Шайтан болған

1
424 қаралды

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ


Өмірінде дәл бұлай қорлан­баған шығар.
Шамдары самаладай жарқы­раған зәулім сарайдан ақтарылған жұртпен бірге сыртқа сытылып шыға беріп, өзінің тым жұпыны өмірін ойға алды. Содан жүдеп сала бергені. Сөмкесіне салған диктофоны мен кассеталарын сыр­тынан сипап қойды да, шар­ша­улы жүзбен маңайына назар жықты. Осы әзірде ғана аяқталған халықаралық саммиттен шыққан жұрт әлемдік шетін мәселелерді талқылаған басқосу әсерінен айыға алмай, саясат жайын қозғап, екеуара, үшеуара қызу әңгімеге кіріскен.
Басы сынып ауырып барады ек­ен. Қарны шұрылдап, шөл қыс­қанын енді байқады. Түскі ас ішпегені еске түсті.
Жұмыстан қайтқан жұртпен таласа-тармаса автобусқа жармас­ты. Артқы отырғышқа жұртпен қыс­тырылысып гүмп берді. Бер­зент сөмкесін, айырылып қал­ма­йын дегендей, қос қолдап қармап, қысып отыр. Бірінің аяғын бірі басқан ығы-жығы халықты сықай тиеп алған автобус орнынан ыңырана қозғалып, жұмысшы қыстағына қарай сызып келеді. Күні бойғы тынымсыз жұмыстан шалдыққан жүргіншілердің сіркесі су көтерердей халде емес. Қабақ­тары қату. Қалта түбіне сақтаған тиын-тебендерін жағы сембей қақылдап, ақша жиған билет кесушіге самарқау ұсынып жатыр. Соңғы cексен теңгесін билет та­ратушының алақанына бұл да тастай салды.
Ойында Достық-Дружба сарайын­да өткен саммит. Дүниенің төрт бұрышынан арнайы келген президенттер мен премерьлер жиналған осы басқосуда нелер айтылмады дейсің. Адамзат баласы жер бетіне сыймай, неше қилы қиын­дықты қолдан туындатып алып, енді соның салдарынан құ­тыла алмай әлек. Саясат дегенің сәт сайын мың құбылып, шиыр­шық атып тұратын бірдеңе екенін бұл енді ұққандай. Әр мемлекет өз ішіндегі тыныштықты сақтап тұрғаны бүкіл дүниенің тынышты­ғына кепіл емес екен. Өз жағдайың­мен қоса көршіңнің де көңіл күй­зелі­сіне мүдделі болмай, жер жүзі тыншу таппайтын көрінеді. Өзгенің қас-қабағына қарамасаң, өзіңнің де құрдымға кеткенің. Адам адаммен, мемлекет мемле­кет­пен мидай араласқан кезде, балалаған үстіне балалаған мәселе сыздауықтай сыздап, жұмыр Жер­дің мазасын қашырып бітеді екен. Оны дәл бүгінгідей саммит жасап, дүние жүзінің ықпалды фигу­ра­лары бірігіп сапырмаса, саясаттың қызуы басылуы екіталай. Мұ­хит­пен шектесіп жатқан әне бір көр­шілес екі елдің талай жылдан бері неге қырғи қабақ боп келгенін адам түсініп болмайды. Солардың тоңтеріс қабағын дүниежүзінің саясат серкелері жиылып жұмсарт­паса, сол кетіскені кетіскен. Қоң­сы қонған екі ел тату болмаса, олар­­дың бұл қылығы әлемнің әр қиырында жатқан өзге мемле­кет­тердің де бүйіріне шаншудай қада­лып, жамбасына тастай батқан мә­селеге айналып шыға келмек екен.
Ертеңгі сағат оннан кешкі са­ғат алтыға дейін тарқатылып біт­пеген мың сан түйткілді түсінем деп отырып, ойы әлемді шарлап, не қиырға бармады дейсің. Ка­питал билеген елдерден ат арытып келген тісқаққан саясаткерлер айтқан сөздің бәрі, сол капитал жолына енді түсіп жатқан жас елдер үшін таңсық. Бірін ұғып, бірін ұқпайсың. Кейбіріне ой-өрі­сің жетпей, онсыз да шөкімдей миың аталаға айналып бара жа­тады.
Олармен салыстырғанда, әри­не, біздің елдің тіршілігі бей­ша­ралық деп ойлады бұл. Енді ше? Иә, иә, қазір бұрынғы құндылық атаулының бәрі аяғы аспаннан келіп, дүниені түсінудің өзі қиын боп барады.
Қылыштың өзін соншалық бейшара сезініп, қор санауы бұл да емес, басқа.
Автобустан қысыла-қымты­рыла түскен соң, дедектеп үйге жеткенше ымырт үйіріліп қа­лыпты.
Кешкі асын ішіп-жеп жан ша­қыр­ды. Бұдан кейінгі жұмыс – асхана үстелінің үстін жалаңаш­тап, халықаралық тақырыпты толғайтын мақаласын жазу.
Берзент сөмкеден диктофоны мен кассеталарын шығарды. Кассетаның біреуін диктофонға сұқты. Қосып көрді. Біреу саң­қыл­дап сөйлеп жатыр. Германия президенті ме, Франция премері ме, әйтеуір еуропалық біреу. Тасада тұрған аудармашы оның сөзін орысшаға аударып, аузы аузына жұқпайды. Басы жоқ, аяғы жоқ, саммиттің қай тұсы екенін белгілеп қоймағанын-ай. Қайтерін білмей бірауық дағдарып отырды да, екінші кассетаға қол созды. Күні бойы сапырылған сөзді дикто­фон­н­ан қайта тыңдап шығудың өзі тағы бір сондай уақытты алатынын ойлағанда, басы солқылдап қоя берді. Қашан тыңдап, қашан жазып бітіреді? Өл, тіріл, мақала таңертең бас редактордың алдында жатуы тиіс. Сол үшін ұйқыны ұмыта тұрған абзал. Ұмыта тұрар еді-ау, бірақ осындайда ұйқы шіркін қас дұшпан екенін дәлелдеп бағады емес пе?
Көзің еріксіз жұмылып бара жатса, оған қылар айлаң кәні? Сон­дайда ғой, қағазға бір жол жазу жазудың күшке түсетіні. Қалам-қағазды былай ысырып тастап, салулы төсекке сұлай кеткің келеді-ақ. Бірақ ұйқысын қанды­рып келген бас редактор «Мақала қайда?» деп жалақтап отыратыны еске түскенде, салулы төсекке сұлай кетсем деген әлгі бір тәтті ойдан дереу айнып, қағаз-қаламға қалай жармаса кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың. Қалғып кет­пеудің амалын жасап бағасың.
Айтпақшы, осы өткен аптада ғой, мектеп бітірушілерге сынақ­тың тест түрін енгіземіз деп ентігін баса алмай отырған реформашыл министрге қарсы мақала жазбақ болғанда, кездейсоқ ойға түскен ұйқыашардың бір пайдасы тиген. Онда да дәл осылай, бала-шаға ұйқыға бас қойып, үй іші тыныш­талған соң, қағазға үңіліп еді, ілез­де маужырай бастағаны; Құдай атып кірпігі кірпігіне ілінісе бер­гені; кірпігі кірпігіне ілінісе бергеніне өзінің де ит жыны кел­гені.
Өзін өзі тірілтіп алмақ боп, ваннаға барды. Тыр жалаңаштанып ваннаға түсті. Сөйтті де бір шелек салқын суды тас төбесіне ақтара салды. Аһ… деп, шортандай шор­шып түсті сосын. Шоршығаны бар болсын… табаны тайып кетіп, шат­қаяқтап шалқасынан түсе жаздағаны. Екі қолы ербеңдеп, әрең құламай қалды. Еденге ұшып түскен қаңылтыр шелек қаңғыр-күңгір. «Өй, әкең… өй, енең… – деп күйінді, – өстіп жүріп бұтымды айырып алмайын!» Ваннадан шы­ға беріп, қалт тұра қалды: «Ах! Не дедім мен!? Бұтымды… жо-жоқ, бұтымызды болу керек». Осы сөз өзіне қатты ұнасын. Өзіне ұнаған осы сөзден бе, әлде тас төбесінен ақтарылған он бес литр тастай су­дан ба, ұйқысы шайдай ашылғаны. Апыл-ғұпыл шалбар балағына аяғын сұға салып, шашының суы сорғалап үстелге қарай түра жү­гірді. «Бұтымызды айырып ал­майық! Бұтымызды айырып ал­майық!» БҰТ – «Бірыңғай ұлттық тест». Тамаша! Табылған та­қырып!
Ертеңгі газеттің бірінші бетіне «Бұтымызды айырып алмайық!» деген атпен бас мақала жарқ ете қалсын. «Бұт» деген бірінші буын бас әріптермен терілді. Өрекпіген министр осыдан соң кілт өзгеріп, БҰТ деген қысқарған сөзді ҰБТ-ға өзгертті де жіберді. Сыңар ауыз сөзі жоғары жаққа түрпідей ти­геніне мәз. Кейде ұйқыдан қалу­дың осындай тәтті ләззаты да бо­лады-ау!
Көзіне тағы да ұйқы тығылып, маужырап бара жатыр екен. Амалы таусылып, он бес литрлік қаңылтыр шелекке ұмтылды.
Ұйқысын ашып келіп, дикто­фон­ды тағы да құлағына тақады. «Әй, ит-ай, тым болмаса аударма қазақша болса ғой. Мына бір орысшасын қалай түсіндік?».
Сағаттың қысқа тілі түнгі екіні түрті. «Ойпырмай… қашан бас­таймын?» Орнынан еріксіз тұрып кетті. «Күнұзақ дауыс зорайт­қыш­тың жанынан шықпай, диктофонға жазып алғаным зая кетпек пе?» Жү­регі күйіп, қорлана қалғаны осы­дан ғой. Өзінің ғана ма, әріп­тестерінің бәрінің басында осы хал.
Бағана… жоқ, енді ол кеше боп кетті ғой. Кешегі саммитке келген шетелдік журналистерге арнап алдыңғы жақтан қаз-қатар үстел дайындалыпты. Әр үстелде бір-бір компьютер. Интернет жалғанған. Бұл болса, дауыс зорайтқыштың жанынан шыға алмай, диктофонын қолына ұстап, бүкшиіп тұрды да қойды. Тұрған жері залдың түкпірі. Тізе бүгіп отыратын орындықты бұ­ған кім беріпті, тікесінен тік тұр­ғасын тізесі талып, белі құ­рысқан.
Шетелдік журналистерге жа­салған жағдайға қызыға да қызғана қарады. Олардың екі көзі сөйлеп жатқандарда, екі қолы пернетақ­тада. Он саусағы жыбырлап, пернетақтаны жәй ғана сипап отыр. «Шіркін-ай, – деген сонда қиял­дап, – біздің журналистар мынадай комфортқа қашан жетеді! Қашан!».
Диктофонның үні өшіп қалып­ты. Жалма-жан басқа кассета ауыстырып, қайта қосты.
«Ай, қорлық-ай, қорлық-ай! Олар ғой, ақпаратын жаза салып, интернетпен табанда редакция­сына жөнелтіп жатыр. Ал, біз… диктофонды ырқылдатып, сөзді әуелі қағазға көшіреміз. Орыс­ша­дан қазақшаға аударымыз. Мақала жазу сонан соң ғана».
Диктофондағы сөзді ыждақат­тап көңілге тоқудың орнына, қиял қуып кеткен екен, ұйқы тығылған көзін уқалап-уқалап жіберіп, дыңылдап кеткен басын шайқап-шайқап қойды. «Қой, – деді сосын өзіне өзі, – бұлай болмайды. Бұлай тыңдап отыра берсем, таң атып кетпей ме?»
Ең қиыны – алғашқы сөйлем. Алғашқы сөйлем жазылса болды, қалғаны өзінен өзі құйылып келе бермек. Тәуекел деп алғашқы сөйлемді жаза бастап еді… Құдай тас төбеден ұрғанда тағы да көзі жұмылып, басы салбырап бара жатыр екен. Жалма жан орнынан ұшып тұрды. Ойында – он бес литрлік қаңылтыр шелек.
Сағаттың қысқа тілі түнгі төрт­ке барып қалыпты. Қалғып-шұл­ғып отырып жазғаны бір жарым бет. Оның да соңын ала бере қаламсап тайып кетіп, қиғаш бір сызық түскен. «Қой! Қой-ә! – деді өзімен өзі сөйлесіп, – болмады. Болмай барады. Бас қатып кетті. Жатайын. Қисаяйын. Ертең… бірдеңесі болар».
Аяғының ұшымен басып ба­рып, жатын бөлмеден жамылғы алып келді. Асханада тұрған ескі диванға құлай кетті. Қатты шар­шапты. Екі құлағы шу-шу, денесі былқ-сылқ. Удай ашыған екі көзі еріксіз жұмыла бастаса да, кешегі саммит ойында. Саңқылдаған, сампылдаған дауыстар құлақ түбінде.
Шырын ұйқыға шым батып бара жатыр екен, тақау тұрған үстел жақтан тықыр-тықыр еткен дыбыс естілгені. Анық естіді. «Тыш­қан ба… атжалман ба… қап, қуып жіберетін… тайраңдатпай…» Санасына саңлаулап келген ойын орындауға ерінді.
Тықыр тағы естілді. Естіліп қана қойса бір сәрі ғой, біреу жа­мылғының бүйір тұсын көтеріп, қолын сұғып жатыр. Мұп-мұздай, тап-тастай. Тұла бойы түршігіп сала берді. Сұғынған қолды қағып жібермек боп еді, сірескен денесі илігер емес. Қолы көтертер емес. Ұйып қалған ба, жаны жоқ. Сы­ғы­райтып көзін ашқаны болмаса, тырп етіп қозғалуы мұң.
Көріп жатыр. Біреу, екі езуі екі құлағында, ыржиып қарап тұр. Көзі жылт-жылт. Танауы шу-шу. Дем алысы да тым жақыннан сезілді. «Мәссаған, – деп ойлады өн бойы мұздап, – сары серке ғой мынау! Менің бала кезімде бар еді осы серке.» Миы зеңіп, өз ойынан өзі шошыды. Сол-ақ екен, сары серке бақылдап қоя бергені. Бүйіріне тап-тастай сирағын сұғыңқырап-сұғыңқырап жіберді. Жаны шығып кете жаздасын. Үрейі ұшсын. Суық тер сау-сау құйылды. Зәулім сарайда өткен саммит емес пе ойлап жатқаны. Енді мынасы немене… Марқұм әкесі сонау жылдары сойып тастамап па еді? Саудыраған сүйегін ауыл иттері тасып кетпеп пе еді? Сары серке… соның дәл өзі… тіріліп кеткен бе, зәнталақ! Бақылдаған дауысы қандай жаман! Құлағы тұнып, қимылдауға зар боп қалғаны қалай? Қимылдау былай қалып, дыбыстауға дәрмені жетпегені несі? Әттең-ай, адам деген де бір бейшара мақұлық-ау! Қапелімде басқа түскен не мүшкіл хал? «Пі… пі…» Ерні ерніне жуыс­пады. Ернінен де жан кетіп қалған ба? Мұп-мұздай тұяқ бүйірін тесіп бара жатыр ғой. Жаны бүйірінде ғана ма? Көзінен ыстық жас саулап төгілді. «Пі… піс… піссімілла!» Тілі кәлимаға келгені сол екен, әлгі серке дегені бүйіріне қадаған сирағын суырып ала салды да, «бақ» етіп, шоңқиып сұлай кетті. «Піссімілла, піссімілла!» Дауыстап, басын көтеріп алуға күші әрең жетсе… екі көзін тарс жұмып алған. Ашса, үйдің іші тым-тырыс. Сары серке… жоқ елес… қайсысы болса да зым-зия. Түс пе сонда?
Мылжа-мылжа болған денесін қоз­ғап, ауыр дем алды. Өзінің өлі емес, тірі екенін түйсініп, кө­кірегіне азғантай қуаныш құйыл­ды. Әлгі бір түстен, Құдай сақта­сын, түс деуге де келе қоймайтын үрейлі оқиғадан соң денесі дел-сал. Есеңгіреп бірауық отырды. Үрейден біржола арыла алмастан төсекке қайта қисайды. Көрпенің бүйір тұсын астына басып, мұқият қымтап қойды.
Ұйқы деген тәтті бір тұңғиық. Кірпігі кірпігіне байлана берген екен дейді… тағы да «бақ» еткен дыбыс. Жүрегі зырқ етіп, тас төбесіне жетсін. «Бақылдаған» дыбыс бас жақтан шықты ма, әлде аяқ жақтан естілді ме, қапелімде шамалай алмады. Тіпті, өзінің басы қай жақ, аяғы қай жақ… жаңылысқан бір хал. Саңылаулан­ған санасы ғана. Сол… сол сары серке… енді ол жалғыз емес. Көп. Самсап тұр. Құлақтары салпиып-салпиып, бірін бірі кимелей жет­кен. Біреуі табанына тап-тастай тұяғын тигізді. Енді бірі тоқ еткізіп тас төбесінен нұқып жіберсін. Аяқ-қолы жансызданып, тағы да сіресе қалған. Тартып ала алмайды. Қауқарсыз. Өзін піссімілла ғана құтқаратынын санасы сезіп жатса да, тілі күрмеліп, ерні ерніне жуыспады. Сары серкенің осымен екінші рет пайда болғаны ғана анық. «Сары серке емес, сары сер­ке боп кеп тұрған шайтан ғой, – деп ойлады. Өз ойынан өзінің зәресі ұшты. – Бет-аузымды қи­сайтып, есалаң етіп қоймаса… Қап, дәрет алып, дұға оқып, тазаланып жату керек деуші еді… Соған бір мұрша болмай-ақ қойды-ау».
Қатты қиналып, ерін ұшына бар күшін жинады. Зорланып, күшеніп піссімілла деп сыбыр етті. Сонан соң ғана қаттырақ сөйлеуге демі жетті. Сары серкеге ілескен пәлекеттер піссімілланы естігенде әуелі жым-жырт бола қалды да, бұл басын көтергенде дүркіреп, тым-тырақай безе жөнелді. Сылқ-сылқ күлгендей дыбыс құлаққа шалынды. Әп-сәтте көзден ғайып болды.
Буын-буынын діріл алған. Та­мағы құп-құрғақ. Орнынан тұрып, су ішпек еді…
Енді тұңғиыққа құлдырап ем­ес, керісінше, шырқау биікке сам­ғап кетіпті дейді. Далиған жер беті ілезде бүрісіп, алақанға салғандай қалайша тез кішірейіп кеткеніне қайран. Шырқау биікке тез кө­терілгені сонша, басы шыр-кө­белек айналып, көзі бұлдырап кетті. Басының айналғаны да, көзінің бұлдырағаны да жанына жағып, көңіліне ұнап барады. Көкке көтерілген үстіне көтеріле түссем екен дейді; басым айналған үстіне айнала түсе екен дейді. Мұндай тылсым ғажайыпты жер бетінде жауынқұрттай жыбырлап, әрең жылжыған адам бейшара қайдан сезінсін?
Алыстан, туу алыстан сырт-сырт басқан тұяқ дыбысы естілді. Естілгені сол, қанаты қайырылған қаршыға құстай көк төрінен сылқ етіп, аяқ астына құлап түсті. Тұяқ дыбысы жақыннан, дәл іргесінен естілді. Көріп жатыр. Қол созым жерге келіп, іркілді. Сол… сол баяғы сары серке. Сүйір тұмсығын алға оздырып, пырс-пырс күй­сейді. Қос мүйізі артқа емес, алға қарай иілген. Жылтыраған жіпсік көзі жап-жасыл. Жанып тұр. Жа­ғын қайшылап, күйсеген сайын сапсиған сақал селтең-селтең. Сүп-сүйір қос құлақ, қос құлақтың арасында ербиген қос мүйіз. Төрт аяқтап емес, бұ жолы екі аяғына мініп, тікесінен тік тұр. Денесіне қылшық емес, қауырсын өскен бе, қырғауылдың қоразындай қызыл-жасылға малынып алған. «Айттым ғой, сары серке емес бұл… шайтан» деп ойлады. Жүрегі суынып бара жатты. Тыпырлап тұрып кетсе, бой бермес еді. Кеудесі көтертпеді. Тұншығып, қимылдай алмады. Өзін жалғыз «піссімілла» ғана құтқаратынын, «піссімілланың» соншалық қаһарлы қару екенін енді санасы анық аңғарды. Қина­лып барып «піс… піс… піссімілла, піссімілла» деп бақырды. Серке-шайтанның қызылды-жасылды қауырсыны ғана дір етіп басылды. Піссімілладан қаймықпай жанына жетіп келді де, секіріп үстіне қона кетті. «Бақ-бақ» етіп, мыжғылап жатыр. Қылыштың көмейіне өксік тығылып, тұншығып барады. «Өл-дім, өл-дім» деп айқайламақ еді, жағы қарысып, дауысы шықпады. Жылай да алмады. Демін әрең алып «Алла, Алла» деуге шамасы зорға жетті. Көк желкеге қонып алған құбыжық сонда ғана үстінен аунап түсті. «Алла деген құдіретті сөздің «а» деген дауысты дыбыстан басталғаны қандай жақсы болған» деп ойлапты. Неге олай ойлағанын бір Құдай білсін.
Өксіп оянды. Бөлме іші құлақ­қа ұрған танадай тып-тыныш. Сары серке түгілі сары сайтан да жоқ. Үрей жаулап алған жүрегі қалтырап, көрпесін сүйрете-мүй­ре­те келіншегі ұйықтап жатқан бөлмеге сүрініп-қабынып жетті. Дүңкілдеп жүгірген аяқ дыбысынан оянып кеткен келіншегі жастықтан басын үрке көтеріп алып:
– Не болды? Нағып жүгіріп жүрсің, – деді ұйқысын бұзғанын жақтырмай.
– Ү-ш-ш… ү-үш… үш рет келді! – деді бұл тұтығып.
– Не? Не келді дейсің?
– Ша-ша.. Ша-й-тан… шай-тан!
– Баршы әрі, шайтаны несі… Әрі жүр, баланы басасың, – деді қолымен жанына алып жатқан сәбиін қорғаштап. – Өзің шайтан! Бар оныңа! Жат тыныш! Елірме!
Сүйретіліп төсегіне қайтып келді. Маңайына секемдене көз сал­ды. Шайтан жайлаған жерге еш ұқсамайды. Бәрі-дағы орын-орнында. Тамағы құрғап, аңқасы кеуіп бара жатқаны есіне түсіп, тоңазытқыш есігіне қол созды. Ішінде аузы ашылған бір бөтелке арақ тұр екен. Мөп-мөлдір. Суы­рып алды. Жалма-жан екі кесеге толтыра құйды. Уф-ф деп, бір дем шығарды да, бірінен соң бірін жөпемелдемелете тартып-тартып жіберді.
…Көзі ілініп бара жатса да сез­ді, біреу тық-тық сақтана басып, жанына таяды. Тым-тырыс, ды­бысын шығармастан сілейіп тұрып қалды. Көзін сығырайтып қараса, қарсы алдынан үсті-басын қауыр­сын басқан әлгі… «Сол ғой тағы, шайтан ғой». Бұл жолы иманы селт етпеді. Қорқыныш, үрей.. атымен жоқ. Соған аздап таңыр­қады. Қол-аяғы да сіресуден аман. Піссімілласын дайындап жатыр еді, бірақ қапелімде өзін өзі зор се­зініп сала берді де, басын кө­терместен піссімілланың орнына «шәйт» деп жекіріп жіберді.
Аяғын абайлап басып, алға жыл­жи түскен серке-шайтан қай­мығып, қалт тұра қалды. Серке-шайтанды қаумалай қоршап, ентелескен бір қора шібіш-шайтан да ошырыла тоқтасты. «Шәйт, – деді тағы батылданып кетіп. – Енеңді ұрайын!». Дауысы өктем.
Жіпсік көзі жылт-жылт еткен сары серкенің жүні жығыла қал­сын. Бір адым артқа шегінді. Соңында топынған шібіш-шай­тандар да бастарын сілкіп-сілкіп алысып аңтарылып тұр.
Қылыш басын қол-аяғын бірдей сермеп, жатқан орнынан жұлқынып тұрды.
– Кет! Құры!– Түкірігі ша­шы­рап, түюлі жұдырығын басынан асыра жоғары көтеріп, қаһарлана айқай салды. – Жоғал! Пошел!
Аңтарыла қалған сары серкенің жап-жасыл жіпсік көзі жыпылық-жыпылық. Жасқанып сәл тұрды да, кенет орғып түсті. Шібіш-шай­тан­дар да толқып кетті. Топынған тұяқ дыбысы тарсылдап-сартыл­дап, барлығы түгел билей жөнеліс­ті. Қайран қап қараған Қылыштың құлағына ысқырып-пысқырып, бақылдап-қақылдаған үндері жылы тиіп, тіпті жағып барады. Осы күндері хит боп кеткен эстра­далық музыкадан қылдай кем естілсе не дейсің. Делебесі қозып, бұның да билегісі кеп кеткені. Қараса, басын бұлғақта­тып, аяғын ырғақтатып теңселе бастапты. Бірте-бірте қимылы ширап, басын сілкіп-сілкіп, белін ырғап-ырғап биге ынты-шынтымен кірісіпті. Белін тап осылай ырғағаны өзіне қатты ұнап барады. Осы бір қимылды жасағанда тұла бойы түгел шымырлап, алпыс екі тамы­рын от кеулеп, тілмен айтып жеткізгісіз айрықша бір ләззатқа кенелетін сияқты еді. Сол өзі қашан, қандай жағдайда болаты­нын еді, еске түсіре алсашы. Еске тез түсіргісі кеп бел қимылын екі­леніп қайталай берді. Сондай бір ләззатты аңсап, екі иінін жұлып жеп, құтырына биледі. Екі қолын екі жағына жазып жіберіп, екі көзі алақтап, белін изеңдетуден тан­бады. Изеңдеген сайын әлдебір ләззатқа сүйсініп ыңырсығандай, құмардан шыға сыңсығандай түсініксіз дыбыстап, ешкі боп кел­ген қалың шайтанның арасына еніп бара жатыр екен. Олардың желп-желп еткен қылшық жүндері жалаңаш сирағын сүйкеп өткенде, қытығы оянып, өзін қоярға жер таппай, рақаттана қышқырып, қос аяқтап көкке атылады секірді. Бір кезде аңғарса, шайтан біткен хор­мен ән салып жүр. Өмірі естімеген әуен. Қайырмасы еркінен айырып, қанын тасытты.
Шайтан, шайтан,
Шайтан болды,
Шайтан болды-ай-и!
Жуанды-жіңішкелі дауыспен шырылдап-бырылдап салған ән буынын босатып, жанын суырып, еріксіз елірте түсті. Алпыс екі тамыры балқыды. Сиқырлы әуен түгесіліп қалмаса екен, осылай тоқтаусыз есіле берсе екен деп тіледі. Сары серке бастаған шыбыштар кетпесе екен деп көкседі. Бір қараса, олар еденді тырсылдата басып, сыртқа сытылып шыға бастаған екен.
Шайтан, шайтан,
Шайтан болды,
Шайтан болды-ай-и!
Қылыштың құлағына сонша ғажап боп естілген сиқырлы әуен бірсін-бірсін алыстап, ақыры үзі­ліп тынды. Бұл солығын баса ал­май, соңдарынан тұра жүгір­мекші боп оқтала беріп еді… Кенет дүние жап-жарық боп кеткені. Соған ілесе «ойбай, ой-бай-й» деген әжептарқы дауыс құлағын тырнап өткені. Селт етіп тұра қалыпты. Қарсы алдында алақандай боп бақырайған екі көз. Алақандай боп бақырайған екі көздің іші толған үрей.
– Ойбай! Жын ұрды ма, ойбай! Жый есіңді, ойбай!
Көз алдын кіреукелеп тұрып алған қалың тұман сыпырылып түсті. Үрейге толы бақырайған екі көз сол сәт келіншегіне айналып жүре берсін. Ол-дағы табал­дырықтан бері аттауға бата алмай, босағаны қармап ұстап, тұра қашуға оқталғандай шошынып тұр. Өзі бөлменің қақ ортасында қос қолын көкке тік көтерген күйі қалшиып қатып қалыпты. Бөлме­нің қақ ортасында қолын көкке тік көтеріп не қып қалшиып қатып қалғанын, бірақ еш түсіне алмады. Қолы сылқ төмен құлады. Қараса, тыр жалаңаш. Неге олай? Бұ­тындағы лыпасын де сыпырып тастапты-ау! Қалайша?
– Ойбай! Ойбай! – деп зар еңіреді келіншегі. – Қызың оянып кетер, ойбай! Не көрінді саған, ойбай! Орныңа жат, ойбай!
Түкті түсінбеді. Неге жекиді бұл?
Үстел үстінде состиған бос бө­телке. Соған іш киімі асылып қалған. Тырқылдап күліп жіберді. Тырқылдап күліп тұрып, мынадай қызыққа келіншегінің неге күлмей тұрғанына таңғалды.
Бос бөтелкеге асылып қалған іш киімін саусағымен іліп алып, жалт бұрылды. Төсегіне гүрс құ­ла­ды. Келіншегі жарықты сөндіріп, есікті нығырлай жауып қойды. Бір сәт демін ішінен алып, сырттан тың тыңдады.
Қылыштың құлағынан әлгі бір еліткіш ән қайырмасы кетер ем­ес.
Құмары қанбай қалғанына қатты өкінді. Өкініп жатып, шай­тандар тағы да келсе екен деп тіледі.

1 пікір

Пікір қосу