Медиация – тұрақтылық пен қоғамдық келісім факторы
25.08.2017
2412
0

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралатын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында 4 тарау, 28 баптан тұратын ҚР-ның «Медиация» туралы» Заңы қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді. Медиация – өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың бейтарап жақ көмегімен тараптар арасында дауды реттеу тәртібі. Жалпақ жұртқа «медиация» пән сөзі әлі де болса жақсы таныс емес екені шындық. Өйткені, бұл ұғым-түсінік қазақ қоғамына енді ғана енді. Сот ісінің басы-қасында жүрген, заң-законнан хабары бар белгілі бір топтарды есепке алмағанда, бұқараға бұл сөз бейтаныс. Қазақстанда бітімгершілік келісім арқылы барлық істердің тек 3%-ы шешіледі, ал қалғандары сот үкімімен және шешімімен аяқталады.

Медиация көптеген ғасырлар бойы түрлі өркениеттер мен мәдениеттерде татуластыру жолында қолданылғаны мәлім. Жанжалдарды бітімгерлер арқылы шешу ежелден белгілі, тарихшылар мұндай жағдайларды финикийліктер мен вавилондықтардың күнделікті өмірінен мысалға келтіреді. Ежелгі Грецияда бітімгерлер (proxenetas) қолдану тәжірибесі тараған, ал римдік құқық, Юстиниан кодексінен бастап (б.д. 530—533) бітімгерлікті мойындаған. Римдіктердің арқасында медиация кеңінен таралған. «Бітімгер» түсінігін айқындау мақсатында римдіктер mediator сөзін қолданған. Кейбір дәстүрлі мәдениеттерде бітімгерге аса құрметпен қараған және абыз немесе тайпаның көсемі ретінде сыйлаған.
Қазіргі түсініктегі медиация ұғымы ХХ ғасырдың екінші жартысында, алдымен англосаксондық құқықты мемлекеттерде – АҚШ-та, Австралияда, Ұлыбританияда дами бастады. Кейіннен ол біртіндеп Еуропаға таралды. Медиацияны қолданудың алғашқы әрекеттері отбасылық шиеленістерді шешу аясында басталды. Ақырында медиация түрлі шиеленістерді шешуде ауқымды өрісті қамтыды Алғаш рет «Медиация туралы» Заң қабылданған соң аталмыш құжатқа тосырқай қарағандар көп болды. Медиация ағылшынша «mediation», орыс тілінде «посредничество» деген ұғымды білдіретін бұл сөзді қазақтар «делдал» дейді. Яғни мәмілеге келтіруші, дауды реттеуші, кикілжіңді басушы деген сөз. Сол себепті, батырлығымен, жыраулығымен танымал болған талай қазақ биінің кез келгенін медиатор деуге болады. Ел басқару ісі, ру арасындағы жер дауы, жесір дауының арты отқа ұласып кетпес үшін ақыл-кеңесін айтып, тоқтамға шақырып отырған. Сот төрелігін жүргізген ғұламалықтар далалық данагөйлер ойымен тиянақталып жатады. Ал қазақ билерінің белгілі бір дауға айтқан билік-шешімдері тарихта жетіп-артылады. Еліміздегі медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайтын заң қолданысқа енгізілгенімен, медиатор мамандардың тапшылығын көріп отырғанымыз тағы бар. Мамандар: «Заң қабылдамас бұрын медиаторлар дайындау мәселесін шешіп алғанымыз дұрыс еді», – дегенді жиі алға тартуда. Қазақы қалпымызға салып, «көш жүре түзеледімен» келе жатқанымызға да біраз болды. Бұл заңның сот саласына тигізер пайдасы зор дегенді талай рет алға тартқанмен, нақты іс жүзінде медиацияны қолдану барысы баяу екенін жасырып қала алмаймыз.
Бүгіндері Ассамблея кәсіби және қоғамдық медиаторлардың бір-бірімен жұмыла жұмыс жасауына күш салуда. ҚХА-ның Республикалық медиациялық кеңесі құрылды. Облыстарда 13 медиациялық кеңес, Достық үйлерінде 16 медиациялық орталықтар қызмет етуде. Қазіргі кезде медиация – қоғамдық институттар мен азаматтар арасындағы мәміле алаңына айналды. Әрі ҚХА-ның біртұтас медиаторлар реестрінде көптеген кәсіби медиаторлар қызмет етуде. Оның ішінде қоғамдық медиаторлар мен ерікті бітімгерлер де бар. Қазір Қазақ елінде 70-ке тарта Медиация орталығы жұмыс істейді. Олардың барлығы арнайы сертификат алғандар және медиаторлардың тізімінде тұрғандар. Және де әлгіндей орталықтардың тең жартысы «Медиация туралы» Заң қабылданған уақыттан бері жұмыс істеуде. Яғни алты жылдан аса уақыт ішінде ҚХА-ның ауыл-аймақтардағы медиациялық бірлестіктерімен тікелей байланыс жасауда. Дау-дамайдың басым бөлігі әлеуметтік, еңбек және азаматтық сипатқа ие. 2016 жылдың шілде айында Ассамблея ҚР Жоғары Сотымен медиация саласында байланыс орнату жөнінде Меморандумға қол қойғаннан бері Орталықтар ортақ жоспарды жүзеге асыру мақсатында бірлесе, біріге қызмет етуде. Ассамблея мен Жоғары Соттың ұжымдаса жұмыс істеуі негізінде 26 қаңтарда сотқа дейінгі шиеленістерді шешу, дау-дамайды тоқтату турасындағы пилоттық жоба іске қосылған болатын. Бүгіндері барлық сот орындарында ҚХА-ның медиаторлары мен зейнеттегі судьялармен біріге медиациялық кабинеттер ашылып, онда тұрғындардың түрлі сипаттағы дауларының шешілу жолдарын көрсетіп, барлығын мәмілегершілікке шақыруды көздеу мақсатында түрлі ақыл-кеңес берілуде. Толық қорытындысы биылғы жылдың шілде айында шыққан еді. Ауқымды жоба – «Жол картасы» аясындағы «Қазақстан зорлық-зомбылыққа қарсы» атты жобасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Бас прокуратурасымен тығыз байланыс орнатылды. Әлеуметтік, отбасылық және басқа да зорлық-зомбылық түрлерін азайту үшін көптеген ұсыныс-пікірлерді ескере келе, оң шешім шығарып, ортақ жоба жасалды. Биылғы жылдың ақпан, сәуір айларында ҚХА-ның Медиация кеңесі ҚР судьялар Одағы, Қазақстан кәсіподақтар Федерациясы, Республикалық адвокаттар коллегиясы, Республикалық нотариальды палатасы, Ұлттық денсаулық сақтау палатасы, Ресей медиациясының Федералды институты, Ресей медиаторларының Ұлттық ұйымымен тығыз байланыс орнатып, Меморандумға қол қойған болатын. Замана көшіне ілесу үшін медиация саласында жаңа технологияларды игеру арқылы этно-мәдени бірлестіктер арасындағы жанжалдарды болдырмаудың амалдарын жан-жақты қарастырылуда. Таяуда ғана тұңғыш рет Шығыс Қазақстан облысындағы Достық үйінде «Цифрлы Қазақстан» жобасы шеңберіндегі «Медиацияның вертуалды кабинеті» бағдарламасының тұсауы кесілді. Алдағы уақытта әр азамат пен азаматша сайт арқылы кіріп, Медиацияны өткізу жөніндегі өтінішін жібере алады. Медиация институт ретінде әлеуметтік және құқықтық қайшылықты барынша болдырмай, алдын алып отыруды, этносаралық, ғылым-білім, еңбек отбасылық, қоғамдық дау-дамайлар кезінде медиацияға жүгінуді, сотсыз, судьясыз және құқық қорғау органдарынсыз-ақ шиеленістерді шеше алатын қауқары бар. Медиация институты туралы халық арасында көбірек айтуды, ҚХА-ның медиациясының облыс, аудан, ауылдардағы өкілдіктерін көбейтуді, Медиация институты әрі кәсіби, қоғамдық медиаторлар жұмысының жүйеленуіне септігін тигізетін цифрлы-ақпараттық базаның түзілуіне ықпал етуді қолға алу жоспарланып отыр.

Жанар Жолдасбайқызы,
ҚР Президентінің жанындағы «Қoғaмдық келісім» РММ-ның медиация секторының меңгерушісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір