Динара МӘЛІК. Ол үйдің заңы – нәзіктік пенен ғашықтық…
28.08.2026
36
0

***

Бұрымымды салыстырып ойнаушы ем,
Көрші қызбен шамалас.
Бұрымдылар ғұмырлы деп ойлаушы ем,
Күн нұрымен аралас.

Бой түзедім, шаш түзедім айнаға,
Кескінім де ұнамай.
Бұрымымды қиып көрдім жай ғана,
Кекіл кестім шыдамай.

Мен өскенде, бұрым жүрді қысқарып,
Әжем басын шайқады…
Өн бойымда өмір кетті басталып,
Оны да алғаш байқады.

Бірте-бірте бөлектеніп төсегім,
Жалғыз жатып, жүз тұрдым.
Жүрісім де, ұнамады кешегім,
Ұнамады мұңсыз-күн.

Өлең деген арпалысып отпенен,
Тірі қалам тырысып.
Өз-өзімді шашып алып, шақ келем:
Жинап алам бүрісіп.

Тарау-тарау аяқталмай әңгімем,
Сан жолдарда шегіндім.
Келесі күн болса тағы көндігем,
Күреспей-ақ, жеңілдім!

Ол мұңымда бар еді бір аңғалдық:
Сұлу еді көз жасым!
Сол бір мұңға, қап-қара боп жалғандық,
Маңдайға сол жазғасын.

Шыныменен ғұмыр бар ма, бұрымда,
Әлде ырым алдайды?
«Екінші өмір басталды, деп – ұлыңда»,
Молда бүгін қол жайды…

Сол ғұмыр ма, орамалда түюлі,
Уыстай шаш шықпай қойды есімнен.
Мен үшін бе сендік өмір қиылды…
Бұрымымдай кесілген…

***
Ұятымды тастап кеттім кеше мен,
Көгермесі анық шығар көсегем.
Көлеңкеде Күнге теріс қарап ап,
Өз уымды ұрттап іштім кеседен.

Ақылға да, сезімге де өкпелеп,
Өмір дейтін бітпейтін бір өткелек.
Ал біріміз тауға шығып алсақ та,
Тауда тұрып, құзға құлап шөккен ек.

Күлкі деген көнермейтін жарықтық,
Көз жасыңды көрсете алмай тарықтық.
Шын бейнеміз салмағындай тозаңның,
Жамалып ап бүтін бейне таныттық.

Құрап алып әр нәрсені әуремен,
Уақыт деген бақыт жатты көлденең.
Тасып жүріп, шашып алып, қорланып:
Бір өмірді өлең еттік көрмеген!

Жарты жолда көңіл деген баладай.
Соны ғана ұстап қалдық обал-ай…
Сенің ойың, біздің мұң да кәрілік:
Ең оңайы бұрылып кет, қарамай!

***
Бал қосып беріп, байқап бір көрші қайғыма,
Сөз еткен кезден, мезі еткен мұңнан айны да.
Күннен де бұрын күлімдеп оят таң сайын,
Жаңбырдың иісін үйіріп алшы қойныңа.

Көбелек мұңым қағып бір алып қанатын,
Кезі бір келсе танымай мені қалатын.
Әндердің кейбір әуенін алам өзгертіп,
Жолдардай бәрі өзіңе бастап баратын.

Мен солай сосын үй жасап алам ауадан,
Көтеремін де, көшіріп алам қаладан.
Ол үйдің заңы – нәзіктік пенен ғашықтық,
Жазғырмайды да, қызғанбайды да жан адам!

Құндақтап алып, үн қатпақ болып күрмеліп,
Қызыл да жасыл құбылып жүрмін түрленіп.
Шын бола қалып әдемі, әсем – әлемім,
Өлең боп сосын төгіле қалсам үлгеріп!

***
Бір дәптердің ақ парағын аудардым,
Бұл қағазға талай рет жауған мұң.
Күн астында көркем болып жүрем де,
Түн ішінде түгесіліп тоңғанмын.

Пердемді де, өзім емес Күн түрді,
Соған ұқсас жасап алдым көркімді.
Қимылымнан сенің даусың шығады,
…Жүрісімнен-тұрысымнан біртүрлі.

