«ҚАСИЕТТІ ДЕ ҚАСІРЕТТІ БӨКЕЙ ОРДАСЫ» кітабы таныстырылды
Биыл қазақ тарихы үшін маңызы ерекше Бөкей ордасына – 225 жыл, Хан Ордасы ауылының 200 жылдығы және қазақ даласындағы алғашқы мектептің салынғанына – 185 жыл. Мерейжыл аясында Оралда ауқымды іс-шаралар легі жалғасып жатыр. Осыған орай «Қасиетті де қасіретті Бөкей ордасы» кітабының тұсаукесері өтті. Авторы – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі Тұяқбай Зейітұлы.

Бөкей ордасы – XIX ғасырдағы қазақ қоғамының саяси, экономикалық, мәдени және ағартушылық орталығы ретінде реформалар мен жаңғырудың іргесін қалаған тарихи аймақ. Бөкей ордасында қазақтың алғашқы қоғамдық-саяси, ағартушылық, қаржылық институттары пайда болған.
Мұнда қазақ даласындағы ең алғашқы мектеп (1841 ж.), дәріхана, музей, баспахана, архив және қазынашылық сияқты батыстық үлгідегі мемлекеттік әрі әлеуметтік құрылымдар бой көтергені тарихтан аян. Бөкей мен Жәңгір хандар тұсында отырықшылыққа көшу, жерді жеке меншікке беру, орман шаруашылығын дамыту және жәрмеңке өнімін арттыру сияқты маңызды экономикалық қадамдар жасалғаны белгілі.
«Қасиетті де қасіретті Бөкей Ордасы» аталған зерттеу еңбегінде Бөкей Ордасының екі ғасырдан астам тарихы, оның қазақ тарихындағы орны мен Нарын өңіріне қатысты қилы кезеңдер ғылыми тұрғыдан жүйеленіп жазылды. Тұяқбай Зейітұлы өз еңбегінде «Тарихтың бірінші заңы – қандай да болмасын өтіріктен қорқу және қандай да болмасын шындықтан қорықпау» дейтін қағидатқа сүйене отырып, 1801 жылы құрылған Бөкей Ордасының қалыптасуынан бастап бүгінге дейінгі тарихын егжей-тегжейлі сараптаған.
Кітапта өңірдің тарих сахнасындағы орны, саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайы, өлкеде жүргізілген реформалар мен өзгерістер, ұлт-азаттық қозғалыстар сипаты, азамат соғысы және II дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ел өмірі, ядролық және зымыран сынақтарының зардаптары, сондай-ақ егемен ел тұсындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы жан-жақты зерделенген.
Кітап төрт тараудан тұрады. «Қасиетті де қасіретті Бөкей Ордасы» аталған бірінші тарауда Бөкей Ордасының құрылуы, Бөкей ханның басқару саясаты, жұртты жайлы қоныспен қамтамасыз етудегі тарихи қызметі мен хандықтың құрылуына өзек болған тарихи алғышарттар жан-жақты зерттелген. Екінші тарауда Нарын өңіріндегі ядролық және зымыран сынақтарының әлеуметтік, экологиялық және демографиялық зардаптарына ғылыми тұрғыда. Тұяқбай Зейітұлы архивтік құжаттар, ресми комиссиялардың қорытындысы, сондай-ақ сынақ зардабын көрген азаматтардың хаттарына сүйене отырып, әскери сынақтардың адам денсаулығына, қоршаған ортаға, шаруашылыққа және елдің тарихи санасына тигізген зиянын саралаған. Үшінші тарау ядролық қарудың пайда болуы мен оның адамзатқа тигізген зардаптарына арналып отыр. Мұнда Кеңес Одағының ядролық бағдарламасы, ядролық қаруды сынаудың тарихы және оның әлемдік деңгейдегі салдары қарастырылған.
Төртінші тарауда ядролық қаруды сынауды тоқтату жолында күрескен азаматтар туралы баяндалған. Олар кім еді? Кешірімхан Бозтаев, Олжас Сүлейменов, Энгельс Ғаббасов, Кәкен Көбейсінов сияқты қайраткерлердің өмір жолы мен тарихымыздағы орны ғылыми тұрғыда сараланған. Олардың Семей ядролық сынақ полигонын және басқа да сынақ алаңдарын жабу жолындағы қызметі, ядролық сынақтардан зардап шеккен халықтың құқығын қорғаудағы күресі, еліміздегі антиядролық қозғалыстың қалыптасуына қосқан үлесі жан-жақты көрсетілген. «Қасиетті де қасіретті Бөкей ордасы» кітабы тарихымызды тереңдей танып, объективті тұрғыда баға беріп, өлкенің тағылымды тарихын өскелең ұрпақтың зердесіне жеткізуге зор мүмкіндік береді.