АРҚА ТӨСІНДЕГІ ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ӨНЕР ОРДАСЫ
05.11.2026
39
0

Адамзат баласы сахна өнерін 500 жылдан астам уақыттан бері тамашалап келеді. Ал қазақ театр өнері бастауын алғаннан бері бір ғасырдың шамасы. Тарихқа жүгінсек, қазақтың тұңғыш кәсіпқой өнер ұжымы қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры 1926 жылы сол тұстағы астана Қызылорда қаласында шаңырақ көтеріпті.

Содан аз уақыт өткенде, 1932 жылдың көктемінде Қарағандыдағы қазақ драма театры өзінің шымылдығын ашты. Бұл ұлт тарихындағы ауыр жылдар болатын. Сол тұста Арқа төсінде енді ашылып жатқан кенді өлкені жаңғыртып, өндірісті өркендетуге жан-жақтан түрлі ұлт өкілдерінің мыңдаған жастары ағылып келе бастаған. Олар жұмыстан бос уақыттарын ойын-сауық, думанға айналдыратын. Солардың ішінде шахта жұмысшылары Зейнел Көшкімбаев, ағайынды Нұрмағамбет, Торжа Жабаевтар, Бүкшебай Шалов пен өнерлі қыздар Рахия Жылқыбаева, Жәмила Шашкиналар да бар еді. Қала халқын рухани қуанышқа бөлеп жүрген өнерге жақын талантты да белсенді жастар өздерінің ұлттық драма театрының іргесін қалағандарын сол кез­де сезбеген еді. Сөйтіп, 1932 жылдың қоңыр күзінде шағын үйірме – Жұмысшы жастар театры болып құрылды.
Тәжірибесі кем болғанмен талабы таудай ұжым екі жылдан соң қалалық театр болып қайта құрылды. Осы жылдар аралығында театр Сырлыбай Жүнісов, Мүлік Сүртібаев, Әйкен Мұсабекова, Рахия Қойшыбаева сынды тұнып тұрған тума таланттармен толықты. Бұл кісілер жылдар өте келе қазақ театр өнерінде ізі қалған, аты алтын әріппен жазылған, ұлт мақтанышына айналған тұлғалар еді.
1936 жыл Қалалық жастар театры ұжымы үшін өте қуанышты жыл болды. Жас ұжым Қарағанды облысының құрылуына байланысты облыстық қазақ драма театры болып аталды. Осы жылы кеншілер қаласы өздерінің сүйікті өнерпаздарын Мәскеу қаласында өткізілген Қазақстан өнері мен әдебиетінің алғашқы онкүндігіне шығарып салды.
Осыдан былай театрдың шығармашылық коллективі де едәуір қалыптасып, кәсіби театр дәрежесіне қарай бағыт алады. Сол жылдары-ақ көлемді қойылымдарды көрсету игеріле бастайды. «Амангелді», «Еңлік-Кебек», «Ер Тарғын» секілді көптеген спектакльдер көпшіліктің құмарта тамашалайтын шығармаларына айналады. Қазақтың біртуар ұлы, жерлес ақын «Доскей Әлімбаев атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры» деген атқа ие болған театр ұжымы 1939 жылы ескі қаладағы арнайы салынған, ел арасында Каздрамтеатр аталған жаңа ғимаратқа қоныс аударады. Жаңа театр үйі өнер десе, ішкен асын жерге қойған қала қазақтарына жиырма жылға жуық уақыт бойы рухани, мәдени орталық ретінде қызмет етті. Жалпақ жұртты өзіне магниттей тартқан сиқырлы күш –актерлердің жан аямас еңбекпен дамып, өз шеберліктерін шыңдай түсуі, сондай-ақ репертуар кеңейіп, пластикалық шығармалар қойыла бастауы болатын.
Ұлы отан соғысы жылдарында театр өз жұмысын жаңаша жасауға тура келді. Өнер додасында енді таныла бастаған бір топ актер Отан қорғауға аттанса, елде қалғандары халыққа рухани жігер беріп, жеңіске деген сенімдерін арттырды. Патриоттық сезім сыйлайтын, Отан қорғау, тарихи тақырыптағы шығармаларды сахналады. Сондай-ақ майдандық концерт бригадаларының құрамында, екінші белорусь майданының ұрыс даласында жауынгерлер алдында өнер көрсетті. Театр ұжымының Ұлы отан соғысы жылдарындағы еңбегі бағаланып, Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының жарлығы бойынша 8 артиске Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атағы берілді.
1950 – 1960 жылдардың ішінде театрға жаңа толқын, жоғары білімді өнер иелері келіп, театр труппасы толыға түсті. Кейін сахна өнеріне сіңірген еңбектері үшін үкімет тарапынан марапатталған Қайныкен Әлімбаева, Ерғали Жүнісбеков, Шәміл Жүсінісов, Рымкеш Омарханова, Әнуар Молдабеков, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаева, Сердеш Қажымұрұлы, Рамазан Баймағамбетов, Кеңес Жұмабеков және т.б. көптеген артистер өнер ордасының абырой-беделін аспандатты.
1964 жылы қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің 70 жасқа толуына орай театрға Сәкен есімі берілді.
Жылдар өте келе театрдың өсу жолы қарқын ала түсті. Актерлер өнер биігіне, өнер шыңына ұмтыла түскен сайын абырой да көтеріле берді. Репертуар да молыға түсті. Күні бүгінге дейін 75 жыл бойында театр сахнасында қазақ-орыс классиктерінің ауызға ілінген пьесалары түгелдей сахналанды десек, артық айтқандық емес. Сонымен бірге Шекспир, Мольер, Еврипидтің әлемдік асыл қазынаға айналған шығармалары да көрерменін сан мәрте қуантты, толғантты, толқытты. Театр қабырғасында қойылмай қалған жанр жоқ. Дегенмен өнер санмен емес, сапасымен құнды. Қойылған шығармалардың барлығы да төрт аяғынан тік тұрған дүние демегенмен, оларда сахна шеберлерінің қанша маңдай тері бар десеңізші. Жалпы өнер адамдары театрды көтерсе, театр актерлер атын шығарып, мәртебесін көтерді. Еліміздегі өнер шаңырақтарының ішінде Сәкен театрының алдыңғы шептен көрінуіне, көпке танымал болуына, актерлердің шеберлігін арттырып, өнерін ұштауға өмірін арнаған талантты, тамаша режиссерлердің еңбегі зор. Әр жылдарда еңбек етіп, көрермен көңілінен кетпестей спектакльдер қойған Мұрат Қосыбаев, Зейнолла Жақыпов, Жақып Омаров, Ерсайын Тәпеновтердің еңбегі де ұшан-теңіз.
1970 – 1980 жылдарда Роза-Сейітжан Тәжібаевтар, Қайрат-Бижамал Кемаловтар мен Күлия Қожахметова, Боранбек Ахметов, Қайрат Құдайкелгенов сынды көптеген жас өнер иелерінің келуі театрға жаңа леп әкелді. Осы жылдарда қойылған қойылымдар театр өнерінің алтын қорына енді.
1962, 1975, 1986 жылдары Алматыда өткен есеп беру сапарларында театр биік тұғырдан көрініп, сахна өнер білгірлерінен жоғары баға алып қайтты. Қол жеткен табыстар үшін ұжым 1982 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
Арқадағы қара шаңырақ үнемі өсу-өркендеу үстінде болды десек, шындыққа қиянат болар еді. Талай қиындықтар, аумалы-төкпелі заман ұжым басынан да өтті. Әсіресе еліміз әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа түскен 1990-жылдары театрда бір ғана спектакль мен сегіз-ақ артист қалған кез де болған. Осы адамдардың Сәкен театрына деген сүйіспеншілігінің арқасында қара шаңырақ құламай, аман сақталып қалды.
1995 жылы Талдықорған театрының белді актері Әлімбек Оразбековтің бас режиссер болып келуімен театр тасы өрге домалай бастады. Алматы театр көркемсурет өнер институның бір топ түлектері – Бекмұхамет Киекбаев, Айбек Қырықбаев, Дунай Еспаев, Ботагөз Оспанова, Баян Аукешова сынды талантты, көрермен көзайымы болып үлгерген жастармен толыққан ұжым, театр фестивальдерінің алдын бермейтін салиқалы ұжымға айналды. Еліміз бойынша өткізілген 11 фестивальдің тоғызында лауреат атанып, түрлі дәрежедегі жүлделер қарағандылықтардың қанжығасына байланды. Еселі еңбек, шығармашылық табыстар өнер ордасының атақ-даңқын асқақтатып, көрермен қошеметіне бөлеп келе жатыр. Қазіргі Сәкен театры – жазушы Шерхан Мұртаза сөзімен айтқанда, «Бүгінгі таңдағы қазақ театрларының арасындағы аса дарынды ұжымдардың бірі».
2007 жылы театр ұжымы Белорусь мемлекетінің астанасы Минск қаласында, сондай-ақ 2009 жылы Түркияның Трабзон қаласында өткен Халықаралық театрлар фестивалінде Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» спектаклімен бақ сынап, сарапшылардың жоғары бағасын алды.
2008 жыл, желтоқсан айының 8 жұлдызы Сәкен театры үшін тарихи күн болды. Іргесі қаланғанына 76 жыл толғанда барып қазақ театры өз ғимаратына ие болған атаулы күнде 40 жылдан астам уақыт бір ғимаратта, бір сахнаны кезектесіп пайдаланған қоңсылық күйден құтылды. Жеке ғимаратына қол жеткізгеннен-ақ көрерменін қуантуға асыққан Сәкен театры жұртшылық назарына Қазақстанның халық артисі, профоссор Есмұхан Обаевтың режиссерлігімен Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын ұсынды. Артистер жұдырықтай жұмылып, бір деммен жаңа сахнада бар сән-салтанатымен ойнап шықты.
2009 жылы Қарағандыда Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған Қазақстан театрларының ХVІІ Республикалық фестивалі өтті. Қарағанды қазақ театрының жаңа ғимаратындағы театр мерекесіне қатысуға еліміздің әр түкпірінен 15 өнер ұжымы келді.
2010 жылы театр Египет, Араб республикасы, Каир қаласындағы ХХІІІ Халықаралық эксперименталды театрлар фестиваліне Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасы бойынша қойылған «Мәңгүрттер» спектаклімен додаға түсіп, халықаралық сертификатты еншілеп қайтты.
2011 жылы Украинада өткен «Театр. Чехов. Ялта» фестиваліне қатысып, «За яркое воплощение легенды и мифа» номинациясында үздік атанды. Бұл театрдың тұңғыш халықаралық деңгейдегі өнер жарысында жүлдегер атануы болатын.
2012 жылдың мамыр айында Сәкен театрының құрылғанына 80 жыл толуына арналып эксперименталды спектакльдердің «Ізденіс іздерімен» аймақтық фестивалі өтіп, театрдың мерейтойы тойланды.
2013 жылы Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен «Монокль» моноспектакльдер фестивалінде Уильям Шекспирдің «Ричард ІІІ» моноспектаклімен бақ сынады. Сонымен қатар театр ұжымы Ақтөбе қаласында өткен Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына арналған ХХІ республикалық драма театрлар фестиваліне «Қыз Жібек» спектаклімен қатысты. Осы жылы ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен Францияның астанасы Париж және Германияның Страсбург қалаларында өткен ТҮРКСОЙ-дың 20 жылдығына және Узеир Гаджибековтің «Аршин мал алан» опереттасының 100 жылдығына орай өткен мерекелік шараға Қазақстан Республикасының атынан Сәкен театрының ұжымы өнер көрсетті.
Сербияда өткен «Славия – 2013» халықаралық фестивалінде Сәкен театры фестиваль шымылдығын «Қарагөз» трагедиясымен ашу құрметіне ие болып, «Кіші Дон Кихот» естелік марапатын иеленді.
2014 жылы Тараз қаласындағы «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» І халықаралық театрлар фестиваліне Уильям Шекспирдің «Король Лир» қойылымын апарып, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков «Актер өнеріне қосқан үлесі үшін» номинациясын жеңіп алды.
Сондай-ақ Түркия Республикасының Кония қаласында өктен «Мың тыныс, бір үн» халықаралық театрлар фестивалінде Сәкен театры «Келеміз. Кетеміз. Өлеміз. Өтеміз» қойылымымен қатысып, үздік он театрдың қатарына кірді.
Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына арналған «Алаштың ардақтысы» аймақтық театрлар фестивалінде «Ай тұтылған түн» спектаклімен бақ сынаған театр ұжымы «Эпикалық ауқым» номинациясы бойынша дипломға ие болды.
2015 жылы театр ұжымы Мұхтар Әуезов­тің «Қарагөз» трагедиясымен Татарстанда өткен Карим Тенчурин атындағы ұлттық драматургияның VІІ Халықаралық фестивалінде лауреат атанса, Түркияның Трабзон қаласында өткен ХVІ Халықаралық «Қара теңіз жағалауында» фестивлінде арнайы марапатақа ие болды.
2016 жылы бауырлас қалалар «Қарағанды мен Ескишехир» арасындағы ынтымақтастық келісімінің аясында қазақ күйінің құдыреті – Тәттімбеттің 200 жылдық мерейтойына орай Түркияның Ескишехир, Анкара, Амасия және Болу қалаларында ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен құрамында алпысқа жуық музыканттар мен театр артистері бар Қазақ делегациясы өз өнерлерін көрсетті.
2017 жылы «Адасқандар» спектаклімен
театр ұжымы Жезқазған қаласында өткен Жанат Хаджиев атындағы республика театрларының аймақтық тұңғыш фестиваліне қатысып, «Көрермен көзайымы» марапатын еншіледі.
«Гамлет-тәпі» спектаклімен Бүкілресейлік Поволжье, Урал халықтарының Буйнск драма театрының 100 жылдығына арналған фестивалінде, сонымен қатар Македония мемлекетіндегі V Халықаралық Шекспир фестивалінде, Түркияның Кония қаласындағы «Мың тыныс, бір үн» халықаралық театрлар фестивалінде өнер көрсетіп, жүлделі орын алды және 2017 жылдың қарашасында Сәкен театрының 85 жылдық мерейтойы атап өтілді.
2018 жылы Сәкен театры Румыния еліндегі Тырговиште қаласында өткен Badel халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, әр елден келген 26 театрдың ішіндегі үздік деген 5 театрдың қатарынан орын алды. Жеті күнге жалғасқан өнер бәйгесінде сәкендіктер Шекспирдің «Гамлетін» көрсетті.
2019 жылы Қазақстан Үкіметінің 25 қазандағы Қаулысымен Сәкен Сейфуллин театрына «Академиялық» театр мәртебесі берілді.
2021 жылы алты құрлықты алаңдатқан пандемиядан кейін театр ұжымы алғаш Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен өткен ІІІ аймақтық театрлар фестиваліне «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясымен қатысып, «Ең үздік сценография» аталымы бойынша жүлдеге ие болды.
2021 жылдың қазанында Сәкен театрының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрнекті театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Әшірбек Сығай атындағы республикалық фестивалі өтті.
2022 жылы аңыз актриса Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIII республикалық фестиваліне Сәкен театры «Текебұрқақ» қойылымымен қатысып, «Үздік режиссер» аталымында жеңімпаз деп танылды.
Сәкен театры бұдан соң Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында өткен Қазақстан театрларының 1-республикалық моноспектакльдер фестиваліне «Қауіпті будан» қойылымымен қатысты.
2023 жылы театрымыз үшін кезекті айтулы жаңалық орын алды. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған бір топ студенттермен театрымыздың іргесінен Қуыршақ труппасы құрылды. Талдықорған қаласында өткен Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN I» Халықаралық театрлар фестивалінде, сондай-ақ Петропавл қаласында өткен Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Республикалық театрлар фестивалінде театр ұжымы «Атаукере» драмасымен қатысып, «Үздік режиссер» және «Үздік сценография» номинациясына ие болды.
2023 жылы қазан айының 20 – 25 күндері аралығында Алматы қаласында өткен «Almaty Puppet Festival» I халықаралық театрлар фестиваліне Қуыршақ труппасы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісімен қатысып, «Үздік суретші» жүлдесімен марапатталды.
Театр ұжымы Түркия мемлекетінің Трабзон қаласында, Әзірбайжан, Болгария, Норвегия, Италия театрларының қатысуымен өткен «23 Қаратеңіз» халықаралық театр фестивалінде және Конья қаласындағы Түркия, Иран, Косова, Әзірбайжан мемлекеттерінің қатысуымен өткен 15-мәрте түркі тілдес мемлекеттер арасында өткен «Тысяча дыханий-один голос фестивалінде» Ш.Мұртазаның «Текебұрқақ» спектаклімен өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.
2023 жылы Оман сұлтандығының астанасы Маскат қаласыда өткен «Аладдин» Халықаралық театрлар фестиваліне театрымыздың Қуыршақ труппасы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісімен қатысып, «Үздік сахналық костюм» жүлдесіне ие болды.
2024 жылы Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында өткен «Туғанлық» ұлттық театрлардың VIII Халықаралық фестиваліне «Қарагөз» трагедиясымен қатысып, театр қоржыны екі бірдей марапатпен толықты.
Сондай-ақ Көкшетау қаласында өткен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Сәкен сері Жүнісовтің 90 жылдық меретойына орай өткізілген «Сәлем» ІІ халықаралық комедиялық қойылымдар фестиваліне «Үйлену» комедиясымен қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясына ие болды.
2024 жылы Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында өткен «Ертіс-Баян» I Республикалық театрлар фестивалінде «Қарагөз» спектаклімен қатысып, «Үздік сценографиялық шешім» номинациясына ие болды.
Сербия Республикасы, Крагуевац қаласында өткен «Joakimfest» XIX Халықаралық театрлар фестивалінде О.Бөкейдің «Атаукере» спектаклімен өнер көрсетіп «Үздік актерлік ансамбль» номинациясына ие болды.
2024 жылдың 20 – 25 қазан күндері аралығында Алматы қаласында өткен «Almaty Puppet Festival» I халықаралық театрлар фестивалінде Қуыршақ труппасы Шығыс халық ертегісі «Али Баба және 40 қарақшы» ертегісімен өнер көрсетті.
Театр ұжымы Түркияның Адана қаласында өткен 2025 жылғы «24 Адана» халықаралық театрлар фестиваліне «Текебұрқақ» қойылымымен өнер көрсетті.
Арқа төсіндегі өнер ордасының жарқын жетістіктері жалғасып келеді. Ұжымдық өнердің өрісін кеңейтіп, өркендете отырып, ғасырлық ғұмырына қарай нық қадам басқан Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры ұлттық сахнаны мазмұнды да мағыналы шығармаларымен көркейте береріне кәміл сенеміз!

Қарағанды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір