Абай және біз
04.08.2017
6876
1

1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» мақаласында: «…Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда», – деген жолдар бар. Әрине, хакім Абайды түсіну өз замандастарына оңай болмаған. Күллі қазақтың бет түзейтін құбыласына айналған ақын ұлағатын біз бүгін қалай түсініп жүрміз? Абайды тануға ұмтылуымыз бен түсінуге тырысуымыздың соңы кейде «Абай орысшыл болған» деген секілді даулы мәселеге ұласып кететіні неліктен? Бұл дауға себепші болған ақынның жиырма бесінші қара сөзіндегі: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор» деген сөзіне сонша шүйліккендер, неге одан әріде айтқан «Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – деген ойының астарына үңіліп көрмейді екен деген ой туады. Тіл білмегеннен жіберіп жүрген есеміз бүгін де аз емес екенін ескерсек, Абайдың айтпағы орысшылдыққа шақыру емес, өзгенің тілі мен өнерін игеріп, есеңді түгенде, ешкімнен кем болма дегенге саятынын аңғаруға болатындай. Шәкәрімнің Абай туралы: «…бұл Данышпан, Ғұлама, Философ еді. Қор елде туды да, қор болып өтті», – деуі де осы империялық ұлттардың алдында есеміздің кеткенін, еңсеміздің түскенін аңғартпай ма? Хош, бұл кешегі қазақтың жайы. Ал бүгінгі тәуелсіз қазақтың есесі түгел, еңсесі тік деп айта аламыз ба? Бүгінгі қазақ пен Абай сынаған кешегі қазақтың қандай өзгешеліктері мен ұқсастықтары бар? Ұлы ақын туралы сөз қозғағанда, көңіл қоздататын түрлі сауалдарымызға бүгін жауап іздеп көрдік.


– Абай сынаған кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасынан қан­дай өзгешелік байқайсыз? Біз бүгін Абайға қаншалықты жақын­дадық немесе Абайдан қаншалық­ты алыс­тадық?

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық
Түрік еліне қызмет сыйының иегері, профессор:

– Әдебиетші-ғалым В.Г.Куни­цин: «…ХХ век чудовищно засорил не только биосферу земли, то что гораздо опаснее – духовное поле земли», – деген екен. Расында бұ­рын монолитті тұтас қалыпта бол­­ған халқымыздың рухани әле­мі ХХ ғасырдан ертерек, отарландыру саясаты арқылы ластана бастады. Отаршылдық саясат қазақ халқын бағындыру үшін не­бір қитұрқы тәсілдер ойлап тап­ты. Соның ішінде бір-біріне айдап салу, билікке таластыру, парақор­лық пен жалақорлықты өрістету және басқалары бар. Мұның бәрі халқымыздың табиғи болмысын бұзып, рухани әлемін саналы түрде ыдыратты. Отаршылдық қы­сымнан мінез-құлқы бұзылған халқымызды Абай өзінің толық адам ілімі негізінде тәрбиелеуге тырысты. Бірақ саяси ойынның құрбанына айналған қалың жұртын құрылған қақпаннан аман алып қала алмады деп «мың­мен жалғыз алысқан» абыз ақынға қалай кінә қоясың?
Бүгінгі күні қазақ саяси тәуел­сіздік алғанымен, біз әлі толық құл­дық психологиядан арыла қой­ған жоқпыз. СОКП ОК 1949 жылы космополитизм туралы аса зарарлы идеялық мақсатты көз­деген қаулы шығарды. Көп ұлтты қызыл империя ұлттардың тарихи жады мен тарихи санасын жою арқылы оларды бір халыққа, яғни совет халқына, орыстанған халық­қа айналдыру мақсатын ұстанды. Басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда космополитизм туралы қаулының әсері басымырақ болып, рухани әлемімізді әлсірет­тік. Ада қазақтар мен шала қазақ­тар­дың үлесін орыстандыру саясаты арқылы молықтырып алдық. Өйткені, әлем таныған неміс философы Гегель: «…пренебрежающие родным языком люди, это трехкратные убийцы своей нации», – деп жазуы қаны шыққан ащы шындықтың дәл өзі. Біздің қоғам осы проблемадан әлі күнге арыла алмай келеді. Өйткені, ада қазақтар мен шала қазақтардың оңалуына уақыт керек секілді.
Ресей түрік тілді халықтарды жау­лап алған соң, олардың қалып­тасқан дәстүрлі ел билеу жүйесін түгелдей жойып, отаршыл им-перияның ел билеу жүйесіне түсіру мақсатында мейлінше кертартпа бағыттағы реформаларды аспай-саспай біртіндеп жүзеге асыру ар­қылы ол халықтардың тұр­мыс­тық салт-дәстүріне, рухани әле­міне қатты қысым жасады. Әсіре­се, ұлан-ғайыр алып даланы жай­­ла­ған қазақ пен ноғайға ай­рық­­ша қатыгездік көрсетті.
Қазақ, ноғай халқын жер бе­ті­нен жою мақсаты жайында орыс­тың саяси элитасы 1876 жылы саналы түрде бір пікірге келді деп 1916 жылы Сырдария генерал-гу­бер­наторы Куропаткин өз күнде­лігінде мәлімдейтіні бар. Осы идея­ны жүзеге асыру мақсатында отар­ланған қазақ елін, тұрмыс жағ­дайы мен рухани әлеміне, ел билеу жүйесіне өзгерту ендіру мақ­сатында арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын ұзақ жылдар бойы жүргізу арқылы ел билеуші атқамінерлерді ішке тартып, үр­кітпей ұстау саясатын тікелей қол­ға алу әрекетіне кірісті.
Қазақтар үшін ел билеудің «Ұзын арқау, кең тұсау» деп аталатын үлгісін орнықтырды. Бұл билік түрі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Яғни 45 жыл мер­зімге созылды. Батыс Қазақ­станда билік тұтқасын сұлтан правительдер, яғни ең сенімді төрелер ұста­ды. Ал орта жүзде аға сұлтандар әуелгі кезде төрелерден қойылып, Кенесары көтерілісінен кейін билікке қара қазақтар келе бастады. Ал ұлы жүз қазақтары Қоқан хандығына бағынуы себепті ел билеу тізгінін ірі ру басы – датқа­лар ұстады, яғни рулық жүйе негізге алынды.
Біртұтас қазақ жері үшке бөлі­ніп, арақатынасқа тұсау түс­кен­діктен, қазақ әдебиетінің өзі де үш бағытқа ыдырай бастады. ХІХ ға­сырдың бірінші жартысындағы Кіші жүз ақындары поэзиясында сұлтан правитель образдары сомдала бастады (мысалы, Махаббат бас­таған ақындар тобы), орта жүз ақындар поэзиясында аға сұлтан образын Дулат ақын бастаған ақындары тобы әдебиетке әкелді. Ал Ұлы жүз ақындары (Сүйінбай бастаған саңлақ ақындар) поэзиясы датқалар образын жасауы – қа­зақ әдебиеті тарихында үш түрлі әде­биет ағымы болғанын айғақтап тұр.
Қазақтың тұрмыстық болмысы мен салт-санасын, қалыптасқан ұлттық дәстүрі мен отбасы тәрбие­сін, рухани әлемін 45 жылдай жете зерттеп, танып-біліп, ел билеу жүйе­сінде қазақ билігін ауылдық болыстық шеңберден асырмай ұстауға ерекше мән берілді. «Жабайыларды жабайылардың қолы­мен тұншықтыру» жүйесін жүзеге асыру мәселесінде сексеуіл болмысынан туындайтын зұлымдық тәсілін қолдану арқылы жүзеге асыруды саяси мақсат ретінде қол­ға алды. Бұл амал-айланың бас­­тамасы Екатерина ІІ-нің Орын­­бор генерал губернаторына: «… организуйте и проследуйте, кто стоит во главе киргиз-кайсаков и их родовой знати, никогда не было мира. Их все время наталкивайте против друг другу и чтобы они постоянно грызились, что очень выгодно будет нам», – деп жазған қызмет хатында жатыр. Осы зұлымдық идеяны Батыс Сібір генерал-губернаторы Сперанский одан ары жалғастырды. Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Оған шеге қақсаң кірмейді, балтамен ұрсаң жарылмайды, ал сексеуілді өзіне-өзін ұрсаң, быт-шыты шығады екен. Осы тәсілді қазақтарға қолда­найық деп ұсыныс береді. Осы сексеуіл тәсілін Ресей импе­рия­сының патшасы қолдап, жүзеге асыра бастады. Осы ұсынысқа ең әуелі Түлкібас ауданындағы Майлыкент болысы саяси полигон ре­тінде таңдалып алынды. Сырдария генерал-губернаторы, ұлты неміс Гродековтың тікелей бақы­лап басқаруымен ел билеудің болыс­тық жүйесі тәжірибе үшін сынақ­тан өткізілді. Сынақтың нәтижесі күткен деңгейден асып түсті. Бұ­ған Ресей империясының саяси элитасы төбесі көкке жеткендей қуанысты. Майлыкент болысы екі мыңға таяу отбасынан міндетті түрде әр ауыл, әр түрлі он екі рудан құралуы – бұл отаршылдар үшін саяси қажеттілікке айналды. Әр рудан құралған он екі ауыл төрт ауылнайға бөлініп, оған төрт ауылнай, төрт би сайланды. Он екі ауылдан болысты сайлауға ақ, қара шар тастап, болысты сайлау үшін елу үйден бір елубасы сай­лан­ды. Олардың саны қырыққа таяу болды. Әр он үйден бір онбасы сайланып, олардың саны екі жүзге таянды. Олардың мақсаты – ауыл мен ауылдың ішінде партия­гершілік талас-тартыстың өртін өршітіп, қоздыру болатын. Жалпы, болыстық лауазымға болысты сайлау үшін, ол үшін таласқа түсе­тін екі жүз елудей қыз­мет орнына жан сала таласу – руды руға, бар қа­зақты бір-біріне айдап салу ар­қылы қазақтың рулық береке-бір­лігін аяусыз бұ­зып, қазақ атау­лының мінез-құл­қының бұзылуы­на алып келді.
Өзі он сегіз жыл болыс болып, бо­лыстық биліктің саяси ішкі сы­рына көз жеткізген Абай ақ пат­шаға болысты сайлау елді бұзды, болысты генерал-губернатар назначение арқылы тағайындасын деп арызданса да, арызды жауапсыз қалдырды. Қайта Ресей импе­риясының қазақтарды шоқын­ды­рып, орыстандыру саясаты 1865 жылы «Обрусительная палата» ашып миссионерлік саясатын мем­лекеттік саясат деңгейіне кө­те­ріп, бұл әрекет үшін қаржыны да аямай төгуінде өте терең зы­мия­н­дық сыр жатты. Ел билеу жүйе­сін болыстық сайлау түрінде жүзеге асқан тұста миссионерліктің қатар жүргізілуінде жай адам се­зіне бермейтін астарлы сыр да жа­­та­тын.
Билік үшін таласып мінез-құл­қы бұзылған қазақтың кеселіне Абайдың ұсынар рухани емі – «толық адам» ілімі болатын. Осы ру­хани ілім арқылы әр қазақты ру­хани жағынан жаңғыртып ар тезіне салуға ұмтылған Абайдың рухани қайғысының таңбасы:
Ыза шығар ғылымнан,
Қайғы шығар ілімнен.
Ызы мен қайғы қысқан соң,
Зар шығады тілімнен, –
дейтін халқына жаны ашудан ту­ған ішкі рухани дерті – көз алдында өз-өзімен итше таласып, мінез-құлқы бұзылып, азып бара жатқан қазағын:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың…

Өтірік, арыз толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.
Қор болып құрып барасың…
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма, қорға татулас… –
деген Абайдың улы дертінен туын­даған жан айқайы менмұндалап тұр емес пе?! Бірақ қайыру бермеген қазақ қауымының саясат шал­ғысына түсіп қор болған қылығына әрі күйініп, әрі қайғырып, әрі ыза­ланып тудырған ойшыл да сын­шыл ақынның саяси-әлеумет­тік мазмұндағы сатиралық лири­касының сол дәуірдің отаршылдық бодандық шындығын терең танып-білуден туған табиғатын енді ғана түсініп ұға алудамыз.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай институтының директоры:

– Кешегі қазаққа тән ерек­ше­ліктер Абайдың шығармашы­лы­ғында жеткілікті ашылған. Турасын айтқанда, кешегі қазақ пен бүгінгі қазақ екі бөлек қазақ емес, екеуі – бір қазақ.
Біздің Абайға жақындығымыз бен қашықтығымызды өлшейтін өлшем құралы жоқ. Дегенмен, Абай­­дың заманынан бері ел жа­ңар­­ды, бірнеше рет жаңғырды. Тәуелсіз мемлекет құрдық. Егемен ел болдық. Заман да жақсарды, адам да жақсарды. Абай заманын­дағы жұрттың көбі сауатсыз болса, бүгінде жұрттың бәрі сауатты, көп­шілігі жоғары білімді. Мемле­кеттік басқарудың барлық салалары бойынша білікті мамандар өсіп-жетілді. Қала мәдениеті шыр­қау биікке көтірілді, т.б. Осы­ның бәрі Абай заманы мен біздің заманымыз арасында, Абайдың замандастары мен біздің замандас­тарымыз арасында жер мен көк­тей айырмашылық барын біл­ді­реді. Соған қарамастан Абайға жа­­қындаған адамды кездестіру қиын.
Абай – даналыққа жеткен жан. Абайға жақындау дегеніңіз дана­лыққа жақындау туралы оймен ұштасатыны рас. Алайда, жеке бір тұлғалардың даналыққа жетуі мүм­кін болғанымен, Абайға жа­қын­дауы мүмкін емес-ау деймін. Абай­ға жақындау оңай емес.
Абайдың адам болам деген жан асық болар бес асыл ісі бар: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым… Мектеп партасынан таныс, күнде естіп, күнде айтып жүргендей сөз­дер, белгілі ұғымдар. Солай десек те осы бес асыл біздің біріміздің бойы­мызда бірдей бар ма? Осы бес асылға біздің бәріміз бірдей асық­пыз ба? Бұлардың әрқай­сы­сының өлшеуі бар. Өлшеуінен асса, асыл болудан қалады. Осы өлшеуді біз­дің бәріміз сақтап жүрміз бе?
Бес дұшпанға келейік: өсек, өті­рік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ. Осы бес дұшпаннан біз­дің бәріміз адамыз ба?
Бес асылға асық болып, бес дұш­паннан қашық жүрген адам ғана Абайға жақындай алады-ау деп ойлаймын.
Абайдан қаншалықты алыста­дық деген сұраққа келсек, осы сұ­рақ­­тың өзі метафоралық сұрақ­қа ұқсайды. Біз Абайдан алыс тұр­ған сияқтымыз. Бірақ бұл алыс­­­тық қашықтаудан болған алыстық емес, жақындауымыздың тым баяулығынан болған қашық­тық па деймін. Келер ұрпақ осы қашықтықты қысқартатын болар деп үміт етемін.
– Алғаш Абай өлеңіне А.Байтұр­сынұлы: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең» деп баға берген. Расында да, Абай ойының тереңіне бір оқығаннан бойлау, айтпағын бірден дөп түсіну қиын. Абайды өз заманында қалай түсініп еді, ал біз бүгін қалай түсініп жүрміз?

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ:
– Бүгінде Абайдың дүние­та­ны­­мы мен саяси әлеуметтік бол­мы­­сының табиғатын атеистік, ма­­териалистік, кеңестік тотали­тар­лық идеология тұрғысынан та­нытып келген жалған танымды жал­ған көзқарас деп ұғына бас­тадық.
Бүкіл дүниетанымымыз енді кванттық физиктер ұсынған «Ұлы Сана» жолына түспей тұра алмайтын заман келді. Енді бұрынғы қо­­ғамдық ғылымдар атаулының бә­рі де терең дағдарысқа ұшырады. Осы дағдарысқа абайтану саласы да ұшырап отыр. Сондықтан абай­танудың барлық саласындағы ғы­лыми-зерттеу жұмыстары жаңа дүниетаным тұрғысынан жүргі­зілуі керек. Сөйтіп, бүкіл оқу орын­­дарындағы тәлім-тәрбие бе­ретін оқулықтар Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде қайта жазылуы тиіс. Бұл – рухани қажеттілік. Біз сонда ғана ұрпағымызға дәс­түрлі тәрбие бере аламыз. Көп ел­дердің тәжірибесі солай.
Иран-Ислам республикасында ЖОО-ның барлық факультет­терін­де Иран тарихы мен әдебиеті арнайы пән ретінде оқылуда. Мен Қазақстандағы Иран елшілігіндегі мамандармен пікірлескенде:
– Сіздер біз сияқты бодан­дыққа ұры­нып, орыстандыру саясатын бастан кешпедініздер, әрі дәстүрлі діндерің қаз-қалпында. Ал біз бол­­сақ атеистік, материа­листік дү­­­ниетанымға шырмалдық. Сіз­дер неден сескенесіздер? – деп сұра­дым.
– Қазір әлемде жаһандану про­цесі жүріп жатыр. Олардың та­нымдары мен азғындаған рухани мәдениеті студенттердің санасына, жүрегіне әсер етуде. Осы қо­ғамдық жат тұмаудан бала-ша­ғамызды сақтау үшін, өзіміздің ұлт­тық дәстүрмен жазылған тарих пен әдебиетті бүкіл оқу орындарында оқытуды қолға алуымыз­дың се­бебі осында жатыр, – деп маған сынай қарады. Мен ойланып қал­дым… Бұл мәселе Қазақ­станның Білім және ғылым ми­нистрлігінің ойы түгіл, түсіне де енбей тұр. Бұл жаңа ұлттық идео­логиялық жұ­мыс­ты қажет­сінуде. Осы мәселеге мән бермеуден тағы да ұтылудамыз. Сол себепті, бұл айтылған кем­ші­ліктен арылу үшін алдын ала Абай­дың «Толық адам» ілімінің ең бол­маса оқулық­тары, хрестоматиясы оқытылуға тиіс қысқаша арнаулы библиографиясы, бағдар­ламасы даярланып, жақсы сапада басып шығару, оқу орындарына тезірек қамтамасыз ету әрекетін қызу қолға алу қажеттігі туындауда. Бұл мәселені Білім және ғылым ми­нистрлігі әлі де сезе алмай ұй­қылы-ояу күйінде отыр. Білсе, Ас­танадан Абайтану ғылыми-зерт­теу институтын ашуға ара тү­сіп, жанашырлық әрекет етер еді ғой.
Бүкіл батыс Европа, Америка, Ресей, Қытай да жуық арада жаңа дүниетаным жолына түсе алмайды. Себебі, бес ғасыр бойы бұл атал­­ған елдер дүниетанымы ой-са­нада затшылдық, құдайсыздық ұғым терең сіңіп, стереотиптік кер­тартпа санаға айналып кетуі үлкен күрделі кедергі болып отыр. Ол үшін қазіргі ұрпақ түгел өмір­ден өткен соң, өмірге келетін жаңа буын жас ұрпақ қана дүние­та­ным­дық өзгерісті сезіне алса ғана, ой-сана, дүниетаным бетін бері қарай бұра алмақ.
Түрік тілді халықтар 49 ұлттан тұратын монолитті қалпын бұзып алды. Олардың 27-сі Ресейдің мис­сио­нерлік саясатының құр­бан­­ды­ғына шалынып кетті. Қал­ған 22-сінің, оның ішінде қазақ­тардың тағдыры қалай болады екен деген ой әркімді де мазалайтыны шын­дық. Бірақ түрік халық­тары қан­ша­лықты тоталитарлық идео­ло­гияның қысымына түссе де, ұлт­­тық санасы мен ұлттық дәстү­рін ата-баба салтынан, тілі­нен, дінінен қол үзген емес. Сол себеп­ті, тәуелсіздік жолындағы алты түрік тәуелсіз мемлекеті мен Ресей қоластындағы он бесі, Қы­тай же­рінде біреуі, яғни ұйғыр­лар жаңа дү­ниетаным жағына жуық арада тез оралатын халықтар деуге рухани негіз бар. Ал бұл топқа ертерек шоқынып, орыстанып кеткен түрік тілді халықтардың (шұбаш, сақа, туба, т.б.) оралуы славян ха­лық­тары мен тағдырлас, орайлас болар деп қараймыз…
Қазақтардың жаңа дүние­танымға тезірек оралуына оның ха­лықтық рухани қазына көздері мен Абай, Шәкәрім, Мағжан сияқ­ты саңлақтардың әдеби мұра­сы мен олардың дүниетанымы әуел­ден-ақ жаңа дүниетанымға орай­лас болып жатуы себепті, олар­дың әдеби мұрасында көрініс бер­ген дүниетанымын, көзқара­сын ғылыми тұрғыдан терең зерттеп ашып беруі арқылы да халқы­мызды жаңа дүниетанымға тезірек оралуына басты жол бастар рухани күшке айналуы қоғамдық ой-санада жаңаша рухани бет-бұрысқа айналмақ.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ:
– Абайды өз заманы, өз заман­дас­тары қалай түсінгені Абайдың сөзінде көрініп тұр. Абайдың өз за­маны дегенде, сол заманның әлеу­меттік сипатын ескерген дұрыс. Ақын шығармаларының өзекті арнасы – тәуелсіз мемлекеті, мем­лекеттік басқару аппараты жоқ, бодандық ноқтасындағы ел­дің жағдайы мен ердің жайы. Осын­дай жағдайдағы ел мен осындай жайдағы ер Абайды қалай тү­сінуі керек еді…
Абайды түсіну үшін Абайды тың­дау керек. Абайдың өз зама­нын­да тыңдаушылары аз болған жоқ. Ақынның шығармашы­лы­ғында тыңдаушы тұлғасыжеке категория деңгейінде пайымдал­ған. Бұл – арнайы зерттеуді қажет ететін үлкен мәселелердің бірі.
Абай тыңдаушысы қанша көп бол­ғанмен, сөз ұғарлық кісінің кем екендігін айтады, елден сөзді ұғар­лық бозбала іздеп, үзілмес үміт­пенен бос қуарған қалпынан ха­бар береді. Аузымен орақ оратын, өз сөзінен басқаны ұқпайтын, ұқ­қысы келмейтін әлеуметтік топ­тың мінін көрсетеді. «Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?» – деп сұрақ қойып, оның жауабын сол сұрақтың өзегінде қалдырады.
Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, –
дегенде, ақын бодандық ноқта­сын­дағы ел мен ердің басындағы әлеуметтік күйді танудан туған күйі­нішін білдірген.
Ақын өз заманында сөз ұғар­лық саналы жан таппаса, ақынды өз заманының адамдары «түсінді» деп айтудың жөні жоқ сияқты. Әйт­се де, Абайды өз заманында еш­кім «түсінбеді», «ұқпады» деуден абай болу керек. Абайды өз за­манында тыңдағандар, дұрыс тү­сінгендер болды, бірақ тыңдап, тү­сінгенін өзінің күнделікті тір­шілігінде ұстанып, қолданғандар жоққа жуық еді. Абайдың насихатын тыңдау, түсіну, қабыл алу, күн­делікті тіршілікте қолдану тәуел­сіз мемлекеті жоқ, басы бо­дан­дық ноқтасында тұрған ел жағ­дайында мүмкін емес-ті.
Абайды бүгінде біздің қалай тү­сі­ніп жүргеніміз туралы айтқан­да, «біз» ұғымын,ең болмағанда, ма­мандар деңгейінде саралап алуы­мыз қажет. Біз ұғымының аясында мамандардың бірнеше әлеу­меттік тобы бар: а) Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерт­­теушілер; ә) Абайдың шығар­ма­шылық мұрасын бастырушылар; б) Абайдың шығармаларын басқа тілдерге аударушылар;
в) Абайдың өмірі мен шығармашы­лы­ғын білім беру мекемелерінде оқы­тушылар; г) жаратылыстану-математика бағытындағы ғылым салаларының мамандары; д) қо­ғам­дық-гуманитарлық бағытта­ғы ғылым салаларының мамандары; е) білім беру мекемелерінде орыс, ағылшын тілдерінде білім алған, қа­зақ тілінде әдеби, ғылыми стиль­де жазылған шығармаларды же­те түсіне алмайтын мамандар, т.б.
Абайдың өмірі мен шы­ғарма­шылығын зерттеушілердің Абайды түсінуі қанағаттанарлық дең­гейде деп болжаймын. Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерт­теушілердің Абайды түсінуі қа­нағаттанарлық, қанағат тұтар­лық болуы жалпы қоғам үшін ор­тақ көрсеткіш емес. Білім беру ме­ке­мелерінде орыс, ағылшын тіл­дерінде білім алған, қазақ ті­лін­де әдеби, ғылыми стильдегі шы­ғармаларды жете түсіне алмайтын мамандардың Абайды түсінуі қанағаттанарлық, қанағат тұтар­лық деп айтуға келмейді. Бұл топ­тағы мамандардың қоғамда алатын үлес-салмағы едәуір.
– Еуропаның Гетесі, орыстың Пуш­кині, қырғыздың Тоқтағұлы мен өзбектің Науаиі секілді әр ұлт­тың төлқұжаты іспеттес тұлғалары бар. Ал қазақтың төлқұжаты – Абай. Қазақ пен Абай егіз ұғым. Яғ­ни қазақты тану үшін алдымен Абайды тану керек. Біз бүгін хәкім Абайды қаншалықты тани алдық?

Жанғара ДӘДЕБАЕВ:
– Кісі басқаны тану үшін ал­ды­мен өзін-өзі тануы шарт. Абай: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», – дегенде, осыны ескерген. Абайдың 1957 жылы жарық көрген екі томдық толық жинағында (жалпы редакциясын басқарған М.О.Әуезов) Жүрегіңнің болып берілген осы сөз кейінгі басылымдарда «Жүрегімнің» болып жүр. Біз М.О.Әуезов редакциясындағы Жүрегіңнің дегенді дұрыс көреміз. Өзгені танығысы келген кісінің ал­дымен өзін-өзі тануы – Абай ілі­міндегі іргелі қағида. Өзін-өзі тануға әлі жетпеген жан өзгені тани алмайды. Өзін-өзі таныған жа­н өзгені де танитын болады.
Осы бір сөздің деңгейінде Абай­ды түсінудегі «түсі­ніс­пеу­шілік» белгісі байқалады. Жекелеген сөз, сөз тіркесі деңгейіндегі мұндай әркелкілік әлі толық бір ізге түсіріліп, тұрақтанған емес. Абайдың ілімі жайында айтып жүрміз. Бірақ Абайдың ілімінің құрылым-жүйесінің моделі осы күнге дейін жасалған жоқ. Бұл – жал­пытеориялық деңгейдегі өзек­ті мәселе. Осы бір мысалдың өзі абайтану ғылымында әлі танылып болмаған жекелеген сөз дең­ге­йін­дегі мәселелер де, жалпы теориялық мәселелер де барын аңғартады.
Бүгінге дейін Абайды тану са­ла­сында айтарлықтай ғылыми-зерт­теу жұмыстары жүргізілді. Абай­тану ғылым саласы және оқу пәні ретінде қалыптасты. Абайтану ғылымы өз дамуының жаңа к­е­зеңіне асты. Бұл кезеңнің зерт­теулері абайтану ғылымының жаңа міндеттерін қойып отыр. Абай­тану ғылым саласы ретінде қалыптасты, өз дамуының жаңа кезеңіне асты дедік. Ғылым саласы ұдайы ізденіс жағдайында ұдайы даму үстінде болады. Ұдайы да­му үстіндегі ғылымды танудың кезеңдері таусылмақ емес.
Абайды тану үшін Абайды тану­ға қажетті жағдай жасау қа­жет. Абайтану ғылымы саласында қол жеткен жетістіктерді жинақ­тап, көпшіліктің пайдалануына ұсыну – Абайды тануға қажетті жағ­­дай жасаудың басты бір жолы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу инсти­тутын­да «Қазақстан – 2050» Мем­ле­кеттік стратегиясына сәйкес абайтану саласында ғалымдардың талай буынының тәжірибесін, та­рихи қалыптасқан ғылыми мек­тептердің арнаулы ақпараттары мен өндірген білімдерінің мол қо­рын қамтитын дербес ғылыми ба­за негізін жасауға қол жетті. Абай­тану саласындағы арнаулы ғылыми ақпараттар мен өндірілген білімдер қоры таңдамалы еңбектер түрінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Абай институтының сайтына орналастырылды. Қазақ тіліндегі ғылыми ақпараттар мен білімдер көзі «Абайтану. Таңда­малы еңбектер» деген тақырыпта 20 том болып жарық көрді. Жоба аясында қазақ тілінде тағы да 15 том жарық көрмек. Орыс тілінде жинақталған еңбектердің жалпы көлемі де осы шамада болады. Оларды «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» сериясында жариялау және электрондық ғылыми база кеңістігінде орналастыру – алдағы уақыттың үлесіне қалмақ.

Дайындаған
Айнара АШАН.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір