Түс (әңгіме)
11.07.2017
2240
0

Ол рас: ешкімнің түс көруіне немесе көрмеуіне шек қойылмайды. Ондай заң жоқ. Заң-закүніңіздің өзі әбден аяқасты болып, нантепкігс айналған мынадай заманда да «сен түс көріпсің» деп біреуді біреу айыпқа тартыпты дегенді естісек кәне. Өзге түгіл министрлер де түс көреді екен деседі осы жұрт. Ал депутат­тардың бұл тұрғыдан белсенділігі тіпті сойқан: түс пен түстің арасында қалғып-шұлғып отырып-ақ ел тағдырын шеше беретінін көріп те, біліп те жүрміз.
Жалпы, жағдай осындай болған соң Қошекеңе не деп кінә артарсың. Түс көргені рас. Түсінде жағымсыздау бір іс көргені де өтірік емес. Содан басты­ғы­рылып, терлеп-тепшіп ояна келсе, жү­регі байғұс атқақтап ұрып жатыр екен. Қайтсін-ай жазған, қорыққаннан ғой. Қорқатындай-ақ бар: бір деп білегінен, екі деп етегінен ұстаған Жұпаргүлі, әлгі бір әнде айтылатындай, «басқаның шамын жағып» жүр екен дейді. Басқа бол­ған­да кәдімгі дорба ауыз Достайдың ша­мы болса қайтерсің. Кешегі аумалы-төкпелі заманда кеңшардың қатардағы бір бөлімшесін басқарып жүріп қарсы алған, белгілі жытқырлығымен қоғам дәулетіне қолын бойлата салып, бүгінде майды-майға, шайды-шайға ұрып тұр­ған қуаяқ Достайдың.
Тегі, бір қазанда біте қайнамаса да бірге өскен демесең, Достай кім, Қошуақ кім еді? Қошекең жоғары оқу орнын тү­ге­сіп, ауылға білдей маман боп оралғанда аузың қайсы десе мұрнын көрсететін сыныптасы ерте көктемде қылтия қал­ған бәйшешектей бой түзеген Жұпаргүл есімді қыздың көңілін таба алмай ит әуреге түсіп жүрген шағы екен. Түр десе түрі, білім десе білімі бар жігітті қыз жақ­тайтыны қандай, небір дәмелі те­кешіктердің меселін қайтарып, құрық бермей жүрген асау қыз көп кешікпей-ақ Қошуақтың қолына қона қалған ғой. Онысы Достайдың ішіне тағы бір шоқ болып түскен. Сөйткен Жұпаргүлі, енді кеп, Достайдың екі қабатты еңселі үйін­де таутайлақтай тайраңдап жүр екен дей ме-ау… Үстіне төгілдіре кигені — өңірі ашық, көкпең-көк паңкөйлек. Зілмендей емен есікті имене ашқан мұны танымайды да. Танығаны тұрсын, назарын да салмайды.
– Өй, тұқымың құрымағырдың қа­тыны-ей, мұнда не бітіріп жүрсің? Кет­тік үйге! – дейді бұл қасқа. Сөйтсе, Жұ­паргүл екінші қабатқа апаратын жа­таған баспалдақтарды кербездене басып, қалықтаған күйі кете барады. Адам­бысың, итпісің десе кәнеки…
Бар болғаны осы. Қазекең: «Түс – түлкінің боғы» десе, бұдан артық кәкәні қайдан табарсың. Бірақ осының өзі-ақ Қошуақтың берекесін алуға жетіп тұр­ды. Жиырма бес жыл отасқан Жұпар­гү­лімен ақай жоқ, тоқай жоқ ілінісуінің басы содан басталды емес пе. Өзі де соры сопақ астаудай байғұс қой, көрмегірдің түсін соның ертесінде-ақ Жұпаргүлге айта қоятындай несі бар еді десеңші. Тіп­ті жырдай ғып. Қолмен қойғандай етіп. Әрі десе, сөзінің аяғын әзілмен әдіп­тегендей:
– Өзің сол неменің ана көк шатырлы үйіне үйлесіп-ақ кететін сияқтысың ғой мына түріңмен, – дейтін не жөні бар еді?!
– Қай түріммен? – деп, әуелде Қош­уақтың бос қылжағын сүлесоқ тыңдаған әйелі осы арада шап ете түспесі бар ма.
– Бес биенің сабасындай болып де­генім ғой…
Әсілі, «Басқа пәле – тілден» дегенді қай қазақ айтса да тауып айтқан. Әйтпесе дәл осы арада, өзге жетпегендей, «бес биенің сабасын» көлденең­де­тетін реті жоқ еді ғой Қошуақтың. Содан соң, басқа сөз құрып қалғандай, «мына түріңмені» несі? Ауыздан шыққан сөз де бір, атылған оқ та бір – әзиз жанды жара­лауға жетіп жатыр. Әсіресе, Жұпар­гүл­дей ойқажау адамды.
Өткен жылға айналып барады ғой, бір жолы артынып-тартынып базардан қайтқан Жұпаргүл осы Достай құрғыр­мен қарсы ұшыраса қалмасы бар ма. Әшейінде кездейсоқ бір кездесе қалса бас изеп қана өте беретін ол да, еріккен немеше, есік пен төрдей ақбоз мәшинесін көлденеңдете беріп:
– Пой-пой-по-о-ой, өзің бес биенің сабасындай қатын болыпсың ғой, – деген. – Салған төсектей деп мына сен сияқ­тыларды айтса керек қой бұл қазақ. Байқаймын, Қошуақтың жағдайы түзел­ген-ау, сірә! Кел отыр, үйіңе жеткі­зіп салайын, – деп әзіл-шыны аралас ықыласын да білдірген.
Онысына езу де тартпай, қайрылып та қарамастан өте шыққан бұл Жұпар­гүліңіз. Бірақ Достайдың сол сөзі ішіне шемен боп байланды. Онсыз да сіркесі су көтермей жүрген адамның көңілін құлазыту түкке тұрмайды емес пе. Жақсының жасып, жаманның мейманасы асқан, арамның бағы үске шыққан заманға іштей налумен жүрген Жұпар­гүл­дің, әсіресе, өзегі өртенетіні содан былай ғой. Әйтпесе, бұ дүниеде біреу бақытты болса, Жұпаргүл мен Қошуақ болатындай-ақ жөні бар-ды. Бірін-бірі сүйіп қосылды. Жарастықты отау құрды. Ошарлы отбасы болды. Ешқашан, ешбір жағдайда «шәй» дескен емес. Бірақ тәуелсіздікпен бірге келген талтүстегі талапай жылдардың ығытында өздері­нің бәстері көрер көзге төмендеп бара жатқанын бұлар әуелде байқаған да жоқ. Сол екі арада дүниенің қалай бүлінгенін қазір ғана біліп жүр. Енді келіп, көретін түсің де қиялап соны мегзесе не шара. Сондықтан күйеуінің әлгі қылжағына:
– Сабамды емізіктетіп отырсың ғой, обалың кәне, – деп қатқылдау жауап қатқанда Жұпаргүлдің үні бөтенше тарғылданып шықты. Әрі қыстығып, әрі қитығып отырғанын сезді Қошуақ. Бірақ неменеге қитығады? Қарадан қарап, ілінісетіндей мұның не жазығы бар? Қайта, Достай қудың есігін сағалап, аза­матының – мына Қошуақтың – сағын сындырып отырған өзі емес пе?
Адам баз-базда ашуға бой алдырса шындық пен жалғанның аражігін аң­дамай қалатыны бар ғой. Қошуақ та сөйтті: кешегі көргенінің түсі қайсы, өңі қайсы екенін білерлік халде емес. Достайға деген ежелден бергі іштей қысастығын, әсіресе соңғы жылдары қордаланған қыжылын дәл осы жерде еш жазығы жоқ Жұпаргүлдің басына лақ еткізіп төге салды.
– Дорба ауыздың арамнан жиған дәу­летіне қызығып жүрсің-дағы… Әйтпесе содан не опа таппақшы едің! – деп жіберді.
Апыр-ай, тілде тиек, ерінде жиек жо­ғы рас екен-ау. Болмаса, бұл – Қош­уақтың айтатын, Жұпаргүлдің еститін сөзі ме еді?
– Ауыз өзімдікі деп тантығаның қай сасқаның? Дәп бір сенің жолыңды байлап жүрген мен болармын ба! – деді Жұпаргүл де есесін жібермей.
Әне, көрдің бе: «жолыңды байлап жүрген» дейді. Бір есептен, Қошуақтың көз майын тауысып жүріп алған білімі де, жинаған тәжірибесі де бүгінгінің берекесіз тірлігінде итжемеге айналып, өзі шетқақпай қалғаны рас. Онымен де қоймай, Жұпаргүлдің мұнысы: «Достай­дың тірлігін істеп, шылқымайға батып отырсаң қайда қалдың?» деген ишарасы емес пе? Бәтір-ау, осы әйел дегенде ес болсашы бір. Тауықтың миындай ми болсашы. Сол неменің кемді күндік несібесіне бола ішін ит тырнағандай күй ке­шіп жүргені рас болды ғой мұның. Құ­дай тас төбеңнен ұрсын, Достай! Арамға өзің былғанып қана қоймай, өзгелерге де осылай сілеңді тигізбесең Достай болармысың. Тегі, рас: көзге шыққан сүйелдей боп, шалқып-тасып жүргенінің өзі-ақ бүтін бір ауылдың берекесін қашыруға жарарлық. Әуелгіде, «жекешелендіру» дейтіннің алапай-талапайында су тегін дүниені қараулық­пен мол қарпып, бауырына басқанда: «Апыр-ай, мына оңаза сорлы бір күні омақаса құлап, соры қайнайды-ау» деп, оның ашқарақтығын бір ауыздан жаз­ғырып, жағасын ұстаған жұрт келе-келе сол ғайбаттауын да қойып: «Неде болса есесін жібермеді. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» дегенді анық ұққан ер екен» дескен. Сөйткен «ерлері» бірді бір­ге ұрып жүріп, Іленің алқабынан ен-тегін жерді және алып, өзінің атында үлкен шаруашылық ашқанынан құлағ­дар ауылдастары оқта-санда ғана төбе көрсетіп, онда да мақтан үшін иненің көзінен өткендей ақ мәрмәр мә­шинемен келіп-кеткенін ғана көргенде баяғы мүсіркеуді қойып, қарғап-сілеп, алды-артына топырақ айтатын болған ғой. Бірақ оған Достайдың дәнеңесі кетпейді. Есебі түгел. Екі көзі аспанда. Осы дәулеттің бәрін ата-бабасынан мұ­раға ал­ғандай-ақ талтаңдайды. Иттің қар­ғысы қасқырға жетпейтіндей-ақ бар.
Қошуақтың сол түсі өзіне де, Жұпар­гүл­ге де сор боп жабысты. Сүттей ұйып отырған отбасына кірбің кірді. Әрине, Қошекеңнің өзінде де бар: көзімен көріп, қолымен ұстамағаннан кейін, дәйексіз әлденеге бола Жұпаргүлге кінә артуының өзі қисынсыз. Елге сыйлы, ау­қымға ақылшыдай-ақ азаматқа мүл­дем жараспайтын тірлік. «Е, қатын-ай» деп үздігіп тұрсам маған қайрылып та қарамайтындай не кесір сенікі?» дейді. Әрі онымен де қоймай, өзі аяғын кер­дең­дей басып, түсінде көрген Жұпар­гүл­дің жүрісін салатынын қайтерсің. Құдды бір әртіс!
Иә, Жұпаргүлдің ренжитініндей-ақ бар. Әйтсе де, асыл текті әйел затынан емес пе, елден – ақыл, ерден – қадір кеткен мынадай шақта іштей қорланып, жаны күйіп жүрген ерінің жағдайын бір түсінсе сол түсінуі керек еді. Бірақ Жұ­пар­гүл өйтпеді. Өзі де жетісіп жүрме­ген­дігінен болар.
Бүгінде екеуі тоң-торыс. Бірге жатып, бірге тұрады демесең, талайдан төсек араз. Бұл жайдың енді қашанға созыларын бір Құдайдың өзі білсін.

Бекболат ӘДЕТОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір