Академик тәлімі

0
143 қаралды

Профессор Рахманқұл Бердібай – әдебиет пен фольклордың сан түрлі мәселелерін әр қырынан зерттеп, әдебиеттану ғылымының биік деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Белгілі бір толғақты мәселе жайында сөйлесе де, жазса да, айтар ойлары көптің көңілінен шығатын және қолдау тауып отыратын. Фольклор жайында жазған еңбектері түркі-моңғол халықтарының мұраларымен сабақтастыра кеңінен қарпып ой толғайтын.

Өрелі ғалым Р.Бердібай қабі­лет-таланты бар адамдарды әр кез қолдап отыратын. Соның бір ғана мысалы – айтыс ақыны мар­құм Ерік Асқаровты фольклор бө­лімінің аспиранты болуға ша­қырған-ды. Белгілі әдебиетші, ғалым Баламер Сахариев есі­мі­нің қаладағы бір көшеге берілуіне тікелей Рахаңның ықпалы болға­нын білеміз. Жоғары оқу орындарында араб факультетін ашатын кездің келгенін тиісті орын­­дарға жеткізіп, мәселе кө­тер­ген де Р.Бердібай болатын. Ал­маты да әл-Фарабиге ескерт­кіш орнату, достық кітап дүкенін ашу, ақындар айтысы мен жыр­шылдық дәстүрлі дамыту, «Алматы ақшамы» газетін шығару, жер-су атауларын қалпына кел­тіру, т.б. өмірлік мәні бар мә­селелерге мұрындық болып, арнайы мақалалар жазатын, пікір тудыратын.
Ақпарат құралдарында сөй­леп, жоғары орындарға ұсыныс жіберетін. Жазушылар Одағын­дағы бір жиналыста шетелдердегі қазақтардың мәдени-әдеби мұрасын зерттеу қажеттігі жайында сөз сөйлеп пікір айтқан еді. Ғалым ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын.
Рахманқұл Бердібай фольклор бөлімінің меңгерушісі бол­ған жылдар фольклортану ғылы­мында айтарлықтай ілгерілеу жүрген жылдар еді. Зерттеу методологиясын жетілдіріп, қазақ фольклорын томаға-тұйық зерттемей, түркі халықтарының мұ­ра­сынан, тарихи-типология­лық тұрғыдан салыстыра қарауға ден қойылып, бірнеше тың зертеулер жазылды. Солардың бәріне алғы сөз, кейбіріне арнайы тараулар жазды. Ол – фольклорлық мұра жайындағы зерттеулерін түбі бір түркі халықтарының рухани мәдени мұраларымен кеңінен сабақтастыра ортақтас­тыра қарау қажеттігін басты назарда ұстаған оқымысты. Оның үні тарихи тамырлас бүкіл түркі әлеміне жетіп жатты. Өйткені сол тұста Баку қаласынан шыға­тын «Тюркология» журналының алқа мүшесі болатын.
Қарымды қаламгер фольклор­дан бастап көне дәуір жәді­герлерімен қазақ әдебиетінің тарихы, оның көркемдік дамуы сияқты көкейкесті мәселелер жайында көптеген күрделі ең­бектер жазды. Оқымыстының қаламынан туған зерттеулердің тақырыптық ауқым аясы кеңді­гімен ерекше назар аударады. Оның барлығын бір мақалада түгел қамту мүмкін емес.
Академик Рахманқұл Берді­бай «Қазақ эпосы» атты монографиясында эпостанудың тарихы мен көне қаһармандық, ғашықтық және тарихи жырлар­дың жанрлық ұқсастықтары мен өзгешеліктерін, олардың стадия­лық даму сатылары зерттелді. Қазақ халқының аса бай эпика­лық мұралары мен түркі-моңғол халықтарының жырлары тарихи типологиялық тұрғыдан салыс­тыра қарастырылды. Эпос­тың түрлі дәуір шындығынан хабардар ететін «көп қабат­ты­лығы» мен тарихилығының ерекшелік­тері пайымдалды. Бұрынғы ең­бек­терде негізінен батырлық жә­не ғашықтық жыр­ларға көбі­рек назар аударылатын да, қалған жырлар (көне, тарихи) көп сөз бола бермейтін және жазба әде­биетке қойылатын талап тұрғы­сынан зерделеу басым болатын-ды. Сондықтан ғалым эпосты жанрлық, стадиялық, типоло­гия­лық тұрғыдан қарас­тыру қа­жет деп тапқан. Сөйтіп қазақ эпо­сын төрт топқа (көне, қаһар­ман­дық, ғашықтық, тарихи эпос) бөледі. Осы арқылы жа­нр­лық түрлердің айрықша бел­гілерін, типологиялық өрнектері мен мазмұндық, прицниптік айыр­машылығы әрі іштей жал­ғас­тықтарын анықтайды.
Рахманқұл Бердібай жыршыларды көп қырлы өнер иесі деп білген. Сондықтан ақын-жыр­шыларды қазақ фольклоры­ның сақталуына, дамуына, таралуына өзгеше үлес қосқан шы­ғар­машылық тұлға ретінде қарас­тыр­ған. Мәселен, Жамбыл, Кенен, Нұрпейіс өз кезінде эпи­калық аңыздарды тамсандыра айтып, көптің көңілінен шық­қандары белгілі. Тіпті арырақта өткен Маралбай мен Мергенбай ақындар да жосылта жыр айтқан жыршылар екенін еске салады.
Өте еңбекқор ғалымның жаз­ған-сызғандары күнделікті басылымда да, түрлі журналдарда да жиі жарияланатын, қоғам­дық жұмыстарға да белсене араласатын. Сыншылдық пен зерт­теу­шілікті қатар ұстанатын қос қанатты ғалым ел мен жер тағ­дырын бір сәт те есінен шығар­маған.
Ғалымда бос уақыт мүлде бол­майтын. Бір жағында ғы­лыми-теориялық еңбектерді, екіні жағынан күнделікті шығып жататын көркем шығармаларды оқитын. Көп уақытын жазуға арнайтын.

Зұфар СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.