Еніп алған бұл не деген еркіндік,
Көлеңкемде күбірлейді бір мұңлық…
Бір мезетке бүкіл тағдыр сыйса да,
Маңдайынан сипай алмай іркілдік…
Саусағымнан сенің демің сөйлейді,
Ең алғашқы көктемімдей бүрлейді.
Сөзбен сурет салып жүріп ауаға,
Келбетіңе кереметін үрлейді…

Солай-солай тауып алып өзіңді,
Тамшылардан тіршілігім түзілді.
Минуттарды көшіріп ап көзіме,
Жиып алдым, дәл осы бір кезімді…

***
Білтелі шамдай майы таусылған,
Ығысып қана жанамын.
Ұзап кете алмай жылы маусымнан,
Сөніп қалмау ғой амалым.

Үнемдеп жүрмін отымды әрең,
Сәл ғана мызғып алайын.
Жымиып тұрып шақырды өлең,
Шуағым, нұрым, арайым.

Ештеңе қалмай мүлде есімде,
Жеп-жеңіл болып ұшамын.
Көп нүктелердей жұлдыз ішінде,
Тауып алам да, құшамын.

Тауып алам да, тамаша болам,
Уақыттың ұстап қадірін.
Сағынышыма жараса қалам,
Сағынышым сенсің, жарығым!

Ертең де өмір сүруім керек,
Келесі көктем тағы да…
Бір ғұмыр ертіп жүруім керек,
Кекілін сипап, соңыма…

Өзімнен-өзім күбірлеп келем,
Күлімдеп алып кейде мен.
Өлгендер солай тірілмек екен,
Кінәсі жерде жүрмеген.

Алақанымда, жанарымдасың,
Ауада әрбір қылығың.
Өмір құйылған қаламымдасың,
Құп-құйттай ғана тұнығым.

***
Маған бүгін керек шығар «бүліну»,
Керек шығар «өзімнен» де бөліну.
Кімге керек, аман өту көпірден,
Сапқа тұрған күнтізбеден көріну!

Маған бүгін керек шығар шаттану,
Керек емес атар таңға ақталу!
Шілтеріден киген болып шыт көйлек,
Күн өртіне керек боп тұр қақталу!

Тымық ауа араласып деміммен,
Шілде маған ұқсас болып көрінген!
Менің ауам, сөйлеп тұрған қарашық,
Кірпігімнен сурет болып төгілген.

Мойынымда мұңға бермес арманым,
Құшағымда құндақталған жалғаным.
Бәрін…бәрін… төгіп алсам бір демде,
Жалғыз-ақ күн өмір сүре алғаным!

***
Мен енді түске нанбайтын болдым,
Әжем де жоқ, тәубеге шақыратын.
Атам да жоқ, ауылға бармайтын болдым,
Қара суға дем салып отыратын.

Бүгін бе екен, сол түсті көріп жаттым,
Қашып келем, қара түнде сүрініп.
Бәтеңкесіз, дыбыссыз шырылдаппын,
Қайғым ғана, ауыр болып білініп.

Жардан құлап, жарақаттап тіземді,
Сезбейді екем, сезетінім басқа мұң.
Сөздері де, балағаттап түзелді,
Әйтеуір, мен ұға алмадым астарын!

Шақырады, сенбеймін де жүгірем,
Туған үйдің ауласы да өзгерген.
Жеттім-ау деп күрсіне сап шегінем,
Таныс емес, көршілерім көз көрген.

Әрбір үйдің қаға қалсам есігін,
Мені қуған біреулер ме деп қалам.
Бәрі биік, жалғыз өзім кішімін,
Сөйлегім кеп, сөйлей алмай оқталам.

Кімнен, неден қашып келем, белгісіз,
Шөгіп барам. Қара жерде тартылыс.
Айдалада айтсам, адам төзгісіз,
Айдалада мені тапқан қорқыныш…

Тәсбихімді тартсам ба екен салалап,
Алла үйін кетсем бе екен, аралап…
«Ажал бізден алыс кет» деп, әжемдей,
Тәңіріңе тіл өтпейді, обал-ақ!
Ажал деген естімейді даусыңды,
Жел сөздей ол жүре берер домалап…

***
Шай құямын қоюлатып кесеге:
Мамыр ма екен, тоқтап тұрған кеше ме?
Мен әйтеуір шықпай тұрып есіктен,
Бұратылып, билеп барам көшеде!

Мен әйтеуір шықпай тұрып есіктен,
Дала тілін, түсініксіз есіткем.
Бір-бірімен шатасады көшелер,
Бірін-бірі кешіре алмай кешіккен…

Бәрін сезем, терезеден жылыстап,
Тіршілікпен, тірілермен тыныстап.
Таңнан бұрын тұрған жанға Тәңірім
Үлестіріп үміт берер уыстап.

Бойымдағы есейді ме бір адам,
Сен таза бол, сен алыс бол күнәдан.
Күн ішінде отырады жымиып,
Түн ішінде мен екен ғой жылаған.

Бәрін сезем, менен бұрын сен кеттің,
Үніңменен, даусыма сап әндеттің.
Өзім қалып, өзімді де сағынып,
Маңдайыма өлең жазып көрмекпін.

Қаншама ай мен бөлмеден шықпағам,
Кезім де жоқ есігімнен аттаған.
Мен болуға ұмтылады бір адам,
Сөнбесін деп, бетінен бір қақпағам!

Кеуде тұстан менен бұрын бөлініп,
Сол жүреді, көп ішінен көрініп.
Мен шығармын, мен тұрармын бір күні,
Жоқ екенім, шын қалғанда білініп!

***
Маған осы ерекшедей көктемім,
Ұмытылып қалатындай өткенім,
Жаңбыр емес жауып тұрған жанымдай,
Күн шығатын жаққа қарай беттедім.

Төрт бұрышқа қарасам да Күн шығып,
Ортасында бір нүкте тұр күрсініп,
Сол нүктеге айналсоқтай беремін,
Өсіп шығып, жайқалардай бір шыбық.

Маңдайым да қайта айналып соғылып,
Айналамда ән айтады бар үміт.
Күнге еріп, түнге сосын сіңем де,
Сол нүктемен қауышамын сағынып.

Нүкте маған, мен нүктеге сыямын,
Кеуде тұстан төгіледі күй ағын.
Шынға мүлде айналмайтын бейнемен,
Көп нүкте боп таралады қиялым.

Күнде жаңбыр жауа берсін… аз маған…
Қиялыма ұлықсат берші, Күн-ғалам,
Балам маған жіберсе ғой бір тал гүл,
Көңілінен бөліп беріп аздаған.

Ол да әлде бастады ма жаңа Күн,
Сол қолымен ұстап алып қаламын.
Қаз-қаз басып, сәби бола қалды ма,
Бұлт ішінде қызық басып қадамын.

Бұлт ішінде басты ма екен, тәй-тәйін,
Сүйіншісін ауыл жаққа айтайын.
Қиғаш кетіп, қалмаса екен сүрініп,
Бір көрсетші, бірінші өзім байқайын!

***
Алғыс айтқым келеді кімге бүгін?
Құдайымның бір тірі жүргенімін.
Жердің үсті, асты да таныс маған,
Қайғырмаймын қалды деп жерде кімім.

Қара жерден алыстап қаша алмадым,
Құс емесім рас екен, ұша алмадым.
Топыраққа айналған кеудең бе екен,
Кібіртіктеп көп тұрдым, баса алмадым.

Сені сезу, дәл солай ауыр маған,
Бояп жүрмін, ақ шашым қалыңдаған.
Жауын болып, көрсетпе көз жасымды,
Көз жасымды сүртіп өт, жаным, балам!

Күліп жүр десе мейлі, күлімдейін,
Көлеңкесі жоқ жандай көрінбейін.
Жеткізбейтін, бітпейтін қара жолда,
Бүгежектеп, бүктеліп білінбейін.

Бар-жоғым белгісіз боп көп ішінде,
Миым, санам, денемде жүресің де:
Дәл алдымнан еркелеп, кесіп өтіп,
Жұтыласың бір демде, білесің бе?

Бүгін тағы жексенбі егілгенім,
Өп-өтірік, шаршатты, көрінгенім.
«Күрес» дейді, ол не екен күресуің?
Жеңгенім де, қай жерде жеңілгенім?

Құдайыма қайта кеп ораламын,
Шынымен орындалса қалағаным.
Өлгенін білмесінші сол бір жүрек,
Жүрегінің сезсінші соға аларын!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір