Жеке таным – шектеулі әлем
02.12.2016
1566
0

Әдеби үрдіс туралы айтсаң, әдебиеттің айналасына соқпай кету мүмкін еместей. Жеке таным мен базалық білімнің, талғам мен теорияның тепе-теңдігін сақтай алмаудың, шекарасын білмеудің кесірі аз тиіп отырған жоқ. Өткенге көз салып, бүгінді бағамдағың келгенімен, келер ұрпақ та тарихты таразыларын сезіп, іштей қылпылдайсың. Кімнің сөзі ертеңгі күнге жарарын бір Жаратқан біледі. Сөйтсе де, тарихтан дәмелі қаламгерлердің көбі – тым сенімді-ау…
Өткенге салауат! Бүгінгі таным хәлін, талғам деңгейін сөз етіп көрелік…


– Соғыстан оралған Әбді­жә­міл Нұрпейісов дәптерге жазған ро­манын Сәбит Мұқановқа әкеп, одан Ғабиден Мұстафиннің қо­лына түсіп – «жазушы болатын жі­гіт екен» деген бір ауыз бағасын ал­ғанда бүгінгі қарт жазушы қан­дай сезімде болды екен. Консерваторияда оқитын күйші жігіттің Алматы туралы өлеңін тың­да­ған­нан кейін баспадан шыққалы тұр­ған жастардың жинағына өлең­дерін қостырып, «Ақын бо­ла­ды» деп батасын берген жа­рықтық Әбу Сәрсенбаев Жұмекен талантын қалай дөп таныған. Жылт еткеннің бәрі алтын емес. Жылтырақ пен саф дүниені алғаш көр­генде-ақ қапысыз тану – бүгін сирек кездесетін қасиет емес пе екен? Бір жастың тұсауын кесу, бәл­кім, сол кезде дәстүрге айнал­ған дерсіз. Бірақ қазір де ол жолдан кенде қалып отырған жоқпыз. Қанша жас ақынның, жазушының кітабына алғы сөз жазылды. Со­лардың бәрі аға үмітін ақтады деп айта аламыз ба?
Есенин мен Блоктың кездесуін аңыз ғып айтатын әдебиетші қауым талант пен таланттың кез­десуін ғана қызықтайтын сияқ­ты. Ал олар бірін-бірін несіне қа­рай бағалады, не үшін үлкені кі­шісінен үміт күтті екен деп ой­лайсың. Бәрі Құнанбайдың Ыс­қа­ғының пысықтығын алдыға тар­тып, содан үміт күту керектігін айта бастағанда: «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсең­дер­ші» деген әке болжамының да құ­пиясы кісі танитын қасиеттің өзін­де ғана сақталғандай. Абай­дың жас Бесбайды жауапты адам етіп бекіткенін алғаш есті­ген­де іштей наразы болған Мамай батырдың соңында ақынның кісі танығыштығын тамсана айт­қан барымта оқиғасы да адам тану­дың үлкен қасиет екенін тағы еске салады. Әйтпесе, Қиясбайға байланысты аңыз-әңгімелерді-ақ есіңізге алыңыз. Осы сияқты қа­лам­гер жастардың талантын тану­дың өлшемдері қандай екен?
Несіпбек Дәутайұлы:
– Шығармашылық адамды тану­дың алдында өзіңді-өзің тану мәселесі туады ғой. Ерді ке­бенек ішінде тани алатындай. Ондай қабілеті барлар талант­тың өзіне оқып тұрған тұсын та­ни алады. Бар әңгіме осы. Бар әң­гіме соған қуанып жар салуда. Жас талантқа қалатыны көр­кемдік ізденіс, көркемдік кон­сепция және көркем шын­дық.
Ұлан Еркінбай:
– Негізі мұнда алдымен уа­қыт пен жүйе мәселесін ай­қын­дап алуымыз керек. Қазіргі әде­би кеңістікті осыдан 30 не 50 жыл бұрынғы әдеби үдеріспен салыстыра аламыз ба? Онымыз қан­шалықты шынайы, дәйекті бо­лады? Мүлде басқа орта, басқа ме­неджмент, басқа көзқарас емес пе?! Ол кездегі аға буын азу­лы қаламгердің әрбірі бір тұл­ға, әрбірі бір әдеби агент еді. Ол кісілердің пікірінде салмақ бо­латын. Себебі, айтылатын сөз­дің уақыты, жүйесі, алаңы, өл­шем­дері – бәрі шамамен бел­гілі бо­латын. Тіпті, оқырманына дейін. Тек дұрыс индивид таң­дал­са болды. Ал таңдау кімге тү­седі? Әлбетте, алабөтен дарын бірін­ші өлшем. Алайда, оны әлгі уақыт пен жүйенің оң жамбасына келтіре білуің керек. Оның өзі өз алдына өнер «туындысы». Бү­гінде бізге беймәлім қаншама асыл қаламгерлеріміз сол уақыт пен жүйенің құрбанына айналды. Керісінше, уақыттың оң жам­басына келген қаншама қа­ламгерлер оқулықтардан түспей қойды.
Нұрбол Құдайберген:
– Бұл – үзілмейтін үдеріс. Иә, шынында да, мысал көп. Оның әдемі үлгісін Алаш арыс­тары көрсетіп кетті. Кейіннен Мұх­тар Әуезов те, Әлкей Мар­ғұлан да, Қаныш Сәтбаев та та­лай бұлақтың көзін ашты. Бер­тінгі кезеңдегі Әбділда ақын­ның, қария қаламгер Шерхан Мұртазаның дәл осы тұр­ғы­дағы істерін ерлікке теңеуге бо­лады. Өйткені, бүтін бір ұлт әде­биетінің қоржынын толтырып, қазынасын байытқан сөз шеберлерін сахнаға шығарды. «Талантты талант қана таниды» деген рас. Кешегі Фариза Оңғар­сынованың, Дидахмет Әшім­ханұлының ерекше сенім артқан жас  дарындары бүгінде айрықша көрініп те жүр, мысалы. Сөз құ­діретінің, төл әдебиетіміздің ал­­дындағы үлкен жауап­кер­ші­лікті терең сезінгендіктен болар, «өлімнің жартысы – нем­құрай­дылыққа» (Х.Джебран) са­лынбады олар… Бір жағынан, мойындау деген де бар. Мұхам­мед­жан Тазабеков туралы ғой дей­мін, Тұманбай Молдағалиев: «Дү­ниеге менен мықты ақын кел­ді», – деп айтыпты ғой кезін­де. Бұл – үлкен іс, өнегелі іс. Ба­тылдық. Бұдан кішірейіп қал­ған жоқ. Жас өркенді ғана емес, өзінің кісілігін де таныта біл­ген.
Өмірде көріп-білмеген Оралхан Бөкейді Шерхан Мұртаза оның жазғанынан таныды. Жазуындағы мінезінен таныды. Әйтпесе, ол кезде мың-сан автор бар емес пе? Жүзден жүйрік еке­нін Оралхан өзінің «шектен шық­қан» материалдарымен көр­сете алды. Қалыпқа сыя бер­мейтін дүниелер еді… «Әдебиетке кіру үшін шектен шығу керек» деген тәмсіл ақиқатқа жанасады, асылы. Мінездің ішінде ше­берлік те, шындық та, шыр­ғалаң да бар. Ал енді жас талап қандай өлшемдерге сай болу ке­рек дегенде, игеруге, үйренуге тиіс­ті қасиеттермен бірге, жуы­мауға, алшақтауға, арылуға тиіс­ті ғадеттер туралы да айту ке­рек деп ойлаймын.
Ең әуелі, замана алға тосқан құ­былыстарды дұрыс сараптай оты­рып, өзінің бағытын білгені жөн. Мысалы, қазіргі постиндус­триалды қоғамның өз ерек­ше­лік­тері бар. Сегіз қырлы, бір сыр­лының нақ өзі болуға мін­деттісің. Бірнеше тіл біліп, бір­не­ше саладан хабардар бол­ма­саң, сөйте тұра өз ісіңнің хас ше­бері бола алмасаң, бүгінгі та­лап-тілекке де, аға буынның «тануына» да лайық болмай шы­ғасың. Совет заманында қа­зір­гідей үйде отырып-ақ жарты әлемді шарлап кететін мүмкіндік бол­мады. Әбден жауыр болған та­қырыптар мен тәсілдерге жаны құмар жас жазушының аға буынға «танымағаны» үшін өкпе айтуға қақысы жоқ. Әде­биетімізге жаңалық болуға жа­рай­тын дүние көп, өте көп. Алай­да, әлі күнге дейін өмірге социалистік реализмнің тере­зесінен қарағысы келетін қа­ламгерлеріміздің бар екенін не­сіне жасырамыз. Өмірді бү­гінгі шындық аясында көре ал­майтын қаламгер соғыс жылдарында Мәлік Ғабдуллинге поэ­ма арнап, оны қазақтың бұ­рынғы батырлық жырла­рын­да­ғыдай тым әсірелеп суреттеген ақынға ұқсайды. Қоғам қа­был­дай алмайды. Әдебиет қайтсін!.. Яғ­ни жаңалыққа құштар болу­ға, тынымсыз ізденуге, жүйелі түр­де еңбектенуге міндетті. Әр­кім-ақ  қарайды, бірақ көретін­дер некен-саяқ. Сол некен-саяқ жазу­шылар болуға тиіс. Аптасы­на 120-130 сағат жазу үстелінде оты­ратын Джек Лондонға не бол­маса бүгін жалпақ әлем жар са­лып жүрген «Тесланың» тө­лиесі Илон Маскке ұқсап аптада 100 сағат еңбектенетін шығар, бәлкім. Бірақ бағыты дұрыс бол­маса, Алматыға шыққан кө­лік­тің Шымкентке қарай жүйт­куінен пайда жоқ… Екіншіден, жүйелілік керек дер едім. Әуе­зовті айтпағанда, кешегі Қадыр ақынның жүйелі түрде еңбек­тенуі көпке үлгі бола алады. «Тас­ты тесетін – судың күші емес, оның тұрақтылығы», – дей­ді. Рас сөз. Алайда, жастар­дың бір кемшілігі, аға буынның жы­лы лебізін естіген кезде өзін де, жүйелі түрде еңбектенуін де жо­ғалтып  алады… Яғни арылуға тиіс­ті ғадеттің бірі осы болса ке­рек-ті… Жалпы, бұл өте кең та­­қырып.
– Кітабы шықпай тұрып, жазу­шылар одағына мүшелікке қа­былданған Тахауи Ахтановтың ал­ғашқы қадамы өте сәтті бол­ға­нына сенесің. Әуезов атап айт­қан са­наулы жастардың алдыңғы қа­тарында болған Тахауи Ахтанов­тың шығармашылық әлеуеті осындай шешім шығаруға мүм­кін­дік бергендей. Ал бүгінгі за­ман­дастардың шығармашылық қа­жыры қай деңгейде екенін анық басып айта алмайтын жағ­дайдамыз. Әрине, қу шөппен ауыз сүрте берген де болмайды. Бұ­ның бәрі бізде жас талант жоқ де­ген сөз емес. Мықтылар одан әрі мықты, талғам таразысы одан сайын әділетті, биік болса екен деген арман-арыз ғана. Әдебиет­пен тұрақты шұғылдану мен бір-екі әңгіме жазып, тізімге еніп, жас­тардың қатарында жүру екі бас­қа. Әдетте «тізімге еніп алған­дар» деп кей үлкендерді сөгетін жас­тардың ішінде де тізімге кіріп, ең­бек етпей жүргендері қан­ша­ма.
Несіпбек Дәутайұлы:
– Кітабы шықпай тұрып, одақ­қа өкен мысалдар біраз бар. Қа­зіргі кезде болайын деп тұр­ған осы деп атын атап, түсін түс­теу қиын. Себебі, прозамыз маң­ди алмай жатқан сияқты. «Измдерді» айналсоқтап, фор­маға үйірсектеп кеттік… бізге керек те шығар. Бірақ сол тәсел­деді жаңалаш қалдыруға болмайды ғой. Шерағаң айтар еді: «Әң­гіме дегеніміз – деталь», осы­ны айналып өтетіндіктен жас­тар прозасында ненің де әлеу­меттік астарына тереңдеп бара алмаушылық оңды-солды ой­нап, шыға береді.
Әдебиет – өмір, адам, қоғам тануымыз көркем үдеріс деп қа­райтын болсақ, олардың көр­кем шындығына жету үшін түгел дүниенің жете алатын түй­сікке ке­ліп тірел. Талант деген ұғым­ның тану табиғаты да осы болар.
Ұлан Еркінбай:
– Сонда дәл сол кездегі танылу мен қазіргі танылуды қа­лай салыстырамыз. Қазір кімнің кі­табына кім пікір білдірмей жа­тыр?! Бірақ үлкен есеппен ал­ғанда, қазіргі уақыт үшін он­дай­дың ешбір қажеттілігі жоқ. Ер­кін бәсекелестік уақытында сіз­дің кітабыңызға бақандай
10 азу­лы жазушы алғысөз жазса да одан ештеңе өзгермейді. Тек сіз­дің жеке менеджментіңіз уа­қыт­ша өркендейтін шығар. Бі­рақ ол қазіргі уақыттың менедж­ментіне шы­бын шаққан құрлы әсер ет­пейді. Сосын жеке таным мен көр­кемдік танымды бір дең­гейге қоя алмаймыз. Бұл Мар­кестің Колумбиядан кетіп жаз­ғаны тәрізді. Гоголь де өзінің алғашқы дүниелеріне берілген пафостық биік бағалардан жазушы ретінде өзін жоғалтқанын айтады. Көр­кемдік танымды бір әдеби орта­ның жеке танымдар жиынтығы­мен салыстыра алмаймыз. Жеке танымдар шек­теу­лі өлшем. Ал көркемдік таным өлшемдері өнер­дің мәңгілік алаңына же­телейді. Ондайдың қай кезде қандай қасиетімен танылатынын да болжау қиын. Ақиқат бір бола тұра, әр уақыт­тың өз шын­дығы бар. Көркемдік танымның санғасырлық тәжіри­бесі болған­дықтан соның бар­лы­ғын есепке алады.
Нұрбол Құдайберген:
– Классиктер ғана әдебиеттің тұрақты өкілі бола алады. Ал сіз айтып отырған «тізімге ену» дей­тіннің бәрі – уақытша құ­бы­лыс. Алайда, соны місе тұта­тын­дар да аз емес, бір қызығы. Шынайы тізімді уақыт ағзам жа­сайды. Ол, бәлкім, бәріміз ай­тып жүрген 2050 жылы жасалар, бәлкім, келер ХХІІ ға­сырда… Оны біз білмейміз. Бүгін әдебиеттің белортасында жүрген адамды бірнеше ғасыр демей-ақ, тіпті келесі ұрпақтың өзі ауызға алмай қоюы мүмкін. Бұған саяси, әлеуметтік һәм психология­лық факторлар әсер етеді. Әсі­ресе, қоғамдық формация ауыс­қан кезде қаламгерлер есім­­дері де еленіп қалатыны бар. Тек ұлттық және жал­пы адам­­­заттық құндылықтарды шы­­ғармаларының Темірқазы­ғына айналдыра білгендер ғана тұрақты өкілі боп қалады деп ой­лаймын. Мысалы, бүгінде Мак­сим Горькийдің мәңгілік та­қырыпты қаузаған «Анасынан» басқа шығармалары көп оқыл­майды. Пушкин заманында көсем болған сарай ақын­дары­ның есім-сойын тек тарих қана бі­леді, бүгінгі ұрпаққа қажет емес олар. Тіпті, Ғабиден Мұс­та­фин мен Сәбит Мұқа­новтың кей туындыларын тәуелсіздік ұрпақтары қолына алғысы кел­мейді. «Асыл сөзді, адам жанына қажетті сөзді айта білген» (Ахмет Байтұрсынұлы) қалам­гер­ді ғана әдебиеттің тұрақты өкі­лдері десек болатын шығар. Екін­шіден, тек атын тізіп айтып шы­ғатыны, аға буынның өзі кейін­гі толқынның шығар­ма­шы­­лық әлеміне дендеп енбейді, дұрыс білмейді. Сон­дықтан олар тек аттарын атаумен шек­теледі. Оқыған күннің өзінде жастардың психологиясын, дүниетанымын толық қабылдай алмайды.
– Сын есту – сабақ. Жасқа да, жасамысқа да. Үлкендер сын айт­са, жастар тулайды. Онысын ру­хани тәжірбиесіздікке жорып, жы­лы жауып қоятындар да, дау­дың үстіне дау айтып, бет жырты­сып жататындар да бар. Ал бірақ жастардың көзқарасын, сынын кө­тере алмайтын үлкендердің әре­кетін қайда қоямыз? Сын кө­теру туралы көп айтамыз ғой. Осы жалпы сынды емес, үлкен­дер­дің жастардың сөзін көтеруі, кө­тере алмауы туралы не ойлайсыз? Олар жасы кішіден сөз ес­ті­дік деп намыстанатын сияқ­ты…
Несіпбек Дәутайұлы:
– Біз көп білетін сияқ­тана­мыз. Біздің өзіміз  айтып жүр­ген­­дей көрінеміз. Ал шындығы бабаларымыздың бабаларының бабалары айтып кеткен. Солар бірі «ақыл жаста» өсіп келе жат­қан өрелі жастан бәрі шығады… олар өз дәуірінің өзгеше болмысына қарай ой жүйе жағына озып туады. Солай болуы тиіс. Со­­лай болуын көксеуіміз керек. Қа­зақ Төле, Қазыбек, Әйтеке би­лерге қанша жасынан төрелік айтқызды. Басар таулары белгілі болып, қалғандар кезегімен ке­ліп қалған ұрпақ әділдігін айтып, әттеген-айын білдірсе, Құ­­­дайға тәубе демей ме? Ең жаман нәрсе жас­тың жағасынан алған.
Ұлан Еркінбай:
– Қазір сын айту, сын көтеру, сын жоқ деген пікірлерді жиі естиміз. Сөйте тұра, сын мен әде­би үдеріс ұғымының орнын жиі алмастырамыз. Пікір, рецензия, естелік сөз, құттықтау сөз, марапат сөз, дөңгелек үс­тел­дер, жоспарлы-жоспарсыз ма­­қалалар – бұлар сынның емес, әдеби үдерістің құрамдас эле­­мент­тері. Өз басым, сын деп – ғы­лыми этиканы негізге ал­ған, нақ­тылы бір шығарманың шығу тарихы мен теориялық таби­ға­тын, мазмұндық, пішін­дік әлеуе­тін, тілдік, көркемдік бү­тін­дігін, жанрлық ерекше­лі­гін, жал­пыадамзаттық, ұлттық бел­гілерін, ең бастысы, оқырман қабылдауын, келешегін кәсіби ма­ман һәм дәуір көзімен тал­қы­лап, соның негізінде жасал­ған тұжырымды түсінем. Ал осындай талаппен жастар тарапынан аға буынға сындар жазылып жат­са, несі айып екен. Оны кө­те­ре алмау былай тұрсын, шын суреткер малақайын аспанға атып қуану керек тәрізді.
Жалпы, бүгінгі уақыт үшін: ті­зім, мадақ, марапат, екіұшты пікір, пікір қалыптастыру, Одақ, Одаққа өту, шығу, кіру, танылу, танылмай қалу, мойындалу деген ұғымдардың ешбір құны жоқ. Бұл өз еркіндігіңізді өзіңіз тұ­саулаумен бірдей. Қазіргі жазармандар осыны түсінсе ұзаққа шабады. Қай дәуірде болсын ақын-жазушылар өнерде автор­лық тізім арқылы қалып жатқан жоқ. Керісінше, аты-жөніңізді білмесе де, әдебиетте қалу сіздің бір туындыңыздың оқырман көңі­лінде тұрақтап қалуы арқы­лы жүзеге аспақ.
Нұрбол Құдайберген:
– Бұл – жалпылама сипаты бар ­дерт. Өйткені, тек жастардың ғана емес, аға буын өкілдерінің өз замандастарының да сынын көтере алмайтынын баспасөз бет­терінен көріп жүрміз. Сын қа­былдау мәдениеті төмен бол­ғандықтан, бұрын сыни мақа­ла­ларды өндіртіп жазатын аға-апаларымыздың өзі бұл ауылға жуымай кетті. Жау арттырғысы жоқ. Тіпті, әдеби киллер деген ұғым­ның шыққанына да аз бол­мады. Мысалы, марқұм Таласбек Әсемқұлов соның құрбаны бо­лып, бірнеше жыл бойы қыз­мет­ке орналаса алмай жүрген екен. Осыдан келіп, қазіргі қа­зақ әдеби сынында  асыра мақтау мен асыра қаралау «дәстүрі» етек алды. Сын жанрлары бар бол­ғанымен, олардың көбі бел­гілі бір шаблондық үлгіден әрі аса алмай қалғаны да шындық.
Жастардың ғана емес, кәсіби сыншылардың да дәйекті сынын көтере алмайтындар аз емес. Неге? Оған кінәлі жазушы­ның өзі емес, біз – қоғам кінәлі. Өйт­­кені, қаламгердің шығарма­шы­лық әлемінен кішкентай ғана жақсылықтың ұшқынын бай­қасақ болды, жасымыз да, жа­самысымыз да қалмай мақ­таймыз. Бір мерейтой иесінің көзінше «Сіз – әдебиетіміздің пай­ғамбарысыз!» дегенді де есті­дік. Бірақ соның көбі өтірік… Адамның ой-түйсігі қызық қой. Дос­тоевскийдің ғой деймін, «егер қанден күшікке «Сен – буль­догсың» деп айта берсең, біраздан кейін ол да өзін бульдог санай бастайды» деген сөзі бар. Соның кері. Сөйтіп, біз болаша­ғынан үлкен үміт күттірген жас­тарымыздың өзін осылай құрбан етіп жатырмыз. Өйткені, мақ­тауға семірген дарындарымыз еңбектенуді қояды.

Ұйымдастырған
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір