ТҰЛҒАТАНУ КОНЦЕПЦИЯСЫ: ҒЫЛЫМИ ҰСТАНЫМ және ӘДЕБИ-ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ
14.09.2026
78
0

Қазіргі қазақ әдебиеттануындағы өзекті бағыттардың бірі – тұлғатану. Әдеби тұлғаны оның өмір сүрген тарихи дәуірімен, қоғамдық-мәдени ортамен және шығармашылық мұрасымен сабақтастықта қарастыру – тұлғатану әдіснамасының негізгі ұстанымдарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда тұлғатану белгілі бір қаламгердің өмірбаянын жүйелеумен ғана шектелмейді, ол тұлғаның ұлттық руханияттағы орнын, шығармашылық эволюциясын, ғылыми және қоғамдық қызметін, әдеби мектеп қалыптастырудағы ықпалын, сондай-ақ тарихи шындықпен байланысын кешенді зерделейтін ғылыми бағыт ретінде танылады.

Қазақ әдебиеттануындағы тұлғатану мәселесі тәуелсіздік кезеңінде жаңа мазмұн мен әдіснамалық сипатқа ие болды. Кеңестік дәуірдегі идеологиялық шектеулер салдарынан бірқатар әдеби тұлғалардың мұрасы толық әрі объективті бағаланбағаны белгілі. Егемендік жағдайында тарихи жадыны жаңғырту, ғылыми мұраны қайта қарастыру және ұлттық руханиятқа қызмет еткен қайраткерлердің еңбегін жаңа деректер негізінде бағалау әдебиеттану ғылымының маңызды міндеттерінің біріне айналды. Осы ғылыми ізденістердің арнасында филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Қайсақызы Мәдібаеваның зерттеулері айрықша мәнге ие. Ғалым еңбектерінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылық мұрасы әдеби үдеріс, деректану, мәтінтану және әдеби-тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырылып, тұлғаны танудың жүйелі ғылыми моделі қалыптасады.

Қанипаш Мәдібаеваның «Абайтану тарихы» (2025), «Абай аманаты» (2021), «Әуезовтану», «Ғалымхат. Қайым Мұхамедханұлы» (2024), «Құндылықтар қорғаны» (2022) және басқа да еңбектері қазақ әдебиеттануындағы тұлғатану мәселесінің теориялық әрі практикалық негіздерін толықтыра түседі. Бұл зерттеулерде әдеби тұлғаның шығармашылық болмысы тарихи деректермен, архив материалдарымен, текстологиялық ізденістермен сабақтастықта қарастырылып, оның әдеби-тарихи мұрадағы орны айқындалады. Сондықтан Қанипаш Мәдібаеваның ғылыми мұрасын тұлғатану бағытының қазіргі даму үрдістері аясында зерделеудің ғылыми-танымдық маңызы зор. Бұл тұрғыдан алғанда, ғалымның «Абайтану тарихы» және «Абай аманаты» еңбектері қазақ әдебиетіндегі тұлғатану мәселесінің теориялық әрі практикалық қырларын тереңдете қарастыруымен ерекшеленеді.

Ғалымның зерттеу жүйесінде әдеби-тарихи сабақтастық ұғымы айрықша орын алады. Бұл ұғым әдеби тұлға мұрасын белгілі бір тарихи кезеңмен ғана шектемей, әр дәуірдегі ғылыми ізденістердің, әдеби дәстүрлердің және ұлттық рухани құндылықтардың өзара жалғасуы тұрғысынан пайымдауға мүмкіндік береді. «Абайтану тарихы» атты іргелі еңбекте Абай мұрасын зерттеудің қалыптасу кезеңдері жүйелі түрде сараланып, ақын тұлғасының әдебиеттанудағы зерттелу эволюциясы мен әр дәуірдегі ғылыми пайымдардың ерекшеліктері салыстырылады. Осы арқылы Абайтану ғылымының тарихы тұлғатану бағытының қалыптасу заңдылықтарымен сабақтастықта қарастырылады. Ғалымның зерттеу логикасында Абай тұлғасын тану – қазақ халқының рухани тарихын танудың бір арнасы. Демек, Абай шығармашылығын ұлттық дүниетанымнан, тарихи оқиғалардан және қоғамдық өзгерістерден оқшау қарастыру мүмкін емес. Бұл ұстаным қазіргі қазақ әдебиеттануындағы тұлғатану бағытының маңызды әдіснамалық қағидаларының бірі ретінде көрінеді.

Қ.Мәдібаеваның зерттеулерінде Абайдың ақындық тұлғасымен қатар оның ойшылдық, ағартушылық және ұлттық мәдениет тарихындағы орны да кеңінен сараланады. Мұндай ұстаным әдеби тұлғаны бір ғана шығармашылық қырымен шектемей, оны өз дәуірінің мәдени-тарихи болмысымен байланыстағы көпқырлы құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді. Осы арқылы ғалым тұлғатану пәнінің аясын кеңейтіп, әдеби тұлғаның рухани-мәдени феномен ретіндегі табиғатын пайымдауға жол ашады.

Қ.Мәдібаева Абай мұрасын ғылыми бағалауда текстологиялық дәлдікке айрықша мән береді. Мұны ғалымның: «Абайдың рухани мұрасын іргелі зерттеулерге алу үдерісінде текстологиялық мәселелердің зерттеу нәтижелері іргетас мәнді маңызға ие дер едік», – деген тұжырымы айқындай түседі. Ақын шығармаларының мәтіндік нұсқаларын салыстыру, олардың пайда болу тарихын, қолжазбалық ерекшеліктерін және жариялану мәселелерін саралау – әдеби мұраны ғылыми тұрғыдан игерудің негізгі шарттарының бірі. Мұндай тәсіл тұлғаның рухани мұрасын мәтіндік бұрмалаулардан арылтып, дерек пен мәтіннің арақатынасын нақтылауға мүмкіндік береді.

Қанипаш Мәдібаеваның тұлғатану жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – Әуезовтану. «Әуезовтану» еңбегінде Мұхтар Әуезовтің шығармашылық тұлғасы, ғылыми қызметі және қазақ әдебиетінің дамуындағы тарихи рөлі өзара байланыста қарастырылады.

Зерттеуші Әуезов тұлғасын бағалауда бірнеше іргелі қағиданы басшылыққа алады. Біріншіден, жазушы шығармашылығы тарихи кезеңнің ерекшеліктерімен бірге жүйеленеді. Екіншіден, Әуезовтің көркемдік әлемі, қоғамдық көзқарасы мен ғылыми қызметі бір-бірінен ажыратылмай, тұтас шығармашылық-ғылыми феномен ретінде бағаланады. Мұндай кешенділік тұлғаның ішкі эволюциясын дәуір шындығымен байланыстыра пайымдауға мүмкіндік береді.

Қ.Мәдібаева Әуезовтің әдеби мұрасын зерттеуде бұрынғы ғылыми еңбектерге сыни тұрғыдан қарап, жаңа архивтік материалдарды ғылыми айналымға енгізудің қажеттігін көрсетеді. Бұл ұстаным қазіргі әдебиеттанудағы деректік негізді күшейту және ғылыми объективтілік қағидаларымен үндеседі. Әсіресе Әуезовтің шығармашылық тұлғасын жазушылық қызметімен ғана шектемей, әдебиеттанушы, фольклортанушы, драматург, аудармашы, педагог және қоғам қайраткері ретіндегі қырларын кешенді қарастыруы тұлғатану әдіснамасының пәнаралық әлеуетін айқындайды.

Ғалым еңбектеріндегі маңызды ерекшеліктің бірі – әдеби тұлғаны идеологиялық өлшемдерден гөрі ғылыми объективтілік пен деректік негізге сүйене отырып бағалау. Бұл ұстаным Абайтану мен Әуезовтану бағыттарындағы зерттеулерден анық байқалады. Қанипаш Мәдібаева ғылыми тұжырымдарын нақты деректермен негіздеуге ұмтылып, архивтік құжаттар мен бұрын ғылыми айналымға толық енбеген материалдардың танымдық мүмкіндігін тиімді пайдаланады. Нәтижесінде тұлға туралы қалыптасқан пайымдарды жаңа деректермен толықтыруға және ғылыми бағалаудың дәлдігін арттыруға жағдай жасалады.

Қанипаш Мәдібаеваның тұлғатану концепциясы Қайымтану бағытындағы зерттеулерінен де айқын көрінеді. Бұған «Ғалымхат. Қайым Мұхамедханұлы» атты еңбегі дәлел. Зерттеуде абайтанушы, текстолог, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлының өмір жолы мен ғылыми қызметі ғана баяндалмай, оның қазақ әдебиеттануының қалыптасуындағы орны мен ұлттық руханиятқа қосқан үлесі кешенді түрде сараланады. «Қайым Мұхамедханұлы – көрнекті абайтанушы, әдебиет тарихын зерттеуде Алаш, Әуезов мектебі дәстүрін сақтап, дамытуда жолдан таймаған қайтпас тұлға» деген бағалау арқылы оның ғылыми мұрасы тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттану тұрғысынан жаңа қырынан пайымдалады. Кеңестік идеология жағдайында ұзақ уақыт бойы тиісті бағасын ала алмаған ғалым мұрасын қайта зерделеу – Қ.Мәдібаеваның тұлғатану әдіснамасындағы тарихи әділет пен ғылыми объективтілікті ұштастыратын маңызды қырлардың бірі.

Қайым Мұхамедханұлы – Абай мұрасын, ақын шәкірттерінің шығармашылығын және әдеби мұралардың мәтіндік табиғатын зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған көрнекті ғалым. Қ.Мәдібаева оны тек Абай мұрасын зерттеуші ретінде емес, ұлттық ғылымның қалыптасуына елеулі үлес қосқан ірі ғылыми тұлға ретінде танытады.

Қанипаш Мәдібаеваның ғылыми концепциясында тұлғаның азаматтық ұстанымы мен ғылыми қызметі өзара ұштастырылып негізге алынады. Әдеби немесе ғылыми тұлғаның мұрасын толық тану үшін оның өмір сүрген қоғамдық ортасын, тарихи кезеңнің ерекшеліктерін және жеке тағдырын ескеру қажет. Осы тұрғыдан Қайым Мұхамедханұлының ғылыми қызметін тарихи ахуалмен байланыстыра бағалау – Қ.Мәдібаева зерттеулерінің басты ерекшеліктерінің бірі. Ғалым кеңестік идеология қысымына қарамастан Қайым Мұхамедханұлының ғылыми ұстанымынан таймағанын, әдеби мұраны қорғауда табандылық танытқанын деректік материалдар арқылы дәйектейді. Қайым еңбектерінің ғылыми-әдіснамалық негіздері, текстологиялық принциптері, архивтік ізденістері мен ғылыми адалдығы нақты деректер негізінде пайымдалады.

Ғалым зерттеулерінде әдеби мектеп мәселесі тұлғатану құрылымының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, ірі қаламгерлер мен ғалымдардың кейінгі буынға ықпалы ғылыми деректер арқылы көрсетіледі. Қайым Мұхамедханұлының Абайдың ақындық мектебін жүйелі түрде ғылыми негіздегені, Әріп, Әсет, Көкбай, Баймағамбет сияқты ақындардың мұрасын архивтік деректер арқылы айқындап, ғылыми айналымға енгізгені айрықша айқындалады.

Сонымен бірге зерттеуші Қайым Мұхамедханұлының Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетінің ғылыми мектебін қалыптастырудағы орнын айрықша бағалағанын айтады. Оның Мұхтар Әуезов туралы әр жылдардағы мақалалары көптомдықтың 5-кітабында топтастырылғанын саралай  келе, Қ.Мәдібаева «Әузовтың шәкірті» мақаласында: «Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханұлы арақатынасы, адамшылық өріс-тағдыры өз алдына бір таусылмас тарих, ұзақ сыр. Қазақ руханиятының осы айтулы екі адамының жаратылысы озық жанын аша алса, ашатын да – өздері. Олардың ұрпаққа қалдырған ғалымхаты. Адамшылық, ар сөзі», – деп түйіндейді. Сондай-ақ зерттеуші Қ.Мұхамедханұлының Әуезовтің өмір жолын тарихи деректер мен нақты мағлұматтар негізінде зерделегенін және кейінгі зерттеулерге негіз болған деректік қор қалыптастырғанын атап көрсетеді.

Қанипаш Мәдібаева тұлғаның ғылыми бейнесін қалыптастыруда текстологиялық зерттеулердің маңызын да ерекше атап көрсетеді. Мәтіннің ғылыми дәлдігі – тұлға мұрасын дұрыс танудың алғышарты. Осы тұрғыдан алғанда ғалымның ізденістері қазақ әдебиеттануындағы текстологиялық зерттеулердің ғылыми-әдістемелік әлеуетін де кеңейте түседі.

Демек, ғалым зерттеулерінің басты ерекшелігі – әдеби тұлғаны тек өмірбаяндық деректер негізінде емес, тарихи-әдеби үдеріс, деректану, мәтінтану және рухани сабақтастық тұрғысынан кешенді қарастыруы. Бұл әдіс тұлғаның шығармашылық мұрасын оның дәуірімен, ғылыми ортасымен және кейінгі буынға ықпалымен бірлікте пайымдауға мүмкіндік береді.

Қ.Мәдібаеваның еңбектерінде осы  қағида тұрақты сипат алады. Әдеби тұлға тарихи кеңістіктен бөлінбей, ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде бағаланады. Ғалым қазақ әдебиеттануының ірі өкілдері қалыптастырған ғылыми дәстүрді жалғастырып қана қоймай, оны жаңа деректермен, жаңа әдіснамалық ізденістермен және жаңа ғылыми тұжырымдармен толықтырады. Осы тұрғыдан Қанипаш Мәдібаеваның ғылыми мұрасы қазіргі қазақ әдебиеттануындағы тұлғатану бағытының теориялық және әдіснамалық негіздерін дамытуға үлес қосқан зерттеулер қатарынан орын алады.

Қорыта келгенде, Қанипаш Мәдібаеваның ғылыми еңбектері қазақ әдебиеттануындағы тұлғатану мәселесін жаңа ғылыми деңгейде пайымдауға мүмкіндік беретін зерттеулер қатарынан орын алады. Ғалым әдеби тұлғаны тарихи деректер, архивтік материалдар, мәтінтану және әдеби-ғылыми сабақтастық негізінде кешенді қарастыру арқылы тұлғатану әдіснамасының негізгі ұстанымдарын жүйелейді.Қ.Мәдібаеваның Абайтану, Әуезовтану және Қайым Мұхамедханұлы мұрасына арналған зерттеулері әдеби тұлғаны ұлттық руханиятпен сабақтастықта танудың ғылыми үлгісін көрсетеді. Оның еңбектерінде ғылыми объективтілік, деректік нақтылық, тарихи шындыққа сүйену және ұлттық құндылықтарды пайымдау өзара байланыста өрбиді. Бұл ерекшеліктер ғалым мұрасының қазіргі қазақ әдебиеттануы үшін теориялық әрі танымдық маңызын айқындайды.

Тұлғатану – әдебиеттанудың шеңберімен ғана шектелмейтін, ұлттық ғылыми жад пен мәдени сананы орнықтыруға ықпал ететін маңызды бағыт. Осы тұрғыдан алғанда Қанипаш Мәдібаеваның зерттеулері қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармашылық және ғылыми мұрасын жүйелеуге, ұлттық әдебиет тарихын тереңірек тануға және әдебиеттанудың әдіснамалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады.

 

Сәлима ҚАЛҚАБАЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір