ТЕРМЕ ТЕЗЕК, КЕЛЕР КЕЗЕК
02.06.2017
1965
0

Шешем марқұм мен кенжесі болған соң қолымда тұрып, екі немересін көріп барып бақилыққа аттанған болатын.
Қарап жүрмей, бала кездегі еркелігім мен тентектігім бар, орда бұзар отызға келсем де ақылдан сәл-пәл ауытқып, бірде бір қулық ойлап тауып, сонымды жүзеге асыра қойдым.
Ондағым – шешемнің қабірінің басына «сөйлегіш» аппарат апарып орнатып, онымды іске қосып сөйлетіп, бір-екі рет сынақтан өткізіп барып көңілім жайланды. Ондағы айтылар «аталы сөздерді» құрап берген, оқығаны көп Қилыбай құрдасқа, шешемнің даусын келтіріп сөйлеп берген әртіс Сәнімгүл жеңгеме ризамын…
Шешінген судан тайынбас деп, ретін келтіріп келіншегім Бозымды алып бейіт басына барып, шешеме тағзым етіп, тізерлей отырып бет сипаған сәтте іш қалтамдағы «пультті» басып үлгердім…
Шешемнің: «Келгендеріңе дән ризамын, – деген қоңыр үні саңқ ете қалғанда, тізерлеп отырған басым оқыс шыққан дауыстан оң жамбасыма құлаған болып, алақтап жан-жағыма қарап: «Пісмілла! Пісмілла!» деуге мұршам болды…
Бозым да бозарған қалпы қазықтай қатып қалып­ты. «Шешем» де сәл кідір жасап барып сөйлеп берсін… «Кейінгі кездергі ырың-жырыңдарыңды біліп, тынышым кетті. Келін шырақ, үйдің ырысы да, ұрысы да бір өзің­нің қолыңда. Баламыз кенжеміз болған соң ер­келетіп өсірдік. Қолын қақпадық, айтқанын орындадық. Оныкі бұрыс болса да істегенін дұрыс дедік… Қазіргі қи­ғаш кетіп жүргені, өзің білетін өзгеше қылықтарына біз кінәліміз. «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» деп бекер айтылмаған. Еріңді тыңдасаң, бірлі-жарым ер­келігіне түсіністікпен қарасаң дегеніңе жетесің… Сеземін, се­рілігі бар… Пәлекет тұқымынан қалған тұрлаусыз тірлік. Арғы аталары аты шулы серілер болған. Айлап жоғалып, әнін айтып, жырын жырлап оралатын болған. Әкесі де әпербақанның маңайында болып, күн жоғалып, түн түнемей, әй­теуір жыны басылғанда оралатын. Бағыма қарай, бұйырған баланы туып «Батыр Ана» атанып, бағым ашыл­­ды. Көп өтпей әкесі де тәу­­­басына келіп, үйдің шам­шы­­ра­ғы, тірегі де діңгегі бола біл­ді.
Айтпақшы, ішіп жүр­ген ішір­ткісі уа­қытша нәрсе. Көп өтпей қояды, қы­дырысы да со­ны­мен бірге сап тыйы­лады. Айт­пағым – шыдап бақ, баланы құры­ғанда енеңнің тап­қа­нының жартысына жеткіз. Сонда жыны тыйы­лады, сабасына келіп, саналы тірлігін ілгері оз­ды­рады.
Келін шырақ, бүгін өзіңе шүйліге ақылман бол­ғаным­ды айып етпе. Балама да өзі оңаша келгенінде айтарым бар. Әзірше осы».
…Бейіт басынан үн-түнсіз есеңгіреп қайттық. Өз бас­ым келін­шегімнің «Бұл қалай?!» демей, жақ ашпа­ға­нына тәуба дедім.
Содан біраз жыл бел асырып, бере қалған бес ба­ланың тұңғышы мектеп бітірген мезгілде былтыр қай­тыс болған енемнің бейіт басында тізерлеп отырып:
– Айналайын, күйеу балам! – деген енемнің саңқ еткен даусын естіп, оң жамбасыма құ­лап, отырған қалпымда сөзге құлақ түрдім. – Күйеу дұшпан деген рас-ау! Жерлегелі ат ізін салғаның осы! Алдымен айтарым, отызыңда орда бұзбақ түгіл, қырқыңда қырқа аспадың. Серілігіңді сиретсең де әлі тимадың! Арағыңды ата сақалың аузыңа түскенше іше бермекпісің! Бес бірдей бүлдіршіндеріңнен ұялсаң етті. Төңірегіңе қара! Қа­тар­ларыңның тірлігіне қарап неге ғана тыраштанбайсың! Саған шыдап баққан қызымның тө­зіміне құлдық. Баяғы, балаларын әкесіз етпейін деген пиғылмен жүр де байқұс! Шы­дамның да шегі болады! Бүйте берсең бір күні аяғың аспаннан келеді. Әлі де айтарым: сап тыйыл! Есерлігіңді доғар! Бірден өзіңді-өзің қолға алып тірлігіңді түзесең, бәрі де кеш емес. Оған білімің де, білгірлігің де жетеді! Келесі келгеніңде риза болып оң батамды бе­рейін балам, – деді.
…Ал керек болса! Бірдеңке деуге бет те, сөз де жоқ, тым-тырыс үйге қайттық. «Терме тезек, келер кезек» деген осы.


ДҮЛ-ДҮЛ ДИАГНОЗ
Пықыптың қаралып жүрген дәрігері өзімен түйдей құрдас болып шығып, оның үстіне ол да бұл секілді әзіл-қалжыңға бейім, бұл бір езутартар айтса, ол да қарап қалмай қарымта қайтарады.
Әзілдері жарасып жүріп бұл оған: «Үйдегі құрдасыңа ғана оқытайын, маған бір «дүл-дүл диагноз» қойып, оған сәл-пәл түсініктеме жазып бересің бе?» деп еді, «Әлбетте! Құрдастан аяған қотыр сөз құрдымға кетсін» деп айдақ-сайдақ жазуымен сүйкей жөнелді.
«Пықып Асабас «Еркениоз» ауруына шалдыққан. «Еркениоз» – мидағы қан тамырларының тарылуынан болған кесел. Тамыр тарыла келе мүлде қабысып, ақыры миға қан құйылу қаупі бар…
Яғни жүйкесі жұқарған. Ауру артық сөзді көтермейді. Әсіресе, айқай-шу бір мезгілде-ақ тоңқалаң асыруы мүмкін. Тыныштық керек. Үнемі көңіл-күйі көтеріңкі жүргені абзал. Көңілді ортада болып, көңіл көтерер дүниелермен әуес болғаны жөн. Артық кетпей, күн аралата арақ-шараптан ауыз тигенінің пайдасы бар. Спирттің қан тамырларын қалыпта ұстап отыруы әлдеқашан дәлелденген».
Пықып бұл диагнозын келіншегі Бозымгүлге беріп еді, ол оны үн-түнсіз ежіктей оқып шыққан болды…
Пықекең оның бір нәрсе демегеніне тәубе етті. Көп өтпей келіншегі алдына бір парақ қағазды сырғытқан болды. Үн-түнсіз үңіліп еді, онда:
«Бозымгүл Асабас «Тенгениоз» ауруына шалдыққан. «Тенгениоз» – құрысқақ-тырысқақтың асқынған түрі. Яғни нерв жүйесі жұқарған. Асып-тасып, айқай-шуға бейім тұратыны сондықтан. Ерсі қылық атаулыға шыдамы жетпейді. Айтып салады, айғайға басады. Өстіп барып қана жаны жай табады. Яғни ауруының алдын алып, сәл құрысып-тырысып барып жазылған болады. Ауруы жиі қайталанбас үшін көз құрты болар қымбат дүниелер көз алдында болғаны жөн. Асыл тас, алтын, жақұт атаулы өзімен бірге болып, мойын, құлақ, саусақ атаулыда жынын басар жылтыр заттар тұрса ғанибет!» деп қысқа-нұсқа қайырылыпты.
Не десін, дей алмады…


ҚЫЗ БАҚҚАННАН…

Тұңғышымыз да қыз, кенжеміз де қыз болып, бір Алла бізге осы екеуін бұйыртыпты.
Қыз балаға шешесі ие.
«Қыз баққаннан қысырақ баққан оңай» деген мәтелдің бар екені тұңғышымыз мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенде есімізге оралды…
«Анау керек, мынау керектен» бастап, шешесінің зарлауы бойынша, қызымыздың киім-кешегін соңғы сыныбында ай сайын жаңартып тұрыппыз. Жүріп-тұруы, қыдыруы, ырду-дырдуы, басқа бар – бұнысына екеуміздің айлығымыз әрең-пәрең жетіп тұрыпты.
Сондағы шешесінің көл болған көзжасын көрсең… қайтесің, көнесің, басқа салса басбақшыл деген.
Сол қызымыз мектебінен «түлеп» ұшып, үлкен қаладағы оқуға барып түскендегі шешесінің қуанғанын көрсең…
Алғашқы айында-ақ тұңғышымыз «анау керек, мынау керек» дегенінде баяғы байғұс шешесінің зар-мұңын естіп, мен де пұшайман болғаным бар.
Не керек, бала бауыр етің, көнеді екенсің.
Оқыған екі жылында арша етіміз борша болып, барымыз таусылып, жүдеп-жадай бастаған шағымызда, шешесінің көзжасын көрді ме… бірақ күнде қызымыз күйеуге шығып көз-жанарымыз жарқ еткені…
Ойпыр-ай, сондағы тойда шешесінің қуанғаннан қалқып-шалқығанын айтсаңшы.
…Барған жерден бағы ашылмай, екі-үш рет қайтып келіп, баяғы шешесінің самай шашын ағартып…
Не керек, ажырасып тынып, жиен немерені тәй-тәй басқан күйі бізге бұйыртып, өзі анау үзіліп қалған оқуын жалғастыру үшін үлкен қаласына тайды да тұрды.
Зымыраған заман-ай, тұңғышпен «тұншығып» жүріп байқамаппыз, кенже қызы есейіп, «Құдай қаласа» міне-міне, мектептің де соңғы сыныбына барады екен… Ұқсамасаң тумағыр, жүріс-тұрысы, киім киісі дейсің бе, өзі де, сөзі де әпкесінің дәл өзі… Шешесіне «анау керек, мынау керек» деп алғашқы әңгімесін айтып отырғанын құлағым шалып қалды…

Берік САДЫР

АСТАНА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір