Ғылымдағы жалғастық
07.04.2017
2252
0

Ғылым тарихы жалғастықтан тұрады. Бір ғылымның ізденіс арқылы тапқыштықпен ашқанын екінші ғалым жалғастырған. Онсыз ғылыми прогресс жоқ. Бұл жалғастықты осы тақырыптан да байқауға болады. Қызылорда қаласында 1944 жылы орта мектепті үздік бітірген Шахмардан Алматыға келіп, тау-кен институтына «Геология-барлау» мамандығы бойынша оқуға түсті. Студент кезінде ашық мінезі, достарына таза, мәдениетті қарым-қатынасы арқылы қадірлі болды. Ғылымға оның ынталылығын мұғалімдері арқылы Қ.Сәтбаевтың көзіне ілікті. Екінші курсты бітіргеннен кейін дейді, академик Жүрімбек Сыдықов практикаға Жезқазғанға бардық. Соғыстан кейінгі жыл. Тамақ мәселесінен қиналдық. Сонда Шахмардан қаракүл жағалы келісті пальтосын сатып, бәрімізге тағамға жұмсады. Мен әскерден келген, ешкімім жоқ студент едім, деп Шахмарданның мырзалығын ғанибетпен еске алады.

Институт бітірген Шахмардан (1927-1994) жолдамамен Жезқаз­ған­ға барып, геолог болып, жұмы­с­қа кіріседі. Осы жерде отбасын құ­рып, Камила Қарабалаеваға үй­­ленеді, балалы болады. Жұмыста іскерлі­гімен, ұйымдастыру қабілеті арқы­лы көзге түсіп, жұмыс бабында көтеріле бастайды, геология экспедициясына бас инженер болып тағайын­да­лады. Ғылыми жұмысты да қатар жүр­гізіп, геология-мине­ралогия ма­мандығы бойынша диссертация жазып, ғылым кандидаты лауазымын алады. Арада біршама жыл өткенде ғылым докторлығы үшін диссертация қорғайды.
Жезқазғанда көзге түскен Шахмардан Алматыға шақырылып, гео­логия министрілігінде орынбасар, кейін министрі болып тағайын­далады. Осы қызметте жүргенде Шахмарданның ерен қаблеті айқын ашылып, көп жұмыстар атқарады. Соның бірі – Маңғыстауда мұнай көздерін ашуы. Себеп болған мына жағдай еді. Бір кезде Батыс Сібір аймағында керемет мұнай кендері көзін ашқан академик геолог И.М.Губкин (1871-39) айтқан екен: Каспий теңізі шығысында кен ошағы болар ештеңе жоқ, құр дала деген екен. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-64) Жезқазған өнді­рісін жолға қойғаннан кейін, көз қырын Батыс Қазақстанға аударып, Маңғыстауды зерттеуге кіріседі. Көптеген нышандар ар­қылы бұл жерде мұнай бар деп қоры­тады. Содан Гурьевте Қазақ­­­с­тан Ғылым ака­демиясы көшпелі сессиясын өт­кі­зіп, оған үздік геологтарды шақырып, өзі бас баяндамамен шығып, Маңғыстауда мұнай бар деп қорытады. Келтірген дәлел­дерінің бірі, жергілікті халық ауызында «су жанар» деген сөз қол­да­нылатынын еске алып, «су» дегені әрине «мұнай» деп, бір кезде халық­тың «тас жанар» дегені тас көмір болып шыққанын еске алады. Бі­рақ ғылыми сессия шешімі мем­ле­кет­тік жоспарға ілінбейді. И.М.­Гу­б­киннің сөзі кедергі болса керек.
Шахмардан министр болысымен осы жұмысты қолға алып, геологтардан зерттеуші топ құрып, оларды техникамен жабдықтап, қаржымен қамсыздандырады. Бұл жоспарда жоқ істі бастау, өте жауапты, әрі нәтижесі белгісіз қадам еді. Бұған өте үлкен білім, Сәтбаев пікі­ріне сенім, жауапкершілікті мойнына алатын азаматтық ерлік қа­жет болды. Бірақ нәтижесі сәтті аяқ­талды. «Жетібай», «Жаңа Өзен» мұнай көздері ашылумен әлемге таңылды. Кейінгі жылдары мұнай көзі «Қашаған» ашылды.
Бір топ геологтар мемлекет сый­лық­тарын, соның ішінде Шахмардан, тағы басқа геологтар «Лениндік сыйлық» иегері болды. Бұл алдымен өзіне сену, одан соң Сәтбаев ойын жалғастырып, іске асыру еді. Ғылым жолы ауыр екені белгілі. Ол үшін табандылық үлкен сенім, білім, ерлік керек. Қ.И.Сәтбаев Қазақстан металлогенез картасын жасағаны үшін Лениндік сыйлық иегері болса, Шахмардан Сәтбаев пікірін іске асырып, Отанымызға байлық әкелгені үшін лауреат болды. Ғалымдар Шахмарданды Ғылым академиясына академик және президент етіп сайлады (1967-74). Он­ың алдында ол Министрлер ка­би­неті басқармасының орынбасар қызметін атқарды.
Шахмардан өндірісте жүрген кезінде Қазақстанда мыс, қорға­сын, газ, мұнай кендері бар екенін айтқан болатын. Басқа да еңбектері үшін мемлекеттік сыйлық иегері болған-ды.
Қ.И.Сәтбаевты Қазақстан тарихы да қызықтырды. Жезқазғанда жұмыс істеп жүрген жылдарында «Ер Едіге» атты еңбек жазды. Себебі Ұлытау шыңдарының бірінде «Алтын Орда» қайраткері болған батыр Едіге қабірі жатыр. Сол себеп болған болар. Бірақ 1951 жылы Сәтбаевтың сол еңбегі өзіне саясат тұрғысынан шаншу болып тиді, президенттіктен босатылуына себепкер болды.
Шахмардан Қазақстан Ғылым академиясы президенті болған ке­зін­де алдымен қолға алғаны ел біле бермейтін атақты бабамыз әл-Фараби атын көтеріп, тарихқа ендіруі. Алдымен ол Философия және құқық институты ішінде «әл-Фарабиді зерттеу» бөлімін ашып, оған Академия мүше-корреспон­ден­ті А.Ж.Машановты ғылыми қызметкер етіп бекітті. Өйткені, Ма­шанов мамандығы маркшейдер болса да, әл-Фараби еңбегімен шұғылданып жүргені үшін, саясат тұрғысынан қатты сынға алынып жүрген болатын.
Сондай-ақ, әлгі бөлімге араб, Батыс елдері тілін білетін мамандар жинап, әл-Фараби еңбектерін іздестіру міндеттеу нәтижесінде көптеген материалдар жинақталып, Қазақстан Ғылым академиясы арқылы әл-Фарабидің философия­лық, логикалық, әлеуметтік-этика­лық, жаратылыстық математика­лық, музыка трактаттары орыс жә­не қазақ тілінде ең алғаш жеке кітаптар болып жарық көрді. Әл-Фараби портреті жасалды. Зерттеу­ші­лерге кең жол ашылды, кітаптар шығарыла бастады, диссертациялар қорғалынды.
Шахмардан КОКП Орталық комитетінде үлкен басшылармен кездесіп, әл-Фараби – Қазақстан тумасы, Отырар қаласында өскен, Түр­кістан маңы, білім іздеп, Бағдат­қа барып, өмірін Иракта өткізіп, Си­рия­да қайтыс болғанын жеткіз­ген. Оның Аристотельдің 160-тай еңбектерін араб тіліне аударып, олар­ға түсіндірме жазғанын баяндап, сол үшін әл-Фарабиге грек тілін меңгеру міндеттелді. Сондай атқарған орасан еңбектері арқылы арабтар әл-Фарабиді, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атағанын келтіреді. Содан Орталық партия комитетінің әл-Фарабидің 1100 жылдығын Халықаралық ғылыми сессия етіп, Алматыда өткізуге ке­лі­сімін алады. Сөйтіп, үлкен дайын­дыққа кіріседі. Сессия 1975 жылы Азия, Африка елдері өкілдері қатыс­қан үлкен жиын болып, Алматыда өткізіледі. Бірақ Шахмардан ол сессияға қатыса алмады, орнынан түскен болатын. Сессияны өткізген келесі президент Асқар Қонаев болды.
Шахмардан өмірінің соңғы ке­зін­де өзі білім алған оқу орны Қазақ Политехника университе­тін­де «Гео­логиялық іздестіру және барлау» кафедрасында меңгеруші қызмет атқарып, лекция оқып, жастарды тәрбиеледі. Шахмарданда ашық, жарқын, адамды өзіне тартып, қуаттандыратын Қанекеңдей ерекше қасиет болды.
Шахмардан аты Қанекең Сәт­ба­ев сияқты ел есінде. Сәтбаев ізін жалғастырған үлкен ғалым болды. Қ.И.Сәтбаев аты Қазақ Политехника, кейін Қазақ Ұлттық Техникалық университетіне берілсе, Ақтаудағы Каспий Техникалық университетке Шахмардан Есенов есімі берілді.
Былтыр 70 жылдық юбилейін өткізген Қазақстан Ғылым академиясы тарихында бірін-бірі жалғас­тыр­ған президент болған геологтар Қ.И.Сәтбаев пен Ш.Есенов есімде­рін ел ерекше атайды, себепсіз емес. Екеуі арасында рухани сабақтастық бар. Екеуі де КСРО Жоғары Кеңесіне Қазақ Республикасы Жоғары Кеңе­сіне депутат болды. Шахмардан Есенов КПСС Орталық комитетіне кандидат болып сайланды. Қаныш Сәтбаев КСРО Ғылым академиясы Президиумына мүше болды.
Шахмардан Есенов Қаныш Сәт­баевтың ғылыми үндес, бірін-бірі жалғастырған шәкірті еді.

Досмұхамед Кішібеков, ­­
ҚР ҰҒА академигі,
Тимур КІШІБЕКОВ, доцент.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір