Білім дипломатиясы: Жетісу университетіндегі жаңа мүмкіндіктер
11.09.2026
37
0

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының делегациясы келді. Қоғаммен байланыс жөніндегі Бас консул орынбасары Джефф Райденур, American Spaces бағдарламасының үйлестірушісі Тимур Сулбаев және Fulbright English Teaching Assistant (ETA) бағдарламасының қатысушысы Алессандра Кабрерамен университет басшылығы ресми кездесу өткізді. Ынтымақтастықтың өзегі — университеттің АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен Джорджтаун университеті серіктестікте жүзеге асыратын English Language Fellow Program бағдарламасына қатысуы еді. Конкурстық іріктеуден сәтті өткен университет жаңа оқу жылына америкалық маманды қабылдау мүмкіндігіне ие болған. Осы келісім бойынша АҚШ Мемлекеттік департаментінің Білім және мәдениет мәселелері жөніндегі бюросы (ECA) қаржыландыратын Fulbright English Teaching Assistant (ETA) бағдарламасының қатысушысы Алессандра Кабрера жұмыс істеуге келді. Академиялық ортада америкалық әріптестің болуы студенттер мен оқытушылардың тілдік құзыреттерін дамытып, мәдениетаралық танымды кеңейтуге мол мүмкіндік ашады. Сондай-ақ Алессандра Кабрера English Access бағдарламасының негізгі орындаушысының бірі.

Осы ынтымақтастық аясында білім ордасы тағы бір жобаны орындауға мүмкіндік алып отыр. Ол English Access + KazTEA бағдарламасы. Бұл жоба қазақстандық ағылшын тілі оқытушыларының KazTEA қауымдастығымен бірлесіп және АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен 2026 жылғы 5 қазаннан бастап жүзеге асады. English Access — 18 айлық ағылшын тілін тегін оқытуға арналған грант бағдарламасы. Қатысушылар академиялық, көшбасшылық және цифрлық құзыреттерін дамытады, АҚШ мәдениеті, құндылықтарымен танысады, Бас консулдық пен Fulbright ETA өкілдерімен кездеседі, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін американдық компаниялардың өкілдері қатысатын мансаптық іс-шараларға қатысады.

Бағдарламаны сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификат беріледі. Бағдарлама негізінен STEM, IT, бизнес және менеджмент бағыттары бойынша оқитын, жасы 18–20 арасындағы, ағылшын тілін меңгеру деңгейі A2-ден төмен емес және GPA 3,0 және одан жоғары 1,2-курс студенттеріне арналған.
Ресми кездесуде тараптар ағылшын тілін оқыту сапасын арттыру, оқытушылардың кәсіби дамуына жағдай жасау және халықаралық білім беру жобаларын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

«Университеттің ағылшын тілін оқыту сапасын арттыруға, оқытушылардың кәсіби дамуына және халықаралық тәжірибені енгізуге деген ұмтылысы жоғары бағалауға лайық. English Language Fellow бағдарламасы аясындағы бірлескен жұмыс студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім беру байланысын одан әрі нығайта түседі», – деді АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының Қоғаммен байланыс жөніндегі Бас консул орынбасары Джефф Райденур.

Басқарма Төрағасы-ректор Ермек Бөрібаев білім саласы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына себеп болатын осындай ауқымды бағдарламалардың ықпалы зор екенін айта келе, жас маман Алессандра Кабрераға Жетісу университетіндегі қызметіне табыс тіледі.
Университет үшін аталған серіктестіктің маңызы зор. Себебі халықаралық бағдарламалар арқылы оқытушылардың тәжірибе алмасуына, заманауи әдістемелерді меңгеруіне және білім алушылардың шетелдік мамандармен тікелей байланыс орнатуына жол ашылады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір