ҰЛЫ ДИҚАН ЖОЛЫ
Шығанақ БЕРСИЕВ – 145

«Кербез керіліп, көкке құшағын аша жайқалған тары алқабына тамсана қарағанда, «береке дарысын» деген тілек тілге оралады. Қауызына қатар сыйып тұрған қара ноқатты дәнді, тарықтырмайтын патша тарыны кәрі тарлан егінші секілді лезде тауып алғымыз-ақ келеді. Әне бір күлтелі келдектің басынан күн төгіліп тұр екен. Біз іздеген дән дүниесі бәлкім сол жерде шығар…». Серікқали Байменшенің жақында ғана жарық көрген «Жерде жанған жұлдыз» кітабының ең соңғы осы сөйлемін оқып отырып, ойға қалдым. «Біз іздеген дән дүниесі бәлкім сол жерде шығар…». «Бәлкім сол жерде шығар» емес, тап солай. «Күлтелі келдектің басынан төгіліп тұратын күн сәулесін» бәріміз де іздеп жүргелі қашан?!
Әрине, ұлы диқан еңбегі аз насихатталған жоқ. Бірақ көңіліміз бәрібір күпті. Неге? Белгілі журналист-публицист, ғалым С.Байменше, міне, осы күрделі де сұранысты сұраққа жауап іздеп, жаңа туындысын: «Әлқисса… Күллі құпияны қойнына тығып, міз бақпастан, қозғалмай жатқан қара жер. Қалың шилі табан. Үйдей үйінді… баяғы бас арықтың орны деседі. Шөп қаулап, қурай жайлап, қараған қаптап, батпақ басып, танапты танытпай тастапты. «Шығанақтың әйгілі егістік жері осы» дейді жерлестері. Бірақ ізін тап басып табу қиын. Қайран уақыт бәрін білдірмей жіберіпті. Сол білдірмеу мен білдіртпеудің астарында ұрпақ ұғынып болмаған хақ-ақиқат қалып барады. Осы топырақтың қатпар-қатпар қойнауында төрткүл дүние түгел таңдай қаққан тарих жатыр десе, бүгінгі буын сенер ме екен?!» – деп бастапты.
Иә, «төрткүл дүниені таңдай қақтырған тұлғаның» бүгінде «елеске айналып», тарих қойнауына сіңіп бара жатқаны да, қол еңбегінен ой еңбегіне жаппай бет бұрған жас буынға мұны түсінудің қиын екені де рас. Әйтсе де еңбек – құдіретті құбылыс, жас буынды қол еңбегінің құдіретіне де сендіру керек. Осы міндет үдесінен шығу үшін, Серікқали аталған еңбегі арқылы алға тағы бір сәтті қадам жасағандай. Дәлел?!
Шығанақтанушы Идош Асқар дұрыс айтады, «Еңбектің сәттілігі оның авторының ғалым болуында». Ұлы диқанды таныту үшін, сыртқы саясаттың жауапты буындарында жауапты қызметтер атқарған, бейімбеттанудың елімізде мойындалған екі қайраткерінің бірі, қазақ баспасөзінің тарихы мен тәжірибесін ежіктей зерттеген ғалым, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» дипломының иегері, ғалым-дипломат С.Байменше Шығанақтың бітім-болмысына ғылыми дағдымен, ғалым көзімен, яғни тұлғатану және қоғамтану үрдісімен үңіліпті. Шығанақтың ғұмырнамалық баяны шашырамайды, хронологиялық желі үзілмейді. Еңбек тағдыры қоғам тағдыры аясында бұрмаланбай, күрделі шынайы өмірлік тынысымен жүйелі өріледі. Автор ұлы диқанның бастапқы, орта және кейінгі, яғни еңбегінің жұлдызды шағына дейінгі оқиғалар мен көрсеткіштерді тек жалаң, тізбелей баяндамайды, тарихи тұлғаның күйзелісі мен үміті алма-кезек алмасқан психологиялық ахуалды жаңғырта суреттейді. Бұрынғы, айналымдағы деректер мұрағаттардағы шаң басып, қозғаусыз жатқан жазбалардан қайта «сілкініп шығып», жаңаша сөйлей бастайды.
1944 жылы ұлы диқан өмірден өтті. Сол бір ауыр күндерде оқ пен оттың «көмекейінде» жасампаздық қуатпен өмірге келген рекордтық еңбекті – Ш.Берсиев еңбегін насихаттаудың қаншалықты қажет болғаны өзінен-өзі түсінікті. Міне, осы көкейкесті мақсатпен жас қаламгер Тәкен Әлімқұлов 1947 жылы Ойыл топырағына келді. Диқанның шәкірттерімен кездесті. Жағдаймен танысты. «Шығанақтың шәкірттері» атты очеркі «Әдебиет және искусство» журналында жарияланды. Алайда озық тәжірибенің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын ұлықтаған – «шығанақтану» таңындағы «мөлдір шықтай» тың туынды ұзақ уақыт көздеген мақсатына жете алмады. Жас қаламгер өмір ағысымен шығармашылықтың кең жолына түсті де, «Ақ боз ат», «Тұлпардың тағдыры», «Ел мен жер», «Заман екпіні» сияқты тамаша романдар жазып, қалың оқырманымен қауышып кетті. «Шығанақтың шәкірттері» журнал бетінде ескерусіз қалды. Өкінішті әрине. Осы ретте белгілі жазушы, публицист Әнуар Әлімжановтың 1965 жылғы 27 ақпанда «Литературная газетада» жариялаған «Сказание о пахаре» атты очеркінде даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың тәжірибесін шәкірті К.Алшыоразовтың күріш отаны Бирма мен Қытайда, Корея мен Индияда жылдап таратқанын сүйсіне жазғаны еске түседі. Т.Әлімқұловтың ұрпақ пен еңбек үйлесімін ұлықтау дәстүрімен жазған «Шығанақтың шәкірттерін» С.Байменше араға ұзақ жыл салып, «Жерде жанған жұлдызына» қосты. Ұтты. Очерктен Ұлы Диқанның уақыт шаңына көміліп үлгермеген тағылымды тәжірибесін, кештігіне қарамастан, таза күйінде ұғуға болады.
«Уақыт шаңына көміліп» дегеннен шығады, нақ осы күйді басынан кешкен «тағдырлы» туындылардың бірі – А.Ескендіров пен Қ.Мұстафиннің «Толқыннан туғаны». Көркемдік деңгейімен де, танымдық деңгейімен де құнды көлемді шығарма 1940 – 1941 жылдары Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің бірнеше нөмірінде жарияланды да, сонымен ұмытылды. Архивпен жұмыс істеудің «азабына» ерікті, еріксіз көндіккен ғалым, шығанақтанудағы латын әрпімен басылған құнды туындыны арада сексен жыл өткеннен кейін ғана айналымға қосты. Бұл тұста «мұрағаттан алып, баспасөзге ұсынудың не қиындығы бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мәселе мынада, сол кезеңде ұлттық сананы одақтық санаға көшіруді көздеген кеңестік идеологияның «билеп-төстеуімен» ұлттық жазу-сызуымыздың қандай «қуғын-сүргінге» ұшырағаны белгілі. Зерттеушілердің біразы біресе араб, біресе латын әрпімен, біресе кириллицамен «шұбарланған» әліппемізге, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуына «тісі батпады», мүмкін қиналғысы келмеді, енді біразының «қараңғыдан қара мысық іздеген» кеңестік саясаттың құрсауында сарғайып, шаң басқан құжаттардан қажетті деректерді «сүзіп» алуға батылдары да, шыдамдары да жетпеді. Бұл ретте, С.Байменшенің шығанақтануға қосқан үлесін жоғары бағалаған жөн.
Орыстың әскери тілшісі Геннадий Фиштің Шығанақ туралы, Тәкен Әлімқұловтан бір жылдан кейін, яғни 1948 жылы Мәскеуде «Новый мир» журналында жарияланған «Человек, сделавший невозможное» атты очеркі 1989 жылға дейін қазақ оқырманына белгісіз болып келді. Очерк арада қырық жыл өткеннен кейін ғана Серікқалидың аудармасымен қазақ баспасөзінің тарихына тұңғыш рет енді. Фиш очеркінің құндылығы – қиырдағы қазақ даласындағы қарапайым малақайлы қазақ шалының еңбектегі ғажайып ерлігін көп уақыт өткізбей, іле-шала, ерліктің «табы ыссы» кезінде жариялауы немесе неміс әдебиетінің классигі Бертольд Брехтің Шығанақты көрмей-білмей, әлемдік ерлікке таң-тамаша қалып, жаңағы очерк негізінде ұлы диқанға поэма арнауында ғана емес, Т.Әлімқұлов, А.Ескендіров пен Қ.Мұстафин сияқты, Г.Фиштің де шығанақтануға бастамашы болуында.
Бастамашы… Иә солай, сонау, мұхиттың арғы бетіндегі Американың өзі Шығанақты «тары докторы» деп атап, жалпақ әлемге жар салып жатқанда, ұлы еңбектің шалғайдағы Ойыл құмында, өз топырағында көміліп қалуы мүмкін емес-ті.
Г.Фиш бастамашылығының өзіндік сыры бар. Автор айтқандай, ол «шығанақтануға» кездейсоқ келген жоқ. Әскери тілші ұлы диқанның Мәскеуге алғашқы сапарында оны көрген. Ш.Берсиев Ленинградқа сыйлық апарған қазақстандық делегация құрамында келгенде, делегацияға жолбасшылық еткен әскери тілші қарапайым еңбек адамының көкірек ойлылығына да таң-тамаша қалған. Әскери тілшінің Қазақстанға сапары нақ осы сезімнен туса керек. Өйткені халықтың жарты құрсақ, күйзелісті жағдайында Ш.Берсиев есімінің феномендік биікке көтеріліп, жұлдыздай жарқырауы – табиғи құбылыс. Бүкіл ақпарат құралдарының, оның ішінде одақтың бас газеті «Правданың», соған ілесе одақтық «Известия», «Сельская жизнь» газеттерінің де күнге ашылған күнбағыстай, Берсиев қозғалысына қайта-қайта бет бұруы тіршілік сұранысымен астасып жатқан-ды.
«Бүгін біздің алғы шепке тары ботқасынан жасалған тамақ әкелді. Сондай дәмді екен! Тіпті арамызда бұрын-соңды мұндай астан ауыз тимегендер де болып шықты. Содан кейін біз «бұл дақылды өсірген кім?» деп сұрадық. Бізге сіздің есіміңізді атады. Жинала келе, соғыстағы жауынгерлерге тоқ тамақ әзірлегеніңіз үшін хат жазып, қаһармандық сәлемімізді жолдауды жөн көрдік».
Бұл – сұрапыл соғыс сұмдығына ерік-жігерін жасытпаған жауынгерлердің жүрек сөзі. Тылда да жағдайдың оңып тұрмағаны белгілі. Соғыс және «социализмнің сталиндік үлгісі» зардабынан «қалтыраған тірлікті қалпына келтіру» кезеңінің бір өкілі, Харьков қаласының тұрғыны Д.Пузиков: «Дүкеннен қарақұмық, шикі тары сатып алу қиындап кетті. Себебін сұрасам, жармалық дақылдардың өнімділігі төмен, жақсы тұқым сорттары жоқ дейді» дей келіп, «Правдаға»: «Но ведь многие помнят, что Чиганак Берсиев получал до ста и более центнеров просо с гектара, хотя возможности в ту пору были куда скромнее. Мы, земледельцы старшего поколения, учились у мастера, тянулись за ним. Теперь о таких достижениях что-то не слышно. Хотелось бы узнать, каково отношение к берссевским рекордом, как используется наследие Чиганака?» деген мазмұнда хат жолдады.
«Правда», кейін «Волшебный корень», «Послесловие к рекорду», «Крупным планом – агропром» сияқты сүбелі еңбектер жазған А.Платошкин деген қызметкерін жіберді. Аталған туындысында осы деректі келтірген және тілші мақаласын ғылыми пайыммен шебер талдаған С.Байменше, тек Г.Фиштің, А.Платошкиннің ғана емес, «Правда» газетінің басқа да тілшілерінің, атап айтқанда, А.Земцовтың 1944 жылғы 20 сәуірдегі Ш.Берсиевпен сұхбатын, «Правданың» тары дақылының одақтағы тағдыры, ондағы Шығанақ «шыңы» жайлы басмақалаға бергісіз шолуларын, басқа да ірілі-уақты материалдарды да қара еңбектің құдіретін ұқтыра алатындай деңгейде насихаттай алған. Бұл ретте, Ш.Берсиевтің көп жыл көпшілік назарынан тыс қалып келген «Дүниежүзілік рекордқа қалай жеттім?» деген баяндамалық сөзінің және ұлы диқанның шәкірттеріне арнаған соңғы аманатының, қайтыс боларынан үш күн бұрынғы хатының орны мүлдем бөлек. Келелі жиындарда оқылған бұл хаттың рух қуатына бас имеу мүмкін емес. Жамбылдың «Ленинградтық өренімі» рух сезіміне қандай от берсе, Шығанақтың «тіршілік көзіндей» ақ тарысы тәни қуат көзіне сондай күш берді. Жамбыл мен Шығанақ бейнесінің бұрынғы Одақтық көрмедегі Қазақстан павильоны босағасында алып тас мүсін болып қатар тұруы, міне, осының дәлелі.
С.Байменше талдайтын жерде талдай, толғайтын жерде толғай алады. Қара мақалалардың өзінен жасампаздық тіндерін адами мінезбен іріктеп алуға, сөйтіп оны кәсіби мінезбен эссе-публицистика объектісіне айналдыруға шебер. Оның талдаулары мен толғауларынан халық махаббатын тудырған осындай күшті мүмкіндігінше молырақ ұғып, молырақ ұқтыруды мұрат тұтқаны анық сезіледі. Туындыдан байқағанымыздай, Ш.Берсеевтің рекордтық еңбегіне халық сүйіспеншілігі соғыс жылдарында және одан кейінгі азын-аулақ кезеңде өте мықты болды да, кейін бәсеңдей бастады. Бәсеңдеуге болмайтын еді. Мұндай бәсеңдеуге ең алдымен ұлы диқанның өз шәкірттері күйзелді. Сапарғали Жұмағазин, Зәуре Баймолдина, Сүлеймен Қарабалин сияқты ізбасарлары 1964 жылы «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналына» хат жазып, диқан тәжірибесін кеңірек таратуға көмек сұрады. Журнал тілшісі Ф.Киричек әлемдік рекорд туған дала диқандарымен кездесіп, тары тағдыры жайлы толғақты мәселелер көтерді. Жиырма жылдан кейін «тары отанына» тағы оралып, сондағы айтылған ойларды қайта жаңғырта жалғастырды. Шығанақты шәкірттері, жерлестері ғана емес, әлем зиялылары іздеді. Германияның, Жапонияның ғалымдары ат сабылтып іздеп келді, келмегендері тәжірибесін сұрап, хат жөнелтіп жатты.
Шығанақ десек, тары өсірудегі жападан-жалғыз әлемдік рекорд, әлемдік рекорд десек, адам қиялында қалықтаған ғажайып еңбек көрсеткішінің еске түсуі үйреншікті әдетке айналды. Тіпті таптаурын болған әңгімеден жалыға бастап едік. Осындай күпті көңілді Серікқали аталған зерттеуімен аздап болса да сейілтті. Шығанақтың рекорды ғаламдық рекордтар жинағына енгізілген «күлкілі» рекордтарға да, тың көтеру кезіндегі мақтансүйгіш «миллиардтар шеруіне» де мүлдем ұқсамайтын. Диқан Табиғат-Анаға алатын көзбен емес, беретін көзбен қарайды екен. Табиғат-Ана қиын-қыспақтағы пендесінің ерекше жаратылысына сүйсініп, мейірімін аямайды екен.
Ол қандай ерекшелік?!
Әлем ұлы физик Альберт Эйнштейнді жақсы біледі. Құрметтейді. Ғалымның ғылымға қосқан жаңалығы ұшан-теңіз. Бірақ Альберт сол жаңалықтарының бәріне бірдей табынбаған ғой. «Атом бомбысының атасы» сол атом бомбысының жасалуына қосқан өлшеусіз еңбегіне қатты күйініп, өмірден өзін-өзі қарғаумен өткені бәрімізге белгілі. Қанша күйінсе де ол дүниені өзгертетін ғылыми ізденісін бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Ғалымдардың айтуынша, өмірінің соңғы жылдарында ғаламның құрылымын жаһандық шыңында ашып көрсете алатын әмбебап формуланы тынымсыз іздеген. Тапты ма, жоқ па, белгісіз. «А.Эйнштейн қандай құпияны өзімен бірге ала кетті?» деген сұрақ әлемдік физиктер ортасында әлі күнге ашық.
Енді, «ұлы физик құпиясының ұлы диқан құпиясымен қандай байланысы бар?» дегенге келейік. Ұлылық шен-шекпен, атақ-даңқ дегендерді таңдамайды. Ұлы – қашан да ұлы. А.Эйнштейн мен Ш.Берсиевті жақындастыратын таным осыдан туындайды. Екеуі де әлемге ұлы жаңалық әкелді. Бірі ғылымдағы, екіншісі кең дала төсіндегі ерекше еңбегімен әлемді таңғалдырды. Екеуі де бақилыққа сол еңбегінің ерекше құпиясын өздерімен бірге ала кетті. Серікқали жаңа еңбегіне қосқан туындыда, дәлірегі диқанның «Правда» газетінің тілшісі А.Земцовқа берген сұхбатында нақ осы ерекшелікке қызықтыратын мынадай дерек бар. Дүрілдеген Одақтың ауыл шаруашылығы ғылымындағы нөмірі бірінші тұлғасы – академик Тимофей Лысенко қарапайым еңбек адамының әлемдік жетістігіне таң-тамаша қалып, таңғалып, тамсанып, ақыры сабасына түскеннен кейін диқанға: «Дәннің бүкіл су, қорек сіңіру, басқа да қасиеттерін ұзақ жыл зерттеп, заңғар ғалым Вильямс тары дақылының әр гектарынан екі жүз центнерге дейін өнім алуға болады дегенде, оған ешкім сенген жоқ. Мен де әжептәуір күдіктенген едім. Қарапайым еңбек адамы бола тұра, ғылым корифейлерінің ғылыми өлшем деңгейінен асып түстіңіз. Бәріміз де әрі қинала, әрі қуана мойындадық. Енді, Сіз айтыңызшы, бұл біз алда жететін мүмкіндіктер шегі ме?» – деп сұрақ қояды. Академиктікі жәй қызығушылық емес, далалық диқанның болашағына ғылыми үміт, қайраткерлік сеніммен қойылған сұрақ-ты. Ұлы Диқан: «Екі жүз емес, екі жүз қырық центнерден өнім алуға болады», – деп, академикті тағы таңғалдырады. Екі жүз үш емес, екі жүз қырық… Бұл – бұрын еш жерде келтірілмеген, былайша айтқанда, «үрейлендіретін» цифр. «Екі жүз үштің» өзі ғалымдардың да, әлемдік тары өсірушілердің де басын дыңдай қылып, әлі күнге көк тіреген көрсеткіштей боп, қол жеткізбей тұрғанда, ақсақалдың мұндай цифрды атағаны несі? Жетістікке жетудің желі ме? А.Эйнштейннің құпиясындай бір құпия бар сияқты. Қандай құпия?
Серікқали кейіпкерлерінің диалог-монологтарынан аянбай тер төккен жанкештіні емес, Табиғат-Ана мен Диқан-Бабаның бір үнмен тіл табыса алатын ғажап бейне елестерін байқауға болады. Жасампаздық ұстанымы өз алдына, Ш.Берсиевтің қазақтың мәйекті сөздерін терең білетіні, тіпті өзінің де талай ұлағатты ой, сөз қалдырып кеткені, жер, дән баптаудағы ұстаным-әрекеттері стандарттық ұстаным-әрекеттер аясынан шығып кете беретіні, тағысын-тағылар осының дәлелі. Тірі болса, Ш.Берсиев «екі жүз қырық центнерлік шыңға» көтеріле алатын ба еді? Белгісіз. Біріншіден, ол келесі жылы өмірден өтті. Екіншіден, әрине, еңбек майданында қалжыраған елінің мүддесімен қызмет еткендер аз болмады, сонымен бірге оған қарама-қарсы күштер – қоғамның «шіріген жұмыртқалары» да құрып кеткен жоқ-ты. «Правда» 1961 жылғы 17 наурыз күнгі нөмірінде «Светит маяк…» атты баспасөзге шолуында Ұлы Диқан тәжірибесін насихаттай келе: «Берсиевтің достары ғана емес, қарсыластары да болды. Бұл бишікештер Шығанақтың даңқты есімін естімеу үшін бюрократияның «дзотына» жасырынып тұрды», – деп жазды. «Правда» «Бюрократияның дзотымен» шектеліпті. Шын мәнінде, тек солай ғана ма еді?
Шығанақ түрмеге қамалған жоқ, бірақ ол одан да ауыр, «плюстер» мен жасампаздыққа қарсы атылған «минустар» толқынында «ескексіз қайықпен жүзген» теңізшідей күй кешті. Басқа да күрделі проблемалар қатарында жерді суландыру мәселесімен де шындап айналысқан облыс басшысы Ә.Досов та, аудан басшысы Н.Әбдікәрімов те «үштіктің» үкімімен ату жазасына кесілді. Атылды да. Н.Әбдікәрімовке «Ауданда, Дзержинский атындағы елді мекенде Ойыл суын орынсыз бөгеуге жол берді. Сөйтіп, қоғамға орасан зиян келтірді» деген де айып тағылды. Нақ осы айып осы елді мекенді басқаратын Сауытбай Масатовты да айналып өтпеді. Ол 1938 жылғы 25 сәуірде сегіз жылға еңбекпен түзеу лагеріне айдалды, әйтеуір әділет үстемдігімен келесі жылы ақталды. Сол күндерде Ш.Берсиев А.Досовтың, Н.Әбдікәрімовтің қолдауымен рекорд негізін қалаудың қиямет-қайымымен арпалысып жүрген еді. Ш.Берсиев «үштіктің» пенде біткеннің өмірге құштарлық сезімін судай басқан соқыр үрей жетегінде кетпеді. Өйткені ол ондай адамдар қатарына жатпайтын, тар өріспен емес, кең өріспен ойлап, әрекет ете алатын және ерік-жігері мықты, қайратты адам еді. Ш.Берсиев Ойыл өзенін бөгеп, топырақ нәрін арттырудың өңірдегі біз бұрын-соңды естімеген өміршең жолын тапты. Ұлы диқан ерекшелігінің бір қыры да осында. Дегенмен, «Ей, адамдар, дәл айтылғанмен, бұл анықтама да Ш.Берсиевтің ерекше болмысын аша алмайды» деп айқай салғың келеді. Эмоциялық ойымыздың астарына үңіліп көрейік. Белгілі топырақ зерттеуші Л.Г.Емельянов «Қайнар» баспасы 1979 жылы басып шығарған «Өсімдік және су» атты еңбегінде: «Өзбекстанның Байсынтау бауырынан жақында республика территориясындағы ең көне және қолдан тартылған канал арнасы табылды. Оның салынғанына үш мың жыл болыпты. Каналдың ені – 25 метрдей, тереңдігі – 1,5 метр», – депті. Ал Шығанақты өз көздерімен көрген, Шығанақ жайлы «Толқыннан туған» сияқты құнды еңбек жазған А.Ескендіров пен Қ.Мұстафин: «Колхозшылар ені – 3 метр, тереңдігі – 2 метр, ұзындығы – 220 метр каналды бір аптаға жеткізбей бітірді», – дейді. Енді назар аударыңыз: Шығанақ қаздырған каналдың, А.Ескендіров пен Қ.Мұстафин, біз айтып жүргендей, арық демейді, канал дейді, ені – 3 метр, тереңдігі – 2 метр, ұзындығы – 220 метр. Байсынтау – енді, Бекбау – терең. Ұқсастық бар ма, бар. Осы ұқсастық «шығанақтанудың» нәзік те терең иірімдеріне жетелейді. Л.Г.Емельянов: «Байсынтау каналының суымен байлардың жері ғана суарылады. Өзбектердің: «Байлардың ауласымен су өтеді, кедейлердің ауласымен жол өтеді» деген байырғы нақыл сөзі осыдан қалған», – дейді. Ұлы диқанның каналы ұлтын сүйген азаматтың «қырық жамау» жүрегімен өтіп еді. Өзбек ғалымдары неміс ғалымдарымен бірлесіп, Байсынтауға археологиялық қазбалар жүргізді. Оны картаға түсірді. Сөйтіп, тіршіліктің үш мың, кейбір деректерде үш мың бес жүз жыл бұрынғы қайнар көзін бүгінгі тұрмыс-тіршілікпен байланыстыра түсінгісі келді. Бектау назардан тыс қалды. Серікқалидың: «Шөп қаулап, қурай жайлаған үйіндінің астында төрткүл дүние түгел таңдай қаққан тарих жатыр десе, бүгінгі буын сенер ме екен?» деп қынжылуы да содан. А.Эйнштейн мен Ш.Берсиев құпиясын, Байсынтау каналы мен Бектау каналын салыстыруға да, арада теңсіздік бардай, «шекелей» қарайтындар табылса, оған таңдануға да болмайды. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларды тудырып, ұлықтай алатын да, сонымен бірге сол тұлғаларды ұлықтаудан гөрі, еңсесін басып тастауға тырысатын да «мінезі» бар ғой. Өзегін өртеген құпиялы ізденістер сезімін академик қозғап жібергенде, көкейінен еріксіз атып шыққан «екі жүз қырық центнер» деген арманның тіпті де негізсіз емес екеніне сенгіміз келеді. Егін егіп, мал өсірген, ұлы даланың ұланғайыр құбылыстарының қақ ортасында оның құпияларына қанық ұлттан Шығанақ сияқты құрыштан құйылғандай, болмыс-бітімі бөлек тұлғаның шығуы тіпті өмір заңдылығы десек те жарасады. Академикке, «Ерте көктемде Атырау жақтан қатты жел соғады. Осы желден бұрын себілген тары өнімді аз береді» деп алғаш сыр ашуы да осы заңдылық ұшқынындай. Кім біледі, ұлы диқан басқа құпияларды да өзімен бірге ала кетуі мүмкін ғой. Серікқали зерттеуі де осыған меңзейді.
Зерттеуде тағы бір ашылмаған сыр бар. Автор туындысын «Жақсыға жору» деген үзіндімен түйіндейді. Қандай туындының үзіндісі? Белгісіз. Аяқталған, аяқталмағаны жайында да бір ауыз сөз жоқ. Өнімді еңбек ететін, бірақ онысын білдірмеуге тырысатын қаламгер бұл жолы да сол мінезінен таймапты. Біз де сұрамадық. Тек классик жазушымыз Ғ.Мұстафиннің жалғыз туындысынан кейін көңіліміз қоңылтақсып жүргенде, бір үміт қайта оянғандай болды. С.Байменше мен И.Асқар айтқандай, Ғабиден ақсақалға кең көсілуге сол кездің ахуалы мүмкіндік бермеді, «отыз жетінің» зұлматы еңсені басып тастаған соң, Шығанақты жақсы білетіндердің көбі дәуір шындығын ашып айтуға жасқанды. Қазір жағдай мүлдем басқа, Серікқали да Шығанақ төңірегін терең зерттепті. «Жерде жанған жұлдызда» Шығанақ айналасындағы кейіпкерлер сұлбасы да, кезең шындығы да кәдімгідей қылаңдайды. Үмітімізді ақтауға Серікқалидың зердесі де, қаламы да толық сай, ұятқа қалдырмайтындай.
Жылдар, жылдар, жылдар… Өтіп жатыр, жеткізбейді. Ұлтымыздың бірегей тұлғаларының бірі Ш.Берсиев есімі осы жылдар шеруінде «жерде жанған жұлдыздай» жарқырайды. Көкте жанған жұлдыз түнде бар да, күндіз жоқ, ал жердегі жұлдыз ешқашан сөнбейді.
Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