ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛДЫ
05.11.2026
27
0

Бүгінгі ауқымды өзгерістер кезеңінде еліміз алдында тұрған тарихи міндеттерді табысты іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Мемлекет басшысы 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек, яғни «Заң мен тәртіп» қағидатына бағына отырып, ел игілігі үшін адал еңбек ету арқылы алға қойған мақсаттарымызға қол жеткіземіз.

 
Осы тұрғыдан алғанда, күні ертең еңбек нарығына қатысып, еліміз алдында тұрған іргелі міндеттерді жүзеге асыруға кірісетін қыз-жігіттеріміздің бойында отаншылдық, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну сынды таным, түсініктің жастайынан қалыптасуы маңызды. Бұл орайдағы құндылықтар негізі тәрбие бесігі – отбасында қалыптасады десек, сол жеткіншек отбасынан бойына сіңірген негіздер одан әрі әлеуметтік ортада, яғни балабақша, мектеп, оқу орны, еңбек ұжымында көктеп, көріктене түспек. Бұл еліміздің ертеңі – ұрпақ тәрбиесіне деген ортақ жауапкершіліктің жемісі, ұлтқа қызмет етудің өнегесі.
Ұрпақ тәрбиесіне жанашырлықпен басталған істің нәтижесі қашанда жемісті болмақ. Осы орайда жоғары және орта арнаулы білім ордалары көптеп шоғырланған Қарағанды облысында студент-жастар арасында заң талаптары мен тәртіп, жауапкершілік, қоғамдық ортадағы мінез-құлық және бүгінгі таңдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты түсіндіру, тәрбие жұмыстарына баса назар аударылып келеді. Солардың қатарында қаладағы оқу орындарында білім алатын 15 мың студенттің қатысуымен өткен «Жастар – заң мен тәртіптің тірегі» форумын атап өтуге болады. Бұл айтулы жиын жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қабылдайтын шешімдеріне жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталды.


Форумға қатысушы жастарға есірткі саудасынан, интернет-алаяқтықтан және дропперліктен ақша таппақ болып, алданып қылмыстық жауапкершілікке тартылған өз құрдастарының нақты оқиғалары көрсетілді. Соңғы бес жылда Қазақстанда осындай қылмыстар жасағаны үшін 21 жасқа толмаған 800 адам сотталған. Осыған орай қабылдаған шешімдері үшін әркімнің өзі жауап беретіні, жеке жауапкершілік мәселесі форумда талқыланған басты тақырыптың бірі болды. Сонымен қатар студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, есірткі қылмыстарының, алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Жиын мінберінен сөз алған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастардың құқықтық санасын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінде жастардың көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына цифрлық орта, әсіресе әлеуметтік желілер барған сайын көбірек ықпал етіп келеді. Бұған жасөспірімдер айрықша бейім. Тез ақша табуға деген ұмтылыс кейде оларды өрескел қателіктерге, тіпті қылмысқа дейін жетелейді. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің міндетіміз – жас ұрпақпен жауапкершілік, адалдық және заңды құрметтеу туралы олар түсінетін тілде әрі заманауи форматта сөйлесу, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Соңғы уақытта қылмыстың интернет кеңістігіне барған сайын белсенді түрде ауысып отырғаны туралы облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев те айтты. Құқық қорғау органдарына мұндай қылмыстармен күресудің жаңа тәсілдерін меңгеріп, жұмыс әдістерін жетілдіруге тура келеді. Ал жас мамандар бұл іске тың идеялар мен жаңа көзқарас әкеле алады.
– Қылмыстық орта ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін өз мақсатына пайдаланып отыр. Алаяқтық жасау, есірткі сату сияқты қылмыстар интернет кеңістігіне ауысты. Құқық қорғау органдары өз жұмысын қайта қарап, қылмыстарды ашудың жаңа әдістерін әзірлеп жатыр. Бұл ретте тың көзқарас пен жаңашыл тәсілдің маңызы орасан. Шығармашылық ойлау, зеректік, жаңа шешімдер таба білу – жастарға тән қасиеттер. Сондықтан сіздерге артылар үміт зор, – деді Мұрат Тілеубердиев.
Қарағандыда білім алушы жастардың басын қосқан бұл жиында тек тыйым мен жаза туралы ғана сөз болған жоқ. Форум қатысушыларына жастардың түрлі дағдыларын дамытуға, жұмыс іздеуге және өз бастамаларын жүзеге асыруға көмектесетін NextUrpaq, Jas Fund және «Өзіңнен баста» жобалары таныстырылды.
– Мұндай форумдар қажет, өйткені олар жастар мен билік өкілдері арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді. Біз үшін бір-бірімізді тыңдау ғана емес, жастардың пікірі шын мәнінде маңызды екенін түсіну де қажет. Біз – еліміздің болашағын қалыптастыратын келесі ұрпақпыз. Сондықтан жауапты шешім қабылдауды бүгіннен бастап үйренуіміз керек. Жастармен заң, тәртіп және жауапкершілік туралы сөйлесу аса маңызды. Заң біз оны өзіміз құрметтеп, сақтаған кезде ғана толыққанды жұмыс істейді, – дейді Қарағанды медицина университетінің студенті Шапағат Құрманғазықызы.
«Жастар – заң мен тәртіптің тірегі» атты форум аясында Қарағанды ұлттық университетінің заң факультетінде болашақ прокурор аудиториясы ашылды.  Мұнда «Прокурорлық қадағалау» пәні бойынша сабақтар прокуратураның қазіргі қызметкерлерінің қатысуымен өтеді.
Ашық әрі интерактивті форматта ұйымдастырылған форумда студенттер түрлі ойындарға, ашық пікірталастар мен панельдік кездесулерге қатысып, сарапшыларға сұрақ қойды, нақты жағдайларды талқылап, өз шешімдерін ұсынды.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету аясында өткізілген форум барысында қоғамдық өмірге белсенді араласқаны, азаматтық ұстанымы, заң мен тәртіп қағидаттарын құрметтегені үшін бірқатар жасқа облыс әкімі мен прокурорының алғыс хаттары табысталды.
Сондай-ақ балаларын лайықты тәрбиелеп, елдің жауапты азаматтарын қалыптастыруға үлес қосқан ата-аналарға да алғыс білдірілді.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір