Абай және біз
25.08.2017
6389
2

Әдебиеттанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметов бір сұхбатында: «1940 жылы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романының бір тарауы – «Татьянаның қырдағы әнін» газетке жариялады. Жұрт жаппай оқыды. Роман шыққанда Бауыржан Момышұлы оған «Сені әдебиеттің полковнигі деп атаймын. Есейген Абайды білуші едім, бала Абайды білмеппін» деп хат жазды. «Қазақтың бас ақыны» Абайдан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін мықты, хакіммен деңгейлесе алатын ақын болған жоқ», – депті. Расында да, Абай – Әлем. Оған бару бар да оны тану бар. Ұлы ақын әрі ойшылдың мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойғы мән-маңызын жоймайтын рухани қазынасы іспеттес. Заман өзгеріп, санада сапырылыстар пайда болған сайын әлгі «байлық» өзін жаңа бір қырынан көрсетіп, құм ішіндегі алтындай алыстан арбай түсері анық. Бүгіндері Алаш жұрты Абайдың әр сөзін, әр өлеңін жаттап алып, айтып жүр. Кезінде: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз», – деген Міржақыптың өзі қазір қазақ руханиятының бір бөлшегіне айналып кетті. Өлмес өлең, өшпес мұра қалдырған шайыр күн өткен сайын зорайып барады. Абай – шың, Абай – биік, Абай – тау, оған барлығы шыққысы бар. Әсіресе, жастар. Осы ретте, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Филология факультетінің 1 курс магистранттары ақын жөніндегі ойларын ортаға салған екен. Соны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.


Аягөз Ибрагим:
– «Абай және біз» деген тақы­рып­та сөз қозғамас бұрын, «Абай кім?» деген күрмеуі қиын сұраққа жа­уап іздеп көрейікші. Барша қа­зақ халқы ең әуелі Абайды ақын, жазушы ретінде ғана таниды. Оның толып жатқан басқа да ауыз толтырып айтар қа­сиет­те­рі­нен бейхабармыз. Кейде «мүсіні тұр­са да , орыс жастары Абайдың кім екенін білмейді екен» деп налып жатамыз. Асылында, Абайдай қазақ ұлтының жанашыры, бір­туар тұлғасы жайлы қанық бі­лер қазақ жастарының өзі сау­сақпен санарлық. Абайдың асқан бі­лімдарлығы, даналығы, да­ныш­­пандығы,ұлылығы, «қара қыл­­ды қақ жарып», тура билік жүр­гізген әділеттілігі, ақыл, қай­рат, жүректі бірдей ұстай білген ке­меңгерлігі туралы сөз айту, ой ай­ту оңай, бірақ сол сөзіміз бен ойы­мызды Абайдың жүрегіне те­рең бойлап түсіну қиын. Екін­ші жа­ғынан, Абайды түсіну бізге қиын­ деп, үн-түнсіз отыруымызға да болмайды. Абай өзінің да­на­лық ойларын, өсиетін елінің ке­лер ұрпағына арнаған. Сол ке­лер ұрпақтың бір буыны – бізбіз. Сон­­дықтан Абайды біз түсін­бе­сек, кім түсінбек? Абайды білуге біз құлшынбасақ, кім құлшын­бақ?
Әйгерім Жұматаева:
– Аягөз өте дұрыс айтып отыр. Менің ойымша, Абай өлең­дерi әлі күнге дейін өзектілігін жо­ғалтқан жоқ. Қай өлеңiн оқы­сақ та, зығырданы қайнаған шер­лі ақын елді түзеудің амалын қа­­рап, тығырықтан шығар соқ­пақ іздеп, басын тауға, тасқа соқ­са да, жол таба алмай, ақыры елі­нің ырқынан айрылып, өзгеге бо­дан болатынына бармағын шай­найды.
Қате айтып қайтеміз, қазақ хал­қы әлі де бірлігін тұтастай жия алмаған секілді. Көпшілік, ұлт болған соң түсінікті деуге бо­лар. Біреулер ерінбей еңбек етудің орнына, ұрлықпен мал табуға бет бұрса, біреулер шетке жер сатуға, енді біреулер жағымпаздыққа, бірі қазақ қыздарын жат елдің азаматтарына тұрмысқа шығуға шақыруда. Тәуелсіздіктің қадірін түсінсек те, кейбір тұстарда, жер бай­лығы мен ел байлығын жарас­тыра алмай жатқан жайымыз да бар. Сол себепті Абай өлеңдерін кө­бірек оқып, әсіресе, өскелең ұр­паққа ұғындыра білсек, ақын­ның арманы орындалар ма еді деп ойлаймын. Жиырма жеті жа­сында қыршын кеткен Сұл­тан­махмұт Торайғыров жазғандай: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, жалықпа!». Асыл сөзді ғана емес, адамдықты, туралықты, дана­лық­­ты іздесек, бәріміз дамудың бас­­ты негізі, іргетасы, биік белесі бо­­ларлық Абай шығармаларымен ай­нымас дос болуымыз қажет деп білемін.

Анар Қайнарбаева:
– Абай өз заманынан бір-екі ға­сырға алда болған десем, қа­те­ле­с­пеймін деп ойлаймын. Ол өмі­рінің соңына дейін елін ілім­ге, сауаттылыққа шақырып өтті. Сол заманда айтылған ұлы ой­шылдың сөздері әлі күнге дейін ұрпағымызға өнеге болып келеді, әлі күнге дейін үлгі етеміз.
Менің байқағаным, негізі Абай зияткерлік тақырыбын, на­ғыз адам, тұлға болып қалып­та­су­ды өзінің көп шығармаларында өзекті мәселе ретінде айтып өт­кен. Жазушының басты мақса­-ты – сауатсыз елін ағарту, ілімге ша­қыру, намысын қайрау болды деп ойлаймын.
Кез келген жанның шын мә­нісіндегі адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбекті қажет ететін, ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс екені барлығымызға да мәлім. Осыған орай Абай шығарма­ла­рында әрбір адамның ішкі рухани казынасының молығуы тіке­лей сол адамның қолындағы іс еке­нін жақсы мәлімдеп жазған. Айт­қанына құлақ ассын деп күйіп-піседі, түсінбесе, ашынады, ызаланады. Өзі білмесе де, біл­геннен үйренсе екен дейді, алай­да, көп жұрт түсінбейді, тү­сін­се де жасамайды. Айта-айта шар­шаған, елінен күте-күте қар­тайған Абай реніш назын айтады. Егер адам қаншалықты ақылды, ғазиз болса да, жанына ешкім ер­месе, айтқанын тыңдамаса, тоқ­­татқанына көнбесе, олардан не пайда, өзімнен не пайда деп мұңаяды, бірақ елінен безіп қай­да барар дейсіз?!
Абай халықты бақытты бола­шаққа бастар жолды іздеді. Сол жолда аянбай тер төгіп, өз зама­ны­ның сипатын, халқының сол кез­дегі жағдайы мен психологиясын, жеке адам бойындағы жақ­сы-жаман қасиеттерді көрсетті.
Біздің заманымыздан Абай­дың дәуірі, заманы бөлек, біздің ойымыздан Абайдың ойы да, әр нәрсені саралауы да өзге. Қазіргі жастардың пікірі осындай болып келеді. Менің ойымша , заманның сыртқы көрінісі өзгерсе де, ішкі маз­мұны көп өзгермеді. Мазмұны деп отырғаным – сол заманның ру­хани байлығы, басты мұраты мен мақсаты. Егер де Абайдың за­манындағы адамның іздегені, Құдайдан тілегені, жанын салып жинағаны мал болса, біздің за­ма­нымыздағы адамдар да бұл жа­ғы­нан ешкімнен кем қалатын емес.
Жақсылық жасаудан жаман­дық жасау оңай, тапқаннан гөрі шаш­қан оңай, еккеннен төккен оңай. Қарапайым халықтың, қа­лың момынның, жоқ-жітіктің ақы­­сын жеп, дүниені арамнан жи­­ғандарға не деуге болады?! Осын­дайда Абайдың Бірінші сөзі ойға оралады. Бірақ Абайды кім оқып жатыр? Абайды кім тыңдап жа­тыр?

Үміт Нұрғалиева:
– Елдің, әсіресе, жастардың жағ­дайына алаңдаған хакімнің бол­жамын қазіргі жастардың хал-ақуалымен салыстырып көр­сек. Ақынның сол кездегі уайымы ақтала ма бүгінгі таңда? Жиырма бірінші ғасыр – ғылым дамыған, білімнің биік шыңына жет­кен заман. Қазақ жастары қа­зіргі таңда шетел асып, білім қуып жатқаны қуантарлық жағ­дай. Десе де, оның бізге қан­ша­лықты пайдасы бар. Білімді жас­тардың ішінде қазақ салтын мойындамай, орыс тіліне әуес­теніп, орыс тілін білмегендерге құдды бір Отаныңа опасыздық жасағандай масқара ретінде қарайтындар жоқ емес. Оларды қайт­пек керек? Бар кінә тәр­биеде. Ата-ананың білімді қандай жолмен, не мақсатпен оқу керек­тігін дұрыс ұғындыр­мауын­да. Ха­кімнің айтқанындай, дүние­нің қызығы – бала, бала тәрбие­леу, же­тілдіру. Ақын медресеге өзінің балаларын не мақсатта бергенін түсіндіріп, соған қарай бет алыңдар деп насихаттайды. Бірақ осыны ұғынар ата-ана бар ма? Ұшқан ұясында көрген тәрбиесі осыған итермелеп отыр. Елім, тілім жойылмасын деп қаншама қазақ зиялылары жанын берген аманатына қалайша қиянат жасай аламыз. Жарайды, олар бі­лім­ді, сауатты. Шетел асып, біреуі ғылым жолын, кей­біреуі кәсіпкерлік жолын, енді біреулері пайда жолын қуып, сол елде қалып қойған аза­маттардың ісін дұрыс дей аламыз ба? Олар­дың еліне деген сүйіс­пеншілігі қайда кеткен? Не мақ­сатпен білі­м алып жатыр? Сол жастардың ара­сында таланттылары, жаңа­шылдары, өнертап­қыштар бар, бо­ла­шақ данышпандар да солар­дың ішінде жүр­ген шығар. Олар­дың ақыл-ойы­ның, дана­лық­тарының игі­лігін өз еліміз емес, шет­ел көріп жатқанын ойлағанда, жүрегің қарс айырылады. Ақын жайдан-жай мұндай тақырыпты қозға­маса керек-ті. Осындай жағ­дайдың белең алатынын ол нақты болжап кеткен.
Біз – бақытты ұрпақпыз. Ға­сырлар бойы бостандықты аңсап кет­кен қазақ жанашырларының ар­маны болған ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Қалағанымызша оқимыз, білім аламыз. Тек таза ниеттеніп, нақты қадам жасасақ бол­ғаны. Барлық жағдай жасал­ған. Қолда бар алтынның қадірін бағалай білейік.

Динара Төреғалиева:
– Абай дәуірі мен біздің ара­мыз­ды мың құбылып, жүз өзгер­ген заман иірімдеріне толы тұп-тұтас ғасырлық кеңістік бөліп тұр­ғандай. Бірақ заманы басқа бол­са да адамы бір. Өзгерген, ысыл­ған, қиналған, жасыған, қай­та түлеген, қалпынан ажы­ра­ған… Басынан кешкені көп ха­лық­пыз. Екі кезеңнің, екі дәуір­дің арасалмағын Абай атамыз суреттеген, бейнелеген қоғам кес­кіні ажыратып, айқындап бе­реді. Өзгешелігі сол, өмір аяңы, тұр­мыс салты, қалашыл ғұрпы қа­лыптасқан. Ал патша дәуірі аяқ басып, араға салған іріткісі әлі күн кешіп келе жатқанын қа­лай жасыра аламыз?!
Болыс болдым, мінекей,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап.
Уақыт өтіп, заман мен қоғам жаңашыл сипат алып келе жатса да, дәл осы қазақ мінезі қалпынан бір таймайды. Абайдан бері қарай күн кешкен ақын-жазушылар ең­бегінде де билікке құмар, атақ­қа әуес жандар аз сыналған жоқ. Десе де, қанша түйрелсе де осы бол­мыс бір бетінен танбай келе жат­қаны қызық. Сірә, сүйекке өтіп кеткен. Мысалы, болыстық үшін патша ағзамның жергілікті билікке отырғызған адамына қол­да барын беріп, төбесіне көте­ріп күткен ғой. Бәсекелесінің соңы­нан арты-артына арыз до­ма­латқан. Күндестік дерті әбден асқынған. Осы көрініс бүгінгі күн­де де көзімізбен көріп, күнде­лікті жаңалық хабарлардан естіп жүрміз. Анау әкім, мынау министр, тағы бір шенеуніктің әре­кеті осы жайттардың тонын ай­нал­дырып қана алған сияқты. Бер­ген соғым ақшаға ауысқан, ай­тар алғысы параға айналған.
Кейде Абай неге өз заманын үнемі сынға алған деп ой­лаймын. Байқап отырсақ, ақынның таби­ғат, махаббат лирикасы азаматтық позициясын араластырмаған. Ал азаматтық лирика жанрындағы жырлары халқына күйінген, титтей жақсылығына сүйінген адам­ның сөзі. Бір адамның емес, сырт көздің сынын жанашырдың ті­лі­мен жеткізеді. Соның бәрі «хал­қым жақсы болсын» деген ниет­тен туған сынды.
Абай және біз дегенде, осы бі­­рер дүниелермен шектеліп қалу, әрине, ұятты жайт. Бірақ менің есіме ең бірінші орала кеткен осы ұқ­састық болды. Тағы бір тілге тиек етер нәрсе бар. Абайды жасында әкесі оқуға беріп, бі­лімге сусындатты. Бірақ ол кезде қазақ баласына дәл Абай құсап шам­шырағын жағып тұр­ған еш­кім болмады. Ал бүгінгі әрбір қа­зақ үшін адамдық биігін, адал­дық арнасын сақтау үшін тұс­бағ­дар болып, оң бағытқа нұсқайтын әркімнің Абайы бар. Хакім бар қа­заққа ортақ. Әрі кез келген игі ниет­ті адаммен жеке сырласа да ала­ды.
Қазір қай-қайсымыз үшін ақын­ның бес нәрседен қашық бол деп, бес нәрсеге асық бол деп айт­қан ғибраты ауадай қажет. Кісі­лік формуласы, былайша айт­қанда. Сананы тұрмысқа би­ле­тіп, сол межеден аттап кететі­ні­міз бар. Өкінішті-ақ.
Абзалы – адамның өзгеруі, қо­ғамның жаңаруы деген шын сөз. Өйткені, қысымыз да, жазымыз да, көктем, күзіміз де сол ақын Абай суреттегендей. Шыңыл­тыр аяз да, қыстың сызы қал­маған жаз­ғытұры да, көкала үй­рек сым­пыл­дап ұшқан жаз да, түсі суық сұр бұлт аспанды құр­сайтын күз мезгілі де бір жарым ғасыр бұрын­ғы көрінісінен көп өзгермеген, ажырамаған.
Біз уақыт безбені шын асыл деп дәйектеп, бағасын биік­теткен Абай сөзімен сусындауымыз қажет. Осы қажеттілікті біле тұра бүгін бейқам, селқос жүрге­ні­міз қызық. Нені істеу керекті­гін, қалай істеу керектігін біле тұрып, істемеу қателік емей, са­на­дағы енжарлық емей немене?! Міне, қазақ әлі осындай. Көпке то­пырақ шашпаймыз. Ондай көп ішіндегі аз жақсылар Абай кезеңінде де болған шығар. Дей­тұрғанмен, зейін салып қа­ра­сақ, «баяғы жартас – сол жар­тас» сияқты. Оңай келісе сал­майсыз, әри­не, бұл сөзбен. Ащы кесім осы сияқ­ты.

Қарлығаш Жақсылыққызы:
– Абай Құнанбаевтың шы­ғар­машылығы қазақ қоғамына етене таныс болғалы бір ғасырдан астам уақыт өтіпті, ал мен танып- біл­гелі он екі жыл болды. Осы жылдарда менің нақты біліп, көңіл­ге түйген біршама ойларым мен мағлұматым бар.
Абай көптеген өлеңдерін өз жұртына арнаған, әсіресе, қазақ халқының көкірегіне жарық сәу­ле ұялатсам деген үмітпен, көнгіш сор­лы мінезін намыс, қайрат, ақыл­ға жеңдірсем деген ниетпен ар­наған. Ондай жолдарды «Қалың елім, қазағым, қайран жұр­тым» деген өлеңінен оқи ала­мыз. Осы сияқты арнаулар жас­тар­ға және туған жер табиғатына да жазылған. Олар біздің баға жет­пес құндылығымыз.
Ақын келешек қазақ қоғамы­мен астыртын сырласады және біздің ақын өмірі жайлы ойлары­мыз­дың алдын орап, өзі пайым­да­ғандай.
…Сонда жауап бере
алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын,
жаны жара, –
деген жолдарда айқын байқала­ды. Өзіміз білетіндей, ол кезде орыс би­лігі қазақ даласын алай-дү­­лей еткен, сонымен қоса, ақын­­ның «екі күймек» тіркесінен жы­ғыл­ғанға жұдырықтай қазақ­тың да қазаққа жанашырлығы тасып тұрмағанын байқаймыз. Ол қазір де солай ғой, алайда, ақын айтқан соқтықпалы кезеңде де қазақтың бірікпегені ең күйі­ніштісі екен. Осы жолдардағы ас­тыртын мәтін қазіргі қазағыма үлгі болса екен. «Екі күймектің» күйін кешпес үшін әр төбеден тұрмыс күйбелеңі үшін ғана ұрандамай, бір төбеге жиылып, ұлт мәселесін ұрандасақ, пайда-сы мол болар ма еді.

Мәдина Қамысбаева:
– Абай дегенде, «адамгер­ші­лік» сөзі бірден ойыма келеді. Абайды білген, таныған адам бақытты адам, жолы болған адам деп есептеймін. Себебі, адам жаратылысы, өмір бойында оны адам екенін есіне түсіріп тұратын нұсқаушыны немесе нұс­қаулықты қажет етеді, міне, ха­кім Абай адамгершілікті наси­хаттайтын нұсқаушы десек, қате айтпас едік. Нағыз философия, өмірдің ақиқаты, тұнып тұрған тәрбие Абайда, байқаған, түсініп білген адамға. Тәрбие демекші, ұрпағымыз, жалпы адамзат Абай философиясымен тәрбиеленсе, нағыз текті, арлы, иманды, білім­ге құштар халық болар едің деген ойдамын.
Абай өлеңдерінің ерекшелігі, олар­дың қара сөздермен байланыста болуы. Бір оқыған адамға, өлең­деріндегі сөздері қарапайым кө­рінгенімен, оның әрбір сөзі ас­тарлы ой, терең мағынаны біл­ді­реді. Оны түсінуге тырысу үшін, қара сөздеріне жүгінуге бо­лады.
Ақын шығармасымен таныс адам, өлеңдерінде «ғылым» сөзі жиі кездесетінін аңғара алады. Бұл ұғымды ол, әсіресе, жетінші қа­ра сөзінде ашып көрсетеді:
«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде се­нім жоқ. Құр көзбенен көрген біз­дің хайуан малдан неміз ар­тық? Қайта, бала күніміз де жақ­сы екенбіз. Білсек те, білмесек те, біл­сек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хай­уан­нан да жаманбыз. Хайуан біл­­мейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де бі­ле­міз деп надандығымызды білім­ді­лікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре та­мырымызды адырайтып ке­те­міз».
Иә, екі ғасырдан астам уақыт өт­кенімен де, қара сөзде сыналған қасиеттер әлі де белең алуда. Өкі­ніш­ке қарай, қоғамымызда жан құмары: білсем деген қажеттілік- тен тән құмары: ішсем, жесем, ұйықтасам дегендер басым. Ақын бұны «жанды тәнге бас ұрғыздық» дейді.
Шынымен де, хайуанға белгі­лі бір затты көрсетсе, ол сол көр­ге­ніне қанағаттанады. Белгілі бір затты көр­сек, ол нені білдіреді? қайдан шық­ты? қашан шықты? құрамы қан­дай? деген сұрақтарды өзіміз­ге қоймаймыз (бұл тек мысал ғана), жай ғана көреміз де, Абай айт­пақшы, хайуан сияқты ары қа­рай білуге талпынбаймыз, сол күйінде қалдырамыз. Айнала­сын­дағы жұмбаққа толы дүниеге қызықпаған адам да сол сияқты деп сипаттайды ақын. Менің пі­кірімше, Абай ғылым дегенде мін­детті түрде ғалым бол дегенде, білімді қуу туралы ғана емес, белгілі бір кә­сіпке, белгілі бір нәрсеге деген қы­зығушылық болу керектігін айтып тұрғандай.
Қазіргі кезде жастар арасында да бұндай жағдайлар кездесуде. Ме­нің ойымша, біздің елде білім­ді бағалай бермейді. Көбінің бас­ты мақсаты «диплом алу» немесе «ЖОО-ның бітірді» деген атақ алу үшін, не болмаса өздерінің жүрек қалауымен түспеген мамандықта оқып, бәрібір ол салаға бармай, ол оқудан еш нәрсе алып шықпай, әйтеуір бітіреді. Меніңше, бұндай жағдай, еліміздің болашағына жә­не өзіне тұлға ретінде үлкен нұқ­сан келтіреді. Егер де әрбір адам, өз мамандығын терең оқы­са, түбіне жетуге тырысса, сүйсе, толықтай меңгерсе, сол саланың толыққанды білімді маманы атанса, өзінің де өмірі мәнді болып, оған қоса халқының ілгері дамуына үлкен үлесін қосар еді.
Сонымен қоса айта кетететін жайт, қылмыскерлер әлемінің да­муының бірде-бір себебі ізде­ніс, білімге, ғылымға деген тал­пы­ныстың жоқ болуы. Қандай адам­дар қылмыс жасауға бейім? Ға­лымдар, білімді адамдар неме­се белгілі бір іске деген қызығу­шы­лығы бар адамдар ма? Әлде кі­тап­тан қол үзген, өмірде еш нәр­сеге қызықпайтындар ма? Жауабы түсінікті сияқты. Бұндай адамдардың ішкі жан дүниесі бос, қаңырап қалғандықтан, Абай айтқандай, жан құмарын қа­нағаттандырмағандықтан түр-лі хайуани іс-әрекеттер жасайды.
«Ғылым – Алланың бір сипаты», «ғылымсыз адамның зікірі де дұрыс болмайды» дейді Абай. Құдай Тағала бізді жануарлардан ажырататын, ерекше ететін ойлау, танып-білу қабілеттерін сыйға тартқан, алдыға жылжу үшін, талпыну үшін қай­рат­ты да берді. Абай адамның туабіт­кен қасиеті – тәннің қалауы ғы­лымға білімге деген ұмтылысты өзі­мізде жойып алмауды насихат­тайды.

Динара Теңізбай:
– Сөзіңнің жаны бар, Мадина. Абайдың қара сөздерін оқи отырып байқағаным, ұлы ақын­ның қазаққа деген өкпесі қара қазандай, мүлдем көңілі толмайтыны көрініп-ақ тұр. «Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» деген сауалына тоғызыншы қара сөзінде «адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәр­се» таба алмағанын айтып на­лиды. Бірақ бұл Абайдың қазақ­ты жек көремін дегені емес, бұл ақынның жан айқайы, ашу-ызасы, күйініші, реніші. Қара сөздерін оқып отырып, расында осынша төмен, жақсы көруге тұрарлық бір жақсы қасиеті жоқ халық болғанымыз ба деген сұрақ мазалайды. «Біз қазақ мал баққан елміз» деп Қазыбек би мақтана айтса, Абай атамыз қазақты «мал жинаудан басқа түк білмейтін, я егін екпейтін, я ғылым қумайтын, сөз ұқпайтын, жалқау, бір-бірін көре алмайтын» сор маңдай сынды көрген. Бұл сөздерінің жаны да бар секілді, бар білетініміз дайын мұнайды жер астынан сора беру болғанына қарағанда, Абай сөздері қазір де, XXI ғасыр көшінде өз құндылығын, ак­туаль­ділігін жоғалтпаған сияқты. Абай, сөздеріне қарағанда, қа­зақтан біржола үмітін үзген, «жөнделер, үйренер деген үмітім-
де жоқ» дейді. Ақын жас кезінде, қай­ратты шағында қазақтан үмі­т­ті болғанын, тек жасы келіп жан қуаты азайған кәрілігінде ғана ұлтынан үміті үзіліп, салы суға кеткенін айтып отыр. «Бұ­лар­дың ортасынан көшіп кету керек еді» дейді Абай. Бұл сөздерінен аздаған жиіркенішті байқадым. Ұлы ойшыл қазақты ақылсыз санамайды, тек сол ақылының соңына ере алмаған жігерсіз, қай­ратсыз санайды. Алайда, үміт үзілгеніне қарамастан, қайран жүрек­ке не шара, бәрібір «не қыл­ды, не болдыға» салып, қа­зақ­қа жаны ашып тұрады, жағ­дайы­на бей-жай қарай алмайты­нын айтады.
Халқымның көзі ашылып, кө­кірегі оянғанда ғана шынайы күлем, шынайы қуанам, тірілем­нің белгісі. «Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуіл­дегі бар ма, дүрілдегі бар ма» дей ке­ле, ақын ұлтының рухани те­рең еместігін, жеңілтектігін, дү­н­ие жинап, бір күндік қызық үшін өмір сүретіндерін айтатын се­кілді. Бір сөзбен айтқанда, «ауырдың үстімен, жеңілдің ас­тымен» жүруді таңдаған халық. Ұлы Абайдың қазақтар жайлы жазған ойларын оқып отырып, өз ұлтыңа деген құрмет азаяды, көңіл құлазиды, ата-бабамызға деген мақтаныш сезімі күлге айналады. Әрине, тегіс халықты дат­тауға да болмас, «бір анадан ала да туады, құла да туады» де­мекші, Абай бұл сөздерін көзі ашылмаған, сауаты жоқ, қара халыққа арнап отыр. Ақынның қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. тілдеріне аударылған. Аударылса да оқылмасын деп тілейік, әсіресе, жат жұрт Абай­дың қазақтар жайлы ойларын білсе, олардың халқымызға деген сый-құрметі төмендейтін се­кіл­­ді. Бұл сөздер, меніңше, тек қа­зақ халқы оқысын деп жа­зыл­ған, өзге ұлттардың мұндай әлсіз тұс­та­рымызды білгені өзімізге қауіп.
Абай сөздері осы күндері де құндылығы жоғарыламаса, тө­мендеген жоқ. «Дайын асқа тік қасық» болуды әлі күнге жанымыз сүйе­ді. Дүние жинап жарысудан да ата-бабаларымыздан кем түспейміз. Бүгінгі күні қазақ қо­ға­мында жемқорлықтың белең алып, тамырын тереңге жайған ке­зеңі. Пара беруді көздеген қа­заққа пара алушы қазақ дайын тұрады. Мұның да түбірі Абай айт­пақшы, «ананың сүтімен бері­летін надандықта», орынсыз тәр­биеде жатқан шығар. Бұлақ көр­се көзін ашу да біздің қазаққа жат дүние. Бәйгеде оза шауып, көзге түскенді көре алмай, ая­ғы­нан шалуға тырысып бағамыз. Өтірік пен өсекке, бос сөзге салынып, атақ салыстырып, көлік жарыстырып мақтанатынымыз тағы бар. Айта берсең, таусылмайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «дос жылатып айтады, дұш­пан күлдіріп айтады» де­мек­ші, ұлы Абайдың осынша сүйек­тен өтердей сөздерімен халықты жылата, ұялта жазу себебі, Абай халқының нағыз жанашыр досы екендігіне айғақ. Сондықтан да ұлт тарихында қазақ үшін Абай әрқашан дана Абай, дара Абай болмақ.

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 22.11.2023 | 19:33

Абай айтқан бес асыл іс пен бес дұшпанның қазіргі өмірімен байланысы бар ма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір