген­нің не екенін білесің бе», – деді әлгі.
– Ал, сен ше?
– Мен білемін.
– Ендеше мені ұр, – деді Ескен. Мен кезегімді беремін. Содан соң ұрамын.
Бірақ, әлгі дәу ұрмады. Көп сөй­леп кетті. «Төбелеске көп сөздің ке­регі жоқ. Не қыздан кешірім сұ­рай­сың, не біз сені ұрамыз», – деді Жұматай сөзге араласып.
Дәу, талдырмаш денелі, бойы да пәкене Жұматайға менсінбей қа­рап:
– Сен бе, мені ұратын? – деп сұр­а­ды.
– Мен, – деді Жұматай.
– Ты, крошка! – деп ұмтылған дәу Жұматайдың иегінің астынан ұстады. Сол кезде Жұматай оның ие­гінің астынан көз ілеспес жыл­дам­дықпен перді дейсіз. Дәу кескен теректей сұлап түсті. Орнынан тұ­райын деп басын көтеріп, қолын жер­ге тірей алмай қайта құлады. Жа­­нындағы жолдастары көтеріп әкет­ті. Жұматай бірінші разрядты боксшы еді. Ал, Ескен боксшы бол­ма­­са да, қыз намысын алдымен жоқ­­тап, қайтпайтын қайсар екенін көрсетті.
Астық жинап оралған соң көп ұза­май мен әскер қатарына алынатын болдым. Бұл да Хрущев заманы, оның тұсында көптеген жоғары оқу орындарының әскери кафедра­­лары жабылып, студенттері ар­мия қатарына шақырылды.
Осы тыңдағы құрылыста бауыр бас­қан топ мені әскерге шығарып салу кешін ұйымдастырды. Кеш Жұ­матайдың ағасы Құлтай Жа­қып­баевтың бір бөлмелі пәтерінде өтті. Ағасы мен жеңгесі үйде болған жоқ. Студенттік кештің көңілді өт­­­кені сонша таңның атқанын біл­мей де қалыппыз. Қоштасар сәтте Жұматай мен Рафаэль курсының (армиядан оралған соң өзім де солармен бірге оқыдым) Сәлима, Әтен, Жақсылық атты жас қыздары көз­деріне жас алды. Оларды көріп, ме­нің ақкөңіл Рафаэлім де «ары­сым-ай» деп кәдімгідей дауыс шы­ғарып қалды. Сонда Ескен: «Сендер көп жылап қимасаңдар Елен бірін­ші Алматы вокзалынан түсіп қа­лып, қайтып келеді Марат құсап. Әлі құтыла алмайсыңдар бұдан», – деп күлдіріп еді. Марат Отаралиевты бүкіл курсымыз болып әскер­ге екін­ші Алматы вокзалынан шы­­ға­рып салғанымызда, ол «сен­дердің шы­ғарып салғандарыңды қима­дым», – деп бірінші Алматыдан түсіп қалып қызық қылғаны бар.
Әскер университетке мектеп қабырғасынан бірден келіп түскен мені тез есейтті. Ал, бесінші курсқа көшкен менің достарымның алды үй­лене бастады. Сонау Таллин қа­ла­сында жүріп Дулат пен Нұрғай­ша­ның үйлену тойына шақыру билетін алдым. Келмесем де естіп-кө­ріп қуанып жүрсін деп салған ғой. Тура сол кезде маған демалыс бе­ріл­месі бар ма? Сөйтіп, досым­ның үйлену тойына арнайы келіп қатыстым. Ал, әскери борышымды мерзімінен бұрын өтеп, Мәскеу арқылы Алматыға ұшып келгенімде Ескен мен Әсияның тойының үстінен түстім. «Ниеттерің қалыс екен», – деп жатады ғой мұндайда. Бұ­дан кейінгі өмір бөлектеу. Бәрі­міз де отбасылымыз, оның үстіне қызметтеміз. Басқаша айтқанда, бұл үлкендер өмірі. Ал, үлкендер өмірі дегенің студенттің бір оқыту­шыға ғана тапсыратын емтиханы емес, мың-миллион адамға тапсыратын Алланың сынағы. Бұл сынақ жанын қысқанда өсек те, өтірік те айтып, небір қулық-сұмдыққа баратын, жақынына жала жабатын кезі де көп кездеседі жұмыр басты пенденің. Біз үлкен өмірде бір-бірімізге деген бала көңіліміздің шыр­қын бұзған емеспіз… Сөйтіп мен өзіңді тек адам ретінде білдім. Ал, өмірден озған соң ақын ретінде қайыра көргім келіп, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітап­ханасына келдім. Ескен кітап­хананың қақ төрінде тұрып қарсы ал­дың мені. Кәдімгі қара костюм, ақ көйлек киген портретің. Кітап­ха­наның директоры Гүлфайруз Қа­пар деген қызың сенің 75 жыл­ды­ғыңа байланысты 2017 жылды өз жүйесінде «Ескен Елубаев жы­лы» деп жариялағанын айтты. Со­ған орай барлық аудандар мен қа­лаларда «Ескен Елубаев оқулары» өтті. Оның біразына қатыстым. Сөй­тіп мен ақын Ескенді мектеп оқу­шылары арқылы таныдым. Оқу­шылар сенің өлеңдеріңді бірі­нен соң бірі жатқа оқып жатты. Сах­налық көріністер, кинодан үзін­­ділер көрсетті. Ал менің көз ал­­дымнан екеуміздің бірге жүрген өмірі­міз тізіліп өтіп жатты…

Елен ӘЛІМЖАН

Тараз қаласы.

Пікір қосу