Бекзат өнердің тартылыс күші
09.12.2016
2443
1

«Ұлт аспаптар оркестрінің колориттік, яғни ұлттық нақыштағы мүмкіндігі орасан зор. Оның шығармашылық амплитудасы өте кең, тек әрбір аспаптың табиғи үнін, мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу керек. Музыкалық палитраны кеңейту үшін қандай да бір эксперименттер жасаудан қорқудың қажеті жоқ. Тек өзіңнің не жасағың келетінін, қалай жасағың келетінін анық білуің керек. Әрбір аспаптың үні, әрбір нота көкірегіңде сайрап тұруы керек, әр дыбысты құлағыңмен ғана естіп қоймай, жүрегіңмен тыңдай білуің тиіс», – дейді біздің бүгінгі кейіпкер Мүсілім Әмзе.
«Қазақ әдебиеті» газеті ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік және ғылым», «Тәуелсіздік және өнер», «Тәуелсіздік және әдебиет» атты арнайы айдарлар ашқаны белгілі. «Тәуелсіздік және өнер» аясында біз сұхбаттасқан белгілі дирижер Мүсілім Әмзе қазақ дирижерларының осы күнге дейін жүріп өткен өнер жолы, бағындырған биігі, жас дирижерлардың өсуі мен ізденісі жайлы кеңінен толғады.


Мүсілім ӘМЗЕ,

дирижер


– Арғы тарихты айтпаған күннің өзінде, тәуелсіздік алған жиырма бес жылда қазақ өнерінде, өзіңіз шығармашылықпен айналысып жүрген салада бірнеше толқын ауысты. Олар жайлы не айтасыз?
– Еліміздегі қазақ кәсіби музыкасы дегенде алдымен ойымызға Ахмет Жұбанов оралады. Сонау отызыншы жылдары болашақ музыка мәдениетімізді тұтас елестете алғанына қайран қаламын. Аспирант Жұбановқа дирижер таяқшасын ұстауға тура келді. Репертуар дайындау да оңай шаруа емес. Өнертану, дирижерлік, композиторлық мектеп, ағарту саласы, мәдениет ошақтарын ашу сияқты түрлі жұмыстың басында өзі тұр. Оркестр ұйымдастыру, опера театрын ашуда әнші, музыканттармен қатар кәсіби дирижер қажеттігін түсінген. Құрманғазы оркестрінде нота сауатын ашып, өзіне ассистент ретінде күйшілер Ғ.Матов, М.Жаппасбаевты дайындаған кезде, операда оркестр музыканты Ф.Кузьмич дирижерлікті бастады. Осы қатарда Л.Хамиди мен
Л.Шаргородский де болды. Бұл дирижерлер тізімін М.Төлебаев,
Қ.Мусин, Ж.Қаламбаев, кейін
Н.Тілендиев, Ш.Қажығалиев,
А.Мырзабеков, Ұ.Нүсіпов,
М.Әубәкіров, Г.Сафонцев, И.Рык,
А.Жайымов, Ж.Темірғалиев,
Ж.Бегендіковтер жалғастырған.
Соғыс уақытында Мәскеу мен Петербор, т.б. бірнеше қаладан эвакуа­ция және басқа да себептермен кәсіби дирижерлер легі келіп қосыл­ды.Г.Столяров, В.Пирадов, Е.Манаев, В.Чернов, В.Карпов, Б.Врана сияқты майталман дирижерлер қазақ музыкасына көп еңбек сіңірді. Сол кезгі қаншама опера-балеттің премье­расын осы кісілер жасады. Жаңа ашылған консерватория қабырғасында жас дирижерлерді тәрбиелеп жатты. Алғашқы кәсіби қазақ дирижерлері Ф.Мансұров пен
Ш.Қажығалиевті 1950 жылдары Алматы консерваториясы тәрбиелеп шығарды. Театрдағы келесі буын
И.Островский, И.Зак, Ғ.Дуғашев,
Ф.Мансұров, Т.Османов,
Н.Шкаров­ский, В.Руттер,
Б.Жаман­баев, Т.Әбдірашев,
Р.Салаватов, Р.Садықова, М.Сиязов,
Н.Жарасовтарға жалғасты.
Ал Жамбыл атындағы филармония симфониялық оркестрінде қызмет еткен Ф.Мансұров, В.Яковлев,
И.Островский, Ғ.Дуғашев,
Ш.Қажығалиев, Т.Мыңбаев,
Т.Әбдірашев, Р.Салаватовтардың есімі музыка мәдениетімізде тарих болып қалды. Аталған дирижерлердің көбі Петербор, Мәскеу, Львов, Одесса, Киев, Минск сияқты үлкен қалаларда білім алған. Қысқа шолып өткен тарих осылай. Міне, осыдан-ақ қазақ дирижерлік мектебінің шежіресін көреміз, осал мектеп қалыптаспағанын байқаймыз.
– Қазіргі күні жас дирижерге ешкім таңдана қарамайды. Бұрынғылардың естеліктерін қарап отырсақ, елдің бас оркестрлерін тек қана тәжірибесі мол, жасы үлкен кісілерге ғана сеніп тапсырады екен. Жалпы, еліміздегі дирижер мамандығының жасару сыры неде, маман жетіспей ме, әлде басқа себептері бар ма?
– Бүгінге дейінгі оркестр тарихы мен дирижерлік өнер әдебиетінен білетініміз – дирижер мамандығы жылдар бойы толысатын, уақыт өткен сайын тәжірибе жинап, шеберлігі артып, кемелдене түсетін кәсіп. Әйгілі дирижерлер қартайған шағында бұрын ойнаған шығармаларына көңілі толмай қайта оралып отырған. Қол кестесінің техникасы тұрмақ, партитураны пайымдауда жаңа белеске көшеді. Картинаны тұтас көре алуы, дыбыс балансы мен бояуы, динамика мен штрих мәселесіне басқа тараптан қарауы, ең бастысы – композитордың ойын түсіне білуі бұрынғыдан өзгеше болады. Парасаты артық, ақылы кеніш, мінезі байсал дирижерлер ғана ерен еңбегімен суреткер деңгейіне көтерілген. Өнер тарихында қайталанбас із қалдырған. Кәсіби һәм өмірлік тәжірибенің арқасында тоқсан жасында концерт бергендер бар. Мұндай мамандардың оркестрге тигізер пайдасын тыңдарман да, оркестр мүшелері де – бәрі білген.
Өйткені, бүгінге дейін Батыстағы елдің оркестрлері «өз күнін өзі көреді». «Қай дирижерге көрермен көп келеді, оркестр беделін одан әрі көтеру үшін кіммен жұмыс істеген тиімді» деген сұрақтарға баса назар аударады. Оркестрдің көркемдік кеңесі дауысқа салып, бірнеше кандидаттың ішінен біреуін ғана іріктеп алып, бірер маусымға келісім-шарт жасайды.
Бізде бұл мәселе сәл басқаша өрбіді. Кезінде барлық оркестрге жетекші тағайындағанда, олардың кәсіби өсуі, ұжыммен тіл табысуы сырттай бақыланатын. Келіспей қалған кезде екінші ұжымға ауыстырып отырды. Көп дирижер осылай орнын тапты. Келесі дирижерді Мәскеу мен Петерборда арнайы оқытып дайындап отырды. Кейбірін алыс-жақын елге тәжірибе жинап келуге жіберді. Қысқасы, қат маман ретінде дирижер жерде қалмайтын. Бізде де ондаған жылдар бойы оркестр басқарған музыканттар болды. Мемлекеттік академиялық симфония оркестрін Фуат Мансуров, Тимур Мыңбаев, Төлепберген Әбдірашев сияқты мамандар ұзақ уақыт басқарды. Шамғон Қажығалиев қырық жылға жуық Құрманғазы оркестріне, он жылдан аса Тәттімбет оркестріне жетекші болды. Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрін ашылған күннен бастап Қанат Ахметов басқарып келеді.
Бұл дәстүр бүгінде өзгерді. Қазіргі жас дирижерлердің аренаға шығуының себебін… (мүмкін, басқа да себеп болуы) мынадан көремін. Ақсақал буын өкілдері мен жас буын ортасын жалғайтын орта буын дирижерлері өте аз. Алпыстан асқан аға буын мен отыз-қырықтағы буын арасы жиырма жыл. Осы екі ортаның өкілдерінен Абзал Мұхитдинов пен Айдар Торыбаевты атар едім. Маман тәрбиелеудегі олқылықтың орнын қазір анық көріп отырмыз. Жас дирижерлер қолынан келгенін істеп жатыр. Әрине, мұның екінші тұсы да бар. Жастың аты жас, тәжірибе алғанша біршама уақыт керек, шыдам керек. Бірақ жастар мен оркестр үшін сырттан бір концерт үшін шақырылатын тәжірибелі дирижерлер легі үзілген емес.
– Сіз де үлкен оркестрлерге жастай дирижерлік жасадыңыз. Оның қиындығы мен машақаты қандай?
– Иә, студент кезден оркестр пультіне шықтық. Дирижер Нұрлан Жарасовтың класы бойынша оқу бітірерде Абай атындағы МАОБТ сахнасында қойылған
Е.Брусилов­ский­дің «Қыз Жібек» операсы дипломдық жұмысым болды. Үш жылдан аса театрда қызмет еттім. Бірнеше опера меңгердім. Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестріне сол кездегі бас дирижер Жамағат Темірғалиев шақырды. Қазіргі жұмыс орным Мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің дирижерлығына Ваг Папян қабылдап еді. Күнделікті жұмысты өзі қадағалап отырды. Магистрант кезімде ұстазым, профессор Базарғали Жаманбаев барлық жүріс-тұрысымды қатаң назарда ұстады. Концерт барысындағы кемшіліктер мен жетістіктер әлі күн екеуара терең талқыға салынады.Осындай қамқорлық арқасында көп қателіктерді айналып өттік. Ал қиындығы сол – оркестрге өзіңді әбден мойындатқанша жас өнерпаз өтуі тиіс бұралаң жолды қалайда жүріп өтуің керек. Жас дирижердің оркестр пультіне шығуы қай кезде де қиын. Тілеулес, жанашыр жандардың көптігінен бұл тұрғыда менің жолым болды. Бірнеше оркестрмен аз уақытта тәжірибе алдым.
– Өзіңіз айтып отырғандай, еліміздегі бірнеше оркестрмен, оның ішінде симфониялық, фольклорлы этнографиялық шығармашылық ұжымдармен жұмыс істедіңіз. Олардың кәсіби деңгейі, сапасы мен құрамы жағынан айырмашылықтары бар ма?
– «Отырар сазы» мен Құрманғазы опера театры оркестрі және   мемсимфония оркестрінен басқа Шымкент, Қызылорда, Қарағанды, Талдықорған оркестрлерімен жұмыс істедім. Қай жерде де оркестр әртісінің жалақысы мәз емес. Әлеуметтік жағынан облыс әкімдігіне қарайтын оркестрлердің қаражат мәселесі министрлікке қарайтын Алматыдағы оркестрлерге қарағанда әлдеқайда төмен. Репертуар қоры, аспаппен қамтамасыз ету, материалдық базасын жақсарту арқылы жетістікке жету баршаға белгілі. Облыста үлкен құраммен оркестр жасақтау да қаржыға келіп тіреледі. Әрине, жылдық концерт есебінен де алшақтық бар. Энтузиазммен ғана жұмыс істеп жүрген әріптестеріме алғыстан басқа айтарым жоқ.
– Бүгінгі күні шығармашылық адамы қиын жағдайда қалғанын айтатындар көп. Оқырман, тыңдарман, көрермен азайып барады және олар нағыз өнерді талдап, таразылай алмайды деген де пікір бар. Бұл тұрғыда не дейсіз? Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығында біз қандай оқырман, көрермен, тыңдарман бейнесін қалыптастыра алдық?
– Тоқсаныншы жылдарға өкпе айта алмаймыз. Тыңдарман түгілі, оркестрдің өзінде музыкант ұстап қалу қиын еді. Кейіннен ретке келе бастады. Сол кезеңнің тоқтамай жұмыс істеген телевизиясы эфирінен елексіз өткен есер музыка халыққа сіңе берді. Күні бүгінге дейін келе жатыр бұл әдет. Оған «не ұнаса соны тыңдаймын» деген демократияны қосыңыз. Нағыз жауһарды танып, таразылап-талдау үшін таным керек. «Мектеп көрген» деген тамаша сөз бар емес пе? Сол қағидамен әуелі өзіміз үлгі көрсетпесек қиын…
Басқаны былай қойып, өз тәжірибемді ғана айтсам деймін. Мектеп оқушыларына арналған танымдық жылдық абонемент концертін өткізіп келе жатқаныма екі жыл. Алғашқысы «Менің сүйікті композиторым», екіншісі «Союз двух муз» деп аталады. Мектеп жасынан кәсіби музыка жайлы талғамға тәрбиелейтін жобаны белгілі өнер­танушы Юрий Аравин жүргізеді. Әдемі әңгімелеудің шебері. Ау­дитория­мен байланыс күшті. Содан болар, билетіміз тез арада түгел өтіп кетті. Бұл дегеніміз – жыл бойына жүретін бес концерттің тыңдарманы дайын деген сөз. Енді осы балалардан музыка, композитор, оркестр, дирижер, музыка аспаптары, жанр туралы түсінігі бар, сахна тәртібімен таныс, тыңдау мәдениеті қалыптасқан шынайы тыңдарман шықпай ма? Олар бірнеше жылда оркестрдің нағыз досы болады. Жылма-жыл кішкентай көрерменді осы бағытта баули бермекпіз.
– Алматы әу бастан өнер мен мәдениеттің бесігі бола тұра, осы күнге дейін көрерменді енді қалыптастырып келетініміз жайлы әңгіме айтамыз. Мыңжылдық тарихы бар қалада осы күнге дейін қалыптасып қойған көрермен тәрбиелей алмауымыздың себебі неде?
– Қиын сұрақ. Қазір құндылық өзгерген кезең. Талғам мәселесі де өте нәзік нәрсе. Сондықтан біреу бала кезден тәрбиеленсе, бірі кексе жаста келеді көрермен болып. Алматы халқын түгел концертке әкелу шарт емес. Оркестрдің аудиториясы бар. Сол қауым үшін қазір әркім шама-шарқынша жарнама беріп, тыңдарман қызығарлық музыка ұсынып бағуда. Тек сол бағдарламаға әрбір буын естіп-білуі тиіс мұраларды өзгеше үлгіде, әрін жоғалтпай жаңаша сыпатта ұсыну жолын жетілдіре беру керек деп ойлаймын.
Композиторларымыз бен әншілеріміз де алған білім мен шеберлігін халыққа ұнайтын музыка үшін сарп етсе екен. Өнер де бір орнында тұрмақ емес, ол да дамиды, жетіледі. Бүгінде концерт өткізуде көптеген жаңалық бар. Бір мезетте жүретін видео, аудио, би, жарықтан басқа әр концертке жеке-жеке сахна безендіру еніп келеді. Бұрынғы мектептің жақсысы мен қазіргі заманның жаңа талабын ұштастыра алсақ деймін.
– Тәуелсіздіктің жиырма бес жылында Қазақстандағы дирижерлік өнер  өрлеу мен құлдырауды бастан өткерген болар. Осы тұрғыда қазақ дирижерлері не ұтты, неден ұтылды?
– Өзінен үлкенге үміт, қатарына қуаныш, кейінгіге өнеге сыйлап Тілендиев, Қажығалиев, Әбдірашев сынды дирижерлер өтті өмірден. Әрқайсысы дара еді… Қай кезде болсын дирижер үшін жанкешті еңбек, кәсіпке адалдық, тиянақтылық, кірпияз көңіл, темірдей тәртіп – басты қасиет. Үйренеріміз көп болғанымен, түрлі себеппен бұл кісілерден біздің буын сабақ ала алмады.
Бір қуанарлығы – жер-жерде талай өнер ұжымдары ашылды. Сонымен бірге, дирижер маманға да сұраныс артты. Астана мен Алматыда дирижер тәрбиелейтін оқуға оқушылар көптеп түсе бастады. Алды – отбасымен түгел осы мамандыққа ауысса, соңы – екінші мамандық ретінде ақылы түрде оқи бастады. Бұл бекзат кәсіпке тартылыстың көрсеткіші. Жылда республика көле­мінде дирижерлер конкурсы өтеді. Десек те, «уақыт – төреші» қашанда. Осы өнерге ессіз беріліп, қисапсыз қиындығына шыдаған музыкантты ғана «дирижер» деген мәртебелі атқа лайық көреді.
– Шығармашылығыңыз жайлы, алдағы жоспарыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Алда Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының қос оркестрі – ҚР мемлекеттік симфония оркестрі мен Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің он айға бекітілген концерт маусымы кестесі тұр. Жылдағы дәстүрмен жеке концерт кешімді дайындау, ойда жүрген музыкадан әрбір оркестр мен жеке әнші, аспапшы музыканттар үшін жаңа бағдарлама жасау, студенттер оркестрінің есеп беру концерттері сияқты біршама шаруалар… Сосын биыл бастаған докторлық диссертация материалы үшін ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты мен Орталық кинофото­құжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатынан тапқан деректерді саралап, қазақ дирижерлік өнерінің тарихы туралы жүйелі оқулықты аяқтау сияқты жұмыстар бар.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір